Мемлекет басшысы әлемдік қаржы дағдарысының орын алуына байланысты елімізді индустрияландырудың (ҮИИДБ) екінші бесжылдығының бағдарламасына түзетулер енгізуді тапсырған болатын. Бұл жаңартылған құжат Үкіметте осы маусым айында қаралмақ. Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, дағдарыс кезеңінде нақ осы индустрияландыру бағдарламасы экономиканы одан әрі дамытудың сенімді тетігінің біріне айналып отыр. Нәтижесінде кәсіпкерлер мен инвесторлар жаңа жобаларды жүзеге асыру үстінде.
Аталған мәселелерге байланысты Инвестициялар және даму министрі Әсет ИСЕКЕШЕВПЕН әңгімелесіп, әлемдік дағдарыстың елімізді индустрияландыру ісіне тигізіп жатқан әсері, Президенттің инвесторлар тарту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы, технологиялық тұрғыдан даму бағытында қолға алынып жатқан шаралар туралы айтып беруін сұрадық.
– Әсет Өрентайұлы, әлемдік дағдарыстың елімізді индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыруға әсерін тигізіп, оның өсімін баяулатқандығы рас па? Индустрияландыру ісі өңірлер жағдайына қалай әсер етуде?
– Әрине, дағдарыс кәсіпорындар жұмысына қиындықтарын келтіруде. Кәсіпкерлер банктердің несиелерді бұрынғыдай ықыласпен беру жағдайы азайғандығын айтып отыр. Өнімдерге деген сұраныс елдің ішінде де, сондай-ақ шетелдерде де, соның ішінде біздің негізгі сауда әріптестеріміз Ресей мен Қытай нарықтарында да төмендеп кетті.
Дегенмен, соған қарамастан, еліміздің жаңадан құрылған немесе жаңғыртылған көптеген кәсіпорындары бұрынғысынша тұрақты қалпында жұмыс істеп келеді. Оның үстіне, біз де босқа қарап отырғанымыз жоқ. Жаңа өндірістерді құру үстіндеміз. Осы ретте аталған бағыттағы жобалардың сапасы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсара түскендігін айтқым келеді.
Иә, қазіргі күні индустрияландыру бағдарламасының 2014-2019 жылдарға арналған екінші бесжылдығының іс-шараларын жүзеге асыру үстіндеміз. Бұл кезеңде біз 500 жаңа өндірісті іске қосуды жоспарлап отырмыз. Мұның 128-і өткен жылы пайдалануға берілді. Биылғы жылы 120 жоба іске қосылып, бұл бізге 14 мың жаңа және тұрақты жұмыс орындарын құру мүмкіндігін береді. Мұның сыртында жаңадан салынатын 100-ге тарта өндірістердің құрылыстары жүргізілуде. Олардың ішінде түпкілікті өнімдер шығаруға бағытталған ірі және орта деңгейлі жобалар аз емес.
Биылғы бірінші жартыжылдықта теміржол доңғалақтарын және олардың біліктерін шығаратын өндіріс орны іске қосылмақ. Осы арқылы теміржол машина жасау кластері құрылып болмақ. Өйткені, осының алдында вагондар, локомотивтер, рельстер шығару ісі жолға қойылған еді. Мұның сыртында, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында ауыл шаруашылығы машиналары үшін әртүрлі босалқы бөлшектер мен тетіктер шығарыла бастайды.
Түрлі пестицидтер мен глифосаттан бастап әртүрлі агрохимиялық өнімдер шығару Павлодар облысында қолға алынды. Кореялық инвесторлардың қатысуымен «Инновациялық технологиялар паркі» арнаулы экономикалық аймағында жоғарғы технологиялық құралдар мен аспаптар өндірісі құрылса, сол парк орналасқан Алматыда ет және мал майы өндірісі іске қосылмақ. Бұлардың барлығының жүзеге асуы үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз жобаларды таңдап алу мәселесін жақсарту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру үстіндеміз. Бүгінгі күні еліміздің 12 облысында индустрияландыру бағдарламасы аясында құрылған жаңа өндіріс орындары осы өңірлердегі өнеркәсіптік өнімдердің төрттен бір бөлігін, яғни 25 пайыздан астамын өндіруде. Демек, индустрияландыру бағдарламасы қазірдің өзінде экономикамыздың сапалы тұрғыдан өсіміне оң әсер етіп отыр деп айта аламыз.
