• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
29 Маусым, 2011

Сағынып келген ағайын сансырап қалды

539 рет
көрсетілді

Рудный қаласында оралмандар алаяқтардың құрбанына айналуда «Етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?» деген сөздің неге айтылғанын Өзбек­станнан келген оралман Жапқараев Данияр мен Хақназарова Рәзияның отбасы енді біліп отыр. Атажұртқа аңсап жеткенде табанына шөң­ге кіргендей кіріптар халге түсеміз деп ой­ламап еді. Өздерінен тараған бес бала, үлкен екі қызының отбасы барлығы он екі жан үш бөлмелі үйде тұрып жатыр. Жарайды, аядай үш бөлмеде қы­сы­лып-қымты­ры­лып тұрғанын да уақытша қиын­дық қой деп, көнер еді. Сол сатып алған пә­терінен қай күні шығарып тас­тай­тынын ойла­ған­да арқасын мұз қарығандай бо­ла­ды. Алаяқтардың торына қалай түс­ке­нін өздері де білмей қалды. Осын­ша жанның қаң­ғы­рып көшеде қал­мауына ешкім кепіл болып отыр­ған жоқ. Қазір Рудный қаласында пә­тер иесі Игорь Костенконың ша­ғы­мы бойынша азаматтық сот өтіп жатыр. Сот әлі аяқталған жоқ, ал баспана әзірге аспанда ілулі тұр­ған сияқ­­ты. Ақша алаяқтың қолында кет­кен, ал баспананың кімге бұйы­ра­ры белгісіз. Адам тағ­дыры қыл үстінде. Әңгіме былай болған. Науаи облысындағы Үшқұдық қаласында Данияр мен Рәзия жаман тұрған жоқ. Бес бала тәрбиеледі, Рәзия қала­лық әкімдікте бухгалтер, Данияр бір кәсіп­орын­да жүргізуші болып істеді. Өздеріне жетерлік жап-жақсы тұрмысы болды. Бірақ Қазақ­станға қо­ныс аудару Үшқұ­дық­тағы өзге қандас аға­йын­дар сияқты бұлардың да арманы бола­тын. Олар да алдына мақсат қо­йып, кезегі келгенде еш­теңеге қа­ра­­май, үй-жайын тиын-тебен­ге сат­­ты да, жиылып атажұрт қайда­сың деп тар­тып отыр­ды. 2008 жыл­дың күзінде Рудный қала­сы­на көшіп келді. Осында Үшқұдықтан келіп жат­қан таныстары, туыстары да жетерлік, со­лар­ға қарайлас жүрейік деп ойлады. Мұнда келген соң алдымен азаматтықты жедел ала алмады, кешігіңкіреп болса да қолына мемлекет тара­пы­нан берілетін жәрдем ақша тиді. Рудный мен Качар кентіне келіп жатқан оралман ағайын­дар қолына жәр­дем ақша тиісімен арзан пәтер іздейді. 2009 жылы Жапқараевтар отбасындағы жеті жан үшін барлығы 1 миллион 130 мың теңге жәрдем ақша алады. Бұл қар­жыға, әрине, пәтер келмейтін еді. Олар өздері­нің де жиған-тергенін қо­сып, сатып алатын баспана іздей бастайды. «Білмейтін жердің ой-шұқыры көп» деген емес пе, оларға өздерінен бұрын келген оралман ағайындар газеттегі ха­бар­ландырулар арқылы саты­ла­тын пәтерлердің бағасы қымбат екенін айтады. Сондықтан көпші­лігі арзан пә­тер­ді қаладан жаяу-жалпы­лап іздейтін көрінеді. Жап­қараев­тар да үй іздеп көше кезді. Кім білсін, ерлі-зайыпты Данияр мен Рәзияның көрер қиындығына, таланына кез келген кезенді ме, әлде әбден тісқақты болып қалған неме орал­мандарды өзі аңдыды ма, әйтеуір, оларға Сегізбаев Нұр­лы­бек деген жігіт көшеде кездесіп, арзан пәтерді білетінін айтады. Ол Жапқа­раев­тарды қаланың Мир көшесіндегі 4-ші үйдің 18-ші пә­теріне алып келеді. Үш бөлмелі пәтер тым азып кеткен екен. Жөн­деу көрмеген, санитар­лық тазалы­ғы да пысық шаруаның мал қора­сы қатарлы пә­тер­дің бағасы да нарықтан төмен саудаланады. 