Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен Алматы қаласында «Қазақстан Интернет ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігі «Терроризм, нашақорлық, порнография, зорлық-зомбылықты насихаттайтын контент» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Интернет – бүгінде ақпараттың қайнаған көзі болып табылады. Алайда, интернет ағымында тек пайдалы әрі жағымды ақпарат қана кездеседі деп қателесуге болмайды, өйткені, бүгінгі таңда осы ақпарат көзі арқылы діни және ұлтаралық дүрдараздықты қоздыру, экстремизм, терроризм, нашақорлық пен зорлық-зомбылықты, порнографияны насихаттайтын заңсыз қолданушылар да көптеп табылуда. Дөңгелек үстелді өткізгендегі мақсат, қазақстандық тұтынушыларға, оның ішінде, әсіресе, балалар мен жасөспірімдерге қауіпсіз ақпараттық орта қалыптастыруды қамтамасыз ету және заңсыз ақпарат тарату көздеріне жол бермеу қағидасын қалыптастыру болып отыр.
Аталған басқосуға қоғамдық бірлестіктердің басшылары, танымал интернет-ресурстардың өкілдері, байланыс операторлары және ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, өз ойларын ортаға салды. Осы жылдың маусым айында қазақстандық 15 байланыс операторлары мен хостинг-провайдерлері «Қауіпсіз интернет туралы» декларацияға қол қойған еді. Соған сәйкес Қазақстан Республикасы заңдарын ақпаратты-коммуникациялық технологиялар бағытындағы қарым-қатынаста нәтижелі пайдалану көзделген. Қол қоюшы тараптардың айтуынша, заңға қайшы келетін ақпараттық-насихат көздерінің қысқартылуы нақты мәлімет пен пайдалы қызмет ұсынатын сапалы ресурстардың дамуына ықпал етеді.
Нақты мәліметке сүйенсек, Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық полиция комитеті келтірген ақпарат бойынша, 2010 жылы ақпараттық технология саласында 1800 құқық бұзушылық орын алған. Соның ішінде, екі жүзге жуық қылмыстық іс қозғалып, контрафактылық өнім өндіруге қатысты 81 оқиға, арнайы техникалық құралдарды заңсыз пайдаланған 6 оқиға, басқа біреудің есебінен интернетті пайдаланған 21 оқиға тіркеліп, порнографияны таратумен айналысқаны үшін 61 қылмыстық іс, зорлық-зомбылықты насихаттағаны үшін 4 қылмыстық іс қозғалған.
Қоғамда ғаламтор арқылы қылмыстың етек алмауы үшін бастамашылар интернет және телефон байланысы арқылы толассыз жұмыс істейтін «қызу байланыс желісін» іске қосуды көздеп отыр. Осы орайда www.safekaznet.kz сайтын қолданысқа енгізбек. Ұйымдастырушылар осы тақырыпты тереңірек қозғайтын дөңгелек үстел өткізу шарасын дәстүрге айналдырып, аталмыш сайт (www.safekaznet.kz) келешекте мемлекет, бизнес және қоғам өкілдерінің «қауіпті ақпарат ұсынушылар» тарапынан арандатуға ұшырамай, тиісінше қоғамдық қарым-қатынастың нәтижелі тәсілдерін талқылау алаңына айналады деп сенім артып отыр.
Қанат ЕСКЕНДІР, Алматы.