• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2011

Дүбірге толы дүние

319 рет
көрсетілді

Айқайы күшті партия пайда болды Ресейдегі болып жатқан саяси оқиғаларға құлақ түретініміз бар. Қазір ондағы үлкен әңгіме «Правое дело» партиясының көсемдігіне олигарх Михаил Прохоровтың сайлануы және оның мәлімдемелері жайында. Бұл әңгімеге ел басшыларынан бастап, саясаткерлерінің бәрі де қатысып  отыр. Тіпті миллиардер Прохоров саясатпен айналысады дегенде-ақ бұл әң­гі­ме өршіп жүре берген. Оның бас­ты себебі – саясатпен ақ­ша біріксе, оның қо­лы­нан көп нәрсе келеді. Әдетте мықты саясатшының қар­жы­сы бол­­май жатады, ал қар­жы­сы бар­дың бәрі бірдей мықты сая­сатшы емес. Содан кейін бұл елде оли­гарх­тарға деген көзқарас өзгеше­леу. М.Ходорковский мен П.Лебедев түрмеде отыр. Сонда Прохо­ров­тың саясатқа келуі тосын жай. Ол партияны басқарамын деді – «Правое дело» партиясы съезі­нің 109 делегатының 107-сі оған дауыс берді. Жеке басқарамын деді де, партияның бұрынғы бас­шыларының жүгенін сыпырып алып, қалаған жағына кете берің­дер, деп айдап жіберді. Депутаттар тізімін өзі жасамақ, барлық шешімді де өзі шығармақ. Өзі дегенде, сірә, оның қара­жаты шығар. Жұрттың айтуын­ша, алғашқы жарна ретінде 100 миллион доллар салған көрінеді. Басқалар үйте алмас, содан да үн­дей ал­май­ды. Дегенде, жұрт бұл партияның байлардың, биз­нес­мендердің пар­тия­сы болады, оның қаржысы көп болады дегенді айтады. Бұл пар­тияға жұрт­тың бірден назар ау­даруында да осындай сыр бар. Ал Михаил Прохоровтың өзі партиясын отбасы басшылары­ның, бала тәрбиелеп, өмірден өз ор­нын тапқандардың партиясы деп отыр. Енді бұл бір жағы сай­лау­шылардың назарын аудару үшін жасалған пиар-қадам да шы­ғар. Сондай-ақ ол өз партия­сын би­ліктегі «Единая Россия» пар­тия­сы сияқты билік партиясы са­най­ды. Алғашында екінші орын­­да болғаны­мен, күндердің кү­нінде бірінші орын­ға шығып, билік тіз­гіндерін  өз қол­да­ры­на алмақ. Мұндай мәлім­деме біраз адамға ар­тықтау, тіпті әдеп­тен озғандай көрінуі мүмкін. Ал Прохоров мұ­нымен де шек­­­телмей, ұсынып жатса, премьер-министр де бола­ты­нын, оны жақ­сы білетінін айт­ты. Сонда ол Путинді қайда қой­мақ? Тіпті ол президенттікке сайланып кеткенде, оның, «Единая Россия» партия­сы­ның ада­мдары да болмай ма? Президент сайлауы дегеннен шығады, Прохоров өз партиясы парламент сайлауында жақсы нә­ти­жеге жетсе, президенттікке де түспек ойын білдірді. Мұндай кеудемсоқтау мәлім­де­ме­лер жасауға оның бизнестегі жолдары итермелейтіндей. Отыз­ға жетпей (1965 жылы туған) МФК банкі басқармасының төр­аға­сы бол­са, 1998 жылы Он­эксим­банктің, 2000 жылы Росбанктің төрағасы болды. 2001 жылы «Норильск никелін» басқарды. 2010 жы­лы «Он­эксим» тобы мен «Полюс золото» компаниясына иелік етті. Қазір Ресейдегі ең бай үш мықтының бірі – 18 миллиард доллар қаржысы бар. Прохоров – сол ақшасын ша­шып та жүретін, сөзге де ілініп жү­ре­тін адам. 2007 жылы Фран­ция­ның Куршевель курортында жынойнақ ұйымдастырғаны үшін оның төрт күнге қамалғаны да бар. Әри­не, ақша бәрінен құтқарады. Өз әріп­тестері олигархтармен ай­ты­сып, соттасып та жүреді. Көбіне жеңеді. Ал, саясаттағы күресі оны қандай биікке көтеретіні белгісіз. Бірақ беделінің мықты екені даусыз. РФ президенті Дмитрий Медведев онымен жолыққанша асықты. Кейбір идеяларының көңілден шығатынын