• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Тарих 10 Қараша, 2020

Іздеусіз ер, сұраусыз ерлік

1729 рет
көрсетілді

Бұрынғы геологтер ауылы – Дөңге Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан Серікбай Тұрлыбаевтың анасы Сәпен апайды іздеп бардық. 1983 жылдың 16 мамырында Ауғанстан – Пәкістан шекарасында ерлікпен қаза тапқан, «Қызыл Жұлдыз» орденді батырдың атына берілген орталық көшедегі үй сыртында тас тақтайшадан әскери формадағы жас жігіт күліп тұр. Батырдың үйіне кіріп, бала-немерелерінің ортасындағы Сәпен апаймен жүздестік.

 

Олар 17 еді...

– Серікбай – балалардың екін­шісі. Шалқардағы №1 мек­тепті бітірді. Біздер осында көшіп келгенде, токарьлық оқуды аяқтап, Хромтауда комбинатта жұмыс істеп жүріп, 1982 жылы көктемде әскерге шақыртылды. Балам жұмсақ мінезді, тәртіпті еді, футболды жақсы көретін. Кішкентайлар оны «көке» дейтін. Үйде футболдан газет қиындыларынан мектеп кезінде жасаған альбомы әлі бар. Баламның қайтқанына 37 жыл болса да, сол күннің оқиғасы көкірегімде әлі сайрап тұр. 30 сәуірде соңғы хаты келді. 9 ма­мырдағы жеңіс шеруі­не дайындалып жатырмыз, гим­настерканың жағасына ақ мата сатып алуға ақша салыңдар дей­ді. Ол жақта күн қатты ыстық, әскер­де бері­летін бір жаға тез кір­лейді екен. «Үйге қайтуыма бір жылдай қал­ды. Апа, мені көп уайымдама», деп аяқтаған. Мамыр­дың соңын­да денесі келді.

– Түстері сұп-сұр бір офицер мен екі солдаттың табыт­ты әкел­гені ғана есімде. Сырты­нан ағашпен қаптап, іші мы­рыш­талған. Фуражкесін, кәрзең­кесінің кілтін әкеліпті. Ішін­дегі бастығы: «Кәрзеңкесі мен Ауғанстанның ақшасымен бір жыл қызмет еткен ақша­сын салып жібереміз», дегенде, әкесі: «Балам жоқ болғасын, кәрзеңкесінің де, ақшасының да керегі не?» деп қарсы болды. Олар сол күні жерлеуіміз керек, бұйрық солай деп көнбейді. Әкесі «партия қызметкерімін, табытты ашпаймыз» деп қолхат жазып берген соң олар түнделете кетіп қалды. Жұрт тараған соң ашып қарадық. Шашы жалбырап өсіп кеткен балам жатыр. Аржағы есімде жоқ, оң жақ иығы мен кеудесінен жараланған деді артынан көргендер.

Армиядан жазған хаттарын оқып жылай берген соң, үйдегілер енді қайтып маған көрсетпейтін болды.

1982 жылдың сәуірінде әскер­ге ша­қыр­тылған Серікбай Түркіс­тан әскери окру­гіне қарасты 40-армияның 66-бригадасы 2-мотоатқыштар батальоны 7-ротасына түсті. Жалалабадта аэродром күзетінде тұрған батальон сол жылдың күзінде Кунар провинциясындағы Асадабадқа ауыстырылды. Әскери бөлімнің далалық поштасы – 93992. Бұл – Пәкістанмен арадағы шекара, моджахедтердің жолы. Әскери бөлім Одақтан келетін автоколонналарды күзетті, қышлақтарға операциялар жүргізді.

16 мамырда Ганджгал шат­қалында 7-ротаның 1, 2-взво­дының 17 жауынгері мен «царан­дойдың» (ауған милициясы) 7 жауынгері АҚШ-та жаттық­тырылған пәкістандық «Черный аист» арнайы жасағының 300 содырымен шайқасқа түсіп, қоршауда қаза болды.

