• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2011

Табиғат қиянатты көтермейді

353 рет
көрсетілді

Кеше Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде ведомство бас­шы­сы Нұрғали Әшімнің төрағ­а­лық етуімен және еліміз Бас про­курорының орынбасары Андрей Кравченконың қатысуымен «Та­биғат пайдаланушылармен эколо­гиялық заңнаманың сақталуы ту­ралы» мәселесін талқылаған ми­нистрліктің кеңейтілген алқа отырысы болып өтті. Оған мемлекеттік орындардың жауапты қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Экологиялық реттеу және ба­қылау комитетінің төрағасы Са­ғын­бек Мұташев өз баянда­масында құқық бұзушылық­тар­дың төмендеуі табиғат пайдала­ну­шылардың жауапкершілік дең­гейін арттыруға бағытталған ми­нистрліктің табиғат қорғау сая­сатының іске асырылуының нәти­жесі болып табылатындығын жет­кізді. Сондай-ақ, ол бұл тұста заң бұзушылықтардың алдын алу­ға және өндірістік бақылауды кү­шейтуге бағытталған бақылау инспекциялық қызметті реформалау да үлкен маңызға ие екендігін назардан тыс қалдырмады. Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко табиғат қорғау заңнамасының бұзылуын азайту­ға мүмкіндік беретін прокуратура ор­ган­дарының ұйымдастыры­луы­мен жүргізілген тексерудің ма­ңыз­дылы­ғын атап өтті. Алқа оты­рысында штаттан тыс жағдайлар нәтиже­сін­де техникалық жабдық­тау жұмы­сын­да алаулардағы ілеспе газдарды жағу есебінен зиян­ды заттар шы­ғаруға тұрақты түр­де жол беретін кәсіпорындардың жұмыстары да айтылды. Олардың қатарында «Те­ңізшевройл» ЖШС, «Норт Кас­пиан Оперейтинг компании Б.В.» сынды компаниялар бар. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Арселор Миталл Теміртау» АҚ және «Қазцинк» ЖШС сияқты ірі металлургиялық ком­би­наттарында шаң және газ тазарт­қыш жабдықтарды пайдалану ережесінің бұзылуы, оның ішін­де шаң және газ тазартқыш құ­бырларының тесілулері мен бұ­зылулары орын алған. Өткен жылы ғана еліміз бойынша эколо­гиялық заңнаманы бұзғаны үшін жалпы сомасы 5,8 млрд. теңгеге 8203 айыппұл салынып,оның 5,02 млрд. теңгеге 7142 айыппұлы өндірілген. Басқосуды қорытындылай келе министр Нұрғали Әшім таби­ғат пайдаланушылар экологиялық заң­на­ма талаптарын сақтауға ішкі ба­қылауларды күшейтулері мен та­биғат пайдалануға рұқсат құ­жат­тарын алу кезінде әзірленетін та­биғат қорғау іс-шараларын то­лық көлемде іске асырулары керектігін жеткізді. Сонымен бірге өндірістік нысандарда штаттан тыс жағдай­ларды болдырмауға бағытталған шаралар кешенін әзірлеулері тиіс екендігіне ерекше тоқталды. Жиын соңында ведомство бас­шысы БАҚ өкілдерін келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтап, қоршаған ортаны қорғау саласын көрсетуге үлес қосуда белсенділік танытып жүрген журналистерге арнайы алғыс хаттар мен сый-сия­паттар жасады. Сондай-ақ, бір­қа­тар сала қызметкерлеріне «Эко­ло­гия ісінің үздігі» атағын табыс етті. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.