Жазушының шеберлігін айтамын да, бір ғана «кеш» сөзінің астарында оқырманға салған үш түрлі пәлсапалық ой бар сияқты көрінді. Кеш. Ерсайын деген ақын азаматты еске алу кеші өткен. Кеш деп, әйелі Сәбира өмірден қайтқан күйеуінен кешірім сұрағандай егіліп жылаған, өткенді ойлап өкінген. Алайда бәрі кеш еді. Кеш.
Кей-кейде басымыздағы бақты көтере алмай, бағасына жете алмай жатамыз-ау. Жетейік деген ойымызға да кіріп шықпайды. Жақындарымызды өкпелетеміз, байыбына бармай жатып сөгеміз, абыройын айрандай төгеміз. Артынша қателігімізді түсініп жатсақ, кешірім сұраудың орнына пендешілікке жаба салғымыз келеді. Әлде, бас иіп кешірім сұрауды намыс көреміз бе? Ал біреудің жүрегінде тілім-тілім жара қалдырдық-ау деп ойлай бермейміз де. Дидахмет Әшімханұлының «Кеш» деген психологиялық әңгімесі сан түрлі ойға жетелейді. Тіпті кейіпкерлер маңайымыздағы ет жақын туған-туыс, дос-жарандарымыздай көрініп кетеді. Иә, тағдырлар ұқсас бола береді...
Шағын ғана бұл әңгімені бір демде оқып шыққаныңызбен, түсінген санаға салмақты ой салады. Ерсайын – ұлы ақын. «Ұлы» деп жан-жағындағы достары қолпаштаған. Қолпаш көргенімен, мансапқа мастана қойған жоқ сияқты. Алайда ащы судың түбін түсіргенге ұқсайды. Сәбира Ерсайынмен бірге тұрғанымен, бақытты баянды ғұмыр кеше қойған жоқ секілді. Жақсы-жаман болсын, жары. Өмірден өткенде ақ жауып, үйінен шығарды. Артында аңырап екі баласы қалды. Қайғырып Сәбирасы қалды. Бірақ оның ішінде бір қыжыл бар секілді еді. Себебі күйеуін көршілері Шекер мен Күнсұлудан қызғанып өтті. Шекерді тіптен жек көрген. Жек көретін жөні де бар еді. Ерсайынды қиылып, есігінен шығарып салып тұрғанын неше рет көзімен көрген. Айналып келгенде, оған да өзін кінәлады. Бәлкім, солай да шығар. Ер адам үйден жылулық көрмесе, сырын тыңдайтын құлақ болмаса, оны сырттан іздеуі мүмкін. Сырттан тапса, соған қарай тартылып тұруы және мүмкін. Сол жылулықты Сәбира сыйлай да алмаған секілді. Егер жан-тәнімен жақсы көрсе, бүгінгі кешті де өзі ұйымдастырар еді ғой.
Кеш. Еске алу кеші. Ерсайын туралы деректі фильм көрсетілді. Өмірінің соңғы сәттерін досы Сейілбек бейнетаспаға басып алған екен. Жүзі жүдеу. Көзінде мұң бар. Тауда жүріп, өлең оқыған. Соңында ілбіп басып, қоңыр күйдің әуенімен ғайып болып кете барады. Бұл сәтте басын төмен салып отырған Сәбираға қасындағы құрбысы әрі көршісі Күнсұлу сынай қараған. Өңменінен өткен көзқарасқа шыдай алмай қол жуатын бөлмеге кіріп барған Сәбира қабырғаның арғы жағынан «түнде ішіп келгенде әйелі кіргізбеген, содан өліпті» деген күбір-күбір еркектердің әңгімесін құлағы шалып, тағы да соққы алғандай күйге түскен. Көз алды тұманданып, сыртқы есікке беттеп бара жатқанда Сейілбек қуып жетіп қолына қара дәптерді ұстатқан. Есеңгіреп келіп төсегіне құлаған. Егіліп жылаған. Ерсайынның «Әй Сәбира, сен түбінде жалғыз қаласың» деген сөзі есіне түскен. Расында жалғыз. Ұл-қызы шетел асып кеткелі қашан? Іштей өзін кінәлай берген. Ер азаматының басын төрге сүйрей алмағанына өкінді. Қадірін көрші әйелдер Шекер мен Күнсұлу түсінгендей еді. Мүмкін жанашырлық көрсеткендері ғана шығар. Олар ғана емес, досы Сейілбек те көкке көтерді. Кешті де досы ұйымдастырды. Сайып келгенде Сәбира не істеді? Осының бәрін жары кеш түсінді, кешірім сұрады. Енді көз жасын көлдей қылғаннан не пайда?!
Аунақшып жатып Сәбира Сейілбек берген қара дәптерді ашты. Күнделік екен. Шолып шықты. Кейбір беттерді қадалып тұрып оқыды. Күнделік – адамның жан досы дер едік. Үнсіз ғана ішкі зарын тыңдайтын, оның еркелігін, мінезін көтеретін – күнделік. Жүректің түкпіріндегі ешкімге айта алмаған сырыңды ақ параққа қанша төксең де мейлің. Көнеді. Үнсіз қабылдайды. Ешкімге тіс жармайды. Сол секілді Ерсайын жан дүниесін күнделігіне ақтарғанға ұқсайды. Сөйтсе, Сәбирасын жанындай жақсы көріпті. Өзіне білдіре алмағанымен, сырын күнделікке ашқан. Шындықтың бәрі осында жазылған еді. Күндердің күні ұлын орыс мектебіне бергені үшін екеуінің ұрсысып, ауыр сөз айтып қойғанына дейін түсіріпті. Осылайша, әлі күнге өзектілігін жоймай келе жатқан тіл мәселесін де түйреп өткен. 23 қаңтар күні Сәбира үйге кіргізбегеніне дейін түртіп қойған. Өткенде бір далада түнегенін де жазған. Бұл жолы дәлізде сүйретіліп жүргенде Күнсұлу есігін ашып, кіргізіп алғанын ақтарыпты. Ол үшін жарынан кешірім сұраған. Қағаз бетінде. Бұған дейін Шекер көршісі бірнеше рет кіргізіп алып, жылы-жұмсағын алдына төсегені бар. Сол үшін де «Шекер – әйел емес, періште» деп жазса керек. Бірақ Сәбира ойлағандай емес, Шекер төсекті пәтерінің кіреберісіне салып беріп жүрген екен. Шындықтың бәрі күнделікте еді. Сәбира кезінде сенбегеніне тағы өкінді. Өкініп жатып ұйықтап кеткен. Түсінде кешірім сұраған. Қалай болғанда да, бәрі-бәрі кеш еді.
Сіз бен біз де кеш қалып қоймайық.Кешірімнен кішірейіп қалмаймыз. Кімде кімнің алдында кінәміз болса, кішірейіп, кешірім сұрайық.