• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
21 Маусым, 2011

Ұлт денсаулығын сақтау – ұлы іс

458 рет
көрсетілді

Кез келген мемлекеттің басты байлығы – адам. Өйткені, басқа байлықтардың бар­лығы тек қана адамға қызмет етеді. Жам­был облыстық денсаулық сақтау басқар­масының бастығы Жандос Қуанышбекұлы Надиров те осы ойды ұстанған азамат. Білікті, білімді және жас кадр облыс тұр­ғындарының денсаулығына, оның ішінде ана мен бала өміріне жауапты міндетті қалай атқарып отыр? Біздің сұхбатымыздың бас­ты мақсаты, міне, осы болды. – Халық денсаулығын сақтау, оның ішінде, ана мен бала денсаулығына уақап болу – мемлекет саясатының ба­сым бағыттарының бірі. Бұл тұрғыда ел Үкіметі аянып отырған жоқ. Бірақ кейбір пікір «денсаулық саласына қы­руар қаржы бөлінгенімен, ауруларды емдеу, адам өміріне қауіпті жағдайлар­дың алдын алу жұмысы ойдағыдай емес» дегенге саяды. Бұған сіз не дейсіз? Облыста халық денсаулығын сақ­тау және ана мен бала өлімін болдыр­мау мақсатында атқарылып жатқан нақ­ты іс-шаралар туралы айта аласыз ба? – Қаржы туралы нақты айтатын болсам, биыл денсаулық сақтау саласына 18,7 млрд. теңге қарастырылды. Оның ішінде ана мен баланың денсаулығын қор­ғау мақсатына 760,2 млн. теңге бө­лінді. Бұл сома бөлінген барлық қаржы­ның 4,1 пайызын құрайды. Біз үстіміздегі жылдың 4 айында қарастырылған қаржы­ның 165,0 млн.теңгесін, яғни 22 пайызын игердік. Ал ана мен бала денсаулығына келетін болсақ, бүгінде оларға медициналық кө­мек көрсету үшін облыс бойынша 215 акушер-гинеколог дәрігер, 32 неонатолог, 333 педиатр қызмет атқарады. – Бұл аз ба, көп пе? – Аз, өйткені бүгінгі күні облысқа 16 акушер-гинеколог, 5 неонатолог, 64 пе­диатр жетіспейді. – Облыстағы емдеу, алдын алу мекемелерінің заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі қандай? – Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқса­нында барлық емдеу, алдын алу мекеме­ле­рінің медициналық құрал-жабдықтар­мен қамтамасыз етілуі 36,8 пайызды құ­рады. Оның ішінде облыстық перинаталдық орталығы – 61,2, қалалық перинаталдық орталығы – 50,2, облыстық балалар ауру­ханасы – 58,2 және қалалық балалар ауру­ханасы 38,3 пайызға жабдықталған. Құрал-жабдықтары жеткіліксіз аудандар да бар. Мысалы, Мойынқұм ауданы – 11,5, Т.Рысқұлов – 19,4, Байзақ ауданы – 24,1, Жуалы ауданы – 24,5 және Талас ауданы – 27,6 пайыз ғана заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. – Айтуыңыз бойынша, денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы кө­лемі аз емес сияқты. Ендігі мәселе осы қаржыны тиімді игеру үшін қандай жұмыстар атқарылуда? – Ең бастысы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы облыс әкімдігімен бірлесе отырып, ана мен бала өлімін азайту мақсатында бірқатар іс-шараларды жүзе­ге асыруда. Біріншіден, үстіміздегі жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, оның орындалуы қатаң бақылауға ал­ынды. Содан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасында, Тараз қаласы мен аудандарда ана мен бала өлімінің алдын-алу бойынша штаб отырыстары өткі­зі­лу­де. Қа­ла мен аудан орталықтарында және ау­ыл­дық жерлерде қауіпті топтағы жүкті әйел­дердің есебі алынып, мониторинг жүр­­гізілуде. Облыс бойынша жүкті әй­ел­дер мен нәрестелерге көрсетілетін перинатал­дық көмекті аймақтандыру мәсе­ле­сі де ше­шілді. Әр ауданға облыстық және қала­лық емдеу және алдын алу меке­мелерінің басшылары өкіл ретінде бекітілді. Олар ай сайын Талас, Мойынқұм, Т. Рысқұлов, Шу, Қордай, Меркі, Сарысу аудандарына іс- сапарға шығып, тиісті тәжірибелік көмек­тер көрсетуде. Биылдан бастап облыстық перинаталдық орталы­ғын­да «Жүкті әйел­дер тіркелімі» бағдар­ла­ма­лық кешені жұ­мыс істеп, 9688 жүкті әйел есепке алынып, жүктіліктің аяқта­луы­на дейін бақылау жүр­гізілді. Ал қауіп­ті топтағы жүкті және босанған әйелдер күн­делікті мониторинг бойынша қадағаланып отыр. – Осыларды нақты мысалдармен айтып бере аласыз ба? – Ағымдағы жылдың 4 айында об­лысымызда 25 жүкті және босанған әйел­дердің жағдайы өте қауіпті болды, оның 21 (84%) аман есен босанып, үйлеріне шығарылды. Алдын ала бекітілген жоспар бойынша – 9688 жүкті аналар мен бес жасқа дейінгі 7538 бала тегін дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз етілді. Биыл бес жасқа дейінгі ауру балаларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 35 701,0 мың теңге қарастырылды. Бүгінде оның 32,8 пайызы игерілді. Жүкті әйелдерді темір және йод­құрамды дәрі-дәрмектермен қам­тамасыз ету үшін де жұмыс атқары­лып жатыр. Он сегіз жасқа дейінгі балаларға про­филактикалық-медициналық тексеру, әйел­­дердің жатыр мойыншағының, емшек безінің қатерлі ісігін анықтауға скринингтік тексерулер жүргізілуде. Үстіміздегі жылдың 3 айында жоспарланған 18 жасқа дейінгі 325022 баланың 71450 (21,9%) про­филактикалық медициналық тексеруден өткізіліп, 17087 (23,9%) ауру анық­тал­ды, соның 8810 (51,5 %) сауықты­рыл­ды, диспансерлік есепке 10363 (14,5%) ал­ынды. Ал осы айларда жатыр мойын­шағының қатерлі ісігін анықтауға жос­пар­ланған 27763 әйелдердің 7036 (25,3 пайыз) тексеруден өтіп, 730 (10,4 пайыз) ауру анықталды, соның 210 (28,2 пайызы) сауықтырылды, диспансерлік есепке 700 (%) алынды. Емшек безінің қатерлі ісігін анықтауға жоспарланған 23252 әйелдер­дің 4367 (18,8 %) тексеруден өтіп, 419 (9,6 %) ауру анықталды, соның 191 (45,6 %) сауықтырылды, диспансерлік есепке 314 (7,2 %) алынды. – Жаңарған заман, өркендеген технология қай салада да терең білім мен үздіксіз ізденісті қажет етуде. Медицина қызметкерлерінің білімі мен тәжіри­бе­сін үздіксіз дамыту үшін қандай іс-ша­ра­лар ұйымдастырылуда? – Ана мен балаға медициналық көмек беретін қызметкерлердің білімін арттыру үшін облыстық перинаталдық орталығы негізінде оқыту ұйымдастырылып, 289 маман, оның ішінде акушер-гинеколог дә­рі­герлер, неонатологтар, акушерлер мен нәрестелерге күтім жасайтын медбикелер білімін жетілдірді. Облыстық балалар ауруханасы негізінде де оқыту орталығы ашылды, онда 590 медициналық қызмет­кер­лер оқытылды. Қазіргі кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасының екі ма­маны Астана қаласында экстрагениталь­дық жүктіліктен тыс аурулары бар әйел­дерді бақылау циклы бойынша дәріс алуда. Сонымен бірге облыс бойынша 80 дә­рігер-терапевтті оқытуға 1 млн. теңге қаражат қарастырылды. Бұл көрсеткіштер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1 есеге асып отыр. – Еліміздің денсаулық сақтау са­ла­сын дамыту мақсатында «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын іске асыру қолға алынып жатқаны белгілі. Бұл бағытта қандай жұмыстар бар? – Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде алдын ала емдеу және әлеу­мет­тік-психологиялық көмек көрсету үшін об­лысымызда 5 отбасылық денсаулық ор­та­лығының бөлімшелері, 1 жастар орта­лы­ғы құрылды. Үкіметтік емес ұйымдар­мен бірлесе отырып алғашқы медици­на­лық әлеу­меттік көмектің үлгісі қарастырылды. Салмағы аз, әлсіз нәрестені арнайы күту мен жаңа туған нәрестелер хирур­гия­сын дамыту үшін 5 маманды Израильде оқытуға қажетті құжаттар дайын­да­лу­да. Емдеу мен алдын алу мекемелерінде заманауи тиімді перинаталдық технологиялар одан әрі қарай енгізілуде, оның ішінде тұқым қуалайтын ауруларды және туа біткен кемістіктерді босанғанға дейінгі анықтау сапасы үнемі қатаң бақылауда. Енді балаларға пневмококктық ауруға қарсы егу жүргізіледі. Бұл шара балалар­дың өлімін 20 пайызға төмендетуі мүмкін. – Дегенмен, әңгімеміздің басындағы сауалға қайта оралсақ: облыста ішінара болса да орын алған ана мен бала өлімінің себеп-салдарын анықтап, оған тікелей жауап беруге тиісті медицина қызметкерлеріне нақты іс-шара қол­дан­дыңыздар ма? – Өмір бар жерде, өкінішке қарай, өлім де бар. Дәрігерлердің басты міндеті – міне, осы өлімді, оның ішінде ана мен бала өлімін болдырмау немесе мейлінше азайтуға ат салысу. Бірақ соған қара­мас­тан, облысымызда ана мен бала өлімі ор­ын алып отыр. Мысалы, үстіміздегі жылдың 4 ай­ын­да облыста ана өлімінің 4 оқиғасы тіркелді, ал өткен жылдың дәл осы кезеңінде 6 ана өлімі болған. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың 4 айында облыста 1 жасқа дейінгі 137 бала шетінеді. Өткен жылы 155 нәресте шетінеген. Яғни, жыл өткен сайын ана мен бала өлімі сәл де болса азайып келеді. Өкінішке қарай, Сарысу, Талас, Жам­был және Т. Рысқұлов аудандарында нә­рес­те өлімінің көрсеткіші былтырғы жыл­дың осы кезеңімен салыстырғанда өсіп отыр. Бала өліміне перинаталдық кезең­де­гі кейбір жағдайлар, туа бітті кемістіктер, тыныс алу аурулары және жазатайым оқиғалар мен жұқпалы аурулар себеп болуда. Сондай-ақ, нәрестелердің 1 жасқа дейінгі өліміне аналардың денсаулы­ғы­ның нашарлығы, алғашқы медициналық са­нитарлық көмек көрсету деңгейінің тө­мен­дігі және жүкті әйелдер мен нәрес­телер күтімінің жеткіліксіздігі, босануға көмек беретін мекемелерде жаңа туған­дарға күтім жасаудың әлсіздігі себеп болуда. – Бұл проблемалардан алдағы уа­қытта қолға алатын қандай міндеттерді көріп отырсыз? – Бүгінгі күні облыста босануға көмек беру және балалар мекемелерінде нео­на­то­логтардың, акушер-гинекологтардың, анес­тезиолог-реаниматологтардың, учаскелік дәрігер педиатрлардың, терапевт­тер­дің тапшылығы орын алып отыр. Соны­мен бірге, ана мен бала өлімін азайту бойын­ша шұғыл шаралар қолдану үшін аудан­дық штабтардың жұмысы жеткіліксіз. Халық арасында емханалар дең­гей­ін­де аурулардың алдын алу, отбасын жоспарлау, репродуктивтік денсаулықты қор­ғау, соның ішінде жастар арасында сани­тарлық ағарту жұмысы жеткіліксіз. Бо­сануға көмек беру және балалар мекемелерін заманауи құрал-жабдықтармен қам­та­масыз ету мардымсыз. Босануға көмек беру мен балалар ауруханаларына жаңа технологияларды енгізу барысында баяу­лық бар. Міне, осының бәрін дұрыс жолға қою облыстық денсаулық сақтау сала­сы­ның басты міндеті. Атап айтсам, облыс­тық денсаулық сақтау басқармасы аудан әкімдерімен бірлесе отырып аудандар мен ауылдарға білікті мамандарды тартудың жолын қарастырмақшы. Жүк­ті­лікке абсолюттік қарсы көрсетілімдері бар жүкті әйелдерге күн сайынғы мониторингті қа­таң бақылауды күшейту. Боса­ну­ға көмек беретін және балаларды емдеу мекемелерін қажетті құрал-жабдық­тар­мен қамта­ма­сыз етуді 70-80% жеткізу. Сөйтіп, тиімді технологияларды енгізуді одан ары жал­ғастыра отырып, аналарды босануға дейінгі қадағалауды, ана сүтімен емізуді, бала ауруларын ықпалдастыра емдеуді ұтымды үйлестірмекпіз. – Ана мен бала өліміне байланысты медицина қызметкерлері әкімшілік жа­заға тартылды ма? – Денсаулық сақтау министрлігінің ме­дициналық және фармацевтикалық қыз­­мет­тердің сапасына бақылау жөніндегі комитетінің облысы бойынша тәуелсіз са­рапшылары сараптама жүргізді. Ол облыс әкімінің орынбасарының қатысуымен ана мен бала өлімін азайту жөніндегі штабта талқыланды. Сөйтіп, ана өліміне жол берген Шу қаласы қалалық ауруханасының, Шу ауданындағы орталық аудандық ауру­хана­сы­ның бас дәрігерлеріне, олардың ор­ын­ба­сарларына және №4 қалалық ем­хананың бас дәрігерінің орынба­сарла­ры­на сөгіс жа­рияланды. Сонымен қатар, Шу қаласы қа­лалық ауруханасының және об­лыстық ауру­хананың 3 бөлім меңгеруші­ле­рі қыз­мет­­­терінен босатылды. Медицина сала­сын­дағы тәртіп пен емдеу және алдын алу жұ­мыстарының нәтижесінде бүгінде облыс бойынша ана өлімі 1,5 есеге азайып, нә­рестенің шетінеуі 12,7 пай­ызға төмендеді. – Халық денсаулығын сақтау жо­лын­­да­ғы қиын да қарбалас жұмыста­ры­ңызға тек қана табыс тілейміз. Еліміздегі бар­лық ана мен бала аман болсын! Әңгімелескен Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Тараз.