Қазақстан • 12 Қараша, 2023

Селим Хазбиевич: Қазақстан – болашақтың елі

225 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бүгінгі сұхбаттасымыз – 2017 жылдан бері Польша Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі белгілі поляк ақыны, профессор Селим Хазбиевич. Бұл кісінің ұлты – татар, нақтырақ айтқанда, Польша-Литва татарлары халқының өкілі. Толық аты-жөні – Селим Мирза Юшенски Данияр Бег Хазбиевич. Бір қызығы, есіміндегі «Юшенски» деген сөз «үйсін» тайпасының атынан шыққан екен. Біз елшіге арнайы жолығып, өзінің ата тегі мен польшалық татарлардың тарихы, сондай-ақ екі ел арасындағы қарым-қатынас барысы жайында әңгіме өрбіттік.

Селим Хазбиевич:  Қазақстан – болашақтың елі

– Селим мырза, әңгімемізді Польша-Литва татарларының шығу төр­кінінен бастасақ. Олар Шы­ғыс Еуропа жеріне қай кезде қо­ныс аударған?

– Біздің ата-бабамыз Ұлы Литва князь­дігі аумағына XIV ғасырда көшіп келе бастапты. Татарлар туралы алғашқы тарихи дерек сол ғасырдың бірінші жартысына жатады. Бастапқы тұрақтаған орны – князьдіктің солтүстігі, қазіргі Вильнюс қаласының маңайы. Бізге Еуропада «татарлар» деген жалпы атау бергенімен, кезінде ата-бабаларымыз Еуразия даласынан қоныс аударған түрлі тайпалардан құралған еді. Тарихи деректер олардың ішінде үйсін, қыпшақ, қоңырат, жалайыр, арғын және найман рулары болғанын растайды. Қарап отырсаңыз, бұл рулар қазақ халқында да бар. Бірақ қазіргі Польша мен Литва аумақтарына қай тайпаның ең алғаш келгенін нақты айту қиын. Ғасырлар бойы қоныс аударушылар арасында Орталық Азия, Қырым, Сібір, басқа да өлкелерден шыққан түркі жұртының өкілдері болған. Өкінішке қарай, ұзақ уақыт өзге ұлтпен араласып, жат жұртта өмір сүргеннен кейін қазіргі күні татарлар өз шежірелерін, яғни руларын ұмытқан.

Ата-бабамыз жауынгер халық бол­ға­ны белгілі. Литва князьдігі мен Речь Пос­политаның билеушілері түркі тай­паларын жаулардан, соның ішінде крес­шілер шабуылынан қорғану үшін әскер қатарында ұстаған. Жылқының құлағында ойнайтын бабаларымыз Польша армиясы құрамында дербес атты әскер жасағын құраған еді. Ең соңғы татар кавалериясы эскадроны 1939 жылы фашистік Германия Польшаға ша­б­уыл жасағанда Варшаваны қорғау шай­қа­сы­на қатысқан.

– Қазіргі күні Польшада қанша татар бар?

– Польшаның өзінде шамамен 2,5 мыңдай татар тұрады. Ал жалпы Литва мен Беларусьтегі татарларды қосқанда 10-15 мыңға жетіп қалуы мүмкін. Бірақ мұ­ның бәрі шамамен алынған сан. Өйткені Польша мен Литвада құжатта адам­дар­дың ұлты көрсетілмейді. Сон­дық­тан татар­лардың нақты санын білу қиын.

– Ана тілдеріңізде сөйлейсіздер ме?

– Өкінішке қарай, біз ана тілімізді толық ұмытқан халықпыз. Өйткені санымыз тым аз. Уақыт өте келе ана тілін білуге деген қажеттілік жоғалғаннан ке­йін, жергілікті халықпен аралас-құ­ра­ла­сып, солардың тілін меңгер­ген­діктен біртіндеп өз тілімізді ұмыта бас­та­ған­быз. Біздің білуімізше, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында татар тілінде сөйлейтін соңғы ұрпақ өкілдері өмір сүріпті. Одан кейін бәрі поляк, көне белорус тілдеріне толық көшкен. Тіпті оған дейін де біздің ата-бабамыз түркі халықтарының нақты қай диалектісінде сөйлегені туралы се­нім­ді дерек жоқ.

– Ал қандай да бір жекелеген сөздер сақталған ба?

– Ол да сақталмаған. Менің әжемнің анасы татар тілінде 50 шақты сөз білген деседі. Ал одан кейінгі ұрпақтары, яғни біз қазір поляк тілінде сөйлейміз. Дегенмен қазіргі күні Польша-Литва татарларының тарихы, тілі тереңнен зерттеліп жатыр. Осы бағытта жұмыс істеп жүрген зерттеушілер бар. Бұған дейін де тарихи еңбектер көптеп жарық көрген. Танысып білемін деген адамға дереккөз жетіп артылады.

– Діни сенімдеріңіз өзгермеді ме? Қазір қай дінді ұстанасыздар?

– Біз тілімізден айырылсақ та, діні­мізден айныған емеспіз. Өйткені Ұлы Лит­ва князьдігінде, Речь Посполитада және кейінгі Польша мемлекетінде жер­гілікті билік барлық халықпен қа­ты­­наста толеранттылықты ұстанып, олар­­дың дініне ешқандай қысым жасамады. Соның арқасында ата-бабамыз ислам дінін сақтап қалған. Әрине, Поль­шада католик дініне, Литва мен Беларусьте православиеге өткендер ішін­ара болған. Дегенмен қазіргі күні Польша-Литва татарларының басым бөлігі – мұсылман.

нон

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

ХІХ ғасырдың соңына дейін бабаларымыз тарихи атажұртпен, соның ішінде Қырым және Қазан хандықтарымен байланыстарын үзбеген. Патшалық Ресей кезінде де польшалық татарлар аталған өлкелердегі діни медреселерде білім алды. Ол уақытта жергілікті діни жамағат Қырымның Симферополь қаласында 1918 жылға дейін жұмыс істеген Таурид мүфтиятына қарайтын. Бірақ большевиктер режімі орнаған соң дінге тыйым салынды да, екі арадағы байланыс үзіліп қалды. Сол кезде Польшада өз алдына Мұсылмандар діни одағы құрылып, ол күні бүгінге дейін жұмыс істеп келеді. Біздің мүфтиіміз Томаш Мишкевич бір ай бұрын Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының отырысына арнайы келіп қатысып, Қазақстанның Бас мүфтиімен екіжақты кездесу өткізді.

Бұрын ескі мешіттеріміз де көп болатын. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін шекараның өзгеруіне байланысты олардың көбі Беларусь пен Литваның жерінде қалып қойды. Қазіргі күні Вар­ша­вада 2 мешітіміз бар. Елдің шы­ғы­сында татар стиліндегі екі көне мешіт жұмыс істеп тұр. Ал 1990 жылы дін ұстануға еркіндік берілген соң, Гданск қаласында жаңа құлшылық үйі са­лын­ды. Бүгінде Польшада жалпы саны 5 мешіт бар.

– Сіздің Польша татарлары арасынан шыққан көрнекті ақын екеніңізді танып-біліп жатырмыз. Көптеген жыр жинағыңыз жарық көріпті. Жалпы, татардан шыққан басқа қандай танымал тұлғалар бар?

– Біздің санымыз аз болса да, Польша тарихында өзіндік ізін қалдырған, тек поляк мәдениеті емес, әлемдік өркениетке өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларымыз көп. Мәселен, 1905 жылы Нобель сыйлығын алған тұңғыш поляк, атақты жазушы Генрик Сенкевичтің ата тегі Алтын ор­да­ның әйгілі ханы Тоқтамыстан тарайды. Ата-бабалары ХІV ғасырдың аяғында Ұлы Литва князьдігіне қоныс аударған.

Сонымен бірге 1928 жылы поляк қыздары арасынан тұңғыш рет олим­пиада чемпионы атанған Халина Коно­пац­каяның да бойында татардың қаны бар. Одан бөлек ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы белгілі украин мемлекет қайраткері, экономист Михаил Туган-Барановскийдің (толық тегі – Туган-Мирза-Барановский) есімі көпке таныс. Танымал голливудтық актерлер Чарльз Бронсон мен Гленн Пауэлл, мүсінші-суретші Магдалена Абаканович, футболдан 1988 жылғы олимпиада чемпионы, литвалық футболшы Арминас Нарбековастың есімдерін білесіздер деп ойлаймын. Бұлардың бәрі – Польша-Литва татарларынан шыққан танымал тұлғалар.

–  Әңгімемізді сіздің дипломатиялық қызметіңізге қарай бұрсақ. Елімізде алты жыл Польшаның Төтенше және өкі­летті елшісі болып еңбек еттіңіз. Осы орайда екі мемлекеттің қарым-қа­ты­насы жайында бір-екі ауыз пікі­рі­ңізді айтсаңыз.

– Қазақстан мен Польша арасында негізінен экономикалық қарым-қатынас жақсы жолға қойылған. Саяси бай­ла­ныстар да жоқ емес. Біздің прези­дент­теріміз бұған дейін бірнеше рет өзара кездесу өткізді. 11 қараша – Поль­ша­ның тәуелсіздік алған күні. Кеше ғана Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев польшалық әріптесі Анджей Дудаға мерекемен құттықтап арнайы жеделхат жолдады. Бұл біздің мемлекеттеріміз арасындағы байланыс пен өзара сыйластықтың жоғары деңгейде екенін көрсетеді.

Қазіргі күні әлемдегі геосаяси ахуал­ға және Польша мен Қазақстан арасын­да Ресей секілді алып кеңістіктің жат­­қанына қарамастан екі елдің сауда бай­­ланыстары артып келеді. Қазақстан – біз­дің Орталық Азиядағы басты эконо­ми­калық серіктесіміз. Пандемияға де­йін өзара сауда-саттық көлемі 2 млрд дол­ларды құраған еді. Ал былтыр 2,5 млрд долларға дейін өсті. Мен мұны аса үлкен көрсеткіш деп айта алмаймын. Сондықтан біздің мақсатымыз – бұл бағыттағы алыс-берісті арттыра беру. Өйткені Польша тарапынан сіздердің елдеріңізге деген қызығушылық жо­ғары. Қазақстан – болашақтың елі. Әлеует­те­ріңіз үлкен, экономикаларыңыз қар­қынды дамып келеді. Келешекте аймақтағы алдыңғы қатарлы ойыншыға айналатын мүм­кін­дік­теріңіз бар.

– Осы алты жылдың ішінде біздің елі­міз­бен жақсы таныс болған шы­ғар­сыз. Өзіңізге ең ұнаған үш нәрсені атай ала­­сыз ба?

– Бірінші ұнаған нәрсе – қазақтың қонақжайлығы. Бұл жағынан басқа ха­лық­тардан қатты ерекшеленесіздер. Екін­ші ұнағаны – қазақ жастарының үл­кен­ді сыйлау мәдениеті. Бұл поляк жас­тарына жетіспей тұрған қасиет. Үшін­шісі – сіздің ұлтқа тән сабырлылық дер едім. Мен Астанада көшеде бір-бірі­мен ұрсысып, айқайласып жатқан адамдар­ды ешқашан көрген емеспін. Қазақ халқы – кішіпейіл, сыпайы жұрт. Жалпы, сіздердің елдеріңіздің жақсы қыр­лары өте көп. Аз жылда сәулетті ша­һарға айналған Аста­наның өзін әлем­ге мақтанышпен көр­се­ту­ге болады.

– Елшілік қызметіңізді аяқтап, туған жеріңізге қайтып барасыз. Ал­да­ғы жос­парыңыз қандай?

– Ең бірінші жоспарым – зейнетке шығу. Одан кейін ғылыми жұмыстармен айналысамын. Кітап жазуды жоспарлап отырмын. Осында қызмет ете жүріп ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр ба­сын­да­ғы қазақтардың ұлт-азаттық қоз­ға­лыстары, Алашорда үкіметі туралы көп мәлімет жинадым. Польшада ол жайында көпшілік біле бермейді. Мен бұған дейін Қырым татарларының ХХ ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалыстары туралы кітап жазып, тұңғыш рет поляк тілінде жарыққа шығарған болатынмын. Енді қазақтың тарихына мойын бұрып, оны да поляк оқырмандарына кеңінен таныстырсам деген мақсатым бар.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

 Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»