• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
24 Маусым, 2011

Мал баққанға бітеді

437 рет
көрсетілді

ҮКІМЕТ «Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы ________________________________________ Бүгінгі күні Қазақстан экономикасының тың серпінмен дамуына ықпал етіп отырған мұнай мен газ, көмір, уран, металл, астық секілді шикізат байлықтарының астарында әлі толық мәнінде іске жаратылмай келе жатқан тағы бір аса зор табиғи ресурс көзі бар. Ол – ата-бабамыздан мұраға қалған қазақтың жалпақ даласы, соның ішінде 180 миллион гектар аумақты алып жатқан мал жайылымдықтары. Біздің халқымыздың мыңдаған жылдар бойғы негізгі тіршілігіне басты таяныш болып келген осы таусылмайтын ресурс көзін толық және тиімді мәнінде іске жаратудың бірден-бір амалы – еліміздің мал шаруашылығын әлемдік бәсекеге қабілетті жағдайда қайтадан дамыту болып табылады. Ол үшін мал өнімдерінің өндірісі мен экспортын жолға қою қажет. Міне, осы жағдайда ғана мал шаруашылығының беретін пайдасы астық шаруашылығының пайдасынан да басым түсіп, Қазақстан экономикасының әртараптандырылған негізде жан-жақты гүлденуіне алып келмек. Ол үшін не істелуі қажет? Міне, нақ осы мәселе Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен және облыс әкімдерінің онлайн режімінде қатысуы арқылы өткен осы аптадағы Үкімет отырысының басты тақырыбы болды. Отырыста еліміздегі етті мал шаруа­шы­лығын дамыту туралы баяндама жаса­ған Ауыл шаруашылығы министрі Асыл­жан Мамытбековтің айтуы бойынша, отан­дық мал шаруашылығы саласы бірте-бірте даму үстінде. Мәселен, үстіміздегі жыл­дың 1 маусымында өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда ет өндірісінің көлемі 1,4 пайызға, сүт өндіру 0,6 пайызға арта түскен. Мал басы оның әртүрлі түлік түрлері бойынша 0,6 пайыздан 9,3 пайыз­ға дейін көбейген. Өкінішке орай, осылар­дың ішінде мүйізді ірі қара мен шошқа санының ептеп төмендегені сезіледі. Мұ­ның себебі, өткен қыстағы жемшөп жеткіліксіздігінен болса, екіншіден, мал саны­ның нақтылануына да байланысты екендігі де сезіледі. Яғни бірдейлендірудің белең алуына орай бұрынғы қате мәліметтер енді түзетіле бастағандай. Министрліктің тара­пы­нан Мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаев­тың етті мал шаруашылы­ғын дамыту жөніндегі тап­сырмаларын орындау мақ­сатында тиісті жұмыс жүр­гізілуде. Бұл жұмыс төмендегідей бірнеше ба­ғыт бойынша өріс алуда. Енді осы бағыттарға тоқтала кетейік.

Бірінші бағыт

Бұл бағыттың ая­сында атқарылатын негізгі шаруа – асыл тұ­қымды мал шаруа­шы­лығына қатысты нор­мативтік-құқықтық ба­заны жетілдіру. Осы бойын­ша Парламент Мә­жі­лі­сінің қарауына «Асыл тұқымды мал шаруашы­лығы туралы Қазақстан Республикасының Заңына өзгертулер мен толықтыруларды енгізу туралы» Заң жобасы енгізілді. Бұл Заң жобасы төмендегідей жаңалықтарды қамтыған: Бірінші. Асыл тұқымды шаруашылық мәртебесінен асыл тұқымды мал мәрте­бесіне көшу; Екінші. Малдың генетикалық құнды­лығын бағалаудың негізгі әдістерін енгізу (индексті бағалау, геномды талдау); Үшінші. Кейбір функцияларды қоғам­дық ұйымдар мен қауымдастықтарға беру арқылы мемлекеттік органдардың селек­ция­лық асыл тұқымды жұмыстарды реттеуге ықпалын азайту. Нормативтік құқықтық базаны жетілдіре түсуге байланысты қазіргі қолданыс­тағы басқа да бірқатар заңдарға өзгерістер мен түзетулер енгізу көзделеді. Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексіне асыл тұқымды мал шаруашылығы сала­сын­дағы тәртіпті қатайту мақсатында құ­қық бұзушылықтар мен әкімшілік жазалау шаралары түрлерін белгілеу қарастырыл­са, «Ветеринария туралы» заңды халық­аралық стандарттарға сай келтіру мақса­тында оны одан әрі жетілдіре түсу, сон­дай-ақ Қазақстан Республикасының агро­өнеркәсіп кешені мен ауылдық аумақтар­дың дамуын мемлекеттік реттеу туралы» Заңына ветеринария саласында қызмет ететін және ауылды жерлерге жұмысқа шығатын мамандарды қолдауға және ауыл­шаруашылық малын кепілдікке алу­ды тіркеуді жергілікті атқарушы органдар­дың құзыретіне беруге қатысты өзгерту­лерді енгізу жоспарлануда.

