Еліміздің экономикасында тау-кен саласының алатын орны ерекше. Өйткені, біздің республикамыз шикізаттар абсолюттік қорлары бойынша, оның әр адам басына шаққанда өндіруі бойынша әлемде алдыңғы қатарда. Мұнда дүние жүзіндегі вольфрам қорларының 50 пайызы, уран мен хром кендерінің 25 пайызы, мырыштың 19 пайызы шоғырланған. Басқа металдардың да қоры өте жоғары.
Біздің еліміз әлемдегі ең ірі минералды шикізат өндіруші мемлекеттің бірі. Ол дүние жүзінде рений, уран, бериллий өндіруде бірінші орында, хром кені, феррохром, титан өндіруде екінші орында; марганец кені, ферроқорытпалар, тантал, асбест, ниобий, галлий, техникалық таллий, мышьяк өндіруде үшінші орында, тазартылған мыс, мырыш, кадмий, бор, күкірт өндіруде жетінші орында, темір кенін өндіруде оныншы орында, көмір өндіруде он бірінші орында, мұнай мен газ өндіруде он жетінші орында.
Қазіргі таңда республикада жылына 75 млн.тонна мұнай, 30 млрд. текше метр табиғи газ, 120 млн. тонна көмір, 25 млн. тонна темір кені, 35 млн. тонна мыс кені (450 мың тонна мыс концентраты), 8 млн. тонна қорғасын мырыш кені (50 мың тонна қорғасын, 450 мың тонна мырыш концентраты), 3,8 млн. тонна хром кені, 12 мың тонна уран өндірілді.
Кен мен металл өндірушілер «Қазақмыс», «Қазцинк», «ССГПО», «Қазхром», «Қазахстан алюминиі», «Қостанай минералдары», «Қазақалтын», т.б. бірлестіктердің тау-кен және металлургиялық кәсіпорындары. Өкінішке орай, бұлардың бәрі шетел компанияларының меншігінде. Ал оларда қолданатын құрал-жабдық пен технология кеңес дәуірінен қалған, бірен-саран өндірістер ғана жаңартылған. Мамандардың бәрі Қазақ политехникалық институты мен отанымыздың басқа техникалық оқу орындарының түлектері. Олардың іскерлігін шетелдік инвесторлар өте жоғары бағалайды.
Тау-кен металлургия кешені еліміздің ІЖӨ-нің 7-ден астам пайызын, жалпы, өндіріс табысының 17 пайызын құрайды. Және оның экспорттағы үлесі 20 пайыздан артық. Бірақ тау-кен металлургия кешенінің 85 пайыздан астам өнімі экспортқа шикізат, концентрат түрінде шығарылады. Ал металдар және олардан жасалатын өнімдер экспорттың 14 пайызына зорға жетеді.
Шетелдерге сатылатын тауарлардың құндылығы үшінші-төртінші буында өңделетін дайын өнімнің бағасынан жүз еседен астам төмен. Оның үстіне экспорттан түсетін жалпы қаржының тек бестен бір бөлігі бюджетке түсіп, қалғандары инвесторлардың қалтасында қалып отыр. Ал, дамыған елдерде (Ұлыбритания, Норвегия, Швеция және т.б.) мұнай-газдан мемлекеттің бюджетіне түсетін пайда 80-85 пайызды құрайды.
Бұл мәселеге жоғары лауазымды басшылар көңіл аудара бастаған сыңайлы. Демек, бұрынғы жасалған шарттарды заңға сәйкес қайта қарастыру қажет. Сатудан түскен табысты бөлуде аталған кемшіліктерге қарамастан, еліміздің бюджеті негізінен, минералды шикізатты экспорттаудан құралып отыр. Бірақ экономиканың мұндай құрылымының болашағы жоқ екендігі айдан анық. Таяуда өткен шетелдік инвесторлармен кездесуде Президент Н.Ә.Назарбаев бұл мәселеге тағы да көңіл аударды. Соған қарамастан, еліміздің экономикасында «шикізаттық» модель әлі де басым болып келе жатыр.
