• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
28 Маусым, 2011

Ұйымның Орталық Азиядағы ең белсенді мүшесі

445 рет
көрсетілді

Түркияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Лале УЛКЕР ханыммен әңгіме – Елші ханым, Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төр­аға­лық етуі оның жұмысына жақсы нышан, жаңалық алып келеді деп ойлауға бола ма? Сіздің еліңіз Қа­зақ­стан өз төрағалығы тұсында қандай мәселелерге мән беруін қалар еді?  – ИКҰ-ның Орталық Азиядағы ең белсенді мүшесі – Қазақстан. Кеңестің кезекті сессиясының Қазақстанда өтуі осының нәтижесі. Қазақстан, әсі­ресе, Орталық Азиядағы ИКҰ-ға мүше өзге елдерге ұйымға белсенді түрде қа­тысу жағынан үлгі болып, оларды ын­та­ландыра алады. Ұйымның жұмысында Орталық Азиядағы саяси, экономикалық, әлеуметтік, білім және ғылым салала­рын­дағы шараларға қатысуын және үлес қосуын қамтамасыз ете алады. Осы орайда, ИКҰ Сыртқы істер министрлері ке­ңесінің сессиясы кезінде Орталық Азияда өткізілетін қосымша шаралар осындай үдерістің бастамасы болмақ. Қазақстанның халықаралық қоғам­дас­тық алдындағы тәжірибесі мен әлеу­еті ескерілетін болса, жаһанда және өңірде туындауы мүмкін және мұсылман елдеріне өз әсерін тигізетін саяси, әлеу­меттік және гуманитарлық мәселелерде төраға ретінде берілген өкілеттіктер мен өзге де тетіктерді пайдалану арқылы ал­дын алушы және әсерлі дипломатиялық қызмет атқара алады. Әрине, Қазақ­стан­ның гуманитарлық көмек саласында да ИКҰ-ға елеулі үлес қосуы және ИКҰ-мен кеңесе отырып, дамуды қамтамасыз ететін қажетті көмектерді арттыруы мұ­сылман елдерінің халықтары алдында төрағаға үлкен күш және бедел әпереді. – Сіздің ойыңызша, ИКҰ-ға мүше елдер арасындағы интеграция деңгейі қандай дәрежеде? – Мұсылман елдері арасындағы ық­пал­дастық пен ынтымақтастықты ны­ғай­ту – ИКҰ-ның негізгі қызметтерінің бірі. Ұйымнан мұсылман елдері арасындағы өзара қарым-қатынастарды арттыруға ық­пал етуі және оны жеңілдетуі күтіледі. Ұйым бұл қызметін қазіргі таңда өзінің саяси, экономикалық, мәдени және ғылы­ми салалардағы құрылымдары, қорлары және одақтары мен институттары арқылы жүзеге асыруда. Алайда, әсіресе, дамыту және гуманитарлық көмек салаларында қаржы көздері мен тетіктерді жетілдіріп, оған қоса саясатқа белсендірек қатысқан жағдайда ұйымның беделі арта түседі және осының нәтижесінде қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығы мен ықпалдастығы нығаяды.  – Жасырын емес, егер әлдебір теріс пиғылды әрекет орын алса, оған «ис­лам экстремизмі» деген ат бірден та­ңы­лып жатады. Ал сіздің елдің баста­масымен өтіп жүрген Өркениеттер Альянсы мен Ислам Конференциясы Ұйымы арасындағы ынтымақтастық­тың осындай теріс әрекет пиғылдардан арылуға, өркениеттер арасындағы тү­сі­ністік орнауындағы атқарар рөлі қан­шалықты? Жал­пы, әлемде исламға де­ген оң көзқарасты қалыптастыруда қан­дай қадамдар жа­са­луы тиіс? – Өркениеттер Альян­сы өз жұмысын Испа­ния Премьер-Министрі Сапатероның ұсынысы бойынша 2005 жылы елі­­міздің Премьер-Ми­нистрі Реджеп Тайип Эр­доған мен Сапатеро тарапынан бас­та­ды және кейін Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Бас хатшысының да қолдауына ие болып, жұмысын БҰҰ аясында атқара бастады. Альянс соңғы жылдары орын алып жат­қан шеттетулер мен түсін­беу­шіліктерді тек қана мәдениеттер ара­сын­дағы өзара сыйластық арқылы жоюға болады деген түсінік негізінде құрған. Бастама барша қоғамның даму, қауіп­сіздік, қоршаған орта және өркендеу мә­се­лелерінде бір-біріне тәуелді екенін негіз етіп алады және ең әуелі жалған сенім, қате түсінік және келіспеушілікті болдырмау үшін ортақ саяси ерікті қалыптастыруды мақсат тұтады. Өз жұмысын бастағаннан бергі уақыт ішінде маңызы арта түскен Альянс қазіргі таңда мәдениеттер және діндер ара­сын­дағы үнқатысуда алдыңғы қатардағы жо­ба­ға айналды. БҰҰ-ның жанында құ­рыл­ған Достық тобының мүшесі соңғы қаты­су­шыларды да есептейтін болсақ, 120-ға жет­ті. Өркениеттер Альянсы мен ИКҰ ара­сындағы нығаю үс­тіндегі ынты­мақ­тас­тық ислам дініне деген қате түсі­нік­тер­ді жоюға, оң көз­қарас қалып­тастыруға өз үлесін қосары сөзсіз. – Исламдық эко­но­мика, исламдық мә­дениет пен өркениетті дамытуда ИКҰ-ға мү­ше елдер қандай мәсе­лелерді алдыңғы ке­зек­те қарастыруы тиіс?  – Исламофобиямен белсенді күрес, мәде­ниет­тер арасында үн­қа­тысу, мұсылман азшы­лық топтарды қорғау және олармен ықпал­дас­тықта болу, Палес­ти­на, Ирак, Судан және Ауғанстан сынды тұрақсыз аймақтардағы ұлттық келісім мен бейбіт өмірге үлес қосып, эконо­ми­ка­лық тұрғыдан дамуларын қолдауға, ИКҰ-ға қатысушы жетік дамымаған елдерге бағытталған жаңа және жасампаз бағ­дарламаларды жүзеге асыруға басты на­зар аударғаны жөн. ИКҰ-ның гумани­тар­лық көмек шараларын жетілдіріп, жария­лылығы мен айқындығын арттыру да өте маңызды. Мәдени тұрғыдан, Түркия ИКҰ арқылы және екіжақты байланыстар шеңберінде Ұйымға мүше өзге елдерге ізденушілік, бакалавр және магистратура бағдарламалары үшін грант бөледі. Грант­тар дінтану, тарих және ислам өне­рін қамтитын салаларда да қолданылады. Сонымен қатар, ИКҰ жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу ор­талығының (IRCICA) штаб-пәтері Түр­кия­да орналасқан. Орталықтың ислам өне­рі мен тарихы тақырыбындағы ең­бектері мен деректерін ИКҰ-ға қатысушы елдердің барлығы жоғары бағалайды.  – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.