Қазіргі таңда жасанды интеллект өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Мысалы, Америкада осы сала қарқынды дамып келеді. Оның нәтижелері өндіріс саласына енгізіліп жатыр. Барлық ел жасанды интеллектіні өнеркәсіптің әртүрлі саласында қолдануға бет бұрды. Мәселен, Жапония медицина саласында құралдарына ЖИ енгізіп, оларды автоматтандыруға көшкен.
Жасанды интеллектінің мүмкіндіктері шексіз деуге болады. Болашақта ол күрделі есептерді шешу, ірі өндірістік үдерістерді оңтайландыру, пайдалы қазбаларды игеру, ғарышты зерттеу сияқты маңызды салаларда адамның көмекшісіне айналмақ. Қазірдің өзінде жасанды интеллект адамның жылдап жүргізетін есептерін суперкомпьютерлер арқылы бірнеше сағатта есептеп береді. Осылайша, ол ғылым мен техниканың дамуына үлес қосып отыр.
Медицинада бұл жүйе айтарлықтай жетістікке жетті. МРТ, УЗИ секілді диагностикалық құрылғылар ЖИ арқылы әртүрлі патологиялық жағдайларды анықтап, алдын алуға көмектесіп жатыр. Осы жетістіктерді ескеріп, Президент жасанды интеллектіні дамыту қажеттігін айтты. Ол 2023 жылғы Жолдауында бұл мәселеге ерекше тоқталды. Содан бері осы саланың дамуын қадағалап келеді.
Қазіргі уақытта елімізде жасанды интеллектіні дамыту үшін үлкен тілдік модель жасалып жатыр. Бұл «KazLLM» деп аталады. Осы жобада екі консорциум жұмыс істейді. Біріншісі – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басқаратын консорциум. Олар электрондық үкімет жүйесіне ЖИ-ді енгізумен айналысады. Бұл жүйе арқылы мемлекеттік қызметтерді автоматтандырып, шешім қабылдау үрдерістерін жеңілдету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екіншісі – Ғылым және жоғары білім министрлігі басқаратын консорциум. Оған он екіден астам ұйым біріктірілген. Бұл консорциум да тілдік модельді жетілдіруге атсалысып, жасанды интеллекттің ядросын қалыптастыруға жұмыс істейді.
Жасанды интеллектінің негізі – үлкен тілдік модельдер. «ChatGPT» секілді жүйелер осы тілдік модельдердің арқасында жұмыс істейді. Егер біз қазақ, ағылшын және орыс тілдерін қамтитын мультимодальді тілдік жүйе құра алсақ, еліміз жасанды интеллект технологиясын дамытуда жетістікке жетеді. Бұл тілдік модельге сурет, дыбыс және өндірістік деректер сияқты қосымша мәліметтерді біріктіру арқылы генеративтік модельдерді жасауға болады. Мысалы, бейнелерді өңдеу, дыбысты сараптау, медициналық деректерді талдау сынды салаларда тиімділікті арттыруға жол ашылады. Мұндай көпфункциялы жүйелер жасанды интеллектінің ядросын жетілдіруге көмектеседі. Бағдарламашылар «front-and», «back-and» деп атайтын интерфейстер арқылы пайдаланушылар жасанды интеллектіні қолдана отырып, шешім қабылдай алады.
Басқа елдерде құрылымдалған деректер базасы бұрыннан бар, ал бізде электрондық мәліметтер аз. Сондықтан мемлекет қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі деректерді жинап, оларды жасанды интеллект жүйесіне енгізіп жатыр.
Тілдік модельдер кезең-кезеңімен жетілдірілу үстінде. Алғашқы нұсқалары жасалып, іске қосылды. Енді бұл модельдерді мультимодельді жүйелер деңгейіне дейін дамыту жұмыстары қолға алынып жатыр. Мұндай модельдер арқылы жасанды интеллектіге әртүрлі сұрақ қойып, нақты шешімдер алу мүмкін болады. Мысалы, екі қабатты үйдің жобасы мен сметасын автоматты түрде есептеп шығаруға болады. Жасанды интеллект үш өлшемді принтерлер арқылы дайын жобаларды басып шығарып, үйдің сыртқы көрінісін ерекше дизайнмен безендіруге де көмектесе алады.
Президент «Ana tili» газетіне берген сұхбатында жасанды интеллектіні шектеудің қажеті жоқ екенін, керісінше, оны кеңінен пайдалану арқылы көптеген салада тиімділікті арттыру керектігін айтты. Егер біз бұл бағытта қазірден бастап белсенді жұмыс істемесек, әлемдік даму үрдісінен артта қалуымыз мүмкін екенін ескертті. Осындай ұмтылыс арқылы біз ұлттық жасанды интеллект жүйесін құрып, экономикалық және ғылыми дамуымызды жаңа деңгейге көтеруге қол жеткізе аламыз.
Өркен Мамырбаев,
«Ақпараттық және есептеу технологиялары институты» РМК
бас директорының орынбасары, PhD