Дегенмен, ел басшылары экономика құрамын өзгерту керек екендігін түсініп, дайын тауар шығаратын салаларға көңіл аудара бастады-ау. Бірақ, олардың істеріне қарасақ, тау-кен металлургия кешенінің өнімдері сол жоғарғы деңгейден төмендейтін түрі жоқ. Қоғам да, әрбір көзі ашық азамат та минералды шикізат ресурстарының қайта қалпына келмейтінін және олардың шексіз еместігін, болашақ ұрпаққа да қалдыру керектігін, ал оны жер қойнауынан алып шығу қоршаған ортаға көп зиян келтіретінін ұмытпағаны жөн. Сонымен қатар, бірінші және екінші буында өңделген минералды шикізат өнімін сату әлемдік нарықта алдын ала болжанбайтын өзгерістерге жылдам ұшырайтыны белгілі жәйт, мұны өткен жылдардағы қаржылық-экономикалық дағдарыс жақсы көрсетті. Шикізат құны 2-4 есеге дейін құлдырады.
Өмір жер қойнауының байлығына өте сақтықпен қарауды талап етеді. Мұндай үлгіні әлемнің дамыған елдері көрсетуде. Мысалы, АҚШ бізге қарағанда әлдеқайда зор қорларға ие бола отырып, минералды шикізаттың барлық түрлерінің 85 пайызынан астамын сырт елдерден сатып алады, өз қорларын келешек ұрпаққа сақтайды.
Шикізатты белсенді өндірудің қармағынан шығу үшін тау-кен металлургия саласында екі үлкен мәселені мемлекет деңгейінде шешу қажет. Алғашқысы – минералды шикізатты толықтай және кешенді пайдалану. Екінші мәселе – қосымша құндылығы жоғары өнімді шығаруға тезірек көшу.
Бірінші проблеманы шешу жолдары белгілі. Ол жанама пайдалы компоненттерді бөліп алу жолын қажетті деңгейге көтеру. Сонда оларды сатудан түскен пайда шикізат өнімінің үлкен көлемдегі табысын қамтамасыз етеді. Еске сала кететін бір жәйт, соңғы 15-20 жылдың ішінде кен-металлургиялық кәсіпорындардың көбінде жанама пайдалы компоненттер (платина, алтын, палладий, рений т.б.) шикізаттан ойдағыдай бөлініп алынбай келеді. Олар байыту және металлургия өндірісінің қалдықтарымен бірге үйіндіге кетіп жатыр. Ал сирек элементтердің құны (1 кг, 1т) негізгі металдар (мыс, мырыш, қорғасын) құнынан 1000 еседен де жоғары. Сондықтан аталған жанама элементтерді бөліп алатын кәсіпорындарды қосымша ұлғайту, нығайту, олардың технологиясын жаңғырту, өңдеу тиімділігін арттыру ең қажетті мәселе.
Қазақстанның кен орындарының бір ерекшелігі – олардың құрамында сирек, асыл, өте құнды металдар көп. Сондықтан минералды шикізатты толық әрі кешенді пайдалану біздің кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін жоғарғы деңгейге көтеретін анық жол. Осыған орай, кен құрамындағы барлық пайдалы компоненттерді тауар ретінде толық бөліп алуды қамтамасыз ететін жаңа технологияларды, процестер мен техникалық құралдарды жасауға және енгізуге бағытталған ғылыми, қолданба жұмыстарды жеделдету өзекті мәселе.
Қорыта келгенде, минералды шикізатты өңдеудің техникалық құралдары мен технологияларының оның табиғи қасиеттері мен технологиялық сипаттамаларына толық сәйкестендіріп таңдағанда аталған күрделі проблема шешуін табады. Ол үшін, ең алдымен, минералды шикізатты өңдеудің әрбір кезеңінде арнаулы ғылыми-зерттеу және өлшеу жұмыстарын жүргізу қажет.
Мысалы, геологиялық барлау кезеңінде кен орны геологиясын толық зерттеп, оның сапасын көтеру, баланстық қорлардың құрамындағы негізгі, сонымен қатар, жанама пайдалы қазбаларды, олардың компоненттерін нақты анықтау, кеннің технологиялық қасиеттерін, аршыма жыныстардың физикалық-механикалық және агрохимиялық қасиеттерін толық зерттеп анықтау. Осылай жасалған геологиялық-технологиялық ақпараттар минералды шикізатты кешенді пайдалануды басқару жүйесінің бастапқы сатысы болып табылады.
