• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2011

Агломерация желісіндегі жұмыс астаналық облысқа үлкен жауапкершілік жүктейді

461 рет
көрсетілді

Ел тәуелсіздігі Ақмола облысын тарихи өл­шем­дегі айрықша өзгерістерге бастады. Тұң­ғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың бастама­сымен бой көтерген жаңа байтағымыз –  әлемді таң­қал­дыр­ған Астана қаласы облыс аума­ғын­да орна­лас­қан. Еңселі елордаға енші қалдырып, өзі Көк­ше­­тауға қоныс тепкенде об­лыс мой­нын­дағы жауапкершілік еселеп арта түс­ті. Белгіленген биік межелер үдемелі қоз­ға­лыс үстіндегі қоғамы­мыз­дың сөз қорына «Ас­тананың агло­мерациялық белдеуі» ұғы­мын қосты. Біз облыс әкімі Сергей Дьяченконы әңгімеге шақырып, алға қойылған мін­дет-мақ­сат­тар мен атқа­рылып жатқан ж­ұ­мыс­тар жайлы әңгімелеп беруін өтінген едік. – Сергей Александрович, Астана мегаполисі күн санап өсіп келеді десек артық емес. Бұл облысқа қосымша әрі күрделі міндеттер жүктейді. ЖаҺандық қала құрылысының үлгісі саналатын Астананың айналасындағы ауылдар мен елді мекендерді кешенді дамыту мем­лекеттік маңыздағы мәселеге ай­нал­ды. Осы ретте агломерацияның ауқымы туралы не айтар едіңіз? – Республика Үкіметі 1999 жылдың сә­уі­ріндегі қаулысымен қалаға іргелес ай­мақ­тың аумағын, қазір айтылып жүргенін­дей, Астананың агломерациялық белдеуін ай­қын­дады. Оған облысымыздың Арша­лы, Це­линоград және Шортанды аудан­дарының жекелеген бөлігі енгізілген. Ол Астанадан 30 шықырымдық шеңбердегі 20 ауылды, бе­кеттер мен кентті қамтиды. Қа­ла ма­ңын­дағы аймақтың жалпы көлемі 256,5 мың гектар. Ондағы үй­лесімді даму­ды қамта­ма­сыз ету Ақмола облысына үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Мәселен, бүгінгі күні агломе­ра­ция­лық аймақ тұрғында­ры­ның саны екі еседен астам өссе, кейбір ауылдардағы көрсеткіш одан да жоғары. Соған қара­мас­тан, олардың көпшілігі Астана қаласында жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр. Салмақты мәселенің тағы бірі ауыл құрылысы мен тұрмысының Астананың сән-салтанатына селкеу түсірмеуінде дер едік. Алғашқы күн­дерден бастап облыс басшылығы, мүм­кіндігіне қарай, тұрғын үй және әлеу­мет­тік нысандар құрылысын жүргізу, инже­нер­лік-коммуникациялық, кө­­лік инфра­құ­ры­лымын қамтамасыз ету си­яқ­ты өзекті міндеттермен айналысуда. Бұл орайда, мем­лекет тарапынан көрсетіліп жат­қан көмек-қолдау игі істерге серпін бер­генін бө­лектеп айтқым келеді. – Өткен жылдың 5 тамызында мемлекет басшысы Н.Назарбаев Ақмол ауы­лына әдейі келіп, оны аглом­е­ра­ция­лық қозғалыстың үлгі тірегіне айнал­дыруды тапсырған еді. Қазіргі жағдай, шын мә­нінде, солай деп айтуға келеді ме? – Президент сапарын агломерация ау­қы­мын кеңіткен бетбұрысты қадам деп санаймыз. Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей тапсырмасымен Үкімет 2010 жылғы 30 қарашада Астана қаласына іргелес елді-мекендердің әлеуметтік-экономикалық да­муының 2011-2014 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Кең көлемді жоба аталған 20 ауылдағы даму үрдісіне 40,4 миллиард теңге қаржы жұмылдыруды көз­дейді. Оның 4,3 миллиарды жергілікті бюд­жеттің қаражаты. Целиноград ауданының Астанадағы Көк­талдан көшкен тұрғындары жаңа әкім­ші­лік орталығындағы игілікті өзгерістерге дән риза. Былтыр аудан орталығы ин­фра­құрылымын дамытудың бірінші кезектегі жобалары жедел қарқынмен жүзеге асы­рылды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттің 67,3 миллион теңгесін қосып есептегенде 455,5 миллион теңге қаржы жаратылды. Өткен жылғы 1 қазанда, мерзімінен бір ай бұрын, Ақмол тұрғындары тұрақты әрі са­палы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Қазір мұнда тәулігіне 1,5 мың текше метр су келіп тұрады. Бұған дейін ол 700 текше метр көлемінде болып, әр аулаға кезегімен босатылатын. Жалпы, «Жол картасы» бағдарламасы аясында Ақмол ауылының су жүйелерін күрделі жөндеуге 120 миллион теңге бө­лініп, түгел игерілді. Сондай-ақ, бюджеттен тыс қаржылар есебінен 40 көшеге шам­дар орнатылып, аулааралық жолдар жөнделді. Ұлы Отан соғысында қаза бол­ғандар ескерткіші мен орталық алаң, «АЛЖИР» лагерінде азап шеккендер кешені көркейтіліп, бақтар мен саяжолдар тәр­тіп­ке келтірілді. Елбасы тапсырмасына сәй­кес, Астанаға серіктес