03 Қараша, 2010

Дамыған инфрақұрылым – табыс тұғыры

1389 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Каспий теңізінің қазақстандық секторын игерудің негізгі ережелері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы 16 мамырдағы Жарлығымен бекітілген болатын. Кейіннен осы Жарлыққа сәйкес Каспий теңізінің қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдар­ла­масы дүниеге келді. Мұнай-газ кен орындарын және теңіз қайраңы құрылымын игеру, сервистік инфра­құрылымды құру Каспийде жоспарланған мұнай операциялары жетістігінің тұғырлық факторларының бірі болып табылады. Осы орайда біз “ҚазМұнайГаз” АҚ-тың сервистік жо­ба­лар бойынша басқарушы директоры Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВТІ әңгімеге тарттық. – Қашаған кен орнын толық көлемде игеру теңіз жағалауы инфрақұрылымын қарқынды дамытуға итермелейтіні сөзсіз. Дегенмен, көптеген объектілер мол мұнайды өндіргенге дейін салынып бітуі тиіс қой. Осы бағытта атқарылып жатқан істер жайлы айтып берсеңіз. – Әрине, бұл бағыттағы жұмыстар бұрын­нан жүргізіліп жатыр. “ҚазМұнайГаз” АҚ Каспий теңізінің қазақстандық секторының жа­ға­лаулық белдеуін дамыту бойынша айтар­лық­тай жұмыстар атқаруда. Көмірсутегі шикі­заты­ның барланған қорларын игеру үшін озық технологияларға негізделген осы заманғы ин­фра­құрылымдарды қалыптастыру мен өркен­дету қажет. Сол себепті 2003 жылы Каспий те­ңі­зінің қазақстандық секторын (КТҚС) иге­рудің мемлекеттік бағдарламасы дүниеге келді. Атырау қаласы, Ақтау қаласы, Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Баутино кенті және Қарақия ауданындағы Құрық кенті КТҚС игерудің мемлекеттік бағдарламасына сәй­кес жағалаулық инфрақұрылымды қалып­тас­тырудың төрт негізгі пункті болып анықталды. Каспий теңізі арқылы шетелдерге шыға­рылатын мұнай көлемі де жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан бүгінгі күні Каспий теңіз флоты мен теңіз операцияларына қызмет көр­сететін жағалаулық инфрақұрылымдарды шап­шаң дамыту қажеттігіне ерекше назар ауда­ры­луда. Бұл ретте “ҚазМұнайГаз” АҚ халықты жұмыспен қамту мәселесін ғана шешіп қой­май­ды, сонымен қатар елімізде жаңа өндіріс­тердің пайда болуына ықпал етеді. – Каспий теңізінің қазақстандық секторы­ның ресурстық әлеуетін игеру бағдарламасының аясында бүгінге дейін салынып біткен қандай нысандар бар? Осындағы Құрық кентінің ин­фра­құрылымы жайлы толығырақ айтып берсеңіз. – Жағалаудағы сервистік инфрақұрылымды дамыту Каспий теңізінің қазақстандық сек­торын игерудегі басты факторлардың бірі бо­лып табылады. Өйткені жаңа мұнай-газ кен орын­дары және теңіз қайраңының құрылымы қар­қынды түрде игерілуде, Бұл ауқымды мін­дет­терді жүзеге асыруға қажетті инфрақұры­лым­дық нысандардың бір бөлігі салынып бол­ды. Бүгінгі күні теңіз мұнай операцияларын қол­даудың үш базасы – “Аджип ККО”, “ТеңізСервис” ЖШС және “Балықшы” ЖШС ба­залары пайдаланылуда. Бұл базалардың не­гізгі қызметі кемелерге қызмет көрсету, вах­та­дағы жұмысшыларды ауыстыру, бұрғылау ері­тін­ділерін даярлау, негізгі жүктерді және бұр­ғылау мен өнеркәсіп қалдықтарын жөнелту және сақтау жөніндегі қызметтерге теңіз операторларының қажеттілігін қамтамасыз ету болып табылады. Теңіз кен орындарынан келіп түсетін қалдықтарды орналастыру “Аджип ККО” және “ТеңізСервис” ЖШС полигондарында жүргізі­леді, олар Баутино кентінен 15 шақырым жерде орналасқан. Бұл полигондар мұнай операция­лары­ның экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды орын алады. “ТеңізСервис” компаниясының Теңіз кемелеріне май құю стансасының өндірістік қуаты жылына 140 мың текше метр. Бұл станса Каспийдегі осы бағытта қызмет көрсететін алғашқы