2009 жылы Рудный қаласында үш бөл­мелі пә­тер 18 мың АҚШ дол­лары­нан кем болмайтын. Ал мына пә­терге Сегізбаев 12 мың доллар сұ­рай­ды. Бұл қаржысы аз, бірді бірге жалғап жүрген оралмандар үшін қолайлы вариант еді, олар пәтерді сатып алатын болады. Оның кем-кеті­гін өздері жөндеп, ішін таза­лып алуға да мо­йынсұнады. Бұл кезде Жапқараевтар әлі Қазақ­стан азаматтығын алмаған болатын. Нау­рыз­дың 17-і күні екі жақ нота­риус­қа келіп, пәтерді өздерінен бұрын көшіп келген немере келіні Жапқараева Гүлмираның атына рә­сім­дейді. Но­тариусқа екінші жақ­тан Сегізбаев Нұр­лы­бек, пә­тер­дің иесі Игорь Костенко сенімхат бер­ген Ольга Левицкая келеді. Пәтерді арзан алғанына алыстан келген ағайын қуа­нып, ақысының 9 мың долларын береді де, қал­ған үш мың долларды бөлшектеп беруге келіседі. Оған Сегізбаев жыл­маңдап көне кетеді. Бірақ пәтер иесінің 200 мың теңгеге жетіп қал­ған ком­муналдық қарыздарының барлығын да Жап­қараевтар төлей­ді. Келісім бойынша бәрі де дұрыс сияқты еді, әттең бұл Жапқараев­тар үшін құтсыз үй болып шықты. Арада 2-3 күн өтпей-ақ пәтердің Алматыда тұратын иесі Игорь Костенкодан хабар келді. Пәтеріне Жап­қараевтар­дың көшіп келіп жатқандығын оған көршілері айтса керек. Ол өзінің қаладағы сенген өкілі арқылы 20 наурыз күні Рудный қалалық ішкі істер басқар­масына осы факті бойынша шағым арыз береді. Екінші жақтан Жап­қараевтар да алаяққа алданғанды­ғы тура­лы қалалық ішкі істер басқармасына арыздана­ды. Мына «қызық­ты» қараңыз, нотариуста пәтерді рәсімдеуге қатысқан екі жақты беттестіруге жүйкесі ауыра­тын Ольга Левицкаяны апасы ертіп келді. Пәтер түгіл жан қайғы бо­лып, аурудың азабын тартып жүрген байғұс же­ке басының куәлігін жоғалтып алған көрі­неді. Ал 2009 жылғы 17 наурыз күні пә­тер­ді рәсімдеуге Ольга Левиц­кая­ның рөлін басқа әйел келіп «ой­нап» кеткен. Беттестіру кезінде Рә­зия Хақ­назарова Ольга Левицкая­ны бірінші рет көріп тұрғанын айтты. Алаяқтық қалай басталған? Рудныйдың жанындағы Качар кентіндегі нотариус Чабанова Сегіз­баев­қа се­нім­­хат­тың бос бланкасы­на өзінің мөрін басып береді. Сегізбаев әлгі жоғалған куәлік бо­йынша Ольга Левиц­каяға пәтер иесі Костенконың аты­нан сенімхат жазып алады. Сонда пәтерді рәсім­деген нотариус Мария Сергеева куәлікте­гі сурет пен Ле­ви­цкаяның орнына келген әйелді қалай ажы­ра­та алмаған? Екінші жақтың әкел­ген құжат­тары­ның барлығы да архив кө­шір­мелері. Жарайды, мұ­ны да заң көтереді делік. Дегенмен, өз ісіне адал қарайтын нотариус құжат­тар­дың кез келген әрпі мен қойылған қолға кір­пияздық­пен қарар болар еді. Костен­ко­ның арызы бойынша жүріп жатқан аза­мат­тық сотта оның мүддесін қор­ға­ған адвокат көр­сеткен құжат­тар­да пәтер иесінің қойған қолы бір-біріне ұқсамайды. Яғни, Левиц­кая­ның атына жасалған сенімхат­та­ғы Костенко­ның қолын өзге біреудің қойған­дығы көзге ұрып тұр. Аза­маттық сот демекші, «бір үйлі жан­­ды сазға отырғызып кеткен, бір емес, бірнеше адамды арам пи­ғы­лының құр­ба­ны еткен алаяқтар ісі неге қылмыстық сотта қа­рал­­май­ды?» деген сауал кімнің де болса кө­кейінде тұрғаны белгілі. Жапқараевтардың ары­зы бойынша Сегізбаев­тың үстінен 2009 жыл­дың 20-шы наурызында-ақ қыл­мыс­тық іс қозғалған. Бірақ ол екі жылдан аса уақыттың ішінде бірнеше жабылып, бірнеше рет қайта жалғасқан. Осы уақытқа дейін тер­геу­шілер ешқандай күдікті мате­риал­дарға экспертиза жүргізбеген, еш­қандай талданған, анықталған, қолға ұстар ештеңе жоқ. Ал алаяқ­тықпен қолға түсірген ақшаны қал­таға басып, екі бірдей отбасын дел-сал күйге салып қойған Нұр­лыбек Сегізбаев қалада ештеңе болма­ған­дай жү­ріп жатқан көрі­неді. – Өзімізде жұмыс жоқ, медбике болып істейтін қызымның алатын 25 мың теңгесіне бір үйлі жан қарап отырмыз. Рәзия екеуміз Таран ауда­нын­­дағы Набережный