Даңқты волейболшы, бапкер Октябрь Қыдырбайұлы Жарылқаповтың туғанына – 80 жыл
Дәл бүгiнгi күнi волейбол дүбiрi елiмiздiң халқын футболдай алабөтен күйге бөлей алмаса да, осы өнердiң арғы-бергi тарихына, қазiргi күйiне жан ауыртатын жандар аз емес. Қазақстан ерлер және әйелдер құрамасының әлем чемпионаттарына қатысуы да бұл спорттың елімізде жақсы дамып келе жатқанын көрсетеді. Ал әуедоп ойынын ұнататын жанкүйерлер Октябрь Жарылқапов есiмiн естiсе, елең ете қалары да күмәнсiз. Өйткенi, бүгiнгi волейболымыздың табысын сонау 1950-1960 жылдары Түркiстан түлегi Октябрь Қыдырбайұлы қалап кеттi.
Соғыс көрген ұрпақтың тағдыр-талайын басынан кешiрген Октябрь аға 1931 жылы 25 қазанда туыпты. Яғни, биыл тiрi болғанда 80 жасқа толар едi. Амал қанша, қазақ спортының жарық жұлдызы Алладан емес, адамнан келген зауал зардабынан 38-ақ жасында бақилық болды.
Шыны керек, кейiнгi ұрпақ Жарылқапов есiмiнен көп хабарсыз. Сөйтсе де, бұл саңлақпен кезiнде бiрге жүрген, тәлiмiн көрген жандарды әңгiмеге тартсаң, Октябрь есiмiн ауызға алғанда бәрiнiң жүзi нұрланып, ерекше шабыттанып, сөзге кiрiседi. Бiзге анық болғаны, Октябрь Қыдырбайұлы – талантты спортшы, бiлiктi бапкер, шебер ұйымдастырушы, өз ұлтын ерекше сүйген арыс. Өзiңiз қараңызшы, ауылдан Алматыға келген жас жiгiт арада санаулы жылдар өткенде волейболдан қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш «КСРО спорт шеберi» атанды, Одақтағы үздiк 24 волейболшының сапына кiрдi. Ол кезде спорт шеберi атану тұрмақ, оны ойлаудың өзi талайға арман едi. Октябрь Жарылқапов осы арманды жүзеге асырды, сөйтiп арттағы iнiлерiне тамаша жол ашты. Сөйтіп асыл аға Алматының өз перзенттерiнен жасақталған «Буревестник» командасын құрып қана қоймай, оның одақтық, еуропалық деңгейге жетуiне өлшеусiз еңбек сiңiрдi. Кейiн Қазақ КСР спорт одақтары мен ұйымдары одағы Кеңесi төрағасының орынбасары қызметiнде жүргенде де Жарылқаповтың шапағатын барлық спорт түрiнiң өкiлдерi көрдi. Октябрь аға 1962 жылы «Қазақ КСР-iнiң еңбек сiңiрген жаттықтырушысы», ал 1967 жылы «КСРО еңбек сiңiрген жаттықтырушысы» құрметтi атағын алды. Шәкiрттерi де ұстазының жеңiстi жолынан тайған жоқ, «Буревестник» сапындағы «октябряттар» алдымен 1969 жылы КСРО чемпионы атағын жеңiп алды, ал 1970 және 1971 жылдары қатарынан Еуропа чемпиондары кубогын иелендi.
Октябрь Қыдырбайұлының өмір жолына үңіліп көрейікші.
* * *
Бұл сұраққа жауапты біз жазушы Сейдахмет Бердіқұловтың «Қанат» хикаятындағы «Алдымен сені құттықтар едік» атты бөлімінен табамыз. Үзіндісін оқиық:
... «Жасынан малсақ бала ата-бабаның өнерін қумақ еді. Он жылдықты тауысып, Алматыға келді. Тұңғыш рет театр көрді. Тұңғыш рет... Санай берсе, көп-ақ. Тұңғыш рет волейбол деген үстіндегі күпәйкемен киіп-жарып кірісетін ауылдағы аяқ-асты ойын емес, өнер екенін сезді.
Мәйкілерінің сыртында қадау-қадау цифрлары бар ойынның бір кезеңі бітпей, алаңнан шығып қалды. Намыс кернеп, көкіректеп қайта кіріп еді, тордың ар жағынан зеңбірек оғындай зулай келген доп қолға жөнді ілікпей, беталды ұшып жатты. Тарс-тұрс, тарс-тұрс. Басы айналды. Бұл жолы ешкім қумады, өзі шығып кетті алаңнан. Көз алды мұнартып, астындағы жер көшіп жатты. Екі құлағы тарс бітелді. Жатақханадағы төсегіне жетуге асық болды...