және әзірге жалғыз нысан болып отыр. 2003 жылы Тасты жүк айлағы кешені пай­да­лануға берілді. Ол жылына 2 млн. тонна тас жынысын қабылдайды, қазіргі кезде бұл айлақ Солтүстік Каспий жобасының қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр. Теңіз кен орын­да­рын игеруге байланысты тас жынысына де­ген қажеттілік ұлғайған жағдайда Баутинода бұл сұранысты қамтамасыз ететін барлық мүмкін­діктер бар. 2009 жылдың қазан айында Баутино кентіндегі “ТеңізСервис” ЖШС теңіз мұнай опе­рацияларын қолдау базасының аумағында бұрғылау ерітінділерін дайындау жөніндегі зауыт құрылысы басталды. Ол теңіз кен орын­дарында жұмыс жүргізетін операторлардың, соның ішінде Қашаған жобасының қажетті­лік­те­рін қамтамасыз етуге бағытталған. Зауыт су негізінде де, көмірсутегі негізінде де жоғары тех­нологиялық ерітінділер шығаратын болады. Құ­рылыстың аяқталуы 2011 жылдың І тоқса­нына жоспарланып отыр. Бұрғылау ерітінді­лерін өндірудің ең үлкен көлемі жылына 84 000 текше метр болмақ. Қазіргі кезде Құрық кентінің аумағында кеме жасайтын верфь және “Ерсай” жабдықтау базасы жұмыс істейді. Кәсіпорын теңіздегі нысандардың құрылысына қажетті металл құрылғыларын дайындау жөніндегі Солтүстік Каспий жобасы операторының тапсырыстарын, сондай-ақ логистика бойынша операцияларды орындайды. Верфьтің жобалық қуаты жылына – 20 мың тонна металл құрылғыларын шығару. Құрық кентінің жағалаулық инфрақұрылымын дамыту бірқатар өндірістік нысандарды, соның ішінде мұнай құятын терминалын, теңіз мұнай операцияларын қолдаудың жағалаулық базасын және басқа да инфрақұрылымдық объектілерді құруды көздейді. Бас жоспар бойынша Құрық кенті аума­ғын­да көптеген өндірістік нысандар құру қарас­ты­рылуда. Олардың ішінде Үкіметтің өткен жыл­ғы қаулысына сәйкес “ҚазМұнайГаз” АҚ-қа мұнай құю терминалы, теңіз мұнай операция­ларын қолдау базасы, кеме құрастыру-жөндеу зауыты құрылысының жобаларын жүзеге асыру жүктелді. – Солтүстік Каспий жобасы бойынша қандай ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді? – “ҚазМұнайГаз” АҚ-тың еншілес компа­ниясы – Қазақ мұнай және газ институтында (ҚМГИ) Каспий теңізінің қазақстандық секторының табиғи орта жағдайын зерттеу және экологиялық мониторинг жүргізудің ай­мақтық жүйесін құру жобасы жасалды. Солтүстік каспий жобасы бойынша ҚМГИ Қашаған, Қайнар, Ақтоты кен орындары бойынша қазба байлығы қорының есебін жүр­гізді. Былтырғы жылы “ҚазНИПИмұнайгаз” АҚ институтымен бірлесіп, Қашаған кен ор­нын тәжірибелік-өнеркәсіптік әзірлеу жобасы аяқталды. Бүгінгі күні ҚМГИ Қазақстан аумағындағы барлық ірі магистральды мұнай-газ құбыр­ла­рын жобалауға қатысады десем, артық болмас. – Каспий теңізі жағалауында жүргізіліп жатқан өндірістік операциялар кезінде экологиялық қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі? – Мексика шығанағындағы апат экология­ның қаншалықты нәзік екендігін және оған үлкен жауапкершілікпен қарау керектігін көр­с­етті. Солтүстік Каспийдің Қашаған және басқа да кен орындарын игерудің маңызды аспек­тілерінің бірі өндірістік операциялар кезіндегі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету екендігі даусыз. Қазіргі кезде өздігінен ағып төгілетін ұң­ғы­маларға байланысты төтенше жағдайлардың туу қаупін назарға ала отырып, оларды жою бой­ынша жұмысты, биоалуандылық мониторингін қоса алғанда, Каспий теңізінің қоршаған ортасы мониторингінің бірыңғай автоматтан­ды­рылған мемлекеттік жүйесін құру ұсынылып отыр. Аталған жүйеге деректерді онлайн ре­жімінде беру арқылы Каспий теңізінің қай­раңында орналасқан барлық жер қойнауын пай­даланушыларды жұмылдыру жоспарланып отыр. “ҚазМұнайГаз” АҚ қатысуымен Атырау облысында мұнайдың