1-взводтың командирі Георгий Дем­­­ченко мен Сергей Амосов, командир орын­басары Серікбай Тұрлыбаев, 2-взвод командирінің орынбасары Нұ­ридин Ғад­жиев пен 11 қатардағы жауынгер қаза тапты. Бұлардың ішінен сержант Владимир Прохоренко ғана тірі қалды. Шайқас басталғанда-ақ қол-аяғынан жараланған оны қасындағылар тастың қуысына жатқызып, бұта бұтақ­тарымен көлегейлеп кеткен. Оны ерте­ңіне іздеп келген батальон тауып алады. Алматы облысынан шақыртылған 19 жас­тағы қатардағы жауынгер Борис Боч­кин ұшты-күйлі жоғалды. Осы топты түн­де өзен жағасындағы көпірден күтіп алып, шатқалға апарған ауғандық «ца­ран­дойдың» 7 жауынгері қайда? Олар туралы айтылмайды. Не болғанда да, 17-22 жас­тағы өрімдей жастар сат­қындықтың құрбаны болды.

 КСРО Бас әскери прокуратурасының қорытындысына сүйенсек, операция былай жос­парланған. 2-батальонның 8, 9-ротасы Дунай қышлағының жанын­да Нава шатқалын моджахедтердің еркін өтпеуі үшін бітеп тастауы тиіс. 7-рота Гандж­гал мен Борувей шатқалын екі жақтан қоршап, Малышевтің арнайы жа­­са­ғының тау қуысына еркін өтуін қор­ғайды. Малышев тобы шекарада радио­сигнал ұстайтын қабылдағыш орнат­пақшы. Операция жоспарланып жат­қанын ауғандықтар жақсы білген. Екі-үш күн бұрын шекарадан 3-4 шақырым жерде Пәкістан арнайы жасағы жаттығу өткізген. Әскери басшылық Дунай, Нар­ва қышлақтарында 300 моджахед­тің жасырынып жатқанынан да хабар­дар. Ендеше 16 мамырдың түнінде дұ­рыс барлау жа­салынбаған белгісіз тау қуысына 17 сарбазды неге қорғаусыз аттан­дырады?

Қанды оқиғаның жалғыз куәгері, Темір ауданында Кеңқияқ мұнай өңдеу мекемесінде тракторист болып жұмыс істейтін Владимир Прохоренкомен «Еге­мен Қазақстанның» тілшісі Қай­нар Олжай 1992 жылдың сәуірінде сұх­баттасады. Қазір ол отбасымен Че­хия­да тұрады. 2019 жылдың 19 ақпа­нын­да «Информбюро» сайтында жа­­рия­ланған «Табыт – біреу, тағдыр – екеу» мақаласында Қайнар Олжай В.Про­хо­ренконың естелігін келтіреді:

«Лейтенанттардың шегінуін қор­ғау үшін бастырмалата атысып жатқанымда қолымнан оқ тиді. Сосын және бір оқ тас­тан ыршып келіп аяғымды жаралады. Төменге Ғаджиевқа қарай домаладым. Ғаджиев дереу мені арқалап, Бочкинге «бізді қорға» деп айқайлады. Боря атысып жатқан. Ғаджиев бірде мені сүйей сала атысып, сосын қайта арқалап төмен түсіп келе жатты. Соңғы рет қарағанымда Боряның сылқ етіп құлап бара жатқанын көзім шалды. «Бітті» деп ойладым. Ғад­жиевке «мені тастап кет те, өзің тірі шық» деп жалындым. Ол маған гранатасын беріп, бір тастың қалқасына тастап кетті».

