Мұрағат деректерінде Абылай сұлтан 1737 жылдардан бастап кездесе бастайды. Бұл кезеңде орыс патшасының Азия бағытындағы ашық саясаты қазақтарға ғана емес, сонымен бірге белгілі бір дәрежеде қазақтарға үнемі қауіп төндірген башқұрттардың өздеріне де секем алдырып, Ресейге қарсы кезекті ұлт-азаттық күресі жанданып жатқан болатын. Отарлық қамытты мәңгілік кимеу үшін, «орыстардың башқұрттарды талқандап, үлкендерін өлтіріп, жастарын солдатқа алып, балаларын шоқындыруды бастағандығын» алға тартқан 40 башқұрт елшісі 1737 жылы 30 сәуірде Әбілмәмбет сұлтанға келген. Көп ұзамай башқұрт елшілері Әбілқайыр мен Сәмеке хандарға, маусым айында Абылай сұлтанға да жетеді. 1737 жылы тамызда Ноғай жолының башқұрттары Әбілмәмбетке жолығып, Абылай сұлтанды өздеріне хан ретінде тағайындауын сұрады (РМКАМ. 248 қ., 17 т., 1164 кітап, 769п.). Сөйтіп, осы жылы Абылайдың атағы қазақтан асып башқұртқа жеткен. Абылай башқұрттарға бармағанымен, оларды қазақ руларына қабылдауға шешім қабылдады. Содан башқұрттардың бірнеше жүздеген түтіндері қоңырат, керей рулары арасына көшкен. Әбілмәмбеттің өзі ұлысы 45 башқұрт түтінін қабылдаған. Кейін Абылай башқұрт елшілерін ертіп, «келісімге келіп, ортақ шешім қабылдау үшін» Әбілқайыр ордасына аттанған. Бірақ Әбілқайыр бұл мезгілде, яғни 1737 жылы 12 тамызда Орынборға кеткен болатын (РМКАМ 248 қ., 17 т., 1164 кітап, 759 п.). Патша өкіметі Әбілқайыр ханды башқұрттарға қарсы айдап салуға тырысқанымен, туысқан халықтар тіл табыса білді. Башқұрттар Әбілқайырды хан ретінде мойындап, башқұрт қызына үйлендірді. 1738 жылы көктемде орыс аманатындағы Ералы сұлтанды босатуға бағытталған бірлескен шаралар қолға алынды. Содан башқұртқа Күшік хан, Бұлқайыр, Абылай сұлтандар, өзге де қазақ батырлары бастаған 30 мың қол келіп жеткен (ОрОММ. 2 қ., 1 т., 4 іс, 9 п.) 1738 жылдың наурызынан бастап Әбілқайыр қазақ, башқұрт халықтары атынан сөйлеп, шекарадағы орыс қорғандарынан олардың сауда-саттығына кедергі жасамауды талап етіп, «башқұрттар өзара келісімге келді» деген хаттармен орыс өкіметіне шыға бастайды.
1740 жылы 19 тамыз – 1 қыркүйек аралығында Орынборда қазақ-орыс келіссөзі өтеді. Оған Әбілқайыр ұлдары Нұралы, Ералы сұлтандар, Жәнібек батыр, 24 тамызда Әбілмәмбет хан және Абылай сұлтан қатысқан. Әбілмәмбет хан генерал-лейтенант В. Урусовқа Абылай қарамағында «үш рулы ел бар. Біріншісі 6 мың, екіншісі 10 мың, үшіншісі 4 мың шаңырақ» деп көрсеткен (КРО І. – С.134-167). Келіссөз барысын талдаған Р.Б.Сүлейменов пен В.А.Моисеев: «...қаралып отырған кезеңде Ресей қолдаушы, одақтас ретінде есептелген. Осы бағыт саяси жағдайды қатаң есепке алған, шексіз билікке ұмтылған, тәкаппар Абылай үшін өте тиімді болды. Бұл Абылайдың Орынбор әкімшілігімен алғашқы және соңғы кездесуі болатын. Осыдан кейін ол Орынборға да, тіпті басқа орыс бекіністеріне де келмеді», деп жазады. (Из истории Казахстана ХVIIІ веке (о внешней и внутренней политике Аблая).- Алма-Ата, 1988).
1741 жылы ақпан айының соңында жоңғарлар «барлық қазақ ордаларын түбірімен жою үшін» Орта жүзге басып кірді. Оның себебін Сібір губернаторы П.И. Бутурлин сыртқы істер алқасына «қазақтар Қалдан Цереннің туысын ұстап алып өлтірді, одан кек алу үшін әскер аттанды» деп түсіндірді (Русско-джунгарские отношения (конец ХVII-60-е гг. ХVIII вв.). Документы и извлечения. – Барнаул: Азбука, 2006). 1741 жылы көктемде болған шайқастардың бірінде Абылай атақты жоңғар нояны Шарышты өлтірген еді. Сол Шарыш қазақ аңыздарында Қалдан Цереннің баласы делінгенімен, мұрағат деректері оның атақты жоңғар нояны екендігін айғақтайды. Шарыштың өлтірілгендігін 1742 жылы Әбілқайыр ханға келген ойрат елшілері Қошке мен Бұрын да атап өтеді. Көп ұзамай осындай шайқаста Септен ноян Абылайды, жанындағы жауынгерлерімен қолға түсіреді. Ол турасында Септен подполковник Заринге «Есіл өзені бойындағы Шілік және Шідерті мекенінде бізге кездескен Абылай сұлтанды 200 адамымен талқандап, қолға түсірдім» деп хабарлаған. Бұл хабарды 1745 жылғы 12 сәуірдегі Сібір губерниясының кеңсесінің хаты да дәлелдейді (Сулейменов Р.Б., Моисеев В.А. Из истории Казахстана в ХVIIІ веке. –С.34; Русско-джунгарские отношения (конец ХVII-60-е гг. ХVIII вв.). – С.106).
Абылай сұлтан шамамен 1741 жылдың мамырынан 1743 жылдың шілде айы аралығында Жоңғарияда тұтқында болған. Ералы сұлтанның қарамағындағы Керей руында болған И. Лапин мен М. Аксаковтар 1743 жылдың шілде айының екінші жартысында Әбілмәмбет ханға Абылай сұлтаннан бес елші келіп, «оның тұтқыннан босап, елге бағыт алғандығын және жанында 30 жоңғар елшілері бар екендігін» хабарлаған (РИССМ. 122 қ., 1743 ж., 3 іс, 122 п.). Оны тұтқыннан босатуда бүкіл қазақ бірлесіп, күш салды. Міне, осы арада Әбілқайыр ханның Ресейден көмек сұрағаны, ұлы Айшуақты Жоңғарияға аманатқа беру туралы ойлары белгілі болады. Сол үшін Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Күшік, Барақ, Жәнібек, Есет және өзге де ел игілері Еділ қалмақтарымен де келісімге келеді. Ақшора батыр бастаған елшілер Қалдан Церенге жіберіледі. 1742 жылы сәуір айында Ақшора батыр қоңтайшының Абылайды босату үшін қазақтың белді азаматтары балаларын аманатқа жіберуге әзір екендігін жеткізеді. Содан 1742 жылы көктемде барлық қазақ ордаларының белгілі адамдарының қатысуымен үлкен кеңес өтеді. Қорытындысында Әбілқайырдың Ресейден көмек сұрауы қажеттігі, Орта жүзден аманат жіберілетіндігі шешіледі. Араға уақыт сала Әбілмәмбет ханның ұлы Әбілпейіз бен Малайсары және т.б. Жоңғарияға жіберілді. Әбілмәмбет хан аманатты орындау арқылы екі мәселені шешкен, біріншіден – Абылайды босатқан, екіншіден – Түркістан өңірін қайтарып алған.
Сонымен қазақтардың Абылайды босату мәселесіндегі береке-бірлігі өз жетістігін береді. Елге аман оралған Абылай халқымыздың игілігі үшін күреске белсене кіріседі. 1743 жылы желтоқсанда Орынборға жолдаған хатында ол Ресеймен «тату көрші болуды» қалайтындығын, «өзіне және ағалары Әбілқайыр мен Әбілмәмбет ханға Орынборда еркін сауда жасауға рұқсат» берілуін сұрайды (КРО І. – С.307-312). Кейін Абылай сұлтан өзінің және Барақ сұлтан ұлдарын қонтайшыға жібереді. Аталған шаралардың барлығы оның шебер саясаткер болып қалыптасқандығын айқын дәлелдейді. Қалден Цереннің сеніміне ие болғаны соншалық, қазақтар Жоңғарияға дейінгі жерлерді еркін жайлай бастайды. Мұны көре тұра И.И. Неплюев 1745 жылы 16 сәуірде Абылайға: «Сіздің көшіп жүрген халқыңыз біздің жаққа ешбір алаңдамасын. Абыройыңыз арта берсін, менің сізге деген шын ниетімді қабыл алыңыз» деген жолдардан тұратын хатын жолдайды. 1745 жылы қыркүйек айында Қалден Церен қайтыс болып, аманаттағы Барақ сұлтанның ұлы Шығай елге оралғанымен, қазақ-жоңғар қарым-қатынасы 1750 жылдарға дейін бейбіт түрде дамиды. Бұл аралықта Абылай Жоңғариядағы ішкі тартысқа ашық араласпай, қонтайшы орнына таласқан бақталастардың көмек сұрайтын адамына айналады.
1748 жылы тамыз айында Әбілқайырдың өлтірілуі Абылайға қатты әсер етеді. Ел ішіндегі бірлікті бұзған Барақ сұлтанға Жәнібек тархан: «Әбілқайыр хан сияқты басты ханды өлтіріп, қашқаның жарамайды» десе, Орта жүз билері Өтебай, Шорақ, Қабанбай батыр «Әбілқайыр хан барша қазақтың мүддесі үшін ұлын аманатқа берді; қазаққа сауда жасауға мүмкіндік туғызды; жайлы қоныс, байтақ жайылым тауып берді. Әбілқайырдың арқасында қазақ халқы әлі күнге соның игілігін көріп отыр» деп сәлем жолдаса, Қазыбек би: «Қазаққа жер алып берген ханды өлтірдің» деп Барақты Ұлы жүзге, жоңғарларға жібермей жолдан ұстап қалған. Оларды Төле би де қолдайды (Абылай хан. Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдардың жинағы. (Құрастырған З.Тайшыбай). – Петропавл. 2005.) Көп кешікпей Абылай Бопай ханымға келіп көңіл айтқан. Кейін ол Керей руын басқарған Ералы сұлтанды да Барақ әрекеттерінен қорғап қалған.
Абылай сұлтан 1749 жылы қаңтар-ақпанда Бопайға Барақтың тұрақтаған жерін көрсетсе, 9 мамырда И.И. Неплюевке жіберген елшісі арқылы Барақтың «жауыздығын» сынап, Нұралы хан, Ералы сұлтанмен бірге кеңеске қатысқандығын жазады (РИССМ. 122/1 қ., 1749, 4 іс, 56 п.)
Сыр бойына көшкен Барақ Тұрсынұлы (Көкжал Барақ) қарамағындағы найман, арғын руларымен бірге оңтүстіктегі Иқан, Ташкент, Отырар, Созақ, т.б. қалаларды босатқанымен, 1749 жылы күзде қырғыздарға шабуылдап, жеңіліс тапты. Барақ Абылайдың «бір жағым – Қоқан, бір жағым – Қытай, бір жағым – орыс, қазақ-қырғыз бір ұрық едік» деп ескерткенін де есепке алмады. Барақтың іс-әрекеттерінің арты оның екі ұлымен бірге 1750 жылы Қарнақ қаласында ұйымдастырылған қорлық өліміне әкеледі.
1781 жылы 29 маусымда Сібір корпусының генерал-майоры Н.Г.Огаревке жолдаған хатында Барақ ұлы Дайыр сұлтан: «Әкем (Барақ) өлгеннен кейін Ұлы жүздегі хандық билік Абылайға бағынды» деп хабарлады (ОрОММ. 3қ., 1т., 176 іс, 424 п.). Сөйтіп, Абылай билігі біртіндеп Орта, Ұлы жүздерде мойындала бастады.
ХVIII ғасырдың 50-ші жылдары Абылай Жоңғариядағы ішкі тартысты қазақ мүддесіне пайдаланып, қашып келген жоңғар нояндары Әмірсана мен Даваци, Банчжураны қабылдап, Лама-Доржиге бермеді. Ойраттар шабуылының алдын алу үшін Абылай Лама-Доржиге елші жіберіп, қашқындарды қайтару мәселесі қазақ кеңесінде шешіледі деп хабарлайды. Кеңеске үш жүздің игілері түгел шақырылады. Әбілмәмбет хан Түркістаннан келіп, нояндарды берген дұрыс деген қорытындыға келген. Бірақ Абылай, Ералы сұлтандар, Дәуіт тархан (Жәнібек тарханның ұлы) Бөгенбай батыр, т.б. Әбілмәмбет ұсынысын қолдамады. Кеңесте Абылай Давацидің мүмкіндігін жоғары бағалады. Оның себебін Жапақ батыр Абылайдың жоңғар тұтқынында болған кезінде Давацимен қалыптасқан достығымен түсіндіреді. Кеңестен соң Абылай Лама-Доржиге елші жіберіп, «нояндар өздері келді, біздің дәстүр бойынша «қонақтарды» бере алмаймыз» деген көпшіліктің шешімін жеткізеді. Мұндай шешімді күтпеген Лама-Доржи 1752 жылы қыркүйекте 20 мыңдық әскерін қазақтарға аттандырады. Абылай бастаған қазақ әскері қазан айында Баянауылда жиналып, жоңғарларды талқандап, кері шегіндірген. Мұны пайдаланған Даваци мен Әмірсана 600 әскермен тылдан соққы беріп, жоңғар билігін тартып алады. Жоңғар ханы Даваци бірден Әбілмәмбет пен Абылайға елші жіберіп, достық келісімге келеді. Көп ұзамай Жоңғарияда Даваци мен Әмірсананың өзара тақ таласы басталды. Оның соңы Жоңғар мемлекетінің құлап, Қытай империясының қарамағына еніп, тарих сахнасынан жойылуына әкеледі (Сулейменов Р.Б., Моисеев В.А. Из истории Казахстана в ХVIIІ веке. –С.47-52)
Сонымен Жоңғария ішіндегі тартысқа араласқан Абылай әскері қытайлармен бетпе-бет кездеседі. 200 мыңдық Қытай әскері 1755 жылы маусым айында жоңғар хандығын жойғаннан кейін, Абылай ханға ресми елші жібереді. Елшіні қабылдаған Абылай қазақ атынан Бөлебай бастаған азаматтарды келген елшімен бірге Қытайға аттандырды. Бұл оқиға сол замандағы қазақ-қытай байланысындағы бетбұрыс еді. «Бабаларымыз Есім хан, Жәңгір хан заманынан бермен қарай Қытай империясының лебізі мен ұлағаты бізге жетпей келіп еді» деген жолдардан басталатын Абылай хаты 1757 жылы тамыз айында Қытай патшасына жетті (Қазақ хандығы мен Чиң империясы арасындағы қарым-қатынасқа байланысты құжаттар. – Алматы, 1998.)
1757 жылы 5 қарашада Қытай ресми түрде Ресейге қазақтарды өз қамқорлығына алғанын хабарлады. Қытай патшасы: «Орыстар қазақтарды біздің әскерлерімізден қырылып, жерлерін тастап алысқа көшкенін көріп тұрып, оларды қандай себептермен «боданымыз» дейтінін түсінбейміз» деп таңданыс білдірген (Русско-джунгарские отношения (конец ХVII-60-е гг. ХVIII вв.).-С.224). Көп ұзамай Абылайдың қайраткерлігін мойындаған Қытай оны хан ретінде таниды. Сенімге ие болған Абылай қазақ-қытай арасындағы сауда-саттықты дамытып, Үрімжіні 1758 жылы орталық базар ретінде таниды. Үрімжі базарының күздегі ашылу рәсіміне Қабанбай батыр қатысады.
Қытайдың «жұмсақ» саясатының түпкі мәнін Абылай ашық түсінген. Өйткені, шекаралас халықтардың қазақтармен теке-тіресінде Қытайдың генералдары Абылайды сөз жүзінде қолдап, әскери жорықтарға кедергі келтірумен болған. Міне, осы кезеңде Қытайдың Орталық Азиядағы мұсылмандарды жаулап алу жоспарына қарсы Ауған шахы Ахмад көтеріледі. Ахмад шах Әбілмәмбетке, Нұралы мен Абылайға хабар салып, Қытайға 1763 жылдың басында елшілерін жіберіп, Цинь патшасының Жоңғария және Шығыс Түркістан бағыттарындағы саясатын анықтайды. 1763 жылы көктемде Абылайға Ахмадтан елші келіп, соғыс басталған жағдайда өзара көмек беруге шақырады. Кейін Ахмадтың Үндістан жеріндегі соғысқа араласуы, Абылайдың Қытаймен ортадағы байланысты үзбеуі Цинь империясымен қатынасты шиеленістірмеді. Оның үстіне мұсылмандардың бірігу әрекеті де Қытайдың жылжуын белгілі дәрежеде тоқтатты деуімізге болады.
Сонымен Абылайдың Қытай патшасымен тікелей байланысы, қазақтардың еркін сауда-саттығы, одан әрі Қашқарға сауда керуендерін жіберуі, қырғыздармен келісімі, Ташкентті бағындыруы, аталған мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуде оны Әбілмәмбет, Нұралы хандардың, Қазыбек бидің, өзге де би-батырлардың, сұлтандардың қолдауы бұл тұлғаның қадір-қасиетін, алысты болжайтын сарабдал саясаткерлігін дәлелдеді. Мұны орыс патшасы да түсінді.
Ресей Абылайға 1740 жылы «Бодандықты» қабылдадың, «Орта жүз Сәмеке хан заманынан бері бізге бағынады» деп сендіруге тырысқанымен, өзінің түпкі мақсатын жүзеге асыра алмады. И.Неплюев «Абылайға «неғылса да Қытайдан аулақ бол» деп түпкі ойымызды ашып білдірмей-ақ қояйық. Қазақтарды сескендіріп алмайын деп отырмын» деп мойындауға мәжбүр болды.
1758 жылы мамыр айында Абылай Орынбор қаласына арнайы шақырылғанымен, 8 қыркүйекте орыс әкімшілігіне, А. Тевкелевке хат жолдап, өзінің Әбілмәмбет ханға шақырылғандығын, Батыр сұлтанның ұлы Бөріні (Абылайға болашақ күйеу бала болатын) аралдықтардың өлтіргендігін, оған бару қажеттілігін, Қытайдан өзіне елші келе жатқандығын, оны күтуде екендігін алға тартып, бармайтындығын мәлімдеп, өз орнына немере інісі Жолбарыс сұлтанды жіберді. Жолбарыс Орынбордан әрі Петербургке аттанды. Кездесу барысында қазақ-орыс қатынасындағы орыс әскерилерінің озбырлығы, жер-жайылым мәселелері қаралды.
1759 жылы 22 қаңтарда А.Тевкелев пен П.Рычков сыртқы істер алқасына қазақ даласындағы қазіргі жағдай туралы мәліметтерді жолдады. Алдымен, «қазақтар далалық халықтар ішінен бағзы заманнан жауынгер халық. Бүгінде жоңғарлар талқандалғаннан кейін бізге (Ресейге) жақын олардан асқан халқы көп, мықты көрші жоқ, олар ешқашан, ешкімге салық төлеген емес» деп ескерте отырып, Әбілмәмбет ханның Түркістанда тұруына байланысты, Абылайдың Орта жүзде бас билеуші саналатындығын хабарлады. Хабарламамен танысқан патша саясаткерлері Орынбор губернаторы А. Давыдовқа Абылай туралы толық мәлімет жинауды жүктейді. Губернатор арнайы нұсқау дайындап, 1759 жылы қараша айында поручик Ураков пен аудармашы Гуляевті Орта жүзге жіберді. Содан орыс тыңшылары 1760 жылы 7 сәуірде Орынборға оралып, есептерін тапсырады. Есептен Абылайдың Ресей тарапынан ұсынылған хандық лауазымнан бас тартып, Әбілмәмбет ханмен ақылдасатыны белгілі болды (КРО –І, -С.567-568, 571-582,607). Ресейдің Әбілмәмбет пен Абылай арасына араздық отын жаға алмағандығын тыңшылар да мойындады.
Ресей кейінгі жылдары да Сібір шекарасында Абылай үшін ерекше құрмет танытып, оның талап-тілектерін орындағанымен, орыс қорғандарына кездесуге келтіре алмады. Керісінше, орыс елшілері жиі келіп, Абылайға деген ресейлік құрметті көрсетіп тұрады. Патша өкіметінің хаттары да осы елшілер арқылы жетті. 1767 жылы жазда Абылайға барып қайтқан башқұрт старшындары Әбілмәмбет хан мен Абылайдың Орынборға келуді ауызға алмағандығын, тіпті ойында жоқтығын хабарлайды.
Абылай үлкен саясатта ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойды. Мәселен, бірде қытай елшілерімен кездесу үстінде Абылайдың үйінен оның бәйбішесі «науқастан халі нашарлап қалды» деген хабар екі қайтара жеткенімен: «Отбасымның жағдайы соншалықты маңызды емес қой. Оның сыртында, мен үйімде болғанда да өлейін деп жатқан адамды тірілте алмаспын. Оған қарағанда Боғда Ежен ханмен арадағы іс маңыздылау», дегені (Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. ІІІ том. Алматы, 2006.), Орта жүзде болған тау-кен инженері И.П. Шангиннің (1783-1830) 1816 жылы «Абылай дала заңдылықтарын қатаң сақтады. Кез келген қылмысы үшін жауапкерлер қатаң жазаланатын. Қазақтар арасында барымта деген болмады. Халқының ең кедейінде 500, ауқаттысында 5000-нан 15000-ға дейін мал болатын» деп жазғаны (Ерофеева И.В. Родословные казахских ханов и кожа XVIII-ХІХ вв (история, историография, источники). – Алматы, 2003.) Ресейдің ішкі бірлікті бұзып, арандатуды жоспарлап, 1758 жылы Әбілмәмбет орнына хан сайлау ұсынысын қабылдамауы, қырғыз бен ташкенттіктерді бауырына басуы, Ахмад шахпен келісімге келуі, Кіші жүз басшылары Нұралы, Батыр хандармен, Ералы, Айшуақ сұлтандармен, қарақалпақ, түркімен бағытындағы бірлескен қимылдары оның қазақтың бас ханы деңгейіне көтерілгендігін дәлелдеді. Дегенмен, Абылай ата заң бойынша Әбілқайыр хан өлгеннен кейін бас хан ретінде мойындалған немере ағасы Әбілмәмбет ханның алдына түспеді. Керісінше, оны қолдап, өзара сеніммен, оның ұлы Әбілпейіз сұлтанмен қоян-қолтық араласты. Ал Әбілпейіз Кіші жүз ханы Нұралының күйеу баласы болатын.
Әбілмәмбет хан есімі орыс деректерінде соңғы рет 1768 жылдың желтоқсанында аталады. Ол бойынша Орта жүзден барлаудан оралған К. Юсупов пен У. Аслаев 1768 жылы 27 қарашада Орынборға келіп, Әбілмәмбет ханның амандығын жеткізеді (ОРОММ. 3қ., 1т., 98 іс., 281-283п.). Содан кейін мұрағат қорынан кездеспейді. Соған қарағанда, Әбілмәмбет 1769 жылдың басында қайтыс болған. Оны 1769 жылы Цинь патшалығынан Әбілмәмбет асына 200 тұяқ жылқы ақтық салып, арнаулы адамдардың жіберілуімен анықтай түсеміз (Мұқанбетқанұлы Н. Тарихи зерттеулер. –Алматы, 1994.).
Әбілпейіз 1772 жылы қыркүйекте Қытайға жолдаған хатында «Әбілмәмбет ханның бар кезінде, Ташкент жақтан бізге керектілердің барлығы келуші еді, екі-үш жыл болды, қырғыз жабылды да, әрі-бері жүру болмай қалды» деп атап өтеді (Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. ІІІ том.).
Әбілмәмбет қартайып, ауруы дендеген соңғы жылдары қазақ хандығының болашақ бас ханы мәселесі күн тәртібіне шыққан сияқты. 1767 жылы 14 желтоқсанда Абылай Омбы әкімшілігіне жазған хатында «Менің ата-бабаларым Барақ хан, Жәнібек хан, Жәдік хан, Шығай хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Болат хан, Қайып хан, Әбілқайыр хан, Әбілмәмбет хан, олардан соң енді мен Абылай ханмын» деп алғаш рет қазақ хандығының бас хандарын тізбелеп берді (РИССМ. 122 қ., 122/2 т., 1766-1769, 18 іс, 189 п.; Исмурзин Ж.А. Батырұлы Қайып хан және оның әулетінің тарихы (1745-1860 жж). Бұл дерек Абылайдың өз атынан жазылғандықтан, оған толықтай сенуімізге болады. Оған қосымша анықтама ретінде И.В.Ерофееваның Абылай хан мөрінің Түркістанда (1771 жылы) хан сайланғанға дейін 3 жыл бұрын соғылғандығына таңданыс білдіргенін де айта кетуімізге болады (Ерофеева И.В.Символ Казахской государственности (Позднее средневековье и новое время). – Алматы, 2001.).
Дегенмен бұл арада Ш. Құдайбердіұлының «Абылай барлық қазақтың ханы болып 1735 жылы сайланды» (Құдайбердіұлы Ш. Родословная тюрков, киргизов, казахов и ханских династий. – Алма-Ата, 1990.), М.Қ.Қозыбаевтың «Келесі 1734 жылы Әбілмансұр Абылай деген атпен хан болып сайланды» (Қозыбаев М. Жауды шаптым ту байлап. –Алматы, 1994.) деген және оларды қайталайтын пікірлердің де бар екендігін атап өту абзал. Бұл пікірді қолдаушылар Абылайлап жауға шапқан батырдың Шарышты өлтірген шайқасын 1734-1735 жылдарға жылжытады. Ал шайқастың 1741 жылы көктемде өткендігі мұрағат дерегінен белгілі. Ендігі екінші пікір, 1744 жылдан Әбілмәмбет ханның Түркістанға көшіп, Орта жүзге Абылайды қалдырды деп жазған зерттеушілер пікірлерінен туындап отыр. Ол П.И. Рычков, А.И Левшиннің еңбектерінен бастау алады. Олар Әбілмәмбеттің Түркістанға көшу себебін Әбілқайыр ханның саясатынан іздейді. Расында оған еш негіз жоқ. Әбілмәмбет қазақ-жоңғар келіссөзінен кейін, ұлы Әбілпейізді Жоңғарияға аманатқа беріп, Түркістанды билеуге қол жеткізгендігі тарихтан белгілі.
Қорыта келгенде, 1743-1744 жылы ақ киізге көтеріп, Орта жүз ханы ретінде сайланған Абылай 1769 жылы Әбілмәмбеттің қайтыс болуына байланысты қазақ ордасының бас хандығына лайықты үміткер болатын.
Абылай хан 1771 жылы қаңтар айында басталған Еділ қалмақтарының Жоңғарияға көшуі кезеңінде үш жүздің қарулы қолдарымен бірлесе қимылдады. Ол Ералы сұлтан жасақтарымен бірге қалмақтарды түпкілікті талқандады. Сөйтіп, үш жүз игілері қатысқан жорықтар тұсында қазақтар 1771 жылы Түркістан қаласына жиналып, бірауыздан Абылайды тағы да ақ киізге көтеріп, Қожа Ахмет кесенесі жанында бас хандыққа заңды түрде бекіткен. Ол турасында Абылай 1778 жылы 28 ақпанда орыс патшасына жазған хатында: «1771 жылы Түркістан қаласында ... мені қазақтың үш Алашының ханы етіп, ақ киізге көтерді» деп ашық жазғанынан хабардар Ш.Уәлиханов «1771 жылы Абылай серт беру үшін орыс шекарасына барғысы келмеді. Мені хан етіп, халық сайлап, Көктің ұлы өзінің грамотасымен әлдеқашан бекіткен» деп толықтыра түседі. Сөйтіп, 1767 жылы көтерілген бас хандық мәселесі 1771 жылы түпкілікті шешілді.
Әбілсейіт МҰҚТАР, тарих ғылымдарының докторы, профессор.