Жұрт аузында жүйткіп жүрген екі сөз бар: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі». Білім мен тәрбие төңірегінде әңгіме қозғала қалса, осы екі сөзді екпіндете айта жөнелетіндер көп. Біреу біліп айтады, орынды ой қозғап, жүйелі жеткізеді. Біреу білгішсініп, мақтанып, қызыл сөзге қосақтап, даналық ойдан дән іздеп жатпайды. Айтпасын демейсің, айтсын. Сөз қадірін білгенге не жетсін. Ұлылардан қалған ұлағатты сөзді үлгі етіп, іс жүзінде жарата білсек, қане?! Орыс жазушысы М.Горькийдің «Балалардың тәрбиесін үлкендерден бастау керек» дегенін ескерсек, ата-аналарға артылар жүктің ауыр екені айтпаса да түсінікті.
Қарқынды дамып, шапшаң шарықтап келе жатқан заманның өкінішті тұстарының да көп екеніне көз жеткізіп келеміз. Айталық, мектеп оқушылары арасында орын алып жататын атыс-шабыс, әлімжеттік, суицид, «соткамания», ұрлық, ерте жүктілік, бұзықтық тал бесіктен берілетін тәрбиенің бетімен кеткенін көрсетеді. Осындайда ата-аналарға ренжитініміз рас. «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге» деп Бұқар жырау бабамыз айтқандай, тәрбие негізі отбасы, ошақ қасында қаланады. Өкініштісі, біздің ата-аналарымыз өз құқықтарына қылау түсірмейді, бірақ міндеттеріне мұрнын шүйіріп қарайды. Тәртіпсіздік орын алса, таяқтың бір ұшы мұғалімге тиеді. Тигенде де оңбай таяқ жейді. Бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын ата-ана барлық жауапкершілікті мұғалімдерге артып қойып, өздері сүттен ақ, судан таза болып көрінеді. Жұрттың еркетотай балаларын жөнге саламын деп жүйкесі жұқарып жүретін де мұғалімдер.
Мұғалімнің де мұғалімі бар. Бес саусақ бірдей емес. Аузында сөзі жоқ, ісі шала, өнеге-өрісі тар мұғалімдер оқушыларды өз орнына қоя алмайды. Қазіргі мектептерде қатты қол, қайсар мінезді, талапшыл, табанды, бір қарағанда қатал болғанымен, жан-жүрегі мейірімге толы ер мұғалімдер «қызыл кітапқа» кірудің аз-ақ алдында тұр. Олардың орнын «жолы жіңішке» нәзік жандылар басты. Әйелдің аты – әйел. Мұның бәрі ұрпақ тәрбиесіне тура мағынасында да, жанама түрінде де әсер етпей қоймайды.
Мектеп оқушыларының өмірінде өшпестей із қалдыратындардың бірі –сынып жетекшілері. Сынып жетекшісі баланың екінші ата-анасы. Оларға қойылатын талап күшті. Ол баланың мектепте өтетін барлық уақытына жауап береді. Сабаққа кешікпей келуі, киімі, мінез-құлқы, тазалығы, оқу үлгерімі, тәртібі, мәдени іс-шараларға қатысуы, жүріс-тұрысы сынып жетекшісінің көз алдында тұрады. Оқушыларды тәртіпке шақырып, түздегі тәрбиені түзететін сынып жетекшілері. Ақыл-кеңесін беріп, сабақ үлгерімін қадағалайтын, бұзықтарды бұрышқа тұрғызып, әлекке түсіп жататын да солар. Ал пән мұғалімдері сабақтарын өтеді де кетеді. Тәртіп пен тәрбие тізгінін бір уыста ұстаған сынып жетекшілері мектептегі басты тұлғалардың бірі. Мектеп пен ата-ана арасындағы алтын көпір! Пән мұғалімдері сынып жетекшілеріне қарыздар. Оқушыларды түгендеп, орындарына жайғастырып, сабақтың өтуіне барлық жағдай жасап беретін жанкешті еңбегі бір бөлек.
Алайда, сынып жетекшілерінің еңбегін бағалап, көзге іліп жүрген ешкімді көрмейсіз. Сабаққа келмей қалған оқушыны сарсылып іздеу, тәртіпті қадағалау, талғамын таразылау, үлгерімі нашарлармен жұмыс, ата-аналармен қарым-қатынас, толып жатқан есеп-қисап қағаздарын толтыру, сенбілік ұйымдастыру сияқты жұмыстар сынып жетекшілерін қажытатыны рас. Қазіргі мұғалімдердің көпшілігі сынып жетекшісі болудан үзілді-кесілді бас тартады. Жетекшілік үшін қосымша төленетін 4-5 мың теңге шайлық болып жарытпайды, шаршап-шалдыққанын баспайды. Мектеп басшыларынан сөз есітіп, сынға ілігіп жататынын айтпай-ақ қояйық. Көңілсіз істен керемет нәтиже күтуге болмайды. Жауапкершілік жайына қалады.
Біздің айтайын дегеніміз, сынып жетекшілеріне ерекше мәртебе беріп, еңбекақысына қосымша төленетін қаржы көлемін арттыру керек. Мұның жетекшілердің еңбекке деген құлшынысын қанаттандырып, оқу процестерінің ырғақты жүруіне, тәртіп пен тәрбиені қатаң бақылауда ұстап, білім сапасын көтеруге ықпал ететіні сөзсіз.
Мектептің қозғаушы күші саналатын сынып жетекшілерінен ештеңені аямауымыз керек. Сынып жетекшілерінің жұмысын жандандыру – мектеп өміріндегі өзекті мәселелердің бірі.
Махамбет САПАРМҰРАТОВ,
М.Шоқай атындағы орта мектеп мұғалімі
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Мақтаарал ауданы