 

 Нұхидин Ғаджиев

Дағыстанның Қызылюрт ауданында­ғы мектеп мұғалімі, Нұхидиннің ұстазы Расул Ғазиевтің 20 жылдық еңбегі ар­қа­сында 66-бригаданың 2-батальоны 7-ро­тасындағы 1,2-взводтағы 17 жа­уын­­­гер қазасының құпиясы ашылды. Қыс­тақтың қарапайым мұғалімі әр жыл­­­дары КСРО мен Ресей Қорғаныс ми­­­нис­­трліктеріне, Бас прокуратураға, Ре­сей­дің 3 президентіне, сол кездегі 40-армия басшылығына, бригада мен 2-ба­тальонның барлық командирлері мен жауын­герлеріне 400-ден астам хат жазып, болашағынан көп үміт күт­кен оқушысының жұмбақ өлімінің ақи­қа­тын аршыды. Ақыры 1997 жылдың 2 қыр­­­күйегінде Ресей Федерациясы Пре­зи­­дентінің №974 Жарлығымен Ғад­жиев Нұхидин Омарұлына Ресей Феде­ра­циясының Батыры атағы берілді. Сөй­тіп, қаза болған 14 жылдан кейін «Ал­тын Жұлдыз» батырдың анасына тап­сырылды. Қызылюрт қаласының орта­лығында Ғаджиев Нұхидинге мемо­риал тұрғызылды. Түркістан әскери ок­ру­гі­нің ұсынысымен 7-рота 1-взвод коман­дирі Георгий Демченкоға Кеңес Ода­ғының Батыры атағы берілген. Дем­чен­ко­ның келгеніне екі-ақ күн болған екен. 40-армия басшылығы Сергей Амо­сов­ты ұмыт қалдырды. Орынборлық жас лей­­тенант Сергей Амосовтың Но­­во­­­си­бир­скіде тұратын полковник әкесі қой­май ізденуінің арқасында, 1994 жылы оған Ресей Федерациясы Ба­тыры атағы берілді. Оқыған мектебі мен тұр­ған кө­шесіне аты беріліп, Ново­сибирск Әс­кери институтының батыр­лар аллеясында бюсті орнатылды. Амо­совпен, Ғад­жиевпен Ганджгалда қаза тапқан ресейлік қатардағы жауын­герлер – Александр Лосев, Михаил Коршунов, Юрий Ря­занов, Виктор Фадеев, Александр Арте­менко, Сер­гей Баландинге кейіннен Ре­сей Феде­ра­циясының Батыры атақтары бе­рілді. Өкініштісі, осы топтағы қазақстан­дық­тар Серікбай Тұрлыбаев, Владимир Прохоренко, Борис Бочкиннің ерліктері ескерілмеді. Атаусыз қалған тағы да ерлер бар.

2-батальон прапорщигі Ф.Амич 1989 жылы қыркүйекте: «1983 жылдың 15 ма­мырдан 16-сына қараған түні құ­ра­мында 3 взводы бар рота әскери опе­рацияға қатысты. Ұрыс қимылдарын жүр­гізу кезінде 2-взвод ерлікпен қа­за тапты. Тек бір адам – сер­жант Про­хоренко тірі қалды. Ұрыс бас­талған кез­­де жара­ланған оны тастың арасына жа­­сырып қойған. Рота замполиты – лейтенант Сергей Амосов, взвод командирі лейтенант Георгий Демченко қаза тапты... Ұрыстан соң, 17 мамырда взвод қы­рылған төбеге көтерілгенде, біз­дің жі­гіттердің ерлікпен қаза тапқанын тү­сіндік. Нурикті тапқанда, оның ауыр жа­ралы күйде өзін гранатамен жарып жібергенін көрдік», деп еске алады.

 

Борис Бочкин қайда?

