• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 09 Тамыз, 2024

Серіктестіктің жаңа деңгейі

85 рет
көрсетілді

Бүгінде қазақ-өзбек қарым-қатынасы жан-жақты дамып келеді. Сенімді достық әрі туыстық байланыстың өрбуі стратегиялық жос­парлардың жемісті жүзеге асуына жол ашты. Кеше қос ел басшыларының ша­ғын құрамда өткізген ке­ліс­­сөздері де түбі бір туыс халықтардың ынты­ма­ғын арттырып, бірлігін ны­ғайтуға бағытталды.

Басым бағыттар талқыланды

Келіссөз алдында Ақордада елі­­мізге мемлекеттік сапармен кел­­ген Өзбекстан Президентін сал­­танатты қарсы алу рәсімі өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныс­тырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыла­рына рапорт беріп, екі елдің әнұран­да­ры шырқалды. Бұдан кейін прези­денттер шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы Өзбек­стан Президентіне ілтипат білді­ре отырып, бұл сапар екі ел ара­сындағы ынтымақтастық пен одақтастықты дамытуға тың сер­пін беретінін айтты.

– Қазақстан халқы Сіздің бү­гінгі сапарыңызға үлкен мән бе­ріп отырғанын атап өткім келеді. Мұның өзі көп дүниеден хабар бе­реді. Жалпы, кейінгі жылдары Қазақстан мен Өзбекстан ара­сындағы байланыстар жақсы жа­ғына қарай түбегейлі өзгерді. Екі ел ынтымақтастығын нақты маз­мұн­мен толықтыруға бар күш-жігерімізді саламыз. Бүгін біз мем­лекеттеріміз арасын­да­ғы ын­тымақтастық пен одақ­тас­тықтың негізгі бағыт­тарын ай­қын­дайтын құжаттарға қол қоя­мыз. Сон­дықтан бұл сапар­дың жөні бөлек, – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Өзбекстан Пре­зиденті көрсеткен сый-құр­меті үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқ­а ал­ғыс айтып, елімізге жаса­ған мем­лекеттік сапарының маңы­зына тоқталды.

– Бұл сапар тарихи мәнге ие. Бү­гінгі кездесуіміз екі ха­лық арасын­дағы сан ғасырға жалғас­қан достық және тату көршілік қатынастардың тінін нығайта түсіп, стратегиялық серіктестік пен одақтастық байланыстарды жаңа деңгейге көтереді, – деді Шавкат Мирзиёев.

Келіссөз барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзит, инвестиция, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, мәдени-гумани­тар­лық және өнеркәсіп кооперациясы салаларындағы ықпал­дас­тық­ты одан әрі нығайту перс­пекти­валарын талқылады. Сондай-ақ өңір­лік және ха­лық­аралық күн тәр­тібіндегі мәселелерді қарастырды.

Президенттер қазақ-өзбек қатынастары барлық бағыт бойын­ша өркендеп келе жатқа­нын атап өтті.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстан­ның Жоғары мемлекетаралық кеңе­сінің бірінші отырысына қатысты.

Кеңес отырысында екі елдің сауда-экономика, көлік-транзит, су шаруашылығы және энергетика, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын кеңейтудің басым бағыттары талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-өзбек қа­тынасы стратегиялық серік­тестік және одақтастық рухында тұ­рақты дамып келе жатқанын атап өтіп, еліміз Өзбекстан­мен ынтымақтастықты нығайта тү­суге айрықша көңіл бөлетінін жеткізді.

– 2022 жылы Одақтастық қа­тынастар туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін алдағы он жылға арналған Стратегиялық әріп­тестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасын бекітеміз. Осы маңызды қадамдар екі елдің байланысын ілгерілетуге айрықша серпін беретініне сенімдімін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікі­рінше, қысқа уақыт ішінде өз­ара тауар айналымын бес миллиард долларға дейін жеткізіп, таяу жыл­дары бұл көрсеткішті екі еселеуге елдеріміздің әлеуеті жетеді.

