Алматыда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің кезекті 23-пленарлық отырысы болып өтті. Пленарлық мәжіліс жұмысына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Отырыстың күн тәртібіне қойылған “Қазақстан экономикасын білікті еңбек ресурстарымен тиімді қамтамасыз ету мәселелері” туралы жиынға қатысушы шетелдік қонақтар, сондай-ақ қазақстандық сала жетекшілері өз ойларын ортаға салды.
– Біз бүгінгі күні экономикамызды еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету туралы маңызды мәселені талқылап отырмыз. Бұл мәселе 2006 жылы қарастырылған еді, содан бері көптеген өзгерістер болды және ең бастысы, алға ілгерілеу бар. Мәселен, соңғы үш жылда шетел инвесторлары кадрларды даярлау мен қайта даярлауға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға, сондай-ақ білім беру мекемелерін жаңартуға 160 миллион долларға жуық қаражат бөлді. Бүгін еңбек ресурстарын дамытуға байланысты көптеген жобалар аталды, инвесторлардың еңбек ресурстарын дамытуға байланысты айтылған көптеген жобалары көңілге қонады. Менің өзім баршаларыңызға ризашылығымды білдіре отырып, жұмыстың келешекте одан әрі жалғасатынына сенім білдіремін,– деп бастады өз сөзін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің кезекті 23-пленарлық отырысы негізінен Қазақстан экономикасын білікті еңбек ресурстарымен тиімді қамтамасыз етуге шетел инвесторларының қатысуы туралы мәселені талқылауға арналып отырғандығын көпшілікке хабардар еткен Елбасы бұл бағытта алда тұрған келелі міндеттерге де кеңінен тоқталды.
Әлемдік қаржы дағдарысына қарсы іс-шараларды жүзеге асыруда Қазақстан айтарлықтай жетістіктерге жеткендігі жөнінде жиында шетел инвесторлары да атап айтты. Шындығында да, дағдарысқа қарсы іс-қимылдың нәтижесінде 100 мыңға жуық маман дайындалды және қайта дайындықтан өтті. Атап айтарлығы, көптеген қазақстандықтар, міне, осы жаңа мамандықты алудың нәтижесінде ғана өз жұмыс орнын сақтап қалды. “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы аясында 2011 жылдан бастап үш іргелі мәселе – кадрлар даярлау, біліктілікті арттыру және жастар тәжірибесі жүзеге асырылатындығын тілге тиек еткен Елбасы мұның маңызына да тоқталды. Ол елді индустрияландыру бағдарламасын кадрлармен қамтамасыздандыруға іс жүзінде көмектеспек. Анығырақ айтқанда, техникалық мамандықтар бойынша бос тұрған орындарды толықтырып, шетелдік жұмыс күшін қазақстандықтармен алмастырмақ.
– Сіздер білесіздер ме,– деді өз сөзін одан әрі жалғастырған Мемлекет басшысы,– тартылған жұмыс күші сапасын жақсарту және қазақстандық үлесті ұлғайту бағытындағы жұмыстың жүргізілуі бірінші жыл емес және мұнда жетістіктер бар. Мәселен, біліктілігі жоғары мамандарды әкелуде жағдай жақсарды, олардың үлесі 68 пайызға жетті. Дегенмен, біздер, біздің ұзақ мерзімді стратегиямыздың негізгі өзегі – отандық адам капиталын дамытуға баса көңіл бөлуіміз қажет. Еліміз алдын-ала қабылданған ықпалды іс-шаралары мен резервіне орай, дағдарысқа рецессиясыз тойтарыс берді, отандық қаржы жүйесінің жұмысы толықтай қалпына келтірілді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Шетел инвесторлары кеңесінің 23-пленарлық отырысында еліміздің білім жүйесіндегі кейбір күрделіліктер жөнінде де ашып айтты. Отандық оқу орындарындағы оқыту сапасы негізгі проблемаға айналғандығы жасырын емес, яғни мұның өзі, ең алдымен халықаралық стандартқа, не болмаса жұмыс берушілердің талабына сәйкес келмейді. Орта және жоғары білім саласында бағдарламаны орындау үшін эталондық оқу орындары құрылуда. Астанадағы халықаралық университет әлемдік деңгейдегі белгілі шетелдік университеттермен бірлесіп, инженер, медицина және бизнес бойынша мамандар дайындайды. Бір құптарлығы, бұл оқу орнында интеллектуалдық мектептерді бітірген ең дарынды балалар білім алады.
Қазақстанда озық тәжірибені кеңінен қолдануда және келешегі зор мамандықтарды игеруде біршама жұмыстар жасалуда. Алайда, инновациялық экономиканы соған сай кадрлармен қамтамасыз ету жұмысы әлі алда екендігін ескерткен Н.Назарбаев бұл бағытта атқарылатын нақты міндеттердің шешімін де саралап берді. Мұның өзі кеңестің және әрбір инвестордың назарын аударатын мәселе екендігін де ескертіп өтті.