– Демек, индустрияландыру ісі өңірлердің дамуына оң әсерін тигізіп отыр екен. Ендеше, осындай жобаларды нақты мысалмен айта кетсеңіз.
– Барлық жаңа өндірістер өңірлерге оң әсер етіп отырғандығы анық. Өйткені, жаңа өндіріс дегеніміз – жаңа жұмыс орындары, мемлекет қазынасына түсетін салықтар, жұмысшыларға төленетін еңбекақылар, оның үстіне жаңа отандық тауарлар мен қызметтер болып табылады ғой.
Егер нақты мысалға келсек, Жамбыл облысының Мыңарал ауылында «Мыңарал Тас компаниясы» ЖШС француздың Vicat Group компаниясымен бірлесе отырып, жылына қазіргі заманғы «құрғақ тәсілмен» 1,2 миллион тоннаның өнімін шығаратын цемент зауытын іске қосты. Осы кәсіпорынның ашылуына байланысты ауылдағы 500 адам тұрақты жұмыс тапты. Компания осы ауылдағы мектепті жөндеп берді, оған 10 миллион теңге қаржысын жұмсады. Сондай-ақ, ауылдағы аз қамтылған, көп балалы немесе жетім балалар отбасыларына көмегін көрсетіп отыр.
Ақтөбеде Қазақстанда бірінші рет рельс зауыты іске қосылып, осының нәтижесінде 800-ден астам жұмыс орны құрылды. Зауытта рельстер мен фасондық прокат сапасын тексеретін зертхана жұмыс істейді. Оның қызметкерлері Ресей мен Италияның зерттеу орталықтарында оқытылуда. Зауыт өнімдері ішкі қажеттіліктер үшін, сондай-ақ, ТМД елдеріне экспорттау үшін шығарылады.
Тағы бір мысал. «Kaz Minerals» компаниялар тобы Павлодар облысында аса ірі жоба – Бозшакөл кен байыту комбинатын іске қосты. Ол 100 мың тонна тазартылған мыс шығарады. Өнімдерді өткізуде проблема жоқ. Барлық өнім шетелдерге экспортталады. Ең бастысы, Бозшакөлдегі еңбек өнімділігі Қазақстанда осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген мыс өңдеу кәсіпорындарына қарағанда, 15 есе жоғары болмақ. Мұнда 1,5 мың жұмыс орны құрылды. Онда қазір Екібастұз қаласының маңайында орналасқан ауыл адамдары да жұмыс тауып отыр. Біз бұл кен-байыту комбинаты мен Шығыс Қазақстан облысындағы жаңа жоба нәтижесінде пайда болған Ақтоғай кен-байыту комбинатының еліміздің мыс индустриясының ту ұстаушылары болатындығына толық сенім артамыз.
«Karazhal Operating» ЖШС америкалық Halliburton трансұлттық компаниясының қатысуымен Қарағанды облысында барит кендерін өңдейтін өндірістік кешен ашты. Бұл Қаражал секілді шағын қалада 100 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.
Маңғыстау облысында Қазазот зауыты жаңғыртылды. Аммиак қышқылын гранулдеудің жаңа технологиясы енгізілді. Нәтижесінде, зауыт қуаттылығы 50 пайызға артты. Оның шығарған өнімдерінің төрттен бір бөлігі экспортқа жөнелтілуде. Мұнда 900 адам жұмысқа орналастырылды.
Атыраудағы мұнай-химия кластерінде өткен жылы елімізде бірінші рет дайын полимерлік өнімдер өндірісі іске қосылды. Оның барлық өнімдері ішкі рынокта пайдаланылады. Өндіріс орнының іске қосылуына байланысты Мақат ауданында 600 қосымша жұмыс орны құрылды.