– Ауыл шаруашылығы, машина жасау, энергетика, коммуникация, цифр­ландыру секілді перспективті салалар­дағы ынтымақтастық әлеуетін толық пайдалану маңыз­ды. Бұл ретте қазақ-өзбек шека­расындағы «Орталық Азия» Ха­лықаралық өнеркәсіп кооперация­сы орталығын тезірек іске қосу қажет. Мем­лекетаралық кеңес пен Өңіраралық ынтымақтастық форумының қызметінен де елеулі нәтиже күтеміз. Өңірлік коопе­рацияға зор үміт артамыз. Қазіргі кезде жалпы сомасы 3 миллиард доллардан асатын 70-ке жуық бірлескен жобамыз бар. Оның аясында 14 мың жұмыс орны ашылады. Біз бұл бағыттағы байланыстарды одан әрі нығайтып, бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға әзірміз, – деді Мемлекет басшысы.

 

Еларалық айтулы оқиға

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-транзит артық­шылықтарын барынша тиімді пайдалану маңызды екенін айтты. Бұл ретте Мемлекет бас­шысы тарифтерді оңтайландыру, әкім­шілік рәсімдерді жеңілдету және жүк жеткізу мерзімін қысқарту жөнінде бір­лес­кен шаралар қабыл­дау қажет екеніне назар аударды.

Бұдан бөлек, Мемлекетаралық кеңес отырысы барысында транс­шекаралық өзендердің су ресурс­тарын кешенді әрі рационалды пайдалану, мәдени-гума­нитар­лық ынтымақтастықты нығайту мәселелері қозғалды.

Өз кезегінде Өзбекстан Прези­денті Қазақ­станға жасаған бұл жолғы мемле­кеттік сапарының нәтижесінде страте­гиялық серік­тестік пен одақтастық мүл­дем жаңа дең­гейге көтерілетініне сенім біл­дірді.

– Бүгін біз Жоғары мемлекет­аралық кеңестің бірінші отырысын ашып отыр­мыз. Бұл – шын мәнінде, екіжақты қаты­настар тарихындағы айтулы оқиға. Бүгінгі келіссөздер біздің нақты бағыттар бойын­ша ынтымақтастығымызды одан әрі кеңей­­ту­ге, сондай-ақ достас әрі бауырлас ха­лық­­тары­мыздың өсіп-өркендеуіне ық­пал ете­тініне сенімдімін, – деді Шавкат Мирзиёев.

Өзбек елі басшысының ай­туынша, сапар алдында Мемлекет­аралық комиссияның отырысы, Бизнес форум және бірқатар мәдени іс-шара өтті.

Басқосуда 2034 жылға дейін­гі Стра­тегиялық әріптестік пен одақтастық бағ­дар­ламасы әзір­ленгені де айтылды. Бұдан басқа сыртқы саясат ведомстволары басшыларының жетекшілігімен кеңес құрылып жатқаны да мәлім етілді. Мұның бәрі екіжақты ықпалдастықтың нығаюына оң септігін тигізеді.

Кеңес барысында тараптар екі ел­дің парламенттері, үкіметтері, сырт­қы сая­сат ведомствосы және сала­лық министр­ліктері арасындағы байланыс­тар­ды арттыра түсу маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік құрылымдар, соның ішінде БҰҰ, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Орталық Азия мем­лекеттері басшыларының консуль­тативтік кездесулері және «Орта­лық Азия плюс» форматы аясында бір-біріне қолдау білдіруге уағдаласты.

Жиында Қазақстан Респуб­ликасы Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, Өзбекстан Республикасы Пре­мьер-министрінің орынбасары Жам­шид Ходжаев, Қазақстан Респуб­лика­сының Көлік ми­нистрі Марат Қарабаев, Өзбек­стан Республикасының Көлік министрі Илхом Макхамов, Қазақ­стан Республикасының Энер­гетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Өзбекстан Рес­пуб­ликасының Энергетика министрі Жура­бек Мирзамахмудов, Қа­зақ­стан Республикасының Су ресурс­тары және ирри­га­ция ми­нистрі Нұржан Нұржігі­тов, Өзбекстан Республикасының Су ша­руашылығы министрі Шавкат Хамраев, Қазақстан Респуб­ли­касының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Озодбек Назарбеков, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбек, Өзбекстан Республикасының Жоғары білім, ғылым және инновация министрі Конгратбай Шарипов баяндама жасады.

Кеңес отырысының қорытын­дысы бойынша бірқатар шешімге қол қойыл­ды.

 

Мәртебелі марапат

Сапар аясында Мемлекет басшы­сы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президентіне еліміздің ең жоғарғы мем­лекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыс етті.