1951 жылы, сiрә, тұңғыш рет болса керек, «Алматыда волейбол жарысы болады екен» деген жарнамалар iлiндi. КСРО кубогының Орта Азия аймағындағы ақтық айқасы. «Динамо» стадионына келушiлер де едәуiр. Жалпы, Қазақстан волейболшыларының жұрт алдында барын киiп, белдемшесiн асынып, шындап шыққаны бұл сапар. Абыройсыздық аяқ астынан емес пе?! Ептеп ел арасында аты естiлiп жүрген жiгiттер Ташкент волейболшыларынан мықтап тұрып ұтылды. Жеңiлген жұртта не күй бар?! Стадионнан тарқағандардың бәрi оқты көздi қадап кетiп жатыр (ол кезде ел көзiнен таса киiну-жуыну бөлмесi болмайтын). Қабағы қатыңқы топтың ортасынан жырылып шығып, бiр жiгiт айналсоқтап көп тұрды. Волейболшылар қызылшеке болып керiлдесiп, бiрiн-бiрi жер табандатып бiттi. Жөн-жөнiне кетуге айналды. Әлгi жiгiт тартыншақтап келiп, волейболшылардың бiрiн жеңiнен тартты.
– Менi командаларыңызға қоспайсыздар ма?
– Қостық делiк, не бiлесiң?
– Волейбол ойнай бiлемiн.
– Қанша жыл болды ойнағаныңа?
– Бiр жылдан асты.
– Масқара мол екен. Әйтсе де мына бiздiң тобырымызға елiмiздiң астанасынан ат арытып iздеп кеп қосылмас ойыншы. Атың кiм?
– Атым – Октябрь.
– Октябрь?
– Қазақшасы да – Октябрь.
– Жарайды, бiздiң командаға Октябрь шұғыласы бола ғой.
Команда келесi күнi жаттығуға жиналды. Ойыншылардың аңдыған-баққандары – жас жiгiттiң қимылы. Жаттығу соңында ойыншылардың жүзi жылып салғандай болды. «Доп ойнағаныңа қанша жыл болды дедiң сен?» Бұл жолы осы таңданудан басқа тергеу болған жоқ.
Сөйтiп, 1951 жылы күлкiге бай, мiнезге бай, дәйiс қуанып жүретiн Октябрь Жарылқапов келешекте Қазақстан волейболының көз қуанышы болу үшiн алаңға келдi.
Оның жанкешті жаттығуларын көргенде, небір еңбекқор спортшының өзі жағасын ұстады. Тақтай дуалдың түп жағын ала допты бар пәрменімен соғып, жер бауырлап келе жатқанда әуелетіп алып кететін Октябрь. Бір емес, бірнеше жүз қайталайтын. Октябрьдің қақпан құруға шыққан кезін көрсеңіз! Бүгінгі ең зергер ойыншының ішінде доп тосқауылдарына одан асары кемде-кем». (С.Бердiқұлов. Таңдамалы. А: «Жазушы», 1991, 61-62 беттер).
* * *
Октябрь Қыдырбайұлының бапкерлігі де аңызға бергісіз әңгіме. Замандастарының естелігіне ой жүгіртсек, Жарылқапов спорттың бұқаралық сипаты уақыт өте келе аса жоғары болатынын сезінген сияқты. 1950-60-70- жылдары КСРО-да спорт кәсіпқойлық деңгейге енді ғана көтеріле бастады. Сол кездің өзінде Октябрь аға ірі табыстарға жету үшін спортшының өзін осы кәсіпке толықтай арнауы қажет екенін, жаттығулардың жиі және интенсивті болуы қажет екенін толық түсінген. Жарылқаповтың даңқты шәкірттерінің бірі Жәнібек Сауранбаев ұстазы жайлы былай деп еске алады:
– «Буревестниктi» құрып, одақтық, халықаралық деңгейге жетелеген – Октябрь Жарылқапов. Ол өз ойын тәсiлi бар, ешбiр командаға ұқсамайтын, ешбiр команданың өрнегiн қайталамайтын команда құруды ойлады. Арада 40 жылға жуық уақыт өттi ғой, мен қазiр де ойланып отырып, Октябрь Қыдырбайұлының талантты таңдаудағы талғамына таң қаламын. Ол әрбiр ойыншының көзге көрiнбейтiн, көңiлмен ғана түйсiнуге болатын дарынын дәл аңғара бiлдi. Әйтпесе, «Буревестникке» келген әр ойыншы әртүрлi болатын, бiр-бiрiне мүлде ұқсамайтын. Бiрақ бiз алаңда жұмылған жұдырықтай қимылдайтынбыз. Бапкерiмiздiң бастамасымен бiз алғаш аптасына үш рет, сосын төрт, алты, сегiз, он рет жаттығатын болдық. Ол кезде ешкiм мұндай жаттығу әдiсiн қолданбайтын. Октябрь Қыдырбайұлы уақытынан озып туған жан едi. Ол кiсiнiң тұсында «Буревестникте» қазақ балалары көп болды. Заңғар Жәркешев, Марат Мәденов, Жәнібек Сауранбаев, Еңсебек Иманғалиев... Ұстазымыз жастығына қарамай, бiздiң қамқор әкемiздей едi. Өз арамызда «папа» дейтiнбiз. 1969 жылы тұңғыш рет КСРО чемпионы атағын жеңiп алдық. Сол жылы Октябрь Жарылқапов дүниеден озды. Бұл кезде ол кiсi спорт комитетi басшысының орынбасары болып қызмет iстейтiн. Оның бастаған iсiн шәкiрттерi, алдымен Марат Мәденов, бiр жылдан кейiн Заңғар Жәркешев жалғастырып әкеттi.
