Жылдар жылжыған сайын от пен оққа кеудесін тосып, Отан қорғаған ардагерлер де қалмай барады. Бір кездері Ұлы даладан қан майданға 1 млн 200 мың сарбаз аттанып, соның тең жарымынан астамы (601 мыңы) Отанға оралмай қалғаны жадымызда жаңғырып тұр. Енді, міне, ресми деректер елімізде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан көзі тірі 665 ардагер ғана қалғанын айтады.
Ата бабасының суретін көтеріп шеруге шыққан қаралы көшті – «Мәңгілік полкті» көріп пе едіңіз? Құдды бір құдіретті армия қайта тіріліп, қан майданнан қайтып бара ма дерсіз. Жоқ. Олар емес-ау. Олардың барлығы ғазиз жүрек Ғамзатов (Расул) айтқандай, «аппақ тырнаға айналып, әлдеқашан тыраулап ұшып кеткен». Олар қан сорғалаған далада жаңадан өмір гүлі өсіп шығуы үшін өз өмірлерін оқ пен отқа тосты. Байтағымызды басқа біреу баспасын, ырысымызды жат жұрт келіп шашпасын деп 1418 күн, 1418 түн жан алысып, жан берісті. Ақыр соңы Жеңіс Туы желбіреп, астан-кестеңі шығып, лайланған өзендер қайтадан мөлдіреді. Көгімізді торлаған қара бұлт түрілді. Аспан ашылды. Күн күлімдеді.
Биыл торқалы тоқсан жылдығы тойланып отырған мұзарт Мұқағалидің «Неменеге жетістің, бала батыр? Қариялар азайып бара жатыр. Бірі мініп келместің кемесіне, Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр», деген бір ауыз сөзін бүгінде бүкіл қазақ баласы білуге тиіс. «Қариялар азайып бара жатыр». Әсіресе әлдеқашан қарияға айналып үлгерген ардагерлер азайып бара жатыр. Ақын айтып отырғандай, «Бірі мініп келместің кемесіне, Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр». Сол жағаға қарагерге қамшы салып барғымыз, әрбір ардагерді құшағымызға қысып, алып қалғымыз келеді. Әттең, оған құдіретіміз жетпейді. Өткінші өмір заңы солай. Қанша қимағанымызбен мәңгі жасау адамзат баласының маңдайына жазылмаған.
Осындайда «әкесін қанжығасына байлап жүрген ешкім жоқ» болса да, ардагер ағалардың ет жүректі езіп арамыздан алыстап бара жатқандары, тырналардай аспанға қанат қаққандары үшін өзегіміз өртенеді. Әлі де жүре тұрса, ортамыздан ойып орын алып, төрімізге сән, өмірімізге мән беріп отыра тұрса қайтер еді дейміз, баяғы. Алайда асылды арамызда жүргенде ардақтағанға не жетсін?! Өмірден өтіп, көңілден көшкеннен кейін кейігенің де, сарылып сағынғаның да – көк тиын.
Осы мәселені Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жиі айтады. Тұңғыш Президентіміздің айтуынша, 9 мамырда барша адамзат ең сұрапыл соғыста жеңіске жеткен батырларды ерекше құрметтейді, еске алады. Халқымыз майдан даласындағы жауынгерлік ерлік пен тылдағы қажырлы еңбекке тағзым етеді. Жеңіс күні – батылдық пен əскери даңқтың, патриотизмнің мерекесі. «Бұл жеңістің құны аса қымбатқа түсті. Батырларымызға мəңгілік тағзым ету, ардагерлерге қамқорлық көрсету, халықтың ынтымағы мен тұтастығын сақтау – біздің қастерлі борышымыз. Ел бірлігі – біздің жетістіктеріміздің басты кепілі», дейді Елбасы.
Иә, 665 деп азсынып отырмыз ғой. Анығында, соғыстың соңғы көктемі шыққалы да биыл 76 жылдың жүзі болыпты. Ал осы алапат өрттің тұтанғанына тұп-тура 80 жыл. Майданға 18-20 жасында аттанды дегеннің өзінде, ардагерлердің алды жүзді алқымдап қалды деген сөз. Олар не көрмеді? Ашаршылықтың азабын да тартты, отқа да күйді, оққа да ұшты. Ол аз десеңіз, майдан даласына біреуі қолын, біреуі аяғын қалдырып келіп, есеңгіреген ел экономикасын қалпына келтірді. Тың көтеріп, зауыт тұрғызып, совхоз құрды. Шаршадым, шалдықтым, жалықтым деген жоқ. Табан етін тоздырып еңбек етті. Майданда – қан, бейбіт өмірде – тер төкті. Оны да азсынсаңыз, Кеңес Одағы ыдыраған тұста егемен елдің іргесін қалауға кірісті. Тамыры – текті, сүйегі – асыл адамдар. Айбынымызды асқақтатып, азбыз демей арамызда әлі қасқайып тұр. Оларда даңқ та, құрмет те, абырой да бар. Ел жастарының ендігі міндеті – сол көзі тірі аңыз адамдарды ұлықтау. Ұмыт қалдыруға құқымыз жоқ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз ержүрек аға буынның алдында мəңгі қарыздармыз. Олардың қайсарлығы мен төзімділігінің, табандылығы мен патриоттығының арқасында бейбіт заманда өмір сүріп, жарқын болашағымызға жол аштық», деген еді. Ел Президенті айтқандай, ашық аспан, бейбіт өмір үшін ардагерлердің алдында шынымен де мәңгі қарыздармыз. Тек соны жете түсініп, қадіріне жетіп, қаперге ала бермейміз. Қазақстанда қанша адам өмір сүріп жатса, сонша пікір бар. Он тоғыз миллионға жуық пікірді ой елегінен өткізіп жатпай-ақ қоялық. Жанға бататыны сол, осы сұрапыл соғыстың мәні мен Жеңістің маңызын жоққа шығаратындар пайда бола бастады. «Германия жеңіп кеткенде...» деп басталатын сөздері қорқыныштан гөрі, өкінішке толы шығады. Жарайды, соғыстың зарын тартпаған, жарасы жанға батпаған бізден ұялмай-ақ қойсын. Шейіт кеткен 601 мың боздақтың аруағы алдында неге ұялмайды екен? Олар көзден кетіп, көңілден көшкен де шығар, бәлкім. Арамызда тірі жүрген ардагерлер де бар ғой. Солардың көзіне қайтып қарайды екен? Міне, тарихты бұрмалау, сенімге селкеу түсіру, ерлікті жоққа шығару деген осыдан басталады. Мемлекет басшысының «Біз ержүрек аға буынның алдында мəңгі қарыздармыз», деп қадап айтып отырғаны да – осыдан.
Армандай бергенше, алдымызда жүрген ардагерлерді ардақтап алайық алдымен. Жағдайын жақсартып, денсаулығын түзейік. Көмегіміз болса оны да көрсетейік. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге арналған әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері (зейнетақыны қоса есептегенде) – 182 851 теңгені, ал Ұлы Отан соғысының мүгедектері үшін – 188 051 теңгені құрайтынын айтты. Сондай-ақ Жеңіс күніне орай, соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне бір реттік материалдық көмек ретінде 1 млн теңгеден берілмекші. Мұны аз, не болмаса көп деп айтуға болмас. Ең бастысы, ардагерлер үнемі ел назарында болуы тиіс. Онсыз да жыл санап азайып бара жатыр...