Қайнар Олжай 2019 жылдың 19 ақ­панында «Информбюро» сайтында жа­рия­ланған «Табыт – біреу, тағдыр – екеу» мақаласында Ганджгал шатқалында қаза тапқан Борис Бочкинге қатысты деректер жариялайды. Алматыдағы Боч­киндер отбасына мырышталған табыт 25 мамырда Түркістан әскери ок­ру­гінен берілген «Қызыл Жұлдыз» орде­ні­мен қоса әкелді. Табытты әкел­ген бір офицер, екі солдат­пен бірге Мем­ле­кеттік қауіпсіздік комитетінің бір қыз­мет­кері болған. Олар түні бойы табыт­ты күзетіп, 26-на жерлейді. Оқиға әрі қа­рай детективті сипатта өрбиді. Ара­да алты жыл өтеді. Бір күні кешкілік Бо­рис­тің анасы Евгения Петровнаға көр­шісі келіп, Пәкістандағы моджахедтер ла­­геріндегі 5 тұтқынның фотосуреті жа­­­рия­­ланған «АиФ» газетін көрсетеді. АҚШ журналистерінің мақаласы ауда­ры­­лып басылған. Фотодағы бес тұт­қын­ның ішінде оң қолымен мықынын тая­нып шын­­тағын шошайтып тұрғанды Евгения Пет­­ровна «менің ұлым Борис» деп тани кетеді.

Өйткені ұлының осылай тұратын әдеті болған. Содан Евгения Петровна Мәс­кеуге Қорғаныс министріне хат жазып, үш жылдан кейін мәйітті қазып қарауға рұқсат алады. 1991 жылы қа­занда алматылық сарапшылар мәйітке сарап­тама жасағанда, көмілген дененің Бо­рис Бочкинге мүлде ұқсамайтыны анық­тал­ды. Борис ұзын бойлы, жас жігіт болса, қазылған мәйіт қысқа, 7 жасанды тісі бол­ған. Ал Алматыдан әскерге кеткен 19 жастағы балада ешқандай да протез жоқ. Борис мектепте оқып жүргенде, Медеу мұзайдынында аяғын сындырып алған, оң қолының сүйегіне де зақым келген. Мәйітте мұндай бел­гілер жоқ. Содан Бо­ристің дәрігер анасы «Бұл менің балам емес, менің балам тірі» деп басын тауға да ұрды, тасқа да ұрды. Алайда көп кешікпей Евгения Петровна өмірден өткесін, Бористі іздеу де тоқтады. Қалай бол­ғанда да, ең соңғы төбенің етегінде со­ғысып жаралан­ған Борис Бочкинді пәкс­тандық жалдамалылар өздерімен бірге алып кеткен сияқты.

Темірлік Владимир Прохоренко 1992 жылы 19 сәуірде Қайнар Олжай­ға: «Мені Кабулде тікұшақтан түсі­ріп, госпитальге әкеткелі жатқанда бір лейтенант әуежай басында жинал­ған көп табытты көрсетті. «Сенімен бір­ге соғысқандардың мүрдесін елге жө­нелткелі жатырмыз. Тек біреуінің өлі­гі табылмады» деді. Бірнеше күннен соң мен жатқан Кабулдегі госпиталь­ге ­қолы кесілген танкист түсті. Ол да біздің взводтың ұрысын еске алып: «Сенің ­жі­гіт­теріңнің денесін жина­ған­да, біреуін таба алмай қаншама әуре­лендік», деген.

«Бочкиннің моджахедтерге тұт­қын болғаны командирлерін қатты састырған. Ол үшін бастарымен жауап береді. Денені жанталаса іздеу – соны аңғартады. Ал оны «өлді» деп ата-анасына басқа мүрдені жіберу – солдаттың қолға түскенін жа­сырудың айласы. Үйіндегі хаттарын, магнитофон тас­па­сын білдірмей алып кету – Бочкин сатылып кете ме деп алаңдаудан ту­­ған», деп түйіндейді Қайнар Олжай «Та­­быт – біреу, тағдыр – екеу» атты ма­қа­­ла­сын­да.