* * *
Өмiрзақ Жолымбетов, спорт журналисi:
– Октябрь Жарылқапов спортшы ретiнде де, ұйымдастырушы ретiнде де өте мықты адам едi. Өзi – Түркiстанның перзентi. Қазiргi Саттар Ерубаев атындағы орта мектептi, сол кездегi темiр жол мектебiн бiтiрген. Көрер көзге сүйкiмдi, келбеттi кiсi едi. Бойы шамамен 185-186 см, салмағы 80-85 кило, сымбатты болатын. 38-ақ жасында дүниеден озды...
Мен Октябрь Қыдырбайұлымен қызмет барысында көп кездестiм. Көрген сайын кiсiлiгiне, кiшiлiгiне, адамгершiлiгiне, парасатына тәнтi болатынмын. Ол өз iсiнiң бiлгiрi едi. 1967 жылы Мәскеуде КСРО халықтарының IV спартакиадасы өттi. Ол кезде Жарылқапов – республикалық спорт комитетi басшының орынбасары. Жарыс спорттың 25-26 түрiнен өтiп жатты. Күн сайын бағдарламаға сәйкес жарыстар кеш аяқталса да, О.Қыдырбайұлы түнгi 1-2-лерде жаттықтырушылармен жиналыс өткiзетiн. Спорт комитетiнiң сол кездегi басшысы Қаркен Ахметов едi, ол кiсi өзi спортшы болмаған, сондықтан спорттың iшкi астарын бiле бермейтiн-дi, негiзiнен ұйымдастыру шаруаларын мойнына алатын. Сондай жиналыстардың бiрiнде Қ.Ахметов Октябрьдiң сөзiне жиi араласып, «ананы үйту керек, мынаны бүйту керек» деп бүйiрден қосыла бердi. Ақырында оны Октябрь аға тоқтатты. «Сiз идеологсыз. Спортшыларға рухани дем берсеңiз де жетедi. Бұл арада демагогияның керегi жоқ. Спортта табысқа жету үшiн нақты нәрселер айту керек, нақты қатенi көрсету керек», дедi. Байқауымызша, Октябрьдiң бетiне ешкiм қарсы келмейтiн.
Абзал азамат өз ұлтын ерекше сүйетiн едi. Оның басшылығымен волейболға, жалпы спортқа қазақ жастары көптеп тартылды. З.Жәркешев, М.Мәденов, Е.Иманғалиев, Ж.Сауранбаев, А.Сұлтанов, Т.Ахметжанов сияқты Жарылқаповтың шәкiрттерi кейiн волейболымыздың туын көкке көтердi. Октябрь таланттарды тап басып тани бiлетiн. Аты аңызға айналған Валерий Кравченконы спартакиадада тәжiк командасынан көрiп қалып, Алматыға шақырды, оны жоғары деңгейге көтердi. Екi дүркiн олимпиада чемпионы Нина Смолееваны өсiрген де – Октябрь Қыдырбайұлы. Октябрь Нинаны ерлермен қатар жаттықтыратын. Алматыдағы қазiргi «Спартак» стадионының маңындағы велотректiң орнында бұрын 3-4 волейбол алаңы бар болатын. Октябрь сонда Смолееваны жiгiттерге қарсы ойнатып, шеберлiгiн шыңдайтын. Нәтижесiнде Нина спортта орасан табыстарға қол жеткiздi.
Халық сүйген адамның өлiмi бәрiмiздiң қабырғамызды қайыстырды. 1967 жылы Семейде ашық ядролық сынақ өтiп, соған Орталық комитет арнайы бригада ұйымдастырды. Ол кезде Д.Қонаев еңбек демалысында едi, оның орынбасары Титов деген кiсi бригада құрамына сол кездегi ДОСААФ бастығы К.Бошаевты, комсомол басшысы Царевтi, спорт комитетi басшысының орынбасары Жарылқаповты қосыпты. Әдейi қосқан болар, мүмкiн... Арада екi жыл өтер-өтпесте Октябрь Қыдырбайұлы ақ қан ауруына шалдығып, өмiрден озды...
