• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
29 Маусым, 2011

Кеңеске қатысушылар лебізі

339 рет
көрсетілді

Мұхаммад ДАУДАУ, Сенегал делегациясының өкілі: – Қазақстан – қарыштап да­мып келе жатқан мемлекет. Осы сапарда біз Қазақ­стан­ның Орталық Азиядағы көш­басшы ел екеніне көзімізді жеткіздік. Алғашқы рет қазақ жеріне келіп, оның ажарлы астанасын көріп, келбетіне қызыға қарадық. Аймақта ғана емес, Қазақстан сонымен бірге әлемдік дең­гейде халықаралық дәрежедегі өз үнін танытып жүрген ел. Біз сіздің елдің былтырғы жылы ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалықты атқар­ға­нынан да хабардармыз. Енді БҰҰ-дан кейінгі мүшелерінің саны жағынан екінші орындағы Ислам Конференциясы Ұйымына да төрағалыққа кірісіп отыр. Әлгінде ғана сессияда ұйым жаңа атауды иеленді. Жаңа эмблемасы өмірге келді. Эмблемадан бүкіл жер шарындағы мұсылман баласының тұтастығы мен рөлін танимыз. Оның дәл осы сессияда қабылдануының өзі Қазақ­стан­ның ислам әлеміндегі беделін көтере түсе­тін тарихи оқиға болып саналады. Өйткені ұйым 38 жыл бойы тек конференция аталып келді. Ынтымақтастық деген ұғым бүгінгі дағдарысы мен қайшылығы мол кезеңде өзінің лайықты орнын тапты деп есептейміз. Адамзат баласы қай кезде де өркениеттер дамуында толағай жетістікке тек ынтымақтастық пен бірліктің ар­қа­сында ғана қол жеткізгенін тарихтан жақсы білеміз. Сондықтан ұйымның ынтымақтастық бо­лып өзгеруі жарқын бастаулардың нышаны деп бағалаймыз. Қазіргі таңда ұйымға 57 мемлекет мүше болса, келешекте оның саны мұнан да асып түсеріне иландырады. Ислам барлық уақытта тек бейбіт өмір мен адамгершілік қасиетті ту етіп келеді. Осы жолдағы имандылық шырағының ешқашан сөнбесіне сенемін. Халиди ЖАНДАР, Сауд Арабиясы делегациясының өкілі: – Сіздердің мемлекеттері­ңіз­дің басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың аузынан шыққан әрбір сөзін толығымен қолдап отыр­дым. Ол кісі мұсылман елдеріне, оның болашағына үлкен сеніммен қарайтын көреген басшы екенін әмбемізге дәлелдеді. Бүгінгі таңда ол айтқан ұсыныстарды қолдап, оның жүзеге асуына атсалыссақ, ислам әлемі көркейіп, белгілі бір биіктерге жетері сөзсіз. Біз әсем Астананы аралап шыққан соң, ұмытыл­мастай әсер алдық. 20 жылда осыншама жетістікке жету тек ауызбірлігі бар халық пен көреген басшысы, білікті қосшысы бар елдің ғана қолынан келеді. Президенттің осы отырыста айтқан ұсыныстарын тыңдай отырып, соның растығына тағы бір мәрте көзіміз айқын жете түсті. Эррол АЛИБАКС, Суринам делегациясының өкілі: – Мен бұл ұйымды өте қажет ұйым деп санаймын. Осыған дейін бұған тек мұсылман елдері ғана мүше болып келсе, соңғы кездері дүние жүзіндегі мұсылман емес елдер де оның жұмысына қызы­ғу­шылықтарын білдіреді. Бай­қау­шы ретінде қатысуға ниеттерін білдіруде. Себебі, ұйым­ның алға қойған мақсаты адамзат ізгілігі мен игілігіне бағыт­талған. Оның жаңа атауы мен эмблемасы барлығымыздың кө­кейі­мізге қонды, бұл оның келешектегі жұмыс­та­рын ширата түседі деген ойдамын. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сессияда ғаламат ойлар айтты. Тек ұсыныспен шектелмей, оларды шешудің нақты жолдарын да атап көрсетті. Осымен қатар Президент мұсылман әлемінің қазіргі алда тұрған нақты мақсат-мүдделерін де қолмен қойғандай айтып берді. Астана сессиясы барша мұсылман жұртшылығын бір-бірімен жа­қын­дастырып, өзара татулығы мен ынтымақтастық қарым-қатынасын барынша тереңдете түсті деуге толық негіз бар. Қазақстан тамаша ел екен. Қазақтар өте мейірімді, бауырмал, қонақжай халық екен. Соның арқасында, түрлі этнос өкілдерінің ауызбірлігі жарасып, жарқын болашаққа қадам басып бара жатқан ел екенсіздер. Ләйім, осы жол­дарыңызға Алла тағала қашанда жарығын төгіп, аспандарыңыз ашық болсын. Сіздерді осынау тамаша табыстарыңызбен құттықтаймын. Самир АЛИ ДЕРЕХ, Сирияның Қазақстандағы құрметті консулы: – Араб елдерінен келген делегация мүшеле­рі­нің барлығы Қазақстанның табыстарына, бүгінгі конференцияның жоғары ұйымдастырылуына ри­за­шылықтарын білдіріп жатыр. Қазақстан ұйымның жалпы даму үдерісіне айтарлықтай үлес қосуда. Конференцияда соңғы кезде батыс елдерінде белең алған исламофобия мәселесі орынды көтерілді. Шын мәнінде ислам мәдениеті мен өркениеті еш елге үрей мен қорқыныш туғызатын қауіп-қатер емес, қайта керісінше ислам мәдениеті еккен жемістер барша жер шарындағы адамзат баласының ортақ құндылығы саналады. Мен өте қызықты екі жобаның жүзеге асуына қатысы бар адаммын. Олар – Дамаскіде мәңгілік тыныстап жатқан қазақтың қос ғажайып тұлғасы. Бірі – Әбу-Насыр Әл-Фараби, екіншісі – Сұлтан Бейбарыс баһадүр. Әл-Фараби бүкіл ислам философиясының негізін қалаушы, ал егер де осынау ғұлама ғалым болмағанда әлем данышпан Аристотельді білмес еді. Қазіргі күні дүние жүзіндегі барлық жоғары оқу орындарында Әл-Фараби ілімі оқытылады. Ал Бейбарыс аты тарихта мұсылман әлемін қорғаушы, қолбасшы ретінде белгілі. Қазақ осы екі төл перзентімен-ақ әлем мәдениетінде айрықша құрметтелуге лайық. Нұрсұлтан Назарбаев тұлғасы бүгінде тек қазақстандықтарға ғана емес, әлемдік дәрежеде танылған басшыға айналды. Бұл есім арқылы әлем Қазақстанды жақынырақ танып жатыр. Президенттің халықаралық жиындарда сөйлеген сөздерінде өзекті ой, тұшымды пікір, мазмұнды ұсыныстар жатады. Ал ислам әлемі де осындай басшысы бар елдің төраға болуынан жақсылықтар күтеді. Бүгінгі жиында да Н.Назарбаев сындарлы ұсыныстар айтты. 20 жылда Қазақ елінің осынша биікке көтеріліп, әлемге танылуы Президенттің жүргізіп отырған саясатының арқасы. Аз уақытта астанасын салып бітірген тағы қандай елді танисыз. Шаһардың бүгінгі өсіп келе жатқан ғажайып көркіне қызыға көз тастай бергің келеді. Ян КУБИШ, Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілі: – Мен Қазақ­станның және оның көш­басшысы Нұр­сұлтан Назар­баевтың әлем­дік саясаттағы белсенді қыз­метіне тоқ­тал­ғым келеді. Ме­нің өзім осы соңғы бір жыл­дың жүзінде халықаралық дәрежедегі бірнеше маңызды басқосулардың Астанада өткізілуінің куәсі бол­дым. Бүгінгі кеңестің отырысы да халықаралық сондай маңызды іс-шараның бірі. ИКҰ қазір даму үстінде. Бүгін оның атауының өзгеруі конференция тәрізді тек уақытша ғана жұмыс істейтін деңгейден ынтымақтастыққа алып келетін тұрақты ауқымды ұйымға айналдырып отыр. Көңіл қуандыратыны – ұйым қарас­тыратын мәселе­лер аясының бұрынғыдан әлдеқайда өсе түс­кені. Онда экономикалық, әлеуметтік, гума­нитарлық бағыттар да көрініс табуда. Мұның барлығы тағы да Қазақстан төрағалығымен атқарылғалы отыр. Бұл ел үшін өте маңызды мәселе дер едім.