Егер айта берсек, осындай мысалдар өте көп.
– Әсет Өрентайұлы, өнеркәсіп үшін қажет болып табылатын көліктік, энергетикалық және басқа да инфрақұрылымдар мәселесін шешудің сәті түсті ме?
– Әрине! Қуат тапшылығы, жылжымалы құрам тапшылығы мәселелері шешімін тапты. Автожолдар мен теміржолдары еліміздің әр өңірлерін бір-бірімен байланыстыруға кірісті. Тіпті, бұған таңданып қажеті жоқ. Өйткені, индустрияландыру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бюджетіндегі қаржының 60 пайыздан астамы нақ осы істерді жолға қоюға бағытталған болатын.
Бизнесті (ШОБ, экспорттаушылар, инвесторларды) қолдау үшін арнаулы бағдарламалар әзірленіп, оны қаржыландыру Қазақстанның даму банкі, ҚазАгро, «Даму» қоры, кәсіпкерлер үшін жақсы таныс «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы жүргізілді.
Көліктік, энергетикалық және өнеркәсіптік жобаларды есепке алсақ, алты жыл ішінде еліміздің нақты секторында 8700-ден астам шағын, орта және ірі компаниялар қолдауға ие болды. Мұның өзі 193 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Экономикамызда құрылған жаңа жұмыс орындарының төрттен бірі немесе 23,1 пайызы осы істің үлесіне тиді.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда жұмыспен қамтудың сапасын күшейткен және еліміздің көптеген өңірлерінің экономикасының орнықтылығын қамтамасыз еткен жаңа индустриялық база пайда болды. Өңдеу саласының 26 жаңа елеулі маңызды секторы құрылды. Экспортқа шығарылатын өнімдер номенклатурасы 777-ден 824 тауарға дейін өсті.
– Сонымен, индустрияландыру тиімділігі қазірдің өзінде сезіліп отыр деп айтуға болатын шығар?
– Индустрияландыру – сауда, құрылыс, ауыл шаруашылығы, энергетика, қаржы секілді секторлармен қатар, экономикалық саясаттың жеке бір шектеулі бөлігі ғана болып табылады және өңдеу өнеркәсібінің дамуы үшін ғана жауап береді. Бірақ, соған қарамастан, біздің елімізде ол экономикалық дамуда барған сайын үлкен рөлге ие бола түсуде. Ол қазақстандықтарға жаңа жұмыс орындарын, тұрақты жалақыны ұсынуда. Осының нәтижесінде біздің өміріміз үшін аса қажетті сапалы тағам өнімдерінің, дәрі-дәрмектердің, киімдер мен аяқ киімдердің, үй жиһаздары мен құрылыс материалдарының және басқа да көптеген заттардың жаңа түрлері өндіріле бастады.
Индустрияландыру картасына енгізілген кәсіпорындардың үлкен бөлігі (олар 700-ге жуық) тұрақты жұмыс істеп қана қоймай, 1 триллион теңгенің өнімдерін сыртқы рыноктарға экспорттады. Біздің кәсіпорындарымыз қазір Иран, Қытай, Ресей және басқа да алыс шетелдердің рыноктарына кіруде. Мұның сыртында өнеркәсіпшілердің, инженерлердің жаңа ұрпақтары өсіп-жетіліп, олар неғұрлым маңызды жобаларды жүзеге асыра бастады.
Бағдарламаны жүзеге асыру ісі қолға алынған уақыттан (2010 жылдан) бастап 6,2 триллион теңгенің өнімдері өндірілді. Мұның 446 миллиард теңгесі 2016 жылдың 1 тоқсанының үлесіне тиеді. Осының нәтижесінде өңдеу саласының өсім қарқыны бойынша біз посткеңестік кеңістіктегі бірқатар елдердің (мысал үшін айтқанда, Беларусь пен Ресейдің) алдына түстік.
– Бір кездері индустрияландыру бағдарламасын сынаушылар көп болатын. Жобалар жұмыс істемей жатыр, бұл істе боямашылық пен дабыра тудырушылық көп деп айтылатын...
