Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет», деген. Президент айтқандай, Шығыс Қазақстан облысының спорт саласында айтулы істер атқарылып жатыр.
Дені сау ұлт қалыптастыру – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі. Ал денсаулықтың кепілі спорт екенін жақсы білеміз. Сол үшін де мемлекет тарапынан спорт саласына әу бастан қолдау көрсетіліп келеді. Бүгінде әр ауылда болмаса да, аудан орталықтарында спорт үйірмелерінің түр-түрі бар. Оның ішінде бұқаралық спортқа да көп көңіл бөлінген.
Биыл Күршім және Үржар ауылдарында бассейндері бар денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің және Мақаншы ауылындағы спорт модулінің құрылысы аяқталады. Сонымен қатар Көкпекті ауданының орталығында спорт модулі мен Аягөз ауданының Ақтоғай кентінде, Жарма ауданы, Шар елді мекеніндегі денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылыс жұмыстары тәмамдалды. Келесі жылы Катонқарағай ауылындағы спорттық сауықтыру кешені пайдалануға беріледі. Аталған жаңа нысандар жүздеген адамның тұрақты жұмысқа орналасып, мыңдаған адам денешынықтырумен айналысуына жағдай жасайды.
Бұдан бөлек облыс көлемінде ауыл-ауылдарға 40 спорт алаңы орнатылды. Оның ішінде хоккей қорабы, баскетбол, футбол алаңдары салынды. 11 street workout ашылды. Аталған ашық алаңдар ауылдағы жастардың бос уақыттарын тиімді өткізуге бағытталып жасалған. Екінші жағынан спортпен шұғылданып, денсаулықтарын нығайтуға зор мүмкіндік.
Аймақта ұлттық спорт түрінің бірі саятшылық та ұмыт қалмаған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде республикалық бүркітшілер байқауы өтіп тұрады. Былтыр Тарбағатай ауданында өтсе, биыл ақпанда Абай ауданы, Қарауыл ауылында ұйымдастырылды. Турнирге республиканың барлық өңірлерінен 50-ден аса спортшы қатысқан.
Абай өңірінде бұқаралық спорт түрі анағұрлым жақсы дамыған. Аталған ауданда денешынықтыру және спортпен айналысушылардың саны 4 480 адам екен. Абай ауданында бүгінде 64 спорт нысаны бар. Бұл – жалпы орта білім беретін 11 мектептегі спорт залдары және 9 ауылдық округтегі 12 шағын футбол алаңдары мен 9 хоккей корттары. Сондай-ақ спорт модулі мен «Шыңғыстау» спорт кешені, орталық стадион, жүзу бассейні және Құндызды ауылында Айбек Нұғымаровтың демеушілігімен салынған спорт залы жұмыс істеп тұр. Бұл спорт нысандарында кез келген тұрғын белгіленген кестеге сай жаттыға алады.
Спорт саласы мамандарының айтуынша, бұл аудан облыс орталығынан алыс жатқанымен, кадр жағы да жеткілікті. Бәрі білікті, білімді мамандар. Ал спорт мектептерінде 995 оқушы спорттың 9 түрі бойынша жаттығады. Атап айтқанда, бокс, волейбол, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі, футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ және жүзумен айналысады. Абай ауданынан бір жылдың өзінде 8 өрен спорт шеберлігіне үміткер атанып, 16 жас бірінші разрядты спортшы атағын алды. 2019 жылы ауданның спортшылары облыстық жарыстарда 61 алтын, 48 күміс және 41 қола қанжығалаған. Ал республикалық чемпионаттар мен турнирлерде 23 алтын, 12 күміс және 20 қола медальға қол жеткізген.
Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің жоспарына сәйкес осы күнге дейін 50-ге жуық спорттық іс-шара өткен. Спартакиада, мүмкіндігі шектеулі адамдармен эстафеталық ойындар, ардагерлер арасындағы жарыстар ұйымдастырылған.
– КСРО спорт шебері Қайырбек Дүрмекбаевты еске алуға арналған дзюдо күресінен республикалық турнир биыл төртінші мәрте өтті. Тіпті әр жылдары мектеп бітірген түлектердің 10, 20, 30 жылдық кездесулеріне орай ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және еске алуға арналған турнирлер өткізіліп келеді, – дейді дзюдо бөлімінің жаттықтырушысы Мақсат Кәкенов.
Биыл елдегі пандемия көптеген жарыстың өтуіне қолбайлау болғанымен, жоғарыда атап өткендей, бірқатар спорт нысаны бой көтерді, ескіргендері күрделі жөндеуден өтті. Сол сияқты Абай ауданында да 1957 жылы салынған спорт мектебінің ғимараты толық жөнделді. Заманауи ғимаратта спорт үйірмелеріне арналған бөлмелермен қатар асханасы да бар. Қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында допты хоккей алаңы салынды. Енді 2025 жылға дейін Көкбай және Саржал ауылдарында спорттық модульдер салуға құжаттар әзірленіп жатыр.
Жалпы, Шығыс Қазақстанда бұқаралық спортты дамыту, тегін спорт секцияларын ашу, мектеп және студенттер лигасын құру үшін бірқатар жұмыс жүзеге асты. Облыстық білім басқармасының мұрындық болуымен жыл сайын 20-дан аса іс-шара өткізіліп, оған 33 000-нан аса оқушы қатысады. Өңірдің оқушылары спорттық-бұқаралық және дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларына белсене қатысып, облыс намысын сәтті қорғап келеді.
Былтыр Татарстан Республикасның Қазан қаласында ТМД елдері мектеп спортының VII халықаралық фестиваліне волейболдан Қазақстанның намысын қорғау үшін облыстың құрама командасы қатысып, жалпыкомандалық есепте 2-орынға ие болған. Бұл облыс үшін үлкен жетістік еді.
Жыл сайын облыс әкімдігінің қолдауымен өтетін балалар-жөспірімдер арасындағы «Жұлдызша» облыстық турниріне 500-ге жуық жас хоккейші қатысады. Сонымен қатар дәстүрлі көпкүндік «Қазақстан оқушысы» республикалық велоспорт жарысы ұйымдастырылып, 200-ге жуық велоспортшы өз бақтарын сынасады.
Білім басқармасы мамандарының мәліметінше, биыл жалпы білім беру мекемелерінде 67 691 оқушыны қамтыған 2 922 спорт секциясы ақысыз жұмыс жүргізіп келеді. Аудандар мен қалаларда 2020-2021 оқу жылында спорт секцияларының президенттік көпсайыс, регби, ұлттық спорт түрлерінен жаңа бағыттары ашылды. Сондай-ақ жастар спорттық туризм, street workout сынды заманауи бағытқа да бет бұрды.
Бұқаралық спорттың дамуы үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайды жоққа шығаруға болмас. Шағын ауылдардың өзінде спортпен айналысамын деушілерге мүмкіндік мол. Тек жастар ниет қойып, қабілетіне қарай спорт түрін таңдап, айналысса болғаны. Әлемдік додаларда көк туды желбіретіп, елдің атын аспандатып жүрген спортшылардың көбі ауылдардан шыққаны шындық.
Шығыс Қазақстан облысы