Кен орнын пайдалану процесінде геологиялық-технологиялық ақпараттар ұңғымаларының шламдарын химиялық талдау мәліметтерімен, геофизикалық өлшеулермен нақтыланады. Оның нәтижесінде, өндірілетін блоктардың технологиялық картасы жасалады. Бұл карта аталған блоктарды тиімді өндірудің жолдарын көрсетеді. Қазу-тиеу жұмыстарының дәстүрлі емес әдістерін қолдану жер қойнауындағы пайдалы қазбаларды толық алуға мүмкіндік береді.
Аталған шаралар байыту фабрикасына тұрақты сапалы әртүрлі технологиялық типтегі кендерді тиісті көлемде, керек уақытында жеткізуге мүмкіндік туғызады.
Кен дайындау кезеңінде кен қазындысы қиыршық және басқа да жанама жыныстардан тазартылады, кен технологиялық типтер мен сорттарға бөлінеді. Бұл флотацияға келіп түсетін кен қазындысының көлемін азайтады да өңдеу өніміндегі металл мөлшерін арттырады.
Түсті және сирек кездесетін металдар кенінің құрамындағы бағалы және құнды жанама пайдалы компоненттерді негізгі байыту технологиялық тізбегінде тауарлы концентратқа бірден бөліп алу қиын жағдай. Сондықтан өңдеудің бірнеше технологиялық тізбектерін жасақтап іске қосу қажет. Сонда пайдалы компоненттерді толық бөліп алуға мүмкіндік туады. Қажетті концентраттарды бөліп алу мүмкін болмаған жағдайда минералды агрегатты металлугиялық өңдеуге тікелей жіберу керек.
Металлургиялық өңдеу кезеңінде барлық пайдалы компоненттерді бөліп алуға мүмкіндік беретін қосымша өндіріс орнын салу қажет. Концентраттарды және олардың қалдықтарын бірнеше қайта кезекпен өңдеу пайдалы компоненттерді толық бөліп алуға мүмкіндік туғызады.
Минералды шикізатты пайдаланудың кешенділігін бағалау үшін оның ақшалай эквивалентін, яғни, табиғи құндылығын пайдаланып, әрбір кен өңдеу кезеңінде қандай табыс әкелетінін көрсеткен дұрыс. Бұл жәйді анықтау үшін Қазақстанның орта статикалық полиметалды кен орнының кендерін әртүрлі нұсқалармен өңдеу кезіндегі жеке металдан және барлық өнімнен түсетін табысты есептелік. Кен орнының өнімділігін жылына 10 млн. т. деп қабылдадық. Компоненттерді кеннен концентратқа бөліп алу коэффициенті негізгі металдар үшін 0,8-0,95, жанама металдар (сирек және бағалы) үшін 0,5-0,7, ал металды концентраттан бөліп алу коэффициенті негізгі металдар үшін 0,85-0,98, жанама элементтер үшін 0,60-0,80 шамасында делік. Пайдалы компоненттердің бір тоннасының құнын 2009 жылғы бағамен алып қарастырамыз.
Енді, нақты мысалға көңіл аударсақ, минералды шикізатты өңдеудің кең таралған технологиясы қолданылған жағдайда мыстан түсетін пайда – 34.367.200, молибденнен түсетін пайда – 35.910.000, алтыннан түсетін пайда – 11.970.000, платинадан түсетін пайда – 5486,25∙1066, осмийден түсетін пайда – 66,5∙1066, жалпы өнімнен (кеннің құрамында 17 элемент бар) түсетін пайда – 6825,19∙1066 АҚШ доллары екен. Негізгі металдар – мыс, қорғасын, мырыш, молибденнің бағасы жалпы табыстың 1,50 пайызын ғана құрайды. Ал платинаны сатқанда түсетін табыс негізгі металдардың құнынан 78 есе көп екен. Дәл осындай жағдай кен шикізатын өңдеудің басқа нұсқаларына да тән. Бұл мағлұмат кен құрамындағы барлық пайдалы компоненттерді, әсіресе, қымбат элементтерді кешенді пайдалану проблемасының өзектілігін және оны тезірек шешудің қажеттілігін нақ көрсетеді.
