• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2016

Күре жол – күретамыр

410 рет
көрсетілді

Парламент Сенатындағы «Өңір» депутаттық тобының дөңгелек үстел отырысында Қазақстан Президентінің «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауындағы автомобиль жолдары құрылысы бөлігін іске асырудың аралық нәтижелері және Қазақстанның 2015-2019 жылдарға арналған инфрақұрылымдық дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында көлік-логистика инфрақұрылымын қалыптастырудың келешегі талқыланды. Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев отырысқа қатысушыларға арнап сөз сөйледі. Жоғарғы пала­та­н­ың басшысы біздің елімізді инфра­­құрылымдық тұрғыда түбе­гейлі жаңғырту арқылы экономиканы елеулі түрде өркендету ісінде Пре­зи­дент Н.Назарбаев жария еткен Жаңа экономикалық саясаттың қағи­далық маңызын атап өтті. Сенат Төрағасы автомобиль жолдары құрылысы бағдарламасын іске асыру барысындағы өзекті мәсе­­лелерге тоқталды. Қ.Тоқаев­тың айтуынша, көптеген автомобиль жолдарының сапасын жақ­сар­ту қажет, ауылдық жерлер­дегі жол­дар жаңғыртуды, жол құры­лыс­тарында озық технология­лар­ды пайдалану жөнінде ауқымды жұ­мыс­тар атқаруды талап етеді. Жоғар­ғы палатаның басшысы жол­­дар­дың құрылысы мен жөн­деу жұмыстарында автомобиль сала­сы­ның мамандарымен кері байланыс­ты қамтамасыз етудің маңызы зор екеніне назар аударды. «Нұрлы Жол» – маңызы өте ауқым­ды стратегиялық бағдарлама, бұл құжат Қазақстанның алға қарай дамуы­­на үлкен серпіліс бере­­ді. Осы мәселелер шын мәнін­де бүкіл қоғам­ның назарында тұр. Сон­­дық­тан, біз бәріміз, Үкі­мет бол­сын, Пар­ла­мент болсын, бұл жұмыс­ты нәти­желі түрде атқаруы­мыз керек, деді Қ.Тоқаев. Инвестициялар және даму ми­нистрі Әсет Исекешев «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы ая­­­сын­­да автомобиль жолдары жо­ба­­л­арын іске асыру барысы тура­лы баян­дады. Оның айтуынша, бар­лық жо­ба­лар іске асырылғаннан кейін та­сы­мал көлемі 2,5 есе артады, оның елеу­лі экономикалық қай­­тарымы ғана емес, ауқымды әлеу­­меттік әсері мол болады. «2017-2019 жылдары «Нұр­лы Жол» аясында автомобиль жол­дары жобаларын іске асырудың шыр­қау шегі кезеңінде барлық жобалар­да 200 мың адам, оған қоса цемент, жол битумы, инерт материалдар, темір-бетон бұйымдарын шы­ғару жөніндегі барлық отандық өндіру­шілер жұмыс істейді», – деді баяндамашы. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ермек Қизатов еліміздегі негіз­гі халықаралық дәліздерге, оның ішін­де «Нұрлы Жол» бағдар­лама­сы аясында салынған бөліктерге төлем жүйесін енгізу туралы айтты. Одан басқа, автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператордың басшысы жол бойы қызмет көрсетулерді дамыту жос­парлары туралы да хабардар етті. Қаржы министрінің орынбасары Татьяна Савельева жекелеген жобаларды қаржыландыру барысы туралы есеп берді. Оның айтуынша, 2015 жылы жол құрылысына Ұлт­­т­ық қордан бөлінген 178 мил­лиард теңге игерілді, 2016 жылы қар­жы­ландыру көлемі 161,9 миллиард теңгені (Ұлттық қор­дан 151,3 мил­лиард теңге, респуб­ли­ка­лық бюд­жеттен 10,6 миллиард теңге) құрайды. Ішкі істер министрлігі Әкім­ші­лік полициясы комитеті төраға­сы­ның бірінші орынбасары Әлібек Кеңесбаев жолдағы, оның ішінде автомобиль жолдары құры­лысы бөліктеріндегі қозғалыс қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету үшін қабыл­дан­ған шаралар туралы хабарлады. Дөңгелек үстел отырысын­да «Өңір» депутаттық тобы­ның мүшесі сенатор Ерболат Мұқаев және Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Шагурашид Мама­линов Батыс Қазақстан және Қара­ған­ды облыстарындағы авто­мо­биль жол­дарындағы өзекті мәсе­ле­­лер мен оның келешегі туралы айтты. Дөңгелек үстелді қорытын­дыл­ай келіп, «Өңір» депутат­тық тобының жетекшісі, Сенат­тың Эко­номикалық саясат және кәсіп­керлік комитетінің мүшесі Михаил Бортник «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыруға ауқымды қаражат – мемлекеттік те, қарыз ақша да жұмсалатынды­ғын, сондықтан бұл жолдардың құрылысын мұқият қадағалау керектігін атап өтті. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»