Шығыс Қазақстан – мал өсіріп, егін егуден бөлек балық шаруашылығын дөңгелетуге де қолайлы өңірлердің бірі. Тау-тасын, сай-саласын қуалай ағатын үлкенді-кішілі өзендерін айтпағанда, Алакөлің әне, Марқакөлің міне, кезінде балығы тайдай тулаған Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасы және бар. Суды жағалай жатқан ауылдардың көбі ау тартып, нәпақа табады. Олардың ішінде балық өсіріп, өнімін шетелдерге шығарып отырғандар да жоқ емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында балық шаруашылығына да ерекше мән беру керегін атап өткен. Осы орайда бір ғана Көкпекті ауданында бірнеше мекеме балық шаруашылығын шалқытып отырғанын айта кетуге болады. Соның бірі Самар ауылындағы «Кузмичь» ЖШС-не жолай бұрылғанбыз.
Олар балықты уылдырықтан бастап, тауарлық салмағын алғанша күтіп-баптайды. Мұнда уылдырықты жетілдіріп, шабақ алатын заманауи құрылғы қойылған. Кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта Омбы, Сібір жақтардан қызыл балықтың тұқымын алып келіп, құрылғы арқылы өсіруді көздеп отыр. Бұл қондырғыда жетілген балықтар бассейінге түсіп, кейін көлге жіберіледі. Мамандардың айтуынша, қызыл балықтың салмағы 100 грамнан асса, әрі қарай тез өсіп кетеді. Ал форель тұқымдастар жаздың күнгі аптап ыстықта судың температурасына шыдас бермейтін көрінеді.
Кәсіпорын жылыжайда аквапоника жасауды да тәжірибеден өткізіп көрген. Яғни, үлкен аквариумға балық жіберіп, үстіңгі жағына өсімдік өсірген. Сөйтіп бір мезгілде, бір орыннан балық пен жемістен қатар пайда тапқан. Алдағы уақытта бұл тәжірибемен бірге шаян өсіру де жоспарларында бар.
– Негізінен бассейнде форель тұқымдас балықтар өсіп жатыр. Оларға уақытымен тамағын беріп, бассейнді тазалап отырамыз. Су жер астынан шығып жатқандықтан қыстың күні де қата қоймайды. - 40-45 градус аяз болса, бассейнді бөлменің ішіне пеш жағып, температураны ұстаймыз. Көлдегі тор сызығындағы балықтар да үнемі жұмысшылардың қарауында, – дейді балықтың бабын білетін Болат Мұрынбаев.
Ал кәсіпорынға қарасты көлдің аумағындағы балықшылар аулағандарын тікелей зауытқа өткізеді. Бекіре, сазан, көксерке, алабұға, шортан сынды балықтар зауытта толықтай өңделіп, тазаланып сатылымға жөнелтіледі.
– Балықтарды жәшіктерге текшелеп жинап, -40 градустық мұздатқышқа қатырамыз. Нарықтағы сұранысқа қарай сүрпі етін сылып алып жеке әзірлейміз, етін ұнтақтап тартамыз. Өнімдерге сұраныс өте жоғары. Қазіргі уақытта Қытай, Ресей, Әзербайжан, Грузияға шығарып отырмыз. Балық өсіруге қолайлы 105 тоннаға арналған тор сызығымыз бар. «Аграрлық несие корпорациясынан» «Агроэкспорт» бағдарламасы бойынша 50 млн теңге несие алып, осындай құрылғыларға қол жеткізіп отырмыз. 25-тен астам адам жұмыспен қамтылған, – дейді кәсіпорын басшысының орынбасары Бақыт Мүбәракова.
Бағалы балық өсіруді екі жыл бұрын қолға алған шаруашылық жылына 100 тонна өнімді нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Алайда қазіргі таңда көлдегі балық қоры қандай?
Осыдан төрт-бес жыл бұрын мемлекеттің қолдауымен бағалы және жойылып бара жатқан балық түрлерін молайту үшін Самарда «Көкпекті Аквакультура» ауылшаруашылық өндіріс кооперативі құрылған болатын. Оның мақсаты – балық қорын көбейтумен қатар кәсіби, спорттық, әуесқой балық аулауды дамыту еді. Бұл кооперативке балық қорын сақтап, қалпына келтіру бағытында жұмыс істеймін деген азаматтар кіре алады. Бүгінде кооператив бекіре, сазан, шортан, алабұға, көксерке сынды бағалы балық түрлерін өсіру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. 2018 жылдың ақпанында «Көкпекті Аквакультура» кооперативіне жетілдірілген технологияларды пайдалана отырып, Бұқтырма су қоймасының таулы-алқаптық бөлігінде бағалы балық түрлерін тор ішінде өсірумен айналысуға мүмкіндік берілген. Сондай-ақ спорттық-әуесқойлық және кәсіптік балық аулауды дамыту үшін Бұқтырма су қоймасының балық аулау учаскесінде инфрақұрылым жүргізіліп, тұрғын үйлер салынды.
Бірақ мамандардың пікірінше, Бұқтырма, Өскемен, Шүлбі су қоймаларындағы судың температурасының төмендігі балықтың өсуіне кері әсерін тигізетін көрінеді. Оның үстіне Шығыста Қызыл кітапқа енгізілген нельма тұқымдас балықтарды өсірудің әдістемелері мен технологиялары да жоқ екен.
Шығыс Қазақстан облысы,
Көкпекті ауданы