Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында саяжай, бау-бақша және қосалқы шаруашылықтарды дамытудың 2011-2014 жылдарға арналған шаралар кешені қаралды.
Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков министрліктің мәліметтері бойынша қазіргі күні азаматтардың жеке қосалқы шаруашылықтарындағы өнімдер ауыл шаруашылығы өндірісінің 56,8 пайызын құрайтындығын айтты. Министрдің мәлімдеуінше, саяжай және бау-бақша иелерінің осы салаларды дамытуға қатысты талабы соншама көп емес. Ең бастысы, өсімдіктерді суаратын су, қажетті электр қуаты, саяжайларына жету үшін автобус қатынасы мен өнімдерді сақтау бағытында қоғамдық күзет тәртібі болса жетіп жатыр.
Қаралып отырған жобаның аясында әкімдіктерге өңірлердегі саяжайлар мен бау-бақша шаруашылықтарын түгендеп, олардың бос жатқандықтарын анықтап, нақты есеп жүргізу ұсынылады. Егер қажет болған жағдайда саяжай алаңдарын кеңіту үшін әкімдіктер қала маңындағы бос жатқан жерлерді осы мақсатқа пайдалануы тиіс. Ал тұрғын үй-коммуналдық қызмет органдары жаңа саяжай алаңдарын тиісті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етіп, саяжайларды салудың техникалық-экономикалық негіздемелері мен жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуі керек.
Қаралып отырған шаралар кешені саяжай кооперативтерін жеңілдікпен қаржыландыру үшін әр облысқа әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары арқылы 50 миллион теңгеден бөлуді көздейді. Сонымен қатар, саяжайшылардың арнаулы техникалар сатып алуы шағын несиелермен қамтуға әр облысқа 20 миллион теңгеден қаржы бөлу қарастырылып отыр.
Адамдардың саяжай шаруашылығымен шұғылдануға деген ынтасын арттыру үшін электр қуаты мен саяжайларға арналған су қызметінің тарифін төмендету, автобус қатынасын ұйымдастыру мәселелері де осы кешенді шараларда қамтылған.
Сонымен қатар Үкімет отырысында Қаржы министрі Болат Жәмішев «Экспорттық-импорттық операциялар бойынша бір терезе» ақпараттық жүйесін құрудың тұжырымдама жобасын ұсынды. Қаржы министрлігі басшысының айтуынша, қазіргі күні халықаралық саудаға қатысатын компаниялар түрлі рұқсат беру құжаттары мен лицензиялар сертификаттар алуға ұзақ уақыттарын жоғалтып жүр. Оның үстіне әрбір бақылаушы органның компаниялар тапсыратын қажетті құжаттарды айқындауда және олардың тізімі мен тапсырылатын мерзімін белгілеуде өз ережесі, талабы мен үдерісі бар. Мәселен, компаниялар өздеріне қажетті 14-17 құжатты алуы үшін бұған қатысты 40-қа жуық құжат жинауға мәжбүр болады екен.
«Экспорттық-импорттық операциялар бойынша бір терезе» ақпараттық жүйесі іске қосылған жағдайда сыртқы экономикалық қызметке қатысушы бар болғаны бір ғана құжатты толтырып, өзіне қажетті рұқсат беру қағазын ала алады.
Осы жобаны жүзеге асыру кеден үдерістерінің тиімділігін арттыруға ықпал ететіндігі, кәсіпкерлердің жұмысын көп жеңілдететіндігі атап көрсетілді.
Қаралған мәселелерді қорытындылаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов отырыста айтылған ұсыныстарға сәйкес бірқатар мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.