• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2011

Парсы шығанағына шығаратын шақырымдар

469 рет
көрсетілді

Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері

«Біз қазірдің өзінде “Жетіген-Қорғас” және “Өзен-Түркімен­стан­мен мемлекеттік шекара” темір жол желілерін салып жа­тыр­мыз, олар іс жүзінде біздің өнімдерге Қытай мен Парсы шығанағы елдерінің рыноктарына жол ашады». Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2010 жылғы Қазақстан халқына Жолдауынан «Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» жаңа темір жол магистралі – «Өзен-Қызылқия-Берекет-Этрек-Горган» ха­лықаралық жобасының бір бөлшегі.  Еуразия мен Иран теңіз айлақтарын барынша жақындастыратын Солтүстік-Оң­түс­тік стратегиялық трансұлттық дәлізінің маңызды телімін ашу 2011 жылдың қазан айына жоспарланып отыр. «Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» жобасы Қазақстан эко­но­микасын серпінді дамыту аясындағы көлік және оның инфрақұрылымын жаңғырту саласындағы аса ірі жобалардың бірінен саналады. Президенттің тапсырмасымен үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасында көрсетілген Жетіген-Қорғас телімімен қатар аталатын ауқымды құрылыс. Бұл бағдар Иран, Армения, Грузия арасындағы тауар алмасуды жеделдетіп, Орталық Азия мемлекеттері мен Қытай ара­сын­дағы сау­да қатынасына тың серпін береді. Аймақтағы халықаралық тауар айналы­мы жүйесінде Қазақстанның темір жол арқылы Таяу Шы­ғыс­қа шыға алатын қысқа бағдары ашылады. Бұл аса ауқымды халықтық құрылысты атқаруды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық ком­паниясы» АҚ-ға жүктеді. Теміржолдың қазақстандық 146 шақырымдық бөлігінде 68 жасанды имарат, 7 станса мен жол айырықтары, төрт көпір салынады. Құрылыс жұмыс­тарына еліміздің түкпір-түкпірінен екі мыңға жуық маман тар­тылған. Қазақстан Президентінің тапсырмасына орай «ҚТЖ» ҰК» АҚ темір жол теліміндегі тапсырыстардың 80 пайызын отандық өндіріс орын­дарына орналастырды. Бүгінгі таңда рельс торкөздерін төсеу мен суағарлар және көпірлер секілді жасанды имараттардың құрылысы толығымен аяқталды. Телімнің барлық желілеріне бағандар орнатылып, электр қуаты беріле бастады. Құрылысшылар стансалар мен жол айырықтарын абаттандыру жұ­мыс­тарын да кестеге сай жүргізуде. Өзен стансасы барынша кеңейтіліп, жаң­ғыр­тылуда. Мұнда 100 жолаушыға арналған жайлы вокзал бой көте­ріп, инфрақұрылымы сәйкестендірілуде. Әлеуметтік мақсаттағы әрқ­ай­сы­сы 320 орындық екі балабақша, монша, басқа да нысандар тұрғызылады. Жаңадан салынған Болашақ стансасында 25 жолаушыға арналған вокзалмен бірге қызметтік-техникалық ғимараттар бой көтереді. 80 оқу­шыға арналған мектеп, 50 орындық балабақша, желілік амбулатория, өнер­кәсіптік және азық-түлік дүкендері, асхана, наубайхана ашу көзделген. Темір жол желісінің құрылысы барысын тұрақты бақылау жөнінде штаб құрылған. Жаңа темір жол магистралы еліміздің бәсекелестікке сай әлеуетін өсіріп, Қазақстан Республикасын жаңа халықаралық көлік дәлізіне бастайды. Ескендір ЕРТАЙ. Суреттерді түсірген Юрий БЕККЕР. Басты жол төселді, келесі кезекте кіреберіс жолдар Құс қанаты талатын биіктен қарағандағы магистраль Жол бойындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар Қазақстанның Түркіменстанмен түйісетін теліміне таяқ тастам жер қалып тұр Бопай стансасы транзиттік пойыздар өтетін ірі бекетке айналады Депо, вокзал, диспетчерлік орталықтардың инфрақұрылымы дамытылуда Жобаға керекті құрылыс материалдары жаңа жолмен жеткізілуде «Өзен –Түркіменстан мемлекеттік шекара» желісімен  Маңғыстаудың маң даласына жан кірді