– Ең алдымен жұмыс орындарының айтарлықтай ұлғайтылуы талап етіледі. Бұл орайда, қазақстандық орта буын менеджерлермен, білікті жұмысшылармен еңбек келісіміне қол қойғанда шетелдік жұмыс күшін тартуда тепе-теңдік ара-қатынас тоқсан пайыздан кем болмауы тиіс. Екіншіден, экономика талабына орай кадрларды даярлау және қайта дайындау жөнінде озық аймақаралық орталықтар құрылуы тиіс. Мамандар біліктілігін сертификаттаудың салалық жүйесін енгізген жөн. Сондай-ақ барлық салалардағы сирек мамандықтарды игеруге гранттық стипендиялар тізімін ұлғайтудың берері мол. Тағы бір атап айтатын жәйт, жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарында маман дайындаудағы оқу бағдарламасын өзгерту қажет, өйткені, оларға халықаралық стандарттарды енгізетін уақыт жетті,– деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық жоғары және орта оқу орындарының білімінің әлемдік стандартына қадам басуына шетелдік инвесторлардың ықпалдастық танытуына мүмкіндігі бар екендігіне сенім білдірді. “Біздің кәсіпорындардағы менеджерлер мен мамандардың технологиялық жағынан үздік шетелдік ірі компанияларда еңбек тәжірибесінен өткенін қалар едім. Ал Қазақстанның еңбек рыногында қазіргі және келешектегі маман қажеттілігінің тұрақты мониторингі жүйесін құратын уақыт жеткелі қашан”, – деді Елбасы. Мемлекет басшысы, сонымен бірге, Үкіметке қысқа мерзімде Қазақстандағы барлық ірі және ауқымды кәсіпорындардың негізгі өндірістік қорларын жаңартудың тиімділігіне толық аудит жүргізуді тапсырды. Соның нәтижесінде нақты іс-шаралар қабылданбақ.
Көпшілікке белгілі, бүгінгі таңда әлемді дүрліктірген қаржы дағдарысынан бұрын, қауіпсіздік қазіргі таңда өмірлік ең маңызды әрі ең басты, өзекті мәселеге айналғандығы сөзсіз. Кеңеске қатысушылардан Мемлекет басшысының Қазақстанға тасымалданатын құрал-жабдықтардың жіті әрі қатаң бақылаудан өтуін талап етуінің бір себебі де осында болса керек.
– Жақында ғана Мексика шығанағында болған апат жөнінде айтсақ та болады. Әлем катастрофалық, орны толмас шығынның негізгі себебі – пайдаланылудағы жабдықтардағы ақаудың кесірінен кеткенін білді. Сонда “БиПи” компаниясының бұдан бұрын жариялаған, мақтанарлық сапасы мен қауіпсіздігі қайда қалған?! Ал мұндайға біздер жабық теңіз жағдайында жол бере алмаймыз. Сондықтан да, мемлекет тарапынан Каспийде жұмыс істейтін компанияларға қойылатын талаптар келешекте қатаңдатылады, – деп түйіндеді өз сөзін.
Шетел инвесторлары кеңесінің 23-пленарлық отырысында сондай-ақ ҚР Үкіметі мүшелері, қаржы ұйымдары жетекшілері және шетелдік инвесторлар өз пікірлерімен және ойда жүрген орнықты ұсыныстарымен бөлісті. Олардың арасында “Шеврон” корпорациясының басқарма төрағасының орынбасары Джордж Киркланд, Лукойл Оверсиз Холдингі президенті Андрей Кузяев, “Арселор Миттал” компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Лакшми Миттал, “Эксон Мобил” корпорациясының аға вице-президенті Марк Алберс және басқалар бар. Лакшми Миттал өз кезегінде қазақстандықтарға арнаған биылғы Жолдауыңызда, Сіз, алға қарай қарышты қадам жасауды және экономиканы одан әрі модернизациялауда жобаларды енгізу қажеттігін атап айтқан болатынсыз дей келіп, соған орай, Қазақстандағы еңбек ресурстары бәсекеге қабілетті және сапа, қызмет пен жұмыстың орындалуы жөнінен халықаралық стандартқа сәйкес келуі қажеттігін тілге тиек етті. Сонымен, Қазақстан экономикасын білікті еңбек ресурстарымен қамтамасыз етудегі басты мақсаттың түйіні кадрлар даярлаудағы жоғары жауапкершілікте, біліктілік пен іскерлікте болса керек.
Бақыт БАЛҒАРИНА.