– Өкінішке орай, ондай адамдар әлі де бар. Ондай адамдар көбінесе өзінің өндірістік қуатына әлі де толық жете қоймаған кәсіпорындар жайлы айтады. Шын мәніне келгенде, ол кәсіпорындар маусымдық жағдайға байланысты жұмыс көлемін азайтуы мүмкін. Міне, осы жағдайды есепке алу негізінде дұрыс емес.
2015 жылдың қорытындысы бойынша, 898 жаңа өндіріс орнының тек 21-і ғана тоқтап тұрды. Бұл – жалпының 2 пайызын ғана құрайтын көрсеткіш.
Тоқтап тұрған кәсіпорындардың негізгі себебіне келсек, олар бизнес-модельдің дұрыс болмауы, айналым қаржысының болмауы немесе жеткіліксіздігі, несиелендірудегі проблемалар, өнімдерді сатып алудағы тұтынушылық қабілеттің төмендеуі секілді мәселелерден туындайды. Барлық тоқтап тұрған жобалар өңірлік болып табылады және олар әкімдердің бақылауында тұр. Оларды сауықтыру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, осындай іс-шаралардың нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы керамогранит пен тоқыма өндірістерінің, Алматы облысындағы «Элеас» дәрі-дәрмек зауытының жұмысы қайта жалғасты. «Қазақстан даму банкі» АҚ қаржыландырған «Азия Керамика» ЖШС жұмысы 2011 жылы тоқтаған еді. Бұл жоба «ИФК» АҚ-қа берілді. Жаңа инвестор табылды. Ол – «Зерде» ҮЕҰ» ЖШС. Аталған зауыт 2015 жылдың мамыр айынан бастап жұмысын қайта жалғастырды.
Бұл жерде барлық өндірістердің 96-97 пайызы бизнесмендердің өз есебінен салынғандығын түсінуіміз және бұл жайтты атап өтуіміз қажет. Демек, бұл – олардың өз инвестициялары және өз тәуекелдері.
Ал бұл жердегі мемлекеттің рөлі несиелерді арзандату, салықты жеңілдету, электр қуаты, су, жылу және жолдармен қамтамасыз ету арқылы іскер адамдар мен компанияларды, инвесторларды қаржыларын өңдеу өнеркәсібіне жұмсауына ынталандыру болып табылады. Әрине, аталған іс-шаралар үшін де тиісті қаражат бөлінеді. Өйткені, бізге инфрақұрылымдарды дамытуға бәрібір тура келеді. Ал бизнесмендердің алып жатқан несиелері, олар – қайтатын қаржылар. Ол несиелерді кәсіпкерлер банктерден алады. Демек, мұндай жағдайда қаржылардың қайтпай қалуы мүмкін емес. Өйткені, банктердің бөлінген несие қаражаттарын қайтарып алуды қалай бақылайтындықтарын жұрттың бәрі біледі.
– Өткен жылы көптеген елдерде инвестициялар құйылысының күрт төмендегендігі байқалды. Бұл жағдай Қазақстанға да қатысты ма?
– Тікелей шетелдік инвестициялар негізінен алғанда тау-кен өнеркәсібінде 58 пайызға, шикі мұнай өндіруде – 62 пайызға, сауда саласында – 47 пайызға төмендеді. Бірақ, осындай жағдайға қарамастан, индустрияландыру бағдарламасының басымдық беріліп отырған бағыттары бойынша инвестициялар көлемі керісінше өсе түсті. Мәселен, машина жасау саласына келген инвестициялар көлемі 7 есе, тағам өнеркәсібіне – 30 пайызға, мұнай өнімдерін өңдеу өндірісіне – 81 пайызға өсті.
Сонымен, таза шикізаттық жобаларға инвестициялардың төмендеуі шикізат бағасының құлдырауынан орын алып отырғандығын көрсетсе, өндіру мен өңдеуге қатысты индустриялық жобаларға келген инвестициялар көлемі арта түсуде. Мұның өзі индустрияландыру аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың оң нәтижелер көрсеткендігін білдіреді.
