• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2011

Парасат иесі

742 рет
көрсетілді

«Еңбекке икемді болсаң – еліңе сүйкімді боласың» деген дана сөз бар халқымызда. Бұл «Тар жол, тайғақ кешуден» өткен хал­қымыздың өмір философиясынан алынған шындық. Осындай ел құрметіне бөленген жаны жайсаң, жүрегі дархан, пейілі кең, кө­кі­регі көктем азаматтар біздің орта­мызда көптеп саналады. Солар­дың бірі – Рахманәлі Әбдіқа­дыр­ұлы Әбдіқадыров. Осынау пара­сат­ты азаматтың бүкіл өмірі, елі үшін атқарған қызметі аудан жұрт­шылығының көз алдында өтіп келеді. Сондықтан да ел құр­метіне бөленген, парасат иесі бү­гінде «Т.Рысқұлов ауданының құр­метті азаматы» атанып отыр. Ол қай жерде жүрсе де, қандай қызметтің тізгінін ұстасада да білімі мен біліктілігінің арқасында қолға алған шаруасын дөңгелетіп алып кететін өр мінезді өжет жан. Парасат иесінің ерекше қасие­ті ол көпшілікті қандай мәселеге болсын иландыра біледі, өзекті нәрсені нақтылы фактілермен дә­лелдеп, көкейге қондырып, кім­нің болмасын көзін жеткізіп айта белтіндігі о бастан бойына сіңген асыл қасиет. Мұндай асыл қасиет, өршіл мінез, шешендік тіл Рахманәлі Әб­­ді­қа­дырұлына қайдан дарыған дей­тін болсақ оның әже әлдиімен бо­йы­на жұққанын байқаймыз. Ша­­ғын ауыл­дағы шаруа отба­сын­да 1951 жылы дүниеге келген ол бү­гінде алпыс­тың асқарына шы­ғып отырған атпал азамат, білікті бас­шы, адамгершілігі мол қасиетті жан. Мектеп қабырғасында жүрген кезінің өзінде арманшыл бозбала білім қуып Алматыға барып жо­ғары оқу орнына түсті. 1972 жы­лы Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылығы инсти­ту­тын тәмамдап ғалым-агроном деген мамандық алып шықты. Кеу­десіне диплом қысқан жас маман арманын әукелеп ұшырған, кіндік қаны тамған Көкдөненге қарай жол тартты. – Біз сол жылы бір ауылдан алты жас жігіт жоғары оқу орнын бітіріп, дипломды маман болып оралдық, – деп еске алады сол жыл­дарды Рахманәлі Әбдіқа­дыр­ұлы, – бізді туған ауыл ыстық ықыласпен құшақ жая қарсы алды. Мұхаметберді Шахаров кол­­хоз­ға гидротехник болып орналас­са, Үтілдә Тойғанбеков егіс сала­сының агрономы болды. Марқұм Жылқыбай Арпабеков экономист болса, Өзбек Әбдіқайымов ша­руа­шылық жөндеу шеберханасы­ның меңгерушісі, ал Ерғазы Шә­рі­пханов зоотехник болып жұ­мыс­қа кірісті. Барлығымыздың жас­тық жігеріміз бойымызда, ал­ған біліміміз санамызда, іске белсене араластық. Біз секілді еңбек жолын жаңа бастаған жас ма­ман­дарды колхоз өндірісінің ірі ұй­ым­дастырушысы, жастар қам­қор­шы­сы, білікті басшы, парасатты азамат Бектенбай Қойшыманов аға­мыз талабымызды таудай етіп, жү­регімізге үміт отын жағып ор­ын­ды тәрбиелей білгендігін бү­гін­де мен мақтанышпен айта аламын. Иә, ол кезде Ленин атындағы колхозда үлкен басшы кадрлары қалыптасқан болатын. Бас агроном Әсілбек Аязбаев, партия ұйы­мының хатшысы Келгенбай Баймолдаев, бас есепші Қа­ным­бек Сей­­дахметов секілді атпал азаматтар жас мамандарды тәр­бие­леп, дұрыс еңбек етуге баули білді. Осының нәтижесінде олар өс­ті, мықты маман болып қа­лып­тас­ты, басшылық қызметке жолдама алып, атқа мініп тізгін ұстады. Жалындап тұрған жас жігіттің іскерлігін байқаған аудан басшы­лары 1974 жылы Мәскеуге тікелей бағынатын облыс көлеміндегі бірден-бір іргелі шаруашылық – сол кездегі №97 Луговой жылқы заводына агроном етіп тағайын­дады. Ол кезде зауыттың егістік көлемі ауданда 1-ші орын алатын. Осы жерде туған ауылынан тә­лім-тәрбие алып, тәжірибе жи­нақ­тап үлгерген жас маман ша­руашы­лық­тың ауыспалы егіс жүйе­сін енгізу, әр гектардан алынатын өнім мөл­­ше­рін арттыру жөнінде көп іс тын­дырды. Іскер басшы, білімді азамат Иван Афанасьевич Финкодан көп үйренді, үлкен саяси жетекші Нәрезім Даубаевтан сабақ алды. Сол сабақ, сол тәрбие Рахманәлі Әбдіқадырұлына күні бүгінге дейін бағдаршам болып келеді. – Партия ұйымының хатшысы Нәрезім Даубаев ағамыз 1975 жылдың күзінде аудандағы ең іргелі шаруашылық – «Алғабас» сов­хозына директор болып тағай­ын­далды, – деп еске алады Рах­манәлі Әбдіқадырұлы сол жыл­дар­ды, – артынша мен осы сов­хоз­ға бас агроном болып тағай­ын­далдым. 