Сонымен қатар, минералды шикізатты өңдеуде қолданылатын технологияны жаңғыртқан сайын жалпы өнімді сатудан түсетін табыс 2 есе артық көбейеді. Ал кеннен пайдалы компоненттерді толық бөліп алмағанда (өмірде жиі кездесетін жағдай), табыс жоғарыда келтірілген мысалмен салыстырғанда 100 есеге дейін төмен. Бұл салыстырма, минералды шикізатты кешенді пайдаланған уақытта тау-кен металлургия саласында қазіргі түсіп жүрген табыс кен көлемін 10 рет азайтқан жағдайда да түсіруге болатынын көрсетеді.
Қазіргі таңда осы проблема саласында жүргізіліп жатқан біраз шаруа бар. Мысалы, «Казцинк» компаниясы «Жаңа металлургия» бағдарламасы бойынша катодты мыс өндіруді 70 мың тоннаға дейін көбейтті. Сонымен қатар, кеннен алынатын қосымша пайдалы элементтердің санын 10-ға жеткізді. «Қазақмыс» бірлестігі Балқаш мыс зауытында күкірт қышқылын шығаратын, рений бөліп алатын технологияларды қолға алып жатыр. Бірақ, мұндай шаралар сала бойынша өте аз. Жаңа өндіріс орындарын салуға инвесторлар ақша шығарғысы келмейді. Үкіметтің оған араласуға батылы жетпей жүр. Соның салдарынан миллиардтаған қаражат түсіретін асыл, қымбат элементтер металлургия өндірісінің түтінімен, қоқыс-қалдықтарының үйіндісіне айналып қоршаған ортаны ластауда.
Екінші өзекті проблема – кен-металлургия өндірістерінде шығатын металдарды әрі қарай әртүрлі дайын тауарларға айналдыру. Мысалы, темірден машина жасау, құрылыс саласына керек заттарды шығару, түсті металдардан сым, жұқа қаңылтыр, кабель, тағы да сондай шаруашылыққа қажет заттар шығару. Қазіргі таңда аталған дайын бұйымдар сырт елден өте қымбат бағамен сатып алынады. Бұларды өндіруге, әрине, қосымша қаражат жұмсап, жаңа өндіріс орындарын салу керек. Ал осы өңдеу өндірістерін аяққа қойсақ, одан түсетін пайда жұмсалған қаржыдан әлдеқайда артып түсіп, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берер еді.
Осыған байланысты Еуразиялық табиғи ресурстар компаниясы салған алюминий өндіретін алғашқы қазақстандық электролиз зауыты (ҚЭЗ) республика үшін елеулі оқиға. 2010 жылдың шілде айында болған ашылу рәсімінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев жоғары технологиялық, экологиялық таза өндірістің еуропалық стандарттарына сәйкес келетін кәсіпорын екенін ашып айтты. Зауыттың жобалық қуаты – жылына 250 мың тонна таза алюминий шығаруға негізделген.
Павлодар кереметінің арқасында Қазақстан алғашқы рет халықаралық нарыққа өндірудің үшінші сатысының өнімімен – алюминийден жасалған металл дайындамалары және құймаларымен шықты.
Ақтөбе зауытында төрт тұрақты пештің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр және ондай қуатты пеш әлемде жоқ. Жоғары көміртекті феррохромды жылына қуаты 440 мың тоннаға көтеретін жоба іске асырылуда.
Осы мақсатта Соколов-Сарыбай кен өңдірістік бірлестігі аясында кен базасын кеңейту мен концентрат өңдірісін арттыру жобалары, күйдіру мәшинесі мен ыстық брикеттелген темір шығаратын зауыттың кұрылысы жүргізілуде.
2011 жылы «Арселор Миттал Темиртау» компаниясы 3,5 миллион тонна шойын, 3,8 миллин тонна сұйық болат, 3,1 миллион тонна илемдеу әдісімен алынған бұйымдар шығаруды жоспарласа, 2015 жылы бұл өндіріс сұйық болатты 6 миллион тоннаға, көмір өндіруді 13 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отыр.
