Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің ІІІ саммитіне қатысу үшін Ыстамбұл қаласына келді.
Өткен кезеңге шолу жасайтын болсақ, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылдың 5 қарашасында БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясы барысында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөнінде кеңес (АӨСШК) шақыру туралы ұсыныс білдірген болатын. Содан бергі уақытта АӨСШК-нің жоғары деңгейдегі ІІ саммиті өтті. Алғашқы саммит 2002 жылы, екінші саммит 2006 жылы Қазақстанда өтті. АӨСШК-нің басты мақсаты халықаралық форумдарда үнқатысу арқылы Азияда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жайларын қарастыру болып табылады.
Бүгінде АӨСШК-ге Қазақстан, Әзірбайжан, Ауғанстан, Египет, Израиль, Үндістан, Иран, Қытай, Ресей, Түркия, ұзын саны 20 мемлекет мүше. Кеңес жұмысына сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ, Араб мемлекеттерінің лигасы және Вьетнам, Индонезия, Катар, АҚШ, Украина, Малайзия, Жапония байқаушы ретінде қатысып келеді. АӨСШК-нің құрылымдары мен институттарына келсек, Кеңестің жоғары органы төрт жылда бір рет өтетін Мемлекеттер және Үкіметтер басшыларының саммиті болып табылады. Ал АӨСШК Сыртқы істер министрлерінің кеңесі ережеге сәйкес төрт жылда бір мәрте бас қосады. 5 қараша АӨСШК-нің ресми мерекесі деп аталады.
Соңғы жылдары АӨСШК аясында Сенім шаралары каталогын орындау мәселелері ойдағыдай жүзеге асуда. Мысалы, бұрындары АӨСШК аясында бір жылда екі-үш шара өтіп келген болса, осы жылдың өзінде ғана Қазақстанда, Әзірбайжанда, Кореяда, Түркияда, Таиландта және Израильде бірқатар кездесулер, семинарлар мен форумдар өткізу жоспарланған. Осыған қарағанда, 2010 жыл АӨСШК-ні алдағы уақытта дамытуда ерекше серпінділік беретін жыл болады.
Кеше кешкісін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүлмен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшылары екі ел арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай тереңдету мәселелерін талқылап, саммиттің күн тәртібі бойынша пікір алмасты.
Қазақстан басшысы сондай-ақ кеше АӨСШК-нің ІІІ саммитіне келген бірқатар мемлекеттер басшылары – Иран Ислам Республикасының Президенті М.Ахмединежадпен, Палестина Ұлттық Әкімшілігінің Басшысы М.Аббаспен, Македония Республикасының Президенті Г.Ивановпен кездесті. Сонымен қатар кеше Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркия Премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанмен кездесуі болды.
Ертең Чилаган сарайында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің ІІІ саммиті ашылады. Бұл саммиттің басты ерекшелігі – алғаш рет шет мемлекетте өтіп отырғандығы. Сонымен қатар, бұл форумның халықаралық беделі нығайып келе жатқанын, оның институттық кезеңі аяқталып, Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі толық мәндегі халықаралық ұйымға айналғанын көрсетеді. Осы саммитте АӨСШК төрағалығын Түрік Республикасы алады. Ал Қазақстан өз бастамашылығындағы АӨСШК-нің ІІ саммитін жоғары деңгейде өткізген болатын. Жыл өткен сайын кеңестің мүшелік құрамы кеңейіп келеді. Ыстамбұл саммитінде Иран мен Вьетнам АӨСШК мүшелігіне өтіп, Бангладеш байқаушы ел мәртебесін алуы мүмкін.
Егер жоғарыда аталған екі мемлекет АӨСШК-ге мүшелікке қабылданса, оның қатары 22 мемлекетке жетеді. Сонда форум Азия құрлығының 90 пайыздан астам аумағын алып жатқан Азиядағы 3 миллиард тұрғынды біріктіретін болады. Ыстамбұл саммитінің жұмысына 39 мемлекеттен және 11 халықаралық ұйымнан мемлекеттер мен үкіметтер басшылары, министрлер мен ресми өкілдер қатысады деп күтілуде. Бұл АӨСШК-нің халықаралық деңгейдегі беделі өсе түскендігін көрсетеді. Ал саммит барысында форумның қазіргі төрағасы Қазақстан төрағалық міндетін Түрік Республикасына тапсырады.
