Ислам конференциясы ұйымына (ИКҰ) төрағалық биыл Қазақстанға өтпек. ИКҰ – ислам мемлекеттерінің халықаралық одағы 1969 жылдың 25 қыркүйегінде құрылған. Ұйым 57 мемлекеттен тұрады, қазіргі уақытта өзінің құрамы жөнінен БҰҰ-дан кейінгі екінші орындағы ең ірі ұйым. Қазақстан ИКҰ-ға 1995 жылдан бастап мүше. Осы күндері Астанада өтіп жатқан ИКҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінде дүниені дүр сілкіндірген араб әлеміндегі қақтығыстар және оны шешу жолдары назарда болары даусыз.
Елбасымыз Н.Назарбаев «мұсылман Давосы» деген атқа ие болып үлгерген 7-ші Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумында біздің ислам әлеміне қатысымыз, оның мыңжылдық тарихы мен қазіргі уақыттағы заманауи қатынастарға деген қолайлы жағдайларын терең тұжырымдады. Ислам әділетті дін немесе әділеттің діні. Ол Алла жолында ішкі қанағат пен шүкіршілікке жүгініп, осы арқылы адам жанын бұзбай сақтауға негізделген. Егер бұл ережені адамзат баласы түгел ұстанса, онда қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болар еді. Мұны исламға дұшпандық көзқарастағы мемлекеттер мен тұлғалар да мойындайды.
Елбасы айтқандай, ислам біртектес дін. Демек, құндылықтар тұрғысында қайшылық жоқ. Ислам қауымдастығының беделі қазіргі уақыттағы саяси-экономикалық ахуалға байланысты жаңаша қарқын алып келеді. Алайда кешегі Ислам елдері форумы көрсеткендей, олардың ішкі даму үлгілері біртектес болмай отыр. Президентіміз осы Форумда сөйлеген сөзінде ислам дамуының үш басты бағытына терең талдау жасады. Оның алғашқы екеуінің күні өткенін, заманауи қауіп-қатерлер мен сестерге төтеп бере алмайтынын ашып айтты. Сөйтіп, үшінші бағыт – ислам әлемін жаңғырту стратегиясын қолдады. Ол – білімге, ғылымға, жаңа технологияға негізделген жаңғыру. Бұл тек араб елдері ғана емес, бүкіләлемдік дамудың, оның ішінде Қазақстанда бар даму тенденциясы, векторы еді. Елбасымыз бұл жерде ислам елдеріне сырт көзбен қарап, біреуге жол көрсеткен жоқ, керісінше ислам әлеміне Қазақстан да кіретінін, айтылған пікірдің олармен бірге біздің елімізге де тікелей қатысы бар екенін білдірді. Заманауи даму – әр ел өзінің ерекшелігін сақтай отырып даму, міне, басты бағыт осы. Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалығы кезінде осы мәселелер тыңғылықты шешімін табады деп ойлаймыз.
Мұсылмандар адамзаттың бестен бір бөлігін құрайды. Бірақ барлық саладағы жетістіктердің бестен бір бөлігі ислам әлеміне тиесілі деп айта алмаймыз. Батыста бар жетістіктер ислам елдерінде жоқтың қасы. Кейбір ислам елдері модернизациялау «исламның канондарын бұзады, таза ислам діні бұзылады, одан пайда жоқ» дегенді желеу етіп, консервативтік бағытты ұстанады. Егер де біз тарихқа тереңдей қарасақ, Елбасымыз айтқандай, антикалық дүниемен жаңа дүниенің арасын жалғаған ортағасырлық араб өркениеті екендігін көреміз. Ал араб өркениеті, мәдениеті, ғылымы, әсіресе, философиясы мен поэзиясы, архитектурасы мұсылман дінінің жеңісімен, осы негізде құрылған аса қуатты мемлекет – Араб халифатының қанат жаюымен тікелей байланысты. Адамзат дамуының антикалық биік шыңы – Грек-Рим өркениеті Араб дүиесінде жанданып, арабтардың Испаниядағы жүз жылдық билігі арқылы Еуропаға өтіп, ол жақта қайта өрлеу дәуірін өмірге алып келді. Мұның өзі дамуда Еуропаны алдыңғы шепке шығарып, Батыстың әлемдік басымдығын орнықтырды. Еуропа сондықтан да осы тарихи метаморфозаны ұмытпай, ортағасырлық араб мәдениетінің алтын қазығы – ислам дінін әркез шапағатпен еске алып отырса, құба-құп болар еді. Егер мәселеге осы қырынан қарасақ, араб елдері мен Шығыстың басқа да мұсылман елдерінің артта қалушылығы ислам дініне байланысты деген адасушылығы жоққа шығады. Ислам керісінше ғылым мен білімді уағыздаушы ілім.
