• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Пікір 03 Қараша, 2022

Ізашар құжат

208 рет
көрсетілді

«Аманат» комиссиясының барлық мүшесі «Рақымшылық жасау туралы» Заңды толығымен қолдайды әрі қуаттайды. Қаңтар оқиғаларына қатысты қылмыстық істер бойынша рақымшылық жариялау туралы бастаманы көтергендердің бірі – «Аманат» тәуелсіз комиссиясы еді. Ал нақты бір жағдайға байланысты «Рақымшылық жасау туралы» мұндай Заң Қазақстан тарихында бірінші рет қолданылып отыр.

Мемлекет басшысының біз­дің ұсынысымызды қолдағаны үшін алғысымыз мол. Бұл алғыс тек ко­мис­сияның емес, біздің қорға­уы­­мыздағы қаңтар құрбандары­ның, осы қанды қырғыннан кейін қыл­мыстық жауапкершілікке тартылып жатқан барлық азаматтың атынан деп айтуға толық негіз бар.

Қыл­мыстық кодексте «Рақым­шы­лық немесе кешiрiм жасау актiсi негiзiнде қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату» деп аталатын 78-бап бар. Осы баптың 2-бөлігінде «Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қыл­мыс жасаған адамдар рақымшылық жасау туралы актiнің негiзiнде қылмыстық жауаптылық­тан босатылуы мүмкiн» деген шектеу бар. Яғни заңның осы бабына сәйкес, рақымшылық тек онша ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандарға ғана қолданылады. Біз Президент атына хат жолда­ған­да кодекстегі осы шектеуді алып тас­тауды, Рақымшылық туралы заң жобасын дайындаумен қатар қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 78-бабының 2-бөлігіне өзгертулер мен толықтырулар енгізуді айтып ұсыныс білдірген едік.

Өздеріңізге белгілі, қылмыс онша ауыр емес, орташа ауырлық­тағы, ауыр және аса ауыр болып төрт категорияға бөлінеді. Осы санат­тар­дың ішінде ауыр қылмыстарға да рақымшылық қолдануға қатысты өзгеріс енгізу туралы ұсыныс берген едік. Алай­да біздің бұл ұсынысымыз өтпей отыр. Ал мұның құқықтық салдары қандай? Бұл сауалға келер бол­сақ, біріншіден, қаңтар оқиғасы бойынша негізгі қылмыстық жа­уап­кершілікке тартылғандардың не­гізгі бөлігін Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігі бойынша жа­заға тартылғандар, яғни жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар құрайды. Ал бұл баптың дәл осы бөлігі ауыр қылмыстар сана­ты­на жатқызылады. Демек осы бап бойынша қыл­мыс­қа тартыл­ған­дарға рақымшылық іші­нара іске асы­ры­лады. Яғни жазасы жеңіл­де­тілгенімен, толығымен алынып тас­талмайды. Мысалы, қаң­тар оқиға­сына қатысушы 5 жыл­ға сотталса, бұл мерзімнің тек төрттен үш бө­лігі алынып тастала­ды да, қалған бө­лігінде бәрібір кінәлі деп жаза таға­йындалады. Осы заңның талабы бойынша судья осындай шешім шығаруға мәжбүр. Ал біз қаң­тар оқи­ғасы кезінде жаппай тәртіп­сіздікке қатысқандардың барлығына толықтай рақымшылық жасау қажет деген бағытты ұстанған едік.

Мәселен, заңдағы «босатыла­тын адамдарды қайта әлеу­меттен­діру» деген норма қарас­тырыл­ған. Заң­да­ғы босатылатын адамдар­ды қайта әлеуметтендіру дегеннің өзі оларды жұмысқа орналастыру, медицина­лық көмек көрсету дегенді білдіреді. Алайда өздеріңіз де жақсы білесіздер, біз­дің қоғам­да сотталған адамдарға көзқарас дұ­рыс қалыптаса қойма­ған. «Сотта­лып келген» деп жұмыс беру­шілер жұмысқа алмай, қырын қарайды. Ал мемлекеттік органдар заң бойынша қабылдай алмайды. Еліміз­де қаншама жеке кәсіпорын мен компания бар. Олар да сотталғандарды жұмысшыларының қатарына қо­су­ға аса құлықты емес. Егер жоғарыда ­біз айтып өткен кемшілік орын алма­­ған­да сотталған азаматтарды жұмыс­­қа орналастыру, қайта бейімдеу деген секілді норманы енгізудің қажеті де болмас еді. Басқаша айтқанда, екі жұмыс істемейтін едік. Себебі рақымшылық толық қолданылған­да, заң талабына сәйкес рақымшы­лық қолданылған адамға қатысты барлық құқықтық салдар жойылар еді. Ал ішінара қолданған жағдайда ол бәрібір сотталған адам болып қала­ды.

 

Абзал ҚҰСПАН,

«Аманат» тәуелсіз комиссиясының төрағасы, заңгер

Соңғы жаңалықтар