– Инвесторлармен жұмыс – сіздің министрлігіңіздің маңызды бағыты. Соңғы уақыттары инвесторлар қаржыларын өңірлерге көбірек салып жатқандығы айқындалып отыр.
– Бүгінгі күні біздің барлық жұмысымыз жаңа күрделі жағдайға ауысуда. Бұл жұмыстың ерекше маңыздылығы ескеріле отырып, Президенттің тапсырмасы бойынша Премьер-Министр басқаратын үкіметтік кеңес жұмыс істей бастады. Өңірлерде мұндай кеңестерді облыс әкімдері басқаруда. Кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен, Сыртқы істер министрлігімен және елшілермен іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Біз үшін маңызды болып табылатын 10 елдегі біздің дипломатиялық өкілдіктерде инвестиция тарту жөніндегі арнаулы кеңесшілер іске кірісті.
Инвестициялар және даму министрлігі инвесторлар үшін барлық мәселелерін бір жерден шешетін «бір терезеге» айналып отыр. Бұл терезе арқылы бизнесменге 300-ден астам қызмет көрсетіледі. Қысқасын айтқанда, инвесторлардың барлық мәселелері бізде шешіледі. Оларға бұрынғыдай әртүрлі мемлекеттік органдар мен қызметтік деңгейлерге жүгіріп қажеті жоқ.
Қазір біз шетелдік инвесторлардың қатысуымен 200-ден астам инвестициялық жобалар бойынша белсенді жұмыс жүргізу үстіндеміз. Олардың арасында трансұлттық корпорациялармен бірлескен жобалар бар. Биылғы жылы шетелдік инвесторлардың қатысуымен 30 өндірісті іске қосу жоспарланып отырса, 60 инвестор жаңа жобалар жөнінде жаңа құрылыстар бастамақ.
Мәселен, «Tenaris» трансұлттық гиганты Ақтаудағы арнаулы экономикалық аймақта мұнай құбырлары зауытын іске қоспақ. Бұл зауыт жылына 45 мың тоннаның өнімін шығарады. Инвестициялық жобаның құны – 14,6 миллиард теңге.
Жамбыл облысында «Еурохим» компаниясы биылғы жылы минералдық тыңайтқыштар өндірісі бойынша кешен құрылысын бастамақ. Мұндағы инвестиция көлемі 300 миллиард теңгеден асады.
Hikma британиялық компаниясы дәрі-дәрмек зауытының құрылысын қолға алды. Мұнда күрделі дәрі-дәрмектер шығарылатын болады. Инвестиция көлемі – 6,5 миллиард теңгеден астам қаржыны құрайды.
Бұлардан гөрі шағынырақ жобалар да бар. «Ipek Kagit Central Asia» түрік компаниясы Астанада тұрмыстық және санитарлық-гигиеналық мақсаттағы қағаз өнімдерінің құрылысын іске қоспақ. Ал Италияның «Cremanini» компаниясы қазіргі замандық ет өңдеу зауытын салмақ.
Еліміздегі өңірлердің тең жарымы индустрияландыру жобаларының есебінен 2012-2015 жылдар арасында 1,5 триллион теңгенің қаржысын тартты. Мәселен, Ақтөбе облысы 889,3 миллиард теңгенің, Шығыс Қазақстан облысы – 884,3 миллиард теңгенің, Павлодар облысы – 855,7 миллиард теңгенің, Алматы облысы – 757,6 миллиард теңгенің қаржысын тартты.
– Әсет Өрентайұлы, еліміздің индустриялық дамуында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына қандай рөл белгіленіп отыр? Бұдан жақсы нәтиже күтуге бола ма?
– Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырған кезде туындайтын технологиялық шақыруларға осы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жауап беруге тиіс. Бұл екі бағдарлама өзара нақты үйлестірілген. «Цифрлы Қазақстанның» негізі – қазіргі замандық цифрлық инфрақұрылымдар қалыптастыру, соның ішінде ел халқын Интернетке кең жолақты қосылумен кеңінен қамту, орталықтар мен зертханалар құру, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру.