Екінші бағыт

Етті мал шаруашылығын дамыту жө­ніндегі жобаны ойдағыдай жүзеге асыру үшін оған қатысушыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдірудің барлық іс-шаралары осы екінші бағыт аясында топтасты­рылған. Осы мәселе бойынша мемлекеттік қолдау көрсетілетін қолданыстағы бюд­жеттік бағдарламаларға терең талдаулар жүргізіліп, осының негізінде етті мал шаруашылығын дамытуды ынталандыру­дың қолданыстағы ережелеріне төменде­гідей өзгертулер енгізу көзделген: Біріншіден, малды өнеркәсіптік жемдеуге басымдықты мән беріле отырып, осы­ның негізінде малды жемдеуге қатыс­ты өлшемдер өзгертіледі. Екіншіден, қатаң және шырынды азық жемдерді пайдалануға субсидия берілетін болады. Үшіншіден, отандық жә­не шетелдік асыл тұқымды малды сатып алуға берілетін субсидия бұрынғыдай мал­дың салмағына емес, енді мал басы бойынша есептелінеді. Төртіншіден, мал шаруа­шы­лығындағы селекциялық және тұқым асылдандыру жұмысы субси­дияланатын болады (жәрдемақының осы түрі «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» заңына толықтырулар мен түзе­тулер енгізілгеннен кейін барып жүзеге аспақ). Жобаның осы екінші бағытын сәтті жүзеге асыру үшін малдың тектік түрлерін асылдандыра отырып қайта құрудың (сіңіре будандастырудың) екі әдіс-тәсілін пайдалану көзделген: Олар – өндіруші бұ­қаларды пайдалану және қолдан ұрық­тандыру. Алайда осы ретте ойландыратын бір мәселе қазіргі күні асыл тұқымды бұқалар құнының, сондай- ақ оларды ұстауға, түр­лері бойынша қайта құру үшін пай­дала­нуға жұмсалатын шығындардың жоғары болуына байланысты оларды шаруа қожа­лықтары мен үй қасындағы қосалқы ша­руа­шылықтар, былайша айтқанда қара­пайым халық сатып ала алмайды. Осыған орай Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі Қаржы министрлігіне шаруа қожалықтары мен жеке үй шаруашылық­тары пайдаланатын ет тұқымды өндіруші – бұқаларды ұстауға жұмсалатын шығын­дардың орнын толтыруды (шығынның 50 пайызын өтеуді) көздейтін нақты есептерді енгізген. Мәселе қолдау тапса, бұл – халық үшін жасалған жақсылық болмақ. Малды қолдан ұрықтандыру ісінің талапқа сай дұрыс жүргізілуі көптеген жағдайларда ұрықтандырушы техникке байланысты болып келеді. Алайда, ұрықтандырушының қызмет ақысының жеке қосалқы шаруашылықтағы мал иелері тарапынан аз төленуіне, азотты, құрал­дарды сатып алу мен көлік шығындардың қымбат болуына байланысты ұрықтанды­ру­шы қызметінің нарығы тұтастай алған­да тартымсыз болып тұр. Ал бұл өз кезегінде мал тұқымын асылдандыру мен селекциялық жұмыстардың жүруіне кері әсерін тигізуде. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдар­дың ұсыныстары негізінде Қаржы министрлігіне малды қолдан ұрықтандыруды ұйымдастыруға жұмсалатын шығындарды 100 пайыз (қолданыстағы ережелерге сәйкес қазір 50 пайыз) өтеуді көздейтін қаулы жобасын келісуге жіберген. Сонымен қатар бүгінгі күні мал тұ­қымын асылдандыру, селекциялық жұ­мыс­тарды жүргізу бағытында ат­қарылып отырған үлкен бір шаруа ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ғылыми- инновациялық орталық пен «ҚазАгроМаркетинг» АҚ аясында бүкіл республика өңірлерін қамтып, асыл тұқымды және тауарлы мал басын есепке алуға мүмкіндік беретін орталықтан­дырылған бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйенің (ААЖ) құрылған­ды­ғын айтуға болады. Маңызын түсінген мекемелер мен адамдар үшін бұл жүйенің пай­дасы жан-жақты және өте зор. Жүйе жергілікті атқарушы органдар мен облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармала­ры­на мал тұқымын асыл­дандыру мен селек­ция­лық жұмыстарға байла­нысты қазіргі жалған ақпараттардан арылып, жұмысты дұрыс жолға қою мүмкіндігін береді. Себебі жүйеге қосылған шаруа қожа­лықтары мен жеке қосалқы шаруашылық­тардың, басқа да жобаға қатысушылардың табындарға бекітілген өндіруші – бұқа­ларды пайдалану мерзімдерін дұрыс сақ­тау, инбридингтің алдын алып, бұқаларды уақытылы ауыстыру секілді жұмыстарын­да реттілік пен ашық­тық жолға қойыла­тын болады. Олар бұл істі бұрынғыдай өз беттерімен жүргізе бермей ендігі кезекте ғалымдар мен ма­мандардың көмегіне сүйенеді. Табындарға зоотехни­ка­лық, мал дәрігерлік талаптар мен қадағалау шара­лары арта түседі. Ақыр аяғында осыдан тұқым асылдан­дырушы мал иелерінің өздері де орасан зор пайда көретін болады. Оның үстіне бұл жүйе оларға ақысыз қызметтермен (асыл тұқымды өнімділігі жоғары бұқалар немесе олар­дың ұрықтарымен) қамтылуы­на, мемлекет беретін субсидияларға ие бо­луы­на мүмкіндік береді. Яғни, заң бойын­ша мемлекеттік субсидияны аталған жүйеде тіркелген тұлғалар ғана ала алатын болады, ал жобаның барлық қатысушылары үшін осы жүйеде тіркелу рәсімі ақысыз болып табылады. Осыған орай Интернетке кез келген уақытта кіруге мүмкіндіктері жоқ фермер шаруашылықтары мен үй қасындағы жеке қосалқы шаруашылықтардың «ҚазАгро­Маркетинг» компаниясының аудандық СИКЦ арқылы тіркелуге мүмкіндіктері бар. Бүгінгі күні жүйеде 343 шаруашылық, 64 мыңға жуық аналық мал мен 2800-ге жуық өндіруші бұқалар тіркелген. Бүгінгі күні барлық облыстарда жа­санды ұрықтандыруды ұйымдастыратын жылжымалы топтар жасақталды, 280-астам қолдан ұрықтандырушылар өз біліктіліктерін арттырды. Жобаның жүзеге асырылуына мониторингті жүргізу үшін индикативті көрсет­кіштер әзірленіп, жұма сайын ақпарат жинақталып, олардың талдауы жүр­гі­зіледі.