деген ауылға ба­рып, жұрт­қа жалда­нып күнімізді көріп жатыр­мыз. Рәзия ауылдағылардың сиырын сауып, мен кә­ріс­тердің еккен бақ­ша­сын күткенде күніне ала­ты­ны­мыз 400 теңге. Өз елімізге келіп, осын­дай кіріптарлыққа тап бол­дық, – деп күйінеді Данияр. – Біз пәтерді алғаннан кейін бес күнге толмай алаяқтардың құры­ғы­на ілінгенімізді анық білдік. Қала­лық ішкі істер басқар­ма­сына арыз да бердік. Алайда, олар­дың жедел атқарған жұмысын көр­медік. Қала­лық ішкі істер бас­қар­масына барып шаршадық, қыл­мыстық іс тергелмейді, ол туралы ешқандай жұмыс жүрмей­ді. Оған барып, аяғы­мыз­дан тоздық. Бір тергеуші біз алған пәтердің құ­жа­­тын сұрайды, тіркейміз деп. Біздің алдан­ғанымыз сондай, құжатты оның қолына ұстату­ға қорқып, кө­шір­месін бердік. Біз­дің үйдің құ­жатын тіркету тергеу­ші­нің құ­зы­ры­на кіреді деп ойла­май­мын. Орал­ман­дарды түк білмейтін аңқау көреді. Мұндай қиын­­дыққа кезігіп отырғанымыздың бар­лығы да, жергілікті жердің жағ­дайын білмегендігімізден болды. Өзіміз туып-өскен Өз­бекстанда бол­са осынша­лықты бей­шараның күнін кешпес едік. Жағ­да­йы­мыз мұнан жақсар­маса, Қазақ­стан­дағы Өзбекстан елшігіне барып, кері қай­туға көмек­тесуін сұраймыз, – дейді тұрмыс­тың ауыр­лығынан шар­­­шаған Рәзия да ашынып. – Алаяқтарға алданғандар бір Жапқараев­тар емес, бізге мәлім кемінде 6 отбасы бар. Ал орал­ман­дар­дың өздерінің айтуынша, осы арсыз адам­­дардың әрекетінен зардап шегіп жүрген­дердің қатары он­шақты көрінеді. Олардың жағ­дайы ешкімге керек емес. Алда­нып қалған жан­­дар поли­ция­ға арыздануға да қорқады. Арыз­­дансақ бала­ларға біреу жаман­дық жасап қояды деп сескенеді. Көп нәрсеге сенбей қал­ған, – дейді орал­ман­дарға арналған «Тағдыры­мыз бірге» жобасының авторы Рысбике Сүй­мекова. Рысбике Қасымқызының ай­туын­ша, оралмандар баспаналы бо­лып, жұмысқа орналас­қан­­ша олар­ға заң кеңесі қызметі керек. Ол мемлекеттік бағдарлама бойынша жаса­луы тиіс. Олар­дың Қазақстан заңда­рынан хабары өте аз. Жаңа жердің ой-шұқырын білмей, оның үстіне орыс тіліне де жетік емес оралман­дардың аб­ды­рап тұрғанын алаяқтар ұтымды пайдаланып жүр. Жаутор­ғайдай алаяқтар қағып кеткен оралман қолындағы ақша жеме-жемге келгенде мемлекеттік бюд­жет­тің қа­ра­жаты емес пе? Ол межелі жеріне жұмсалмағандықтан та­лан-та­раж­ға түсті деген сөз. Ең сорақысы, алаяқ­тық ұйымдасқан топқа айнал­ған деген күдік бар. Нотариус­тардың әре­кеті осындай ойға алып келді. Зерттеп, анықтаса қылмыстық топ мү­шелерінің қа­та­ры көбеюі әбден мүм­кін... Жап­қараевтардың адво­ка­ты жақында Ләззат Исмаилова бол­ған жайдың мәнісін респуб­ликалық Бас проку­рор­ға жазып жіберді. Сол жақтан қозғау салынбаса, Рудный қалалық ішкі істер басқар­ма­сында жатқан істің жылжитын түрі жоқ. Биыл да кеншілер қала­сына Өзбек­станнан орал­ман аға­йын­дар көші жетеді. Олар да мемлекеттік жәрдем ақша­ларын ала сала баспана іздейтіні жұрттың бәріне белгілі. Бірақ кімді қандай жағдай күтіп тұрғанын жазасыз жүр­ген алаяқтар білмесе, ол басқаға беймәлім... Бет қатталып жатқанда: Тілші қосынына Рәзия Хақназарова Игорь Костенко­ның арызы бойынша Руд­ный қалалық соты қарап жатқан аза­маттық істің шешімі шыққандығын хабарлады. Сот Г.Жапқараева мен И.Костенко «сенімхат берген» О.Левиц­кая­ның арасында жа­сал­ған сатып алу-сату келісімін жа­рамсыз деп танып, істі пәтердің бұ­рынғы иесінің пайдасына шешті. Сонымен іс бітті, қу кетті. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. РУДНЫЙ.