төгілуіне жол бермеудің Солтүстік Каспий экологиялық базасының құрылысы жөніндегі жоба іске асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты мұнайдың төгілуін жою­ға арналған жабдықтарды орналастыру, техникалық қызмет көрсету, экологиялық және метеорологиялық мониторинг жүргізу, жануар­лар әлемін қорғау болып табылады. Бұл нысан 2012 жылдың тамыз айында пайдалануға берілмек. Ақтау халықаралық теңіз сауда порты Ақтау қаласының жағалаулық инфрақұрылымын дамыту жобасын ұсынып отыр, оның аума­ғында мұнай құятын терминалдар, Кеппел-Қазақстан компаниясының металл құрылым­дары зауыты жұмыс істей бастады, сондай-ақ “КСОІ” компаниясы верфінің құрылысы аяқ­талуға таяп қалды. – Каспий теңізінің қазақстандық секторы­ның жағалаулық инфрақұрылымын дамытуда шетелдік компаниялармен серіктестік қандай деңгейде жүзеге асырылуда? – Иә, бұл істе халықаралық тәжірибесі бар жетекші шетелдік компаниялармен серіктес­тік­тің аса маңызды екендігі даусыз. Осы орайда мұнай-газ саласының әлемдік көшбасшы­лары­мен бірлескен жобаларды жүзеге асырып жат­қан “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы ең озық әлемдік тәжірибені игеруде. Қазіргі таңда компания Құрық кенті айла­ғында кеме құрастыру-жөндеу зауытын салу жөніндегі жобаны іске асыру үшін әріптестер немесе инвесторларды іздестіру үстінде. Же­тек­ші шетелдік компаниялармен серіктестік жаға­лаулық инфрақұрылым саласында бірлес­кен кәсіпорындар құруға және бірлесіп сервистік қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл қазақ­стандық үлесті арттыруға, қазақстандық қыз­мет­керлердің кәсіби деңгейін көтеруге және қа­зіргі заманғы технологияларды тартуға мүм­кіндік береді. Сәтті серіктестіктер туралы да айта кеткен жөн болар. ҚМГ ҰК еншілес компаниясы “ТеңізСервис” ЖШС мен “Shlumbergerдің” еншілес ұйымы болып табылатын MІ Swaco компаниясы арасындағы серіктестік 2009 жылы құрылған болатын және олардың бірлескен кәсіпорны “KazMІ” ЖШС осы жылдың ор­та­сынан бастап ойдағыдай жұмыс істеп келеді. Бұл бірлестіктің негізгі қызметі Қазақстанның, оның ішінде Каспий теңізі өңірінде мұнай-газ рыногында бұрғылау ерітінділерін өндіру және сату, бұрғылау қалдықтарын қайта өңдеу, бұр­ғылау ерітінділерін тазалау үшін жабдықтар сату және жалға беру болып табылады. Сонымен қатар қазіргі кезде “ТеңізСервис” ЖШС-ның қолдауымен Баутино кентінде бір­лесіп салып жатқан бұрғылау ерітінділерін өн­діру зауыты бірлескен кәсіпорынға теңіз мұнай операциялары рыногына шығуға және екі серіктестің де позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы Баутино кентінде “Аташ” қолдау базасында “ҚазТеңізКөлікфлот” Ұлттық теңіз кеме компаниясы, “Topaz Energy and Marіne Ltd” компаниясы және “Балықшы” ЖШС-тің серіктесуімен құрылған “Moby” БК (“Маңғыстау облысының кеме жөндеу зауыты” ЖШС) өзінің өндірістік қызметін бастады. БК қызметінің негізгі бағыттары шағын кемелердің барлық түрін жөндеумен байланысты. – Каспий теңізінің мол мұнайын игеруде сервистік қызмет көрсетудің алар орны қандай? – Теңіз мұнай жобаларына қызмет көрсету үшін міндетті түрде жағалаулық сервистік ин­фрақұрылым құру қажет. Өйткені, жағалаулық инфрақұрылымсыз теңіз қайраңының қазы­на­сын жемісті игеру мүмкін емес. Ал теңіз жоба­ларының болашағы – бұл бүкіл мұнай-газ саласының болашағы. Каспийдің айдыны мен жағалаудағы учас­ке­леріндегі геологиялық-барлау жұмыстары – компанияны дамытудың басым бағыттарының бірі. Ал “ҚазМұнайГаз” компаниясының ел эко­номикасының көшбасшысы екендігін ес­керсек, бұл Елбасы белгілеген еліміздің 2020 жыл­ға дейінгі даму стратегиясына да ерекше серпін береді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.