да айтып салды. Осыдан да көп жайды аң­ғарғандай боласың-ау. Ынтымақ жоқ жерден береке кетеді Осыдан біраз бұрынғы Иран жоқ қазір. Байлығы кемімеген, ұстанған бағыты да өзгермеген. Батысты, алдымен АҚШ-ты ғайбаттайды. Олар соғыса қалса, қарсы соққыға ұшырайтынын да айтады. Бірақ Иранның дауысы бұрынғыдай естілмейді. Оның басты себебі – ел басшылығындағы алауыздық. Алауыздық дегенде, елдің ат­қа­ру­шы билігін жүр­гізе­тін президент Мах­мұд Ахмадинежад пен елдің рухани бас­шысы аятолла Али Хаменеи ара­сын­дағы келіспеушілік бұ­рын­ғы­дай жабық емес, қазір ашық жүре­ді. Елдің конс­титу­ция­сында діни басшылықтың үстемдігі айтылса да, соңғы кезде Ахмадинежад оны ескермейтінін біраз көрсетіп қал­ды. Ал рухани басшы оған жол бермейтінін аңғартты. Сәуір айының ортасында рухани басшылықпен келіспей, Ахмадинежад елдің барлаушылықпен айналы­сатын министрлігінің бас­шысы Хейдар Мослехиді қызметі­нен босат­қан­да, Хаменеи оған вето қойды. Содан кейін президент үкі­меттің шешімі мен діни басшы­лардың пікіріне құлақ аса бермейтінді шығарды. Бұл жерде әңгіме елдегі билік жүйесінің дұрыс-бұрыстығында емес, Ахмади­не­жадтың конституциялық талапты елемеуінде болып отыр. Осы жерде аятолла Хаменеидің бірлікке, ынтымаққа шақырған бас­та­масын атап өткен жөн болар. Ол бы­лай деді: «Елде билік басын­дағы­лар­дың бірлігі мен ынтымағы – діни парыз, ал саналы түрде, әсі­ресе, билік басындағылардың бөлі­ну­ге ұмты­лысы ислам іліміне қай­шы». Оның бұл шақыру-талабын да Ахмадинежад елей қоймады. Тағы да бір айтатын жай: күні кеше президент Ахмадинежад пен реформашыл оппозицияның күре­сінде діни басшылық президентті қолдаған болатын. Соның өзінде Ахмадинежадтың билігі айтарлық­тай қарсылыққа ұшырап, тұғыры мықты еместігі аңғарылған еді. Ал енді рухани билік оған оппонентке айналар болса, қазіргі пре­зи­денттің жағдайы тым күрделі. Президенттің ықпалы парламентте де әлсіреп отыр. Тіпті мамыр айын­да президентке импичмент жариялау жа­йын­да сөз болды. Депутат­тардың пікірінше, Ах­мадинежад ел конс­титуциясының талаптарын 50 рет бұзған көрінеді. Осы аптада да депутаттар оған жаңа талап­тарын білдірді. Ал қа­зір жұртқа белгілі бо­лып отырғанын­дай, осы жақында ислам революция­сы­ның қорғаушы корпусының командирі Мұхаммад Али Жафари билікті басып алуға әрекет жасағаны үшін деген айып­пен президентті тұтқын­дауға аятолла Хаменеиден рұқсат сұрап­ты. Рұқ­сат берілмегенімен, бұл әңгіме­нің өзі елдегі жағдайдың ба­рын­ша ушығып тұрғанын аңғартады. Бұрын Иран басшылығын сырт күшке қарсылық идеясы, ис­лам ре­волюциясын қорғау идеясы біріктіретін. Енді оған ақау түс­кен­дей. Иран басшы­лы­ғы­ның халық­ара­лық оқшаулығы ішкі бірлік арқасында көп аң­ғарылмайтындай еді. Халық­ара­лық қауымдастық, жетекші елдер тарапынан айтылар сынға ішкі оппоненттің сыны қосылар болса, елдің оқшаулануы күшейе түседі. Қазір Иран елінің экономи­касын­да да айтарлықтай тоқырау бар. Оған әлемдік дағдарыстың, сон­дай-ақ БҰҰ, АҚШ, Еуроодақ тарапынан ен­гізілген экономика­лық санкцияның да әсері анық. Ресми тұрғыда инфляция 12 пайыз делінсе, шын мәнінде 20 па­йыз деген пікір айтылады. Ха­лық тұтынатын тауарлар, әсіресе, азық-түлік тауар­лары қымбат­таған. Былтырғы жыл­дың аяғын­да, айта­лық, нанның бағасы үш есе өскен. Осының барлығы халықтың көңіл күйіне әсер етеді. Мамадияр ЖАҚЫП.