Ганджгал қырғынынан соң ертеңіне 7-рота командирі басқа бөлімге ауысып, «17 жауынгердің денесін 17 ма­мыр­­­да таптық» деп рапорт жазылды. Нұ­хи­диннің ұстазы Расул Ғазиев іздеу то­бын­дағыларға сұрау салып, сол күннің шындығын сұрайды. 2-батальонда бол­ған украиналық Анатолий Прохоренко 1989 жылдың желтоқсанында: «18 адам взвод командирімен бірге түн ішінде қоршауға түсті. Қатты атыс Пичдарья өзе­нінің өткеліне таяу, гарнизонға 2-3 ша­қырым жерде болды. Бұл жерді ауған үкі­мет әскері «царандой» қорғап тұрған. Атыс бір сағатқа созылды. Бәріміз есті­дік. Таңертеңгілік ауыр жаралы В.Про­хоренконы бірден таптық. Бүкіл бригада үш күн іздедік. Ең соңғыларын иіс­тенген жағдайда, көпшілігін адам таны­ғысыз күйде таптық», – деп жазады.

3-батальон замполиті Геннадий Сер­­геев «Контингент» басылымына бер­ген сұхбатында Амосов тобы гарнизоннан 2-3 шақырым жерде қоршауда қалып, рациямен көмек сұрағанын, сосын ракетамен дабыл белгісін аспанға атқандарын көрген. Атысты естісе де, батальон қоз­ғал­маған. «Топқа ешкім көмектеспеді, олар рота мен батальон басшылығының көз алдында қаза тапты» дейді. Ертеңіне Ганджгал шатқалына барған батальон өлгендердің денесін екі күн бойы іздей­ді. Солдат денелерін шатқалдың әр жері­нен табады. Көбі аяусыз кескіленіп, қор­ланған. Күннің ыстығынан қатты ісініп, адам танымастай, ішек-қарындары ақта­рылған күйде жатқан.

Взвод замполиті Сергей Амосов тау­дың етегіндегі кеуіп қалған арықтан та­былды. Үстінде бір солдат өліп жатты. «Черный аист» командирдің аяқ-қо­лын сындырып, денесін бірнеше авто­мат оғымен шұрқ тесік еткен. Жау қор­шауында қалып, тірідей қолға түскісі кел­меген Нұхидин Ғаджиев соңғы грана­та­сымен таяп келген 20 жалдамалыны өзімен бірге жарып жіберген. Нұхидин басы жұлынған күйінде табылды, оң қолының басын да граната алып кеткен.

 

«Біздің соғыс емес!»

4 жауынгермен бірге Ганджгал шат­қалының биігінде басын өлімге ті­гіп қалған Серікбай Тұрлыбаевтың ер­лігі туралы журналист Әлімбай Із­бай «Ақ­төбе» газетінің 2007 жылдың шілде­­сін­де «Беймәлім қалған боздақ еді» ма­қа­ла­сында баяндайды. Батырдың ту­ған ауы­­лына барып, туысқандарымен ел ақса­­қалдарымен жүздескен журна­лиске Тұрлыбаевтар отбасы Дағыс­тан­­нан Расул Ғазиевтің Серікбайдың әкесі Қойбағар ақсақалға жазған хатын көрсетеді.

Расул Ғазиев: «Сонау 80-жылдардың ор­тасында-ақ бұл жігіттердің ерлігі ла­йықты бағаланбай, сұмдық қате кет­кенін байқадым. Оларды қайта наградтау жөніндегі ұсыныстарымды төрт рет жо­ғарыдан кері қайтарды. Нәтиже шық­қанша жаза бердім. Сіздердің ұл­дары­ңыз да лейтенант Демченко мен Амо­совтар сияқты ерлік көрсеткен», деп ақтарылады Қойбағар ақсақалға.