Үшінші бағыт

Үшінші бағыт – ірі қара мал етін өнеркәсіптік өндіру технологиясының инфрақұрылымын әзірлеу ісін қарас­тырады. Оның өзі мал бордақылауға ар­налған алаңдар салу, репродуктор шаруа­шылықтар құру, фермер шаруа­шылық­тары мен тауарлы фермаларды дамыту секілді бірнеше тетіктерден тұрады. Осы бағыт бойынша 2010 жылы Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында бір кезеңде 12,1 мың мал басын ұстауға мүмкіндік беретін 2 мал бордақылайтын шағын алаң пайдалануға берілген бола­тын. Ал ағымдағы жылы 18 мың басқа, 2012 жылы 13 мың басқа арналған бірнеше бордақылау алаңдарының желісін құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар репродукторлық ша­руа­шылықтарды дамыту мақсатында өт­кен жылы «ҚазАгро» холдингінің қаржылан­дыруымен шетелден асыл тұқымды 2,4 мың бас мүйізді ірі қара малы сатып алынса, үстіміздегі жылы 10 бас осындай мал жеткізу көзделеді. Фермер шаруашылықтарын дамыту бағытында үстіміздегі жылы әрқайсысы сатып алу арқылы 40 бас аналық малмен қамтамасыз етілген фермалық шаруашы­лық­тардың жүйесін құру аяқталады. Осындай тәртіппен 30 мың аналық мал сатып алынады. Ол малдар биылғы жылдың өзінде қолдан ұрықтандырылып, келесі жылы төлдей бастайтын болады. Фермер шаруашылықтары зоотехникалық, ветеринарлық талаптарды толық сақтап жұмыс істеуі тиіс. Өкінішке орай, жергілікті атқару органдары бұл іске әлі толық мән беріп отырмаған секілді. Көптеген өңірлер сылбырлық танытып, жоспарлы көрсет­кіш­терді қамтамасыз етпей отыр­ғандығын Асылжан Ма­мытбеков жасырмай айтты. Жағдай, әсіресе, Қостанай, Павлодар облыстарында нашар екен. Мәселені қорытынды­ла­ған Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді. Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Эко­номикалық даму және сауда, Әділет министрліктеріне бү­гінгі тал­қыланған жағдай­ларды ескере отырып, бір аптаның ішінде еліміздегі ет экспортының әлеуетін да­мыту туралы жобаны жүзеге асырудың кешенді жоспарын әзірлеп, Үкімет Кеңсесіне өткізуді тапсырды. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы жобаны жүзеге асыру барысына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отыруды, ал облыс әкімдеріне жобаны жүзеге асыруға қатысты шараларды мүлтіксіз орын­дауды міндеттеді. Отырысқа қатысу­шы­ларға еліміздің етті мал шаруашы­лығын дамыту аса маңызды мәселе екендігін ескертті. «Провел совещание по вопросам развития мясного животноводства. «Мал баққанға бітеді», – деп жазған екен Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Twitterдегі өз парақшасында. Соңғы сөзді біз осы мақаланың тақырыбына шығардық. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.