* * *
Октябрь аға туралы даңқты волейболшы Николай Рогозин былай дейді:
– Иә, Октябрь Қыдырбайұлының даңқты спортшы, бiлiктi бапкер, нағыз азамат екенiне дау жоқ. Ешқашан еңсесiн түсiрмейтiн, үмiт үзбейтiн асыл адам едi. Бiрақ мен ол кiсiнiң спортшылығынан гөрi, ұйымдастырушылығына қатысты естелiк айтсам деймiн.
Ол кезде «Спартак» стадионының айналасында гимнастика алаңы, күрес алаңы ашық болушы едi. Волейбол алаңдары да жеткiлiктi болатын. Маңынан қала аллеясы өтетiн. Стадионнан сәл аулақта сырахана тұрушы едi. Ол кезде қалада сырахана сирек, жұрт көбiнесе «Спартакқа» ағылушы едi. Сонда олар жолай стадионда жаттығып жүргендердi қызықтап, өздерi де ойнап кеткенiн бiлмей қалатын. Бiрте-бiрте жұрт сыраханаға емес, бiздiң жаттығуымызды көруге келетiн болды. Сондай күндердiң бiрiнде Октябрь (бiр қызығы, ол бiзге атын атататын, әкесiнiң атының кiм екенiн де бiлмейтiнбiз) жаттығуды тамашалап отырған, байсалды киiнген адамды көредi. Онымен жақынырақ танысады. Сөйтсе, ол Орталық комитеттiң қаржы жөнiндегi басқармасының бөлiм бастығы Семен Александрович Пак деген кiсi екен. Октябрь осы Пак арқылы Қонаевтың көмекшісі Дүйсетай Бекежановпен танысып, ақырын-ақырын спортқа демеушiлiкке тарта бастайды. Одан бiздiң «Буревестник» жаман болған жоқ. Қазiргi тiлмен айтқанда, Октябрь Қыдырбайұлы тамаша менеджер едi. Қазiр ғой, әрбiр қала басшылығы, облыс басшылығы өздерiне тиесiлi командаларға қаржылай, басқа да көмек көрсетiп жатады. Бұл дәстүрге айналып кеттi. Ал елiмiзде осы дәстүрдi алғаш бастаған О.Жарылқапов едi.
Октябрь – менiң спорттағы бағымды ашқан кiсi. Ол кiсi министрдiң орынбасары болып жүргенде де өзiнiң аңқылдақ, ақжарқын қалпынан танған жоқ. 1967 жылы Алматыда КСРО бiрiншiлiгiнiң I туры өттi. Мен 17 жастамын, жiгер деген асып-төгiлiп тұр. Бiрақ бапкерiмiз Заңғар Жәркешев ойынға 6 ойыншыны қосса, оларды еш алмастырмай-ақ аяқтауды тәуiр көредi. Менiң алаңға шыққым-ақ келiп отыр. Бiр кезде қарасам, қасымызда Октябрь тұр екен. «Жәркешевке айтшы, менi алаңға шығарсын», дедiм өтiнiп. Октябрь – министрдiң орынбасары, лауазымын көлденең тартып, Жәркешевке «ауыстыр» дей салса да ешкiм жазғырмас едi. Бiрақ ол басқа айла тапты. Орнынан тұра қалып: «У нас замена, замена!» – деп айғай салды. Жәркешев түк түсiнбей қалды. Октябрь оның қасына жеделдетiп барып: «Рогозиндi Сауранбаевтiң орнына шығар, бойы ұзын, тосқауыл қоюға жақсы», дедi. Волейбол ережесi бойынша ойыншы тез ауысуы керек. Жәркешев менi алаңға: «Бұлталақтап көзге түсе бермей, тыныш тұр ана бұрышта», деп жiбердi. Октябрьдiң осы тапқырлығы мен үшiн жаман болған жоқ, бiрте-бiрте нағыз дода рухын сезiнiп, сақа спортшыға айнала бердiм. Өкiнiшке қарай, Октябрь Қыдырбайұлы өз «Буревестнигiнiң» КСРО чемпионы атануына небәрі 29 күн қалғанда көз жұмды...
P.S. Қазақ спортының жарық жұлдызы Октябрь Жарылқапов атында елімізде бірде-бір спорт мектебі, үлкен қалаларда көше атауы, жалпы көзге ілігетін ештеңе жоқ. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің спорт залы ғана даңқты волейболшының есімін осыдан 5 жыл бұрын алған. 80 жылдық мерейтойына қарсы осы олқылықтың орны толтырылса, жөн болар еді. Туған жері Түркістан қаласында, өскен жері Алматыда Октябрь есімін мектептерге, көшелерге берсе, қазақ спортының тарихына зор құрмет болар еді.
Есей ЖЕҢIСҰЛЫ, журналист.