Мемлекет басшысы Қазақстанда Шавкат Мирзиёевті Өзбек елінің нағыз көш­басшысы, халықаралық деңгейдегі саясаткер, екі халық арасындағы дос­тық пен ынтымақтастықты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткері ретінде танитынын және құрметтейтінін айтты.

– Егемен ел ретінде даму жылдарында екі мемлекет арасында жан-жақты серік­тестік пен стратегиялық одақ­тастық жолға қойылды. Берік шарт­тық-құқықтық база қалыптасты. Шека­раны толықтай шегендеп алдық. Өзара сенімді саяси диалогтің арқасында біз сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды қарқын­ды түрде ілгерілетіп келеміз. Негізгі ха­лық­аралық құрылымдар аясында ты­ғыз ықпалдастық орнаттық. Бір сөз­бен айтқанда, қазіргі қазақ-өзбек қатынас­тары үлгі етуге тұрарлық әрі нағыз бауыр­ластық деңгейде, – деді Президент.

Шавкат Мирзиёев өзін Қазақстанның ең жоғарғы мемлекеттік наградасымен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен бауырлас қазақ халқына риза­шы­лығын білдірді.

– Бұл марапатты екі халық арасында ғасырлар бойы жалғасқан шынайы достық және тату көршілік қатынастарды арттыруға қосқан бірлескен күш-жіге­рімізге берілген лайықты баға деп санаймын. Қазақстан біздің ең жақын, сенімді әрі уақыт сынынан өткен серіктесіміз, – деді Шавкат Мирзиёев.

 

Көлік-транзит мүмкіндіктері

Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бірқатар нысанның ашылу салтанатына қатысты.

Ақордада бейнебайланыс режі­мін­де Қазақстан мен Өзбекстан прези­дент­терінің қатысуымен Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Шыршық қаласындағы филиалының, сондай-ақ «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетінің Алматы қаласындағы филиалының ресми ашылу салтанаты өтті.

Мемлекеттер басшыларына жаңа филиалдардың қызметі туралы бейнеролик көрсетілді.

Іс-шара барысында еліміздің Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұр­бек пен Өзбекстанның Білім министрі Конгратбай Шарипов екі елдің ғылым-білім саласындағы ынтымақтастығы жөнінде баяндама жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев университеттер филиалдарын ашуға рұқсат берді.

Содан кейін президенттер Қы­тай – Қазақстан – Өзбекстан бағы­тын­дағы контейнерлік пойыздың Сиань­нан Ташкентке келуіне орай ұйым­дас­­тырылған салтанатты іс-шараға қа­тысты.

Қазақстанның Көлік министрі Ма­рат Қарабаев пен Өзбекстанның Көлік министрі Илхом Макхамов екі елдің көлік-транзит мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жүргізілген бірлескен жұмыс­тар туралы баяндады.

Биылғы сәуір айында Хиуа қаласында Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытында жүк тасымалын ұйымдастыру және Транс-Ауған бағытын дамыту бойынша уағда­ластықтарға қол жеткізілген болатын. Со­ның шеңберінде жүктерді жеткізу мерзімі қысқарды. Контейнерлі пойыз 4486 шақырым жолды 5 тәуліктің ішінде жүріп өтті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Жүк пойызы Сиань қаласындағы порттан Қазақстан аумағы арқылы Ташкентке жөнелтілді.

Еліміздің Қытайдағы терминалда­ры­ның мүмкіндіктерін пайдалану және Қазақ­стан мен Өзбекстанның теміржол әкім­шіліктерінің шекара маңындағы инфра­құрылымды нығайту бойынша нәти­желі ынтымақтастығы тасымалдау мер­зі­мін қысқартуға ықпал етті. Былтыр екі ел арасындағы жүк тасымалының кө­ле­мі 31 миллион тоннадан асып, 2022 жыл­мен салыстырғанда 17,2 пайызға ұлғайды.

 

Сауда-саттыққа – тың серпін

Ашылу салтанатынан кейін Қазақстан мен Өзбекстан президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.

Шағын құрамдағы келіссөз бен Мем­лекетаралық кеңес отырысынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шав­кат Мирзиёев бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдері үшін бірлескен мәлім­деме жасады.

Президент Өзбекстан басшысының мемлекеттік сапарын екі елдің ынты­мақтастығын нығайту жолындағы маңыз­ды қадам ретінде бағалап, Қазақстан мен Өзбекстанның ежелден іргесі бөлінбеген ағайын ел екенін атап өтті.

– Бүгін біз өзара қолдау және сенім рухында нәтижелі келіссөздер жүр­гіздік. Қарым-қатынасымызды жандан­дыруға мүдделі екенімізді тағы да атап өттік. Сондай-ақ Стратегиялық әріп­тестікті және одақтастықты дамыту бағдар­ламасын қабылдадық. Бұл құжат алдағы он жылға арналған. Басты мақсат – достығымызды арттырып, сан түрлі саладағы тиімді байланысты дамытуға тың серпін беру. Сапар аясында Жоғары мемлекетаралық кеңестің алғашқы оты­рысы өтті. Онда қабылданған шешім­дердің стратегиялық маңызы өте зор. Кеңес барысында қазақ-өзбек ынты­мақтастығының өзекті мәселелері жөнінде пікір алмастық. Өзара серіктес­тікті нығайта түсудің тиімді жолдарын айқындадық. Нақты келісімдерге қол жеткіздік, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Өзбекстанның Орталық Азиядағы сауда-саттық бойынша ең ірі серіктестер екеніне назар аударып, өзара тауар айналымын таяу арада 5 миллиард, кейін 10 миллиард долларға дейін жеткізуді мақсат етіп қойғанын айтты.

– Бұл үшін алыс-берістегі тауар түрін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ эконо­микалық ықпалдастықты тежейтін ке­дер­гілерді жою қажет. Жалпы, сауда-саттық­тың ауқымын кеңейтуге екі елдің де мүмкіндігі мол. Қазірдің өзінде Өзбек­станға шығаратын экспортты 550 мил­­лион долларға арттыра аламыз, яғни өңделген тауардың тағы 40 түрі бойын­­ша экспорт жасауға мүмкіндік бар. Өзбек елі де Қазақстанға көптеген өнім­ін жіберіп отыр. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласындағы ынты­мақтастық мәселесін талқыладық. Был­тыр осы саладағы тауар айналымы 1,7 мил­лиард долларға жетті. Бұл – жалпы сауда-саттықтың шамамен үштен бір бөлігі деген сөз. Еліміз әлеуметтік маңызы жоғары агроөнеркәсіп өнімде­рін Өзбек­станнан импорттауға мүдделі. Сонымен қатар Өзбек еліне ұн, бидай және өзге де азық-түлік өнімдерін экспорттауды жалғастыра береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент өнеркәсіп саласындағы жаңа әрі ауқымды жобаларды қолға алу мәселесіне айрықша мән берілгеніне тоқталды.

– Қазір жалпы құны 3 миллиард доллардан асатын 70-ке жуық жоба бар. Маши­на жасау, металлургия, автокөлік құрастыру, тұрмыстық техника өндіру, тоқыма өнеркәсібі, фармацевтика және басқа да бағыттағы жобалар табысты іске асырылып жатыр. Мұның бәрі екі елге 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Энергетика, коммуникация, ғарыштық технологиялар, цифр­ландыру сияқты салалардың әлеуеті мол. Біз осы бағыттағы серіктестікті ны­ғай­туға баса назар аударып отырмыз. Кеше Астанада бизнес форум және Іскер­лік кеңестің алтыншы отырысы өтті. Онда кәсіпкерлеріміз ірі коммерциялық келі­сімшарттарға және өзге де құжат­тарға қол қойды. Үкіметтеріміз бірлескен кәсіпорындардың табысты жұмыс істеуі­не қолайлы жағдай жасауы керек. Сондай-ақ аймақаралық байланыстың әлеуетін тиімді пайдалану аса маңызды. Қарым-қатынасты нығайтуға аймақтар арасында жасалған келісімдер де едәуір ықпал етеді. Осы ретте жылдың соңы­на дейін кезекті Аймақаралық ынты­мақтастық форумын өткізу жоспарланып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуын­ша, екіжақты келіссөз барысында тал­қыланған тағы бір маңызды тақырыптың бірі – көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық.

– Транскаспий бағытын және Солтүс­тік – Оңтүстік дәлізін тиімді пайдалану жайын талқыладық. Сондай-ақ Ауғанстан арқылы өтетін теміржол құрылысы аясында бірлескен жобаларды іске асыру туралы пікір алмастық. Шекарада жаңа өткізу бекеттерін ашу мәселесін пысықтадық. Жалпы, осы бағыттағы ықпалдастық өзара сауда-саттыққа тың серпін береді деп ойлаймыз, – деді Президент.

 

Бірлескен жұмыс жалғасады

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев су-энергетика саласындағы жұмысты үй­лестіру мәселесіне қатысты пікір білдірді.

– Қазір екі елдің жауапты ведомстволары арасында тығыз қарым-қаты­нас орнаған. Мемлекетаралық су шаруа­шылығы құрылымдары арнайы кестеге сәйкес жұмыс істеп тұр. Біз бұл бағыттағы бірлескен жұмысты жалғастыра береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент мәде­ни-гуманитарлық, ғылым-білім сала­ларындағы ынтымақтастық тақырыбына арнайы тоқталды.

– Жастарды жақындата түсетін маңыз­ды бастамаларды талқыладық. Жыл сайын екі ел жастарының конгресін өткізу дәстүрге айналған. Қазір Қазақ­станда Өзбекстаннан келген алты мыңға жуық студент оқып жатыр. Қазақ жастары да Өзбекстанның жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Бүгін Өзбекстанның Шыршық қаласында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақ­стан университетінің филиалы ашылды. Алматыда Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының филиалы өз жұмысын бастады. Жаңа біз осы оқу орындарын салтанатты түрде аштық. Мұның бәрі бауырлас екі халықтың ортақ игілігі үшін қолға алынып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев бір­лескен жүйелі және практикалық шара­лардың нәтижесінде Қазақстан мен Өз­бек­стан өзара ынтымақтастығын одақтас­тық деңгейіне шығарғанын атап өтті. Келіссөздер қорытындысы бойынша сау­да, өнеркәсіптік кооперация, энергетика, көлік, ауыл және су шаруашылығы, мәдениет салаларындағы байланыстарды одан әрі кеңейту жөнінде нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді.

– Өзара ықпалдастығымыздың маңыз­­ды бағыттарының бірі саналатын өңір­­аралық байланыстарды жандандыру жөнінде келістік. Қазіргі Аймақаралық ынтымақтастық форумын елдеріміздің барлық облысын тарта отырып, Өңір басшыларының кеңесі ретінде қайта құрылымдау туралы бастама көтерілді. Таяу келешекте өзара тауар айналымын ұлғайтуды көздейтін Кешенді бағдар­лама қабылданады. Екі елдің әлеуеті зор, – деді Шавкат Мирзиёев.

БАҚ өкілдеріне бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуіне қатысатыны құлағдар етілді.

 

Қол қойылған құжаттар

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан Респуб­ликасы Президенті мен Өзбекстан Рес­пуб­­ликасы Президентінің Бірлескен мә­лім­­демесі, Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Жоғары мем­ле­­кетаралық кеңесінің қазақ-өзбек екі­жақ­ты ынтымақтастығын одан әрі да­мыту жө­ніндегі шешімі және Қазақ­стан Рес­пуб­­ликасы мен Өзбекстан Рес­пуб­лика­сы Жоғары мемлекетаралық кеңесінің Сырт­­қы істер министрлері кеңесі туралы ере­жені бекіту жөніндегі шешіміне қол қойылды.

Сонымен қатар мынадай құжаттарға қол қойылды:

Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасының режімі туралы келісім; Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы 2006 жылғы 4 қыркүйектегі қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісі­мінің хаттамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама; Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы 2006 жылғы 20 наурыздағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісіміне өзгертулер мен толық­тырулар енгізу туралы хаттама; Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы мәдени-гуманитарлық ынты­мақтастық жөніндегі 2024-2025 жылдарға арналған іс-шаралардың жоспары; Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Өзбек­стан Республикасы Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі арасындағы ауыл шаруа­шылығы саласындағы ынты­мақтастық туралы келісім; Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Экономика және қаржы министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы хаттама; Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті мен Өзбекстан Республикасы Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылар құқығын қорғау комитеті арасындағы табиғи монополияларды реттеу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама; Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау ми­нистрлігі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; Қазақстан Республикасы Бәсеке­лестікті қорғау және дамыту агенттігі мен Өзбекстан Республикасы Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылар құқығын қор­ғау комитеті арасындағы бәсеке­лес­тікті қорғау саясаты саласындағы ын­тымақтастық туралы хаттама; Қазақстан Республикасы Прези­денті жанындағы Қазақстанның страте­гия­лық зерттеулер институты мен Өзбекстан Республикасы Президенті жа­нындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеу­лер институты арасындағы Қазақ­стан-Өзбекстан сарапшылар кеңесін құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум; «Отандастар» қоры мен Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі жанындағы Ұлтаралық қатынастар және шетелдермен достық байланыстар жөніндегі комитеті арасындағы өзара түсіністік туралы келісім; Астана қаласы әкімдігі мен Таш­кент қаласының хокимияты арасындағы 2025-2026 жылдарға арналған сауда-экономикалық, инвестициялық және мә­дени-гуманитарлық салалардағы ынты­мақтастықты кеңейту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспары («Жол картасы»).

 

Науаи ескерткіші асқақтады

Ақордадағы ресми кездесулерден кейін қос ел басшысы Астанадағы Әлішер Науаи ескерткішін салтанатты түрде ашты.

Мемлекет басшысы елорда төрінде ұлы ақын, көрнекті ойшыл Әлішер Науаидың еңселі ескерткішінің бой көтеруі, ең алдымен, қазақ жұртының өзбек халқына деген ерекше ықыласының белгісі екенін айтты.

– Біз – ежелден еншісі бөлінбеген ағайын елміз. Жұртымызды біріктіретін ортақ құндылықтар көп. Тарихымыз бен тіліміз – тамырлас, дініміз – ортақ. Екі ел арасындағы бауырластық байланыстың өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Бұл ретте Әлішер Науаидың алатын орны ерекше. Мұхтар Әуезов «Әлішер Науаи жалғыз өзбек әдебиетінің көлемінде қалған жоқ. Бертін келе Азиядағы, Шығыстағы көп елдің әдебиетіне әсер етті» деген. Біз ұлы ақынның мұрасын күллі түркі жұртының рухани қазынасы деп санаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы түркі әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп, оны әлемдік деңгейге көтерген Әлішер Науаидың туындылары мен еңбектерін қазақ халқының көрнекті қайраткерлері жоғары бағалағанын жеткізді.

– Біз Шоқан Уәлихановтың Әлішер Науаи шығармашылығын алғаш зерттеу­шілердің бірі болғанын мақтан тұтамыз. Ал ұлы Абай оны өзіне ұстаз санаған. Әлішер Науаидың өзіне тән қолтаңбасы, ойының тереңдігі және көркемдік шебер­лігі күллі әлем ақындары мен жазушыла­рына шабыт сыйлады. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келеді. Науаи соңында әдеби ғана емес, бай философиялық мұра қал­дырды. Оның гуманистік идея­лары әлемнің ақыл-ой қазынасында ерекше орын алады. Ойшылдың дүние­­таны­мы мен терең көзқарасын айшық­тай­тын трактаттары осы уақытқа дейін өзек­тілігін жойған жоқ, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Әлішер Науаидың тарихта талантты мем­­­ле­кет қайраткері, ғылым мен өнер­дің қол­дау­шысы ретінде қалғанын атап өтті. Сонымен қатар ол өзінің зор абырой-беде­лін білім мен мәдениетті насихат­тауға жұм­сап, көптеген медреселер мен кітапха­налардың салынуы­на ұйытқы болғанын айтты.

Мемлекет басшысы сөзін қорытын­дылай келе, бұл ескерткіш түбі бір түркі жұртының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан бауырластығын сипаттайтынын, осы сабақтастықты сақтап, нығайта түсу баршамызға ортақ міндет екенін атап өтті.

Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев Қа­сым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына алғыс айтып, ұлы ойшылдың шығармашылығы ортақ қазына деп бағалады.

– Өзбек пен қазақ – туысқан халық. Екі елдің тарихы, мәдениеті, салты мен дәстүрі бір. Біз мұны қастер тұтамыз. Қа­зақ­тың көрнекті ақыны, марқұм Несіп­бек Айтұлы 2020 жылы Әлішер Науаи­дың ең басты еңбегі «Хамсаны» қазақ тіліне аударып, жарыққа шығарға­нын ерекше ықыласпен айтқым келеді. Ал бұл шығарманың алғысөзін Қазақстан Президентінің өзі жазғаны бізге зор қуаныш сыйлайды, – деді өзбек елінің басшысы.

Салтанатты іс-шараға қатысқан Қа­зақстан мен Өзбекстанның ресми делегация мү­шелері, сондай-ақ екі елдің зиялы қауым өкілдері де туыстықты ту ете білген халық ағартушыларының рухына тағзым етіп, еншісі бөлінбеген екі елдің ертеңі жарқын болуын тіледі.