Әлімбай Ізбай мақаласында 8-рота­ның бұрынғы командирі, топты іздеуге қатысқан Виктор Чечуллиннің естелігін келтіреді: «Амосов тобы таңсәріде тауға кіріп, шеп құрады. Бұл жөнінде олар рациямен мәлімдеген. 2 сағаттан кейін айнала жарықтанғанда, олар 20-дан астам адамды жойып, шабуылды қайтарады. Екі сағаттан кейін оларды жаудың ба­сым күші қайта шабуылдайды. Ал­ғашқы оқпен рация істен шығады. Жағ­дайды хабарлап, зеңбірекшілер мен тікұшақты көмекке шақырудың мүм­кіндігі болма­ған соң Демченко мен Амосов кейін ше­гінуге бекінеді. Серік­бай Тұрлыбаев 4 адамымен тау басында шегінген топты қорғауға қалады. Шабуыл күшейіп, үшеуі жарақат алған. 5 минут тыныс алып, жарақаттарын таңуға кіріскенімен, үлгермейді. Жау­дың жойқын шабуылы оларды құртып жіберді. Етекке екі бө­лініп түсіп келе жатқандарды төбеден ат­қылап, тау­дың қуысына жасырынуларына мүм­кіндік бермеген. Топтың шегінуін бүр­кемелеуге қалып, жоғарыда қаза болған жауынгерлердің кескіні әлі көз алдымда. Олардың айналасында жарақат таңу пакеттерінің қалдықтары, түтіндете белгі беретін ракетаның бос сауыттары шашылып жатты...»

Дөң ауылының ақсақалы Марал Мол­­дабеков ауылға кездесуге келген сол кездегі Парламенті Мәжілісінің де­пу­­таты болған Амангелді Айталы­ға «Ба­­ла­мызға «Халық Қаһарманы» ата­­ғын бе­руге көмектесіңіз деп өтініш айт­ты. Амангелді Айталы Серік­бай Тұр­лыбаевқа «Халық Қаһарманы» ата­ғын беру туралы ұсыныс жібергенде, 2000 жылдары Қорғаныс министрлігі сыдыртпа жауап берген. «Қорғаныс ми­нистрлігінің есебінде көптеген Ауған со­ғысының ардагерлері бар, олардың ішінде ерлікпен қаза тапқандар аз емес. Егер Тұрлыбаев наградталатын болса, онда басқа қаза тапқандардың туыстары мен достарынан осы тектес өтініштер көбейіп кетеді. Қазіргі кезде Тұрлыбаев­қа «Халық Қаһарманы» атағын беру мүм­кін болмай тұр» деп шығарып салған. Осымен сөз тәмам. Серікбай – біздің со­ғыстың батыры емес дегенге жауап тіре­ліп тұр. Ша­лағай операцияның салдарынан құрбан болған шаһид жастың өлімге басын тігіп, соңғы сәтке дейін айқасқан ерлігін жаңғыртуға ешкім де мүдделі емес. Жауабы белгілі – ол біздің соғыс емес, ендеше біздің батыр да емес.

Дөң кен-байыту комбинаты ғима­ратында Серікбай Тұрлыбаевтың мемо­­риалдық тақтайшасы тұр. Ауыл көше­сінің ортасында обелиск белгі де тұр­ғызылған жоқ. 11 баланы дүниеге әке­ліп, қазір алты баласының тілегін тілеп отырған Сәпен апай да «Маған ештеңе де керек емес. Тек батырдың анасы дегенді көзімнің тірісінде естіп кетсем болды» деген. Бар­ға қанағатпен өмір сүріп жатқан Сәпен апай осы атақты 37 жыл бойы күтіп келеді.

 

P.S. Ганджгалда ерлікпен қаза тапқан 17-нің ішінде взвод командирі Георгий Демченко – Кеңес Одағының Батыры, взвод командирі Сергей Амосов – Ресей Федерациясының Батыры, қатардағы жауынгерлер – Нұхидин Ғаджиев, Александр Лосев, Михаил Коршунов, Юрий Рязанов, Виктор Фадеев, Александр Артеменко, Сергей Баландинге де Ресей Федерациясының Батыры атақтары берілді. Ал жауынгер Серікбай Тұрлыбаевтың ерлігін бағалауға келгенде қазақстандық биліктің әлі күнге мойны жар бермей келеді.  Өте өкінішті. Осы орайда ақиық ақын Ілияс Жансүгіровтің «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алар кемеңгерді!» деген өлең жолдары ойға еріксіз оралады...

 

Ақтөбе облысы,

Хромтау ауданы,

Дөң ауылы