кентте 250 орындық аурухана мен емхана, қуатты жылу қа­зан­дығы, мемлекеттік-жекеменшіктік әріптес­тік негізіндегі қоғамдық монша және спорт­тық-сауықтыру кешені пайдалануға қосылады. Қазірдің өзінде экономикалық, әлеуметтік сипаттағы жаңа жеті ғимарат ауыл көркін аша түсті. Ал, мемлекеттік «Ба­лапан» бағдарламасының тұңғыш ны­саны –  320 орындық балалар бақшасы аудан орталығы тұрғындарының бүгінгі сұ­ра­нысын толық қамтамасыз етеді. Түйін­деп айтқанда, Астана іргесіндегі Ақмол үлгісі өзге ауылдарды да алға жетелейтіні анық. – Ақмолдағы игі істерге өзіміз де куә болып, газетімізде қуаныш хабарларын таратудамыз. Әйткенмен, оқырман­да­ры­­мызды агломерацияның басқа да бу­ындарындағы жоспарлы жұмыстар ба­ры­сы қызықтыратыны белгілі. – Алда ауқымды жұмыстар бар. Белгіленген кешенді жоспар бойынша 10 елді мекенге су жүйелері тартылып, қайта жаб­дық­талады, 15 ауылда 848 шақырымдық эл­ектр­ қуатымен қамтамасыз ету желісі мен оны тарату стансалары салынады. Жоғарыда айтқанымыздай, Ақмолда қ­а­зандық пен жылу желілерінің ірі жобасы атқарылып, 20 елді мекендегі 200 шақы­рымдық негізгі жолдар жөнделеді. Оның сыртында, жаңа 10 балалар бақшасы, 6 орта мектеп, денсаулық сақтау мекемесінің 17 нысаны ел игілігіне беріледі. Жос­пар­лан­ған 37 шара биылғы жылы толық іске асырылады. Қазіргі кезде Целиноград ауданындағы Қабанбай батыр, Максимовка және Разъ­езд-96 ауылдарының бас жоспарларын нақ­тылау жүргізіліп жатса, тағы да 6 ау­ыл­дың бас құжатына уақыт талабын­дағы өз­ге­рістер енгізілуде. Қосшы кентіндегі ин­женерлік-коммуникациялық мақсаттағы құ­рылыстар аяқталып келеді. Сондай-ақ, мұн­дағы діттелген іс-шаралардың барлы­ғын би­ылдың өзінде қатарға қосудың мүм­кін­діктері бар. Қабанбай батыр, Жібек жолы ауылдарындағы балалар бақшасы пайда­ла­нуға берілсе, Талапкер, Қоянды ауыл­да­рын­да мектеп құрылысы басталды. Мектеп құ­рылысына сұраныстың күрт өсуіне байла­нысты Қараөткел, Қосшы ау­ыл­дарының 2012 жылға жоспарланған мек­тептер құры­лысы биылғы жылға ауыс­тырылды. Сон­дай-ақ, 2011 жылы ел тіршілігін қамта­масыз етуші 23 нысанның жобалау-сме­та­лық құжаттары дайындалатын болады. Кешенді жоспарға енгізілген шаралардан тысқары, Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылында орталықтандырылған газбен қамтамасыз ету қанатқақты жобасын ұйымдастыру жұмыстары басталды. Қазір мұнда 829 тұрғын үй мен 40 әкімшілік ғимараты бар. Аталған жоба қолданыстағы жылу және ыстық су тарату жүйелерін қуат­тандырып, «көгілдір отынды» тұр­мыс­тық қажеттілікке пайдалануға мүмкіндік береді. – Арнайы бағдарламаның жүзеге асы­рылып жатуы тұрғын үй сұра­ны­сын өсіре түспек. Жер телімін бөлу мен жеке меншік құрылыстарын реттеу тө­ңірегінде әрқилы әңгімелер жиі айты­луда. Бұл мәселелердегі ұстанымда­ры­ңыз қандай боламақ? – Бұл бірінші кезектегі өзекті мәселе­лердің бірі. Үстіміздегі жылы Целиноград, Шортанды аудандарында 45 және 36 пә­терлік несие жүйесіндегі үйлер пайд­а­ла­нуға беріледі. Қазірше бұл аз. Осыдан келіп жеке тұрғын үй салуға тілек білдірушілер саны өсе түскендігі белгілі. Тек 2005-2008 жылдары ғана бұл мақсатқа 15 мың гектарлық жер телімдері бөлінген. Бі­рақ, сол кездегі жерге қатысты заңдылық­тың жетілдірілмегендігінен, жекелеген бас­шы­лар мен мамандардың немқұрай­ды­лығы­нан жер телімдері стихиялы түрде боса­тылғанын айту керек. Мәселен, алды­мен өмір сүруге қажетті жағдайлар жасау ескерусіз қалған. Осының салдарынан бө­лінген жер телімдерінің 35 пайызы сумен, 45 пайызы электр қуатымен қамтамасыз етіл­меген. Оның үстіне, барлық елді ме­кеннің жолдары қанағаттанғысыз жағдай­да деуіміз керек. Адамдарға тұрғын үйден басқа балалар бақшасы, мектептер, емдеу мекемелері мен мәдениет ошақтары, сауда орындары, тағы басқалар да қажет. Өкі­ніш­ке орай, олардың өсу қарқыны тұр­ғын­дар санынан мүлдем артта қалуда. – Сонда жеке тұрғын үй құры­лы­сына шектеу қойыла ма? – Олай емес. Өз күшімен үй салуға құлшыныс адамдардың тұрмыс жағдайы­ның жақсарғандығын білдіреді. Қазір атал­ған 20 елді мекенде 41 мың кісі жер телімін алу кезегінде тұр. Жер телімін алғысы келгендердің тілегі Жер Кодексінің және Қазақстан Республи­ка­сының «Жекеменшіктік тұрғын үй құ­ры­лысы туралы» Заңына сәйкес қана­ғат­тандырылатын бо­ла­