Ардақ Нығметқызы Төсқайың дәрігерлік амбулаториясында мейіргер болып жұмыс істегелі қырық жылға таяды. Ақ қар, көк мұзға қарамастан дәрі-дәрмек толы чемоданын сүйретіп жүріп, қаншама жанның өміріне араша түсті? «Құдайдан соң Ардаққа сыйынамыз» деседі Төсқайың тұрғындары.
Оқуын тәмамдай сала Төсқайың ауруханасында жұмысқа кіріскен. Ол заманда дәрігерлер құрамы толық болғанымен, тоқсаныншы жылдардағы апалаң-төпелеңде көпшілігі көшіп кетті. Аурухана жабылды. Көп үйдің есігіне қара құлып салынды. Адам саны күрт азайды. Соның өзінде Ардақ Нығметқызы қызметінде қала берген. Негізгі мамандығы – балалардың учаскелік егу мейіргері. Бірақ тау басындағы Төсқайың аулында ақ халат киіп жүр екенсің, алдыңа келгенді құтқарып, шақырту түскен жерге баруың керек. Дала заңы. Бұл жақта Гиппократтың антына адал болмау мүмкін емес.
– Мен жұмысқа тұрғанда дәрігерлер көп еді. 1991 жылдан бастап, дәрігерлік амбулатория деңгейіне түстік. Кейін бәрі көшті. Мамандығым балаларды егу мейіргері болғанымен, қазір еңбектеген баладан еңкейген қартына дейін қараймын. Келген дәрігерлердің көбі тұрақтамады. Үйренген жұмысым, оған қиналатын мен жоқ. Төрт жылдан соң зейнетке шығамын, – дейді Ардақ Нығметқызы.
Ауылдың сеніп отырған жалғыз медбикесі зейнетке кетсе, антына адал, тұрақты дәрігер табыла ма? Бұл басы ашық сұрақ. Ардақ Нығметқызындай бір орында еңбек ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Айтуынша, осы уақытқа дейін түрлі жағдайда 12 әйелді босандырған. Әртүрлі дене жарақатымен келген жүздеген адамға көмек көрсеткен. Қол-аяғын сындырып алғандарға алғашқы көмек көрсетіп, орталыққа жөнелтіп отырған. Ашық жарақаттарды тігіп те жіберуге мәжбүр болған.
– Қайбір жылы қыста Балықты бұлақ аулында адам шошырлық оқиға болды. Бір жігіт өзіне пышақ салып, ішек-қарынын ақтарып тастаған. Алып ұшып жетсек, тірі жатыр. Әлгі жерде көмегімді көрсетіп, қарнын тігіп бердім. Көмек күтетін жағдай емес. Жедел жәрдеммен Ұранхай аулына асықтық. Екі сағаттық жолды бір жарым тәулік жүрдік. Ақтүтек боран. Ем-домды қойныма салып, жылытып беріп отырдым. Арғы жақтан қарама-қарсы шыққан жедел жәрдем де жете алмады. Ақыры, трактор шақырып, әзер жеттік, – деп еске алды Ардақ Нығметқызы.
Шындығын айтсақ, Төсқайыңда сол заманнан бері өзгерген түк жоқ. Жолымен қыстыгүні ғана емес, көктем мен күзде де жүру мұң. Төсқайыңның өзінде ғана 380 жан тұрады. Жалпы, округте 762 адам бар. Ал Төсқайыңның амбулаториясына тиесілі жедел жәрдемнің жүруінен тұруы көп. Ауыл-ауылдарға шығып, екпе салар кезде қиын. Ал кейіпкеріміз ауыл ішіндегі шақыртуларға жаяу-жалпы жүре береді. Оның өзі оңай емес. Әдетте аурудың түнде қозатыны бар емес пе? Сол кездері Ардақ Нығметқызының телефонында маза болмайды. Күн-түн демей, көмекке асығады.
– Шалғайда, шекара шебінде жатып, жан сақтап отырмыз. Өзім де ауырып, балдақпен жүрген кездерім болды. Үйді-үйді жоспарлы аралауым түк емес, түн ортасы шақырту түссе қиын. Ауыл іші тас қараңғы. Абалаған ит. Жүріп көр сондайда. Жедел жәрдем ауыл ішінде жүрмейді. Жаңа жедел жәрдем бірде-бір рет бұйырмаған. Қазіргіміз Ақбұлақ аулынан келген ескі көлік. Оның үстіне, бұл жақтың жолы нашар. Неше рет науқаспен жолда қалып, жолаушылап жетіп жүрдік, – дейді білікті мейіргер.
Кешегі коронавирус кезінде де көзге көрінбейтін тілсіз жаумен күрескен Ардақ Нығметқызы еді. Ем-домын жасап, жүздеген адамды аман алып қалды. Сол жылдары Төсқайың округінен коронавирус бойынша бірде-бір адам өлімі тіркелмепті.
Сондай-ақ аяғы ауыр аналарға да бас-көз болып, қадағалауына алып жүреді. 90-жылдары жоқ дегенде жылына 20 сәби дүниеге келсе, қазір жылына 7-8 сәби ғана туады. Оның басты себебі сол баяғы, ауылда жастар жоқ.
– Босанатындарды 34 аптасында Өскеменге жібереміз. Уақтылы тексеріп, үнемі қадағалап отырамыз. Өзім де босандырып алған кездер болды. 37 жылда көрмегенім жоқ, – дейді ол қараңғылау бөлмені көзбен шолып.
Амбулатория ғимаратының ескілігі өз алдына бір мәселе. Ал заманауи мүмкіндіктің жоқтығына қарамастан, ауылдастары үшін жұмыс істеп жүрген ақ желеңді Ардақ Нығметқызының еңбегі ерен.
Шығыс Қазақстан облысы,
Марқакөл ауданы,
Төсқайың ауылы