*Президент поштасынан
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Өскемен қаласының тұрғыны, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, ардагер Советхан Қалиғожиннің хаты мен «Халық қалауы» атты өлең-толғауы келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Хат иесі Мемлекет басшысы жүргізіп отырған сарабдал саясатқа, елдегі өркенді өзгерістерге шынайы тілеулестігін білдіреді. «Шүкірлік, ел аман, ірге тыныш, жаға бүтін, несібе мол. Ұрпақтарымыз мемлекет тарапынан қамқорлыққа бөленіп, тәлім-тәрбие алып, заман талабына сай білім меңгеруде. Бұдан артық не керек бізге?! Әрине, қанағат керек, сабыр керек, тәубе керек!» – деп ой қорытады.
Өз туындысында автор Елбасы мен елдегі бас партияның игілікті жолын жыр шумақтарымен айшықтайды. Өлең-толғау «Бір істен ілгерілеп бір ісіміз, Аста-төк шалқи берсін ырысымыз. Тілейміз Елбасының амандығын! Жасасын «Мәңгілік Ел» – ұлысымыз!», – деп түйінделген.