24 жастағы қылшыл­даған кезім. Егін салып, қызылша өсіріп бел шешпей еңбек еттім. Осының нәтижесінде совхоз 1978-1979 жылдары мемлекетке қата­ры­нан 1 миллион пұттан астық тап­сырып отырды. Шаруашы­лық­қа сол кездегі республика бас­шы­сы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев келіп совхоздың тыныс-тіршілі­гіне жоғары бағасын берді. Бұл жылдар менің өмірімнің ең бір қуанышты сәттері деп білемін. Совхозға келген жас маман Рах­манәлі Әбдіқадырұлы егіс са­ла­сын жоғары деңгейге көтере біл­ді. Идеялық санасы жоғары жас маманның іскерлігін, ұйым­дас­тырушылық қабілетін байқа­ған аудан басшылары оны 1980 жылы «Жаңатұрмыс» колхозына партия ұйымының хатшысы етіп жіберді. Бұл жерде де Базарбай Сүлей­ме­нов, Таматай Сенбиев, Әз­ім­хан Нұртаев, Жаһангер Мыр­залиев секілді білікті адамдармен қызмет­тес болған жас саяси жетекші ау­ыл­дың әлеуметтік-мәде­ни өмірін жақ­сартуға, жастардың бос уақытын мәнді өткізуге үлкен үлес қосқан­дығын осы күнде ауылдың көнекөз адамдары жыр қылып айтып отырады. Одан 1986-1988 жыл­да­ры ауыл шаруа­шылық саласы кө­лемді аудандық партия комитеті­нің ауылшаруа­шы­лық бөліміне басшылық жа­сады. Аудан көле­мін­де партиялық жұмыстың қыры мен сырын те­рең игеруде үлкен қамқоршы бол­ған білікті саяси қызметкерлер сол кездегі аудан­ның бірінші бас­шылары Әлмұхан Иса­­ховты, Тұр­сынхан Мүсірәлиевті және бюро мүшесі Қамбарбек Иманалиевті менің ұстаздарым­ның ұстазы деп Рахманәлі Әбді­қадырұлы әрқа­шан мақтан тұтады. Еліміз егемендік алып, Президенттік басқару жүйесі енгізілген тұста алғашқы қиындықтардың көп болғандығы ешкімге жасы­рын емес. Осы кезде шаруасы шай­қалып, моральдық-психоло­гия­­лық ахуалы қиындап кеткен Абай атындағы колхозға Рахманәлі Әб­діқадырұлы төраға болып сай­лан­ды. Бұған дейін өмірлік тәжі­ри­бесі бар адамдардан тәлім-тәрбие алып, шаруашылық өндірісінің қыр-сырын меңгеріп, идеология­лық жағынан шындалған жас жігіт ісі құлдырап кеткен шаруа­шы­лықты тез арада көтеріп озаттар қатарына қосты. Жас басшының іскерлігінің арқасында қызылша егістігінің көлемі ұлғайып, одан алынатын өнімдер молая түсті. Мал шаруашылығы өз төлі есебінен өсе бастады. Ең бастысы – қым-қиғаш өзара айтысып жа­та­тын ауылда ыңтымақ орнады, бірлік нығайды, алаңсыз жұмыс атқаруға психологиялық ахуал қа­лыптасты. Мұның барлығы да білікті басшының адамгершілік қа­сиетінің, ұйымдастырушылық қа­білетінің жемісі екендігі даусыз. Одан кейін де түрлі басшылық қызметтердің тізгінін ұстап келе жатқан Рахманәлі Әбдіқадырұлы әрдайым биік белестерден көрі­ніп келеді. Оның елі мен жеріне сің­­ген еңбегі елеусіз емес. Аудан­ның құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, ел сеніміне ие болып, 1999-2003 жыл­да­ры аудандық мәслихаттың депу­та­ты болған жан. Ал ірілі-ұсақты алған марапаттаулары өзінше бір төбе. Ауданына сыйлы, еліне қадір­лі Рахманәлі Әбдіқадырұлы 2003 жылдан Т.Рысқұлов ауданының әлеу­меттік-экономикалық өркен­де­уіне біршама үлес қосып, ау­дан­ның ауылшаруашылық секто­рына инвестиция тартуда бүгінгі күнде өзі басқарып отырған «Құ­лан-Дән» қаржылық мекемесінің атқарып отырған ауқымды істеріне халық ризашылығын білдіруде. Ол жан жары Келсін Қадыр­қызы екеуі алтын асықтай бес ұл-қызды тәрбиелеп өсіріп, үлкен шаңырақтың түтінін түзу шыға­рып отырған үлгілі отбасы. Аза­мат­тық келбетін сақтап өзі бас­қарып отырған ұжымның, аудан тұрғындарының сый-құрметіне бө­­леніп жүрген замандасымыз, бі­лікті басшы Рахманәлі Әбдіқа­дыр­ұлы міне, осындай жан. Тұрсынхан ЖАМАНБАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.