Екіншіден, индустрияландырудың басым бағыттары бойынша білікті кадрлар дайындау үшін 11 жоғары оқу орны, 10 колледж белгіленді. Мұнда мамандар халықаралық білім бағдарламаларымен, ең бастысы, Кембридж, Калифорния университеттері секілді әріптес әлемдік ЖОО-лар қатысуымен халықаралық стандарттар бойынша оқытылады.
Біз болашақта дұрыс өмір сүру үшін креативтік адам капиталымен жұмыс істейтін креативтік экономиканы дамыту қажеттігін жақсы түсінеміз. Бұл бірден бір жол. Сондықтан біздің стратегиямыз екі деңгейден тұрады.
Бірінші деңгей – стратегиялық. Мұның екі бағыты бар. Олар – жаңа экономика үшін адам ресурстарының жаңа ұрпағын қалыптастыру және экономиканы цифрландыру. Әрине, бұл екі бағыт ұзақ мерзімдік болашақта тиімділікке ие болады.
Екінші деңгей – инновацияларды қысқа мерзімдік және орта мерзімдік кезеңде дамыту. Ол да екі бағыттан тұрады.
Бірінші бағыт бойынша, бізге базалық индустриядағы (ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, т.б.) технологиялық алшақтықты еңсеру. Осының нәтижесінде біз өнімділікті және энергиялық тиімділікті арттыра аламыз.
Екінші бағыт бойынша, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар секілді жаңа секторларды дамыту. Мұнда технологиялық көшбасшылармен және трансұлттық корпорациялармен бірлесе жұмыс істей отырып, біліктілік мүмкіндіктерімізді арттыратын өңірлік орталықтар ашу қажет.
Мәселен, біз тау-кен металлургия кешенінде біліктілік орталығын құру жөнінде McKinsey-мен келісімге қол қойдық. Бұл – үздік әлемдік тәжірибелер мен жаңа технологияларды тез енгізу мүмкіндігін беретін инвестициялық жоба.
Көптеген жоғары технологиялық компаниялар, оның ішінде Google де бар, бұл ерекше орталықтың қызметін өздерінің жаңа өнімдерін енгізу үшін пайдалана алады.
Келесі жылы біз McKinsey-мен бірлесіп, Алматыдағы инновациялық технологиялар паркінде Жаңа материалдар және аддитивті технологиялар жөніндегі орталықты іске қосуды жоспарлап отырмыз.
Қазақстанның маңызды міндеттерінің бірі – посткеңестік кеңістіктегі өңірлік стартап-хабқа айналу. Осы үшін біз Астанадағы Назарбаев Университтің және Алматыдағы Инновациялық технологиялар паркінің базасында екі жоғары технологиялық кластерді құрдық.
Мақсатқа қол жеткізу үшін бізге өңірдегі интеллектуалдық меншік құқығын үздік қорғауды қамтамасыз ету, стартап-кәсіпкерлікке жақсы қолдау және таланттарды тарту қажет. Біз жоғары технологиялық саланы дамыту негізгі біліктілік құзыретін арттыру ісімен өзара тығыз байланыста өрбитіндігін түсінеміз. Демек, біз бұған адам капиталын инвестициялаған жағдайда қол жеткіземіз. Бұл – біздің стратегиялық міндетіміз.
Бұған қоса айтарым, индустрияландырудың түзетілген бағдарламасы мен «Цифрлы Қазақстан» платформасында қызмет өнімділігін дамыту бағдарламасын жүзеге асыру экономиканы әртараптандырудың басты мақсаты – мұнай секторына экономиканың тәуелділігін төмендету мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Бұл жерде күтілетін нәтиженің шынайы екендігін атап өту керек. Экономиканы әртараптандыру үдерісі мен индустрияландыру – бұл күрделі және уақытты қажет ететін міндеттер.
– Әңгімеңізге рахмет. Үлкен іске толағай табыс тілейміз.
Әңгімелескен
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»