Жаз – қарбалас тірлікпен бірге қыс пен көктемнің құрсауынан шығып, арқаны кеңге салатын мезгіл. Осы кезде алакөлдік малшы қауымы Ойжайлау ауылында келелі кеңес өткізіп, жыл қорытындысын шығаруды дәстүрге айналдырған. Көтеріңкі көңіл-күйдегі жұртшылық ортасынан озған озаттарына қошамет көрсетеді.
Өткен қоңыр күзден бастап бел жазбастан еңбек еткендер мерей тасытқан шараға түгел жиналды. Облыс әкімі Аңсар Мұсаханов мал шаруашылығын дамыту бағытындағы келелі мәселелерді ортаға салса, асыл тұқымды мал шаруашылығы көрмесінде «Тау самалы», «Тоқжайлау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, «Жазылбеков және К» сенім серіктестігі, «Ырыс» шаруа қожалығы тәрізді ұжымдар әкелген асыл тұқымды малдардың өзгелерден артықшылығына, алынатын өнім сапасының өтімділігіне көз жетті.
Асыл тұқымды төрт түлік түрлері осы көрмеден табылды. Бұдан жергілікті жердегі асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтардың ісі жақсара бастағанын, сауын сиырлардан сауылатын сүттің, биязы жүнді қойдан қырқылатын жүн мөлшері, етті малдан алынатын таза еттің салмағы берекелі мал өсірген шаруашылықтардың іргелі істерін дәлелдеді. Өндірістік кооперативтер мен серіктестіктер бойынша озаттарды марапаттау шарасы да жалғасын тапты.
Облыс әкімі өңірде мал өнімдерін өндіру көлемі артып, мал басын өсірудің нәтижелі екендігіне тоқталды. Сонымен қатар етті бағыттағы 21,2 мың бас ірі қара малын өсіретін жаңа шаруашылықтар құру жоспарланса, биылдың өзінде 14 фермерлік шаруашылық құрылыпты. Мал шаруашылығын қолдау мен асыл тұқымды мал өсіруге жергілікті бюджеттен 312,9 млн. теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар «Сыбаға» бағдарламасы бойынша қаржы институттарына 3 млрд. 432,8 млн. теңге бөлініп, 7978 бас мал сатып алу көзделген. Тағы басқа да саланы дамытуға бағытталған шаралардың ауқымы тіптен кең. Осы орайда алакөлдіктер де жақсы істерімен танылып, өткен жылды табысты қорытындылаған. Соның айғағындай мал шаруашылығын табысты салаға айналдырған бір топ малшылар биылғы төл алу мен жүн қырқуда үздіктер қатарынан көрінді. «Тау самалы» серіктестігінің шопаны М.Тұрысбековке «Жер – су» корпорациясы тағайындалған бас жүлде жеңіл автокөліктің кілті тапсырылды. Өзге де озаттар бағалы сыйлық алып, мерейленді.
Ойжайлау төріндегі малшылар слеті ұлттық ат спортымен жалғасты. Алаңда көкбаршылар тартысса, боз кілемде балуандар күш сынасты. Шалт қимылдап, қарсыласының жауырынын жерге тигізген Оралдан келген С.Шамшиев пен еліміздің бірнеше дүркін чемпионы М.Тұрсыновтың айқасы ерекше еді. Асығы алшысынан түскен С.Шамшиев бас бәйгеге тігілген «Жигули» автокөлігін туған жеріне мініп кетті.
Ат бәйгесіне жер-жерден келген сәйгүліктер қосылды. Мәрені бірінші қиған Еңбекшіқазақ ауданының «Ақсұңқары» бас бәйге темір тұлпарды иесіне сыйласа, отызға тарта желмен жарысқан аламан бәйгеге тігілген шетелдік жүрдек автокөлік алакөлдік Б.Кәрімовтың жүйрігіне бұйырды.
Дала төсін дүбірге бөлеп, малшылардың мерейін асқақтатқан тойдан мол тәжірибе алғандар үлкен ықыласпен тарасты.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.