Кеше сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев АӨСШК Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты және сөз сөйледі. Ұйым төрағасы сөзінде Қазақстанның форумның жоғары деңгейдегі ІІ саммитін жоғары деңгейде өткізгендігін, онда Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды шаралар өткізілгенін және Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі барысында Азиядағы қауіпсіздік мәселелерін шешу мақсатында нақты іс-шаралар жүргізіп отырғанын атап көрсетті.
Қанат Саудабаев “ХХІ ғасырдағы Еуразиядағы қауіпсіздік және экономикалық ынтымақтастық” аясындағы арнайы шараға қатысушылар алдында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді.
Аталған шара осыдан 10 жыл бұрын ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшылары мен үкімет басшылары соңғы рет бас қосқан қалада өтіп отырғанының айтарлықтай маңызы бар. Бұл бізге Еуразия кеңістігінде жүріп жатқан өзгерістерді кезекті мәрте талқылауға жақсы себеп болып табылады, делінген Қазақстан Президентінің құттықтауында. Бүгінде Қазақстан құрлықтағы өңірлік екі ірі құрылымдарға жауапты төрағалық миссиясын атқаруда. Оның бірі – Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, екіншісі – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы.
ЕҚЫҰ төрағасы лауазымында біз қазіргі әлемде Азия және Еуропа елдерінің әлемдік саясат пен экономикаға өзара тығыз кірігуінің куәгерлері болып отырмыз. Демек, бұл мемлекеттер мен өңірлік бірлестіктердің өзара іс-қимылын тереңдету қажеттігін білдіреді, делінген Қазақстан басшысының құттықтауында. Осы орайда ұзақ мерзімді қауіпсіздікті қалыптастыру лейтмотиві өңірлік ұйымдар мен халықаралық форумдардың күш-жігерін өзара толықтыру керектігіне екпін түсіреді.
Қазақстан Президенті келесі кезекте АӨСШК-нің қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қарастыратын жалғыз жалпыазиялық тетік болып табылатынын атап көрсетеді. Біз, дейді Нұрсұлтан Назарбаев, АӨСШК-нің бүгінгі өзгермелі заманға тез икемделе түсіп отырғанын мақұлдау тұрғысынан атаймыз және ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастығын дәйектілікпен дамытып келеді. Осыған байланысты болашақта бүкіл Еуразия кеңістігінде қауіпсіздік пен сенім мәселелерін қарастыратын қандай да бір біріккен тұғырнама құру ықтималдылығын жоққа шығармаймыз.
Қазақстан басшысы құттықтауының соңында еліміздің ЕҚЫҰ-ға төраға мемлекет ретінде Ауғанстанға ерекше назар аударып келе жатқанын атап өтті. Және Ыстамбұлда ХХІ ғасырда Еуразиядағы қауіпсіздікті нығайту, экономикалық ынтымақтастықты арттыру бағыттарында іскерлік идеялар мен ұсыныстар айтылатынына сенім білдірілді.
* * *
Кеше АӨСШК-нің 3-ші саммиті аясында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі – Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың және Түрік Республикасының Сыртқы істер министрі Ахмет Дәуітоғлының қатысуымен “ХХІ ғасырдағы Еуразиядағы қауіпсіздік және экономикалық ынтымақтастық” тақырыбында арнайы шара өтті.
Қазіргі заманда біз Азия және Еуропа мемлекеттерінің өзара ұйысқанының куәгерлері болып табыламыз. Бұл өз кезегінде ЕҚЫҰ мен АӨСШК сияқты өңірлік бірлестіктердің арасындағы өзара ықпалдастықты да тереңдете түсуді қажет етеді. Өйткені, Еуропа қауіпсіздігі түсінігі қазіргі таңда құрлықтық шеңберден шығып, кең байтақ Еуразия аумағын қамтып отыр, деді өз сөзінде Қ.Саудабаев. Сондай-ақ ол қазіргі таңда Қазақстанның экономикалық тұрғыдан мықты, демократиялық жағынан дамыған халықаралық қоғамдастықтың лайықты әріптесі болып табылатынын атап көрсетті. Ал Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемде танылған көшбасшы болса, АӨСШК ЕҚЫҰ-ның Азиядағы баламасы болып табылады. Қ.Саудабаев, сонымен қатар, аталған халықаралық ұйымдар өңірлік және халықаралық қауіпсіздік мәселелеріне баса мән беретініне назар аударды. Осы ретте ол ЕҚЫҰ – АӨСШК форумын құру туралы мәселе көтерді.
Шараға ЕҚЫҰ мен АӨСШК-ге қатысушы мемлекеттер сыртқы саясат ведомстволарының басшылары, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының президенті Ж.Соареш пен ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.П. де Бришамбо қатысты.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ – Ыстамбұлдан. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.