«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы мемлекеттің экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі – кәсіпкерлікті қарқынды дамытуды қолдайды. Және де Қазақстан халқына 2011 жылғы Жолдауында және «Нұр Отан» ХДП-ның ХІІІ съезінде Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев берген тапсырмаларды орындай отырып, шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі кең ауқымды іс-шараларды жүргізуде.
Нұротандықтар кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі басты мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын тұрақты түрде бақылап, мемлекеттік органдармен бірлесе «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысу мәселелері бойынша азаматтарды қабылдау күнін үнемі өткізіп отырады.
Партия алаңында бизнестің әкімшілік кедергілерін азайту мәселелері жиі қарастырылады. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы Үкімет әзірлеген кәсіпкерлік саласындағы онша ауыр емес және орташа ауыр экономикалық қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікті либерализациялауға арналған заң жобасының кең ауқымды талқылау жұмысын ұйымдастырды. Бүгінде Павлодар облысында нұротандық депутаттардың бастамасымен қазақстандықтарды, соның ішінде ауыл тұрғындарын да бизнеспен айналысуға жаппай тартуға бағытталған «Ертеңің үшін аянба» бағдарламасы қанатқақты режімде іске асырылып жатыр.
Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі басқа да шараларды қарастыру мақсатында нұротандықтар «Шағын және орта бизнесті дамытудағы жүйе құраушы кәсіпорындардың рөлі» тақырыбындағы «дөңгелек үстелді» өткізуді ұсынды. Отырыс «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында өтті.
Қазіргі кезде Елбасы тапсырмасы бойынша Үкімет еліміздің ірі кәсіпорындарында қазақстандық үлесті арттыру жөнінде кең ауқымды жұмыс жүргізіп отыр. Ал жүйе құраушы кәсіпорындардың өзі де жергілікті үлесті арттыра алады, яғни тауарлар мен қызметтерді жергілікті кәсіпкерлерден сатып ала алады. Шағын және орта бизнесті дамытудағы жүйе құраушы кәсіпорындардың дәл осындай рөлі туралы дөңгелек үстелге қатысушылар, яғни Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, еліміздің ірі кәсіпорындарының жетекшілері пікір алмасты.
«Дөңгелек үстел» барысында қазақстандық экономиканың көшбасшылары мен жергілікті бизнес қауымдастығымен өзара әріптестігінің түрлері қарастырылып, сондай-ақ мемлекеттік даму бағдарламаларының шеңберіндегі бизнес-бастамаларға кешенді мемлекеттік қолдау көрсету мүмкіндіктері талқыланды.
Мысал ретінде Жезқазған, Балқаш, Сәтбаев қалаларының басты жүйе құраушы кәсіпорны – «Қазақмыс» корпорациясының тәжірибесі қарастырылды. «Қазақмыс» жергілікті кәсіпкерлерді қолдаудың әртүрлі формаларын қолданады: аймақтың шағын және орта кәсіпорындарына корпорацияның негізгі өнімі жеткізіліп, сондай-ақ инвестициялар бөлініп, олардың өнімі сатып алынады. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерліктің мамандандырылған мердігерлеріне корпорацияға қажетті тауарлар, жұмыстар мен қызметтерге ұсыныстар беріледі.
«Нұр Отан» партиясы осы тәжірибені жан-жақты зерттей отырып, Қазақстанның басқа аймақтарындағы ірі кәсіпорындар мен мемлекеттік органдарының қатысуымен енгізуді жоспарлап отыр. Осыған орай жуық арада кәсіпкерліктің одан әрі тұрақты дамуына жағдай жасауға бағытталған арнайы партия бағдарламасы әзірленеді.
Дөңгелек үстел барысында сөйлеген сөзінде партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Бүгін Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арнайы тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы кәсіпкерлікті тұрақты дамытуға арналған жаңа бағдарлама дайындауды қолға алады. Біздің басты мақсатымыз – еліміздің барлық аймақтарында орналасқан ірі өндірістік кәсіпорындарының шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетуі», – деді.
Отырыста Үкімет пен Парламентке жіберілетін жергілікті шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай жасау жөніндегі нақты ұсыныстар әзірленді. Ал ірі және шағын кәсіпорындардың басшылары осы шаралардың нәтижесі нақты қалаға не болмаса нақты аймаққа оң әсерін тигізетініне сенімді.
«Егемен-ақпарат»