Қуаты 1,2 млн. тонна болатын пішімдерге үздіксіз құйып тұратын жаңа мәшине құрылысы жыл соңында аяқталмақ. Сондай-ақ, №2 домна пешін күрделі жөндеуден өткізіп, қалған үшеуін 3 жылда қайтадан жаңарту жоспарланған.
Өткен жылы жоғары көміртекті феррохром өндіру шамамен 1,3 миллион тоннаға жетсе, барлық өндірілген ферроқорытпа 1,8 миллион тоннадан аспақ. Тауарлы темір рудасы концентратын өндіру шамамен 8,5 миллион тоннаны құрады.
Сонымен қатар, «Қазақмыс» корпорациясы 2014 жылға дейін Бозшакөлде тау-кен байыту кешенінің құрылысын бастауды жобалауда. 2020 жылға дейін Ақтоғай кен орнын игеру жоспарлануда. Бұл шикізаттық жоспарларды іске асырудың стратегиялық маңызы бар. Себебі, алдағы 40 жыл ішінде мыс балқыту зауыттарының үзіліссіз жұмысын қамтамасыз ету қажет. Шығыс Қазақстан облысында жаңа көп металды кен орындары зерттеліп, іске қосылмақшы.
Ақмола облысында темір рудаларын байыту және қайта өңдеу, ұсату-байыту фабрикасы жұмысын бастамақ. Васильков кен орнын игеру және алтын шығаратын фабриканың қуатын 8 миллионға жеткізіп, 15 тонна алтын шығаратын фабриканың құрылысына инвестиция салынған жоба іске қосылды.
Жоғарыда айтылған ойлар, істеліп жатқан жұмыстар кен-металлургия саласында мемлекеттік басқару қажеттілігін, саланың даму бағдарламасына мемлекеттің тікелей қатысуын талап етеді. Өйткені, металлургиялық кешен құрылыстары өте көп инвестицияны қажет етеді, ал мемлекеттің араласуынсыз шетел компаниялары басын ауыртпайды, шағын кәсіпорындар оны іске асыруға шамасы жетпейді. Қазақстанда құны жоғары өнім тұтыну саласы (авиағарыштық, электроника және электротехника, мәшине жасау, т.б.) жоқтың қасы, ал ғылымды қажет ететін өндірісті құруда көшбасы бола алатын тек осы тау-кен металлургия саласы.
Минералды шикізат өңдеудің техникалық құралдары мен технологиясын оның табиғи қасиеттері мен технологиялық сипаттамаларына сәйкес таңдап, қабылдап отырса, минералды шикізатты толық әрі кешенді пайдалану сияқты, тау-кен металлургия кешенінің күрделі проблемасы шешуін табады.
Осы шешімнің арқасында қазіргі тау-кен металлургия кешені өнімдерін сатудан түсетін табысты өндірілетін кеннің көлемін қазіргіден 5-10 есе азайтса да бастапқы бағамды сақтап қалуға болады. Егер оның үстіне шығарылып жатқан металдардан дайын бұйымдар өндіретін өндіріс орындарын нығайтса, Қазақстанның тау-кен металлургиялық кешені еліміздің инновациялық дамуында көшбасшысы рөлін толығымен атқарады.
Қорыта келгенде, жер байлығын кешенді, ұқыпты пайдалану Қазақстанды экспортты-шикізатты елден ресурсты-инновациялық стратегияны жүзеге асырушы елге айналдырады. Мұнай-газ, кен-металлургия секторының жоғары деңгейде өндірілген тауарларын сатудан жинақталған қаржылық ресурстар экономиканың барлық салаларын жетілдіруге, оларды ойдағыдай қайта құруға, жоғары технологиялық ғылыми өнімдерді жасауды қалыптастыруға зор мүмкіндік береді. Ал мәшине жасау, құрылыс, басқа да өңдеу өнеркәсіп орындарын жандандыру жолында кен-металлургия саласы локомотив болуы анық, өйткені, олар өзара тығыз байланысты.
Баян РАҚЫШЕВ, академик, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ кафедра меңгерушісі.