Исламның біршама елдері қазір ауқатты, өзінің байлығын ұқыпты пайдалану арқылы әлемдік қауымдастықта ықпалға ие бола бастады. Әлемдік мұнай қорының 70 пайызы, газдың 50 пайызы осы ислам елдерінің еншісіне тиеді. Адамзат баласының едәуір бөлігі ислам дінін ұстанады. Оның қатары күн санап көбеюде. Ислам мемлекеттерінің қолында мол мөлшерде қаражат бар. Олар өз ақшасын қауіпсіз сақтандыру үстінде. ИКҰ-ға төрағалық ислам елдерінің халалға негізделген қуатты инвестициясын жеделдететіні дау тудырмайды. Алайда, ислам елдері байлығының негізгі көзі – шикізат экспорты. Ал оның қоры шектеулі. Олар қазіргі кезде заманауи инновациялық жетістіктерді игеріп жүр ме?
Ислам елдері Батысқа шикізаттан басқа ешнәрсе сата алмайды. Арагідік шыққан, негізінен тұрмыстық тұтыну, тоқыма, қолөнер заттары Батыстың сапалы тауарларымен бәсекеге түсе алмай отыр. Олар өз тауарларын өткізетін рынок іздеуде. Ислам елдерінде жоғары технология, инновациялық өндіріс, білім және ғылымға қолдау көрсетушілік Батыс елдерінің стратегиялық жоспарына енбеген немесе әдейі енгізілмейді. Ислам елдері мұны жақсы біледі. Шикізат көзі таусылады. Сонда келешекте олар қалай өмір сүреді? Міне, бұл даму жолындағы және дамуда артта қалған елдердің алдында тұрған күрделі мәселе. Сондықтан олар да дамыған елдермен одақтасып, экономикалық, саяси қатынастар жасауға өзіндегі барын бере отырып, жоғын алу саясатын қолдайды. Бұған бейбітшілік пен тұрақтылық қажет. Кейбір ислам елдеріндегі даму нақ Еуропадағыдай бола алмайды. Сондықтан өз мүмкіндігі келетін өндірісті қолдап, өз елінің ерекшелігіне келетін экономиканы таңдау керек. Мысалы, Сауд Арабиясында ауыл шаруашылығы Аргентина не Бразилиядағыдай дамиды екен деп айту қиын. Жаратылыс қазір өзінің орнында және адами тіршілікте өзімен есептесуді талап етеді. Сондықтан әлем бірігуге ұмтыла отырып, өзара еңбек бөлінісіне де көңіл аудару қажет.
Парсы шығанағындағы және Араб түбегіндегі бай елдердің инвестициялық мүмкіндігін қалай пайдалануға болады? Осы уақытқа дейін біздің ислам әлемімен байланысымыз әлсіз болып келді. Бұған дейін біз сауда-саттықтағы басты әріптестеріміз Батыс, Ресей және Қытай болып келсе, енді ислам әлемімен қарым-қатынас, сауда-саттық жасаудың оңтайлы кезеңі келді. ИКҰ осы қатынастардың күрмеуі қиын, қордаланған мәселелерін шешеді деп күтілуде. Бұл мәселені Батыс күн тәртібіне әлдеқашан қойған. Ресей енді кірісіп жатыр. Бірақ қанша дегенмен, олардың арасындағы діни құндылықтар қайшылығы едәуір кедергі жасап отыр. Бұл тұрғысынан Қазақстанның жағдайы жаман емес. Қазақ халқының ислам әлемімен жақындығы өз алдына, біздің менталитетіміз ұқсас, дініміз ортақ.
Қазақстан еуразиялық мемлекет. Тұрған жері геосаяси жағынан аса қолайлы, жері шикізатқа бай. Алайда көп жыл Кеңес Одағының құрамында болғандықтан, экономикасы біржақты дамыған-ды. Қазіргі кезеңде өзін-өзі толық өндіретіндей дәрежеге қол жеткізу үшін барлық мүмкіндікті жасауда. Тәуелсіздік жылдары Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың басшылығымен бұл саясат дұрыс жолға қойылып, әлем мойындаған деңгейге көтерілді.
Жақында Брюссельде Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалығының перспективасына арналған конференция болып өтті. Осы жиында халықаралық сарапшылар «Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы көпір бола алады. Қазақстан бұған дейін ЕҚЫҰ-ға өте сәтті төрағалық етті. Осыған байланысты Қазақстанның мол тәжірибесі бар, осы тәжірибе ислам елдері мен басқа елдердің арасындағы ең өзекті проблемаларды шешуге көмектесер еді» деген пікірге тоқталды.
Қазақстан ИКҰ-ға төрағалыққа күрделі кезеңде кірісіп отыр. Мысалы, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы қақтығыстар, Оңтүстік және Орталық Азиядағы тұрақсыздықтар өз шешімін күтіп тұр. ИКҰ-ның көптеген елдері жаһандық экономикалық дағдарыстың салдарынан естерін енді ғана жинап келеді. Қазақстан ИКҰ-ға төрағалықты күрмеуі қиын мәселелерді оңтайлы шешуге күш салып, абыроймен орындап шығарына сенім мол.
Руслан РҮСТЕМОВ, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы.