Бүгінде еліміздегі барлық саланы қамтитын ауқымды құқықтық реформалардың шеңберінде үлкен деректерді және жасанды интеллект технологияларын дамыту және енгізу жүзеге асырылып жатыр. Осыған байланысты алдымызда ашық, тиімді әрі қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ете отырып, қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу тұрғысынан әмбебап іргелі тәсілдемені қосу міндеті тұр.
Бұл азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың жаңа түрлерінің алдын алуға және анықтауға бағытталған сот және құқық қорғау қызметінде қолданылатын құралдарды пайдаланудың барынша жетілдірілген тәсілдемесін талап етеді.
Осыған орай мынадай үш негізгі бағыт бойынша қоғамдық өмірдің түрлі салаларына белсенді түрде енгізілетін бағдарламалық жасақтаманы қоса алғанда, жасанды интеллектіні технологиялардың жиынтығы ретінде қарастыра отырып, оны орынды пайдалану мәселелері ерекше өзектілікке ие бола түседі.
1) экономиканы, қоғамды дамыту, азаматтардың қауіпсіздігін нығайту үшін;
2) әскери мақсаттар үшін;
3) қылмыстық сипаттағы мақсаттар үшін.
Әлемдік тәжірибе сот және құқық қорғау органдары осы үш саланың барлығында жасанды интеллектіні пайдалану көріністеріне кезігетінін көрсетіп отыр.
Шет елдердің тәжірибесі жасанды интеллектіге негізделген технологиялар сот және құқық қорғау қызметінде кеңінен қолданысқа еніп жатқанын көрсетеді. Бұл саладағы көшбасшылар – АҚШ, Канада, Ұлыбритания және Қытай Халық Республикасы. Мұнда болжамды полиция әрекеттері мен сот өндірісі жүйелері жиі қолданылады, олар жасалған қылмыстар туралы статистикалық деректерді талдау негізінде болжамды уақыт пен олардың жасалған орнын көрсете отырып, ықтимал қылмыс жасау аймақтарын, сондай-ақ сот шешімдерін болжайды.
Мәселен, АҚШ-тағы көптеген полиция бөлімшесі Калифорния университеті (UCLA) әзірлеген «PredPol» деректерді талдау жүйесін пайдаланады. Жасалған қылмыстар туралы есептердің негізінде әзірленген бұл жүйе құқық бұзушылықтар жасалу ықтималдығы жоғары аудандарды анықтап, жергілікті полиция қызметкерлеріне ақпарат беріп, картадағы осы аймақтарды белгілейді.
«Smartsettle ONE» (Ұлыбритания) жасанды интеллект жүйесі ұтымды келісімге қол жеткізу үшін тараптардың келіссөз тактикаларын құруға қабілетті. 2019 жылы азаматтық сот ісінде алғаш рет робот-бітімшінің көмегімен тараптар арасындағы дау шамамен бір сағат ішінде сотқа дейінгі тәртіпте реттелді. Заңгерге бұл үшін кем дегенде үш айлық келіссөздер қажет болар еді.
Біздің елімізде осы бағыттағы жұмыс қарқынды дамып келеді. Сот жүйесіндегі маңызды IT-жобалардың бірі – «Сот тәжірибесінің цифрлық сараптамасы», бұл жоба сот шешімдерінің мәнін түсінуге, оларды салыстыруға, ауытқуларды анықтап, бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастыруға қабілетті.
Жасанды интеллектінің қолданыс аясын кеңейтудің артықшылығын айта отырып, оларды пайдалану бойынша құқықтық реттеу мәселелері өз шешімдерін талап ететінін де ұмытпауымыз қажет. Тағы бір маңызды сәт – осы технологиялардың жетілдірілмеуіне, сондай-ақ адами факторларға байланысты оларды қолданудың этникалық аспектілерін де ескеруіміз керек.
Әлеуметтануда полиция қызметкерлері жинаған деректер базасындағы мәліметтер тысқары түсініктерді қамтиды, ал қылмыстық статистика қылмыстардың нақты деңгейін емес, мемлекетке белгілі болған қылмыс санын ғана көрсетеді деген пікір бар. Мұндай сипатта жиналған мәліметтерді негізге алу бұрыс болжамдар мен теріс мақсатта пайдалануға алып келуі мүмкін.
2021 жылы ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттер тарихта алғаш рет жасанды интеллектінің этникалық аспектілерінің жаһандық стандарттарын қабылдауы кездейсоқ емес.
Еліміздегі сот жүйесінің негізгі қағидаттарының бірі – заң мен ар-ұжданды басшылыққа алып, қарастырылған дәлелдер жиынтығының негізінде өзінің ішкі сеніміне сүйене отырып шешім шығаруы екені белгілі. Бұл жағдайдағы сот шешімі – моральдық-этникалық ұстанымға негізделген заң баламаларын таңдау барысындағы сот құралы. Сондықтан судья шешімі институтын істен шығару сот өндірісінің мән-маңызын жоюмен тең.
Халықаралық қылмыстың жаһандануы, киберкеңістік пен заманауи информациялық технологияларға байланысты іс-әрекеттердің жаңа түрінің пайда болуы және кеңінен таралуы жағдайында қылмыстық құқықтың мәселелері мен даму перспективалары айрықша назар аударуды талап етеді. Қылмыстық заңнама мен тәжірибені осындай жаңа сын-тегеурін мен қатерлерге адекватты және заманауи жауап қатуға жүйелік бейімдеу барынша өзекті бола түсуде. Осы салада туындайтын мәселелерді еңсеру бойынша тиімді шешімдер шығару үшін ғалымдар мен практиктер іс-қимылдарын біріктіруі маңызды.
Президентіміздің 2021 жылғы 15 қазандағы №674 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында жасанды интеллект (бұдан әрі – ЖИ) технологиялары мен роботтехниканы реттеудің қажеттілігін негіздейтін екі фактор айқындалған. Біріншісі – ЖИ және роботтар келтірген залал үшін жауапкершілікті бөлу мәселелерін шешу. Екіншісі – ЖИ көмегімен жасалған туындыларға зияткерлік меншік құқығының тиесілігін анықтау мәселелерін шешу.
Биылғы 7 ақпанда ел Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасындағы жағдайды түрлі салаларды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу пайдасына өзгертудің маңызын атап өтті. «ЖИ-дің негізгі арқауы – деректер. Бір жағынан, мәліметтер көпке қолжетімді болуы керек, екінші жағынан, қауіпсіздік, жеке мәліметтерге қол сұқпау, мәліметтердің сапалы болуын қамтамасыз ету мәселесі бар», деп баса айтылды.
Елімізде ЖИ-ді қолдану 2017 жылы қабылданған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылады. Оның негізгі міндеттері – болашақ экономикасын түбегейлі жаңа траекториялық-цифрлық экономикаға ауыстыруға жағдай жасау және ел экономикасының даму қарқынын жеделдету. Мұнда бес бағыт көзделген, осы бағыттар бойынша 17 бастама және 120-дан астам жоба қалыптастырылған, атап айтсақ: «Экономика салаларын цифрландыру», «Цифрлық мемлекетке көшу», «Цифрлық Жібек жолын» іске асыру», «Адами капиталды дамыту» және «Инновациялық экожүйені құру».
Үкімет өз қызметін цифрландыру ісі бойынша 2018 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда мемлекеттік онлайн-қызмет көрсету деңгейі 93 пайызға жетті. 2022 жылы БҰҰ электронды үкіметтер рейтингінде Қазақстан ТМД елдерінің арасында электронды үкіметтерді дамыту индексінде ең жоғары мәндер бойынша 28-орынға ие болды.
Жоғары аталған бағыттардың даму қарқынына қарамастан, цифрландыру саласында бірнеше кедергі қалып отыр:
– қолайсыз, қайшылықты және тұрақсыз заңнама;
– мемлекеттік органдардың қызметтерін және әкімшілік шараларды заңнамалық деңгейде шамадан тыс реттеу, өз кезегінде бұл уәкілетті органдарды дербестіктен, сондай-ақ ішкі және сыртқы бизнес-үдерістерді оңтайландыру, озық тәжірибелер мен цифрлық шешімдерді енгізу жөнінде шұғыл шешімдер қабылдау мүмкіндігінен айырады;
– адам және азаматтың цифрлық құқықтарын реттеудегі заңнамалық олқылықтар;
– цифрлық қадағалауды енгізу үшін «Заттар» интернетін, ЖИ-ді қолдану арқылы деректерді өңдеу алгоритмдерін, көлемді мәліметтерді бақылаусыз пайдалану;
– цифрлық қызметтер провайдерлерінің қызметтерін реттейтін бірыңғай заңнамалық базаның болмауы.
Әзірленіп жатқан «Жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» осы кемшіліктерді жоюға бағытталған.
Осы салада тиімді құқықтық реттеуді әзірлеу мақсатында, біздің ойымызша «жасанды интеллект» ұғымына және оның құқықтық мағынадағы белгілеріне айрықша назар аудару керек.
Бұл мақсатта осы ұғымға толыққанды анықтама беру үшін ЖИ белгілеріне акцент қою ойға қонымды деп саналады. ЖИ туралы Еуроодақтың «Жасанды интеллект туралы актісінде» берілген анықтама барынша сәтті шыққан. Бұл құжатта ЖИ автономияның түрлі деңгейлерімен жұмыс істеуге арналған, құрудан кейін бейімделуге қабілетті, алынған деректердің негізінде айқын немесе айқын емес мақсаттарға жету үшін, физикалық немесе виртуалдық ортаға әсер ете алатын шешімдер немесе ұсынымдар, контент, болжамдар секілді шығыс деректерін қалай түрлендіру керек екені туралы қорытынды жасай алатын «машиналық жүйе» ретінде түсіндіріледі.
Еуропалық Парламент биылғы наурызда «Жасанды интеллект туралы акт» ЖИ-ді реттеу жөнінде әлемдегі ең алғашқы кешенді заңды мақұлдады. Бұл заң «қауіп-қатері жоғары жасанды интеллектіден іргелі құқықтарды, демократияны, заңның үстемдігін және экологиялық тұрақтылықты қорғауға» бағытталған. Басты назар ЖИ-дан адамның іргелі құқықтарын қорғауға аударылған.
Заң азаматтарға ЖИ жүйелеріне шағым түсіру құқығын және олардың құқықтарына қатысты шешімдер жөнінде түсініктемелер алу құқығын ұсынады. ЖИ жүйелері де авторлық құқықты сақтауы тиіс, ал жасанды немесе өңделген бейнелер, аудио немесе бейнеконтенттер тиесілі сипатта белгіленуі керек.
Ең басты мәселенің бірі – ЖИ-дің құқықтық субъектілігі туралы, бұл сұрақтың Еуроодақтың күн тәртібінде қамтылуы да кездейсоқ емес, мұнда ол мынадай екі аспектіні қарастырады: 1) ЖИ-ді физикалық немесе заңды тұлғалар, жануарлар немесе басқа да құқық субъектілері ретінде қарастыру керек пе; 2) келтірілген залал үшін жауапкершілікті қоса алғанда, құқықтар мен міндеттерді бөлу контексінде өзіндік ерекшеліктері мен туындайтын салдарын қамти отырып, жаңа категория құру қажет пе?
Заңнамалық деңгейде ғана емес, ғалымдар арасында да бұл сұрақтардың біржақты жауабы әлі табылған жоқ. Бір ғалымдар тобы жасанды инттеллекті де адамға тән ойлау, жаңа нәрсе жасау, сезіну, қызығу және сол секілді бірқатар құқықтық субъектілік элементінің болмауына байланысты оны құқық субъектісі ретінде тануға қарсы. Олардың ойынша, ЖИ жүйесі адамның мінез-құлқына еліктей ғана алады, алайда адаммен бірдей деңгейде бола алмайды. Енді бір ғалымдар ЖИ-ге құқықтық субъектілік беру керек деген пікірді қолдайды, бұл ЖИ құқықтық қатынастар субъектісі бола отырып, құқыққа ие болып, міндеттерді орындай алуы мүмкін дегенді білдіреді.
Біздің ойымызша, құқықтық субъектілік туралы мәселедегі қиындық жасанды интеллектінің ерекшеліктері құқықтық көзқарас тұрғысынан ғана емес, жаңа құбылыс ретінде де жеткілікті зерттелмеуіне байланысты. Алайда оның адамзат пен қоғамға тиімділігі бәріне белгілі. Сондықтан жасанды интеллектінің құқықтық субъектілігі туралы мәселеге терең үңілмей тұрып, ЖИ оның іс-әрекеттерінің теріс салдары үшін жауапкершілік алу қажеттілігі есебінен құқықтық категория ретінде танылуы керек екенін атап өткіміз келеді.
Осылайша, жасанды интеллектінің құқықтық мәртебесіне қатысты үш негізгі ұстаным бар: 1) ЖИ – құқық субъектісі және мазмұны бойынша физикалық тұлғаға ұқсайды; «электрондық тұлға» жеке құқықтық мәртебесін беру туралы ұсыныс бар; 2) ЖИ – құқық нысаны, мәртебесі бойынша жануарға теңестірілуі тиіс, яғни ол – мүлік; 3) ЖИ – техникалық құрал ғана.
Біздің ойымызша, жасанды интеллектіге ең лайықты сипаттама – оған «электронды тұлға» құқықтық мәртебесін беру. Бұл мәртебе ЖИ-ге тәуелсіз шешімдер қабылдауға, өзге субъектілермен әрекеттесуге, ең бастысы, өзінің автономдық шешімдеріне жауапкершілік алуға мүмкіндік береді.
Қорыта келгенде, жасанды интеллект технологияларын пайдаланудың құқықтық аспектілері әлі де ғалымдардың талқылауында, алайда олар ЖИ келтіретін залал үшін жауапкершілік және оның құқықтық субъектілігі жөніндегі мәселе бойынша ортақ пікірге келген жоқ. Жасанды интеллектіні құқықтық реттеудің тиімді тетігін құру үшін Еуроодақтың тәжірибесі мен «Жасанды интеллект туралы актінің» ережесін пайдалы деп санаймыз. Жасанды интеллектіні қолдану барысында адам құқығы мен бостандығын бұзу жөніндегі ықтимал қатерлер халықаралық құқықтық нормаларды ескере отырып, ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізуді талап етеді.
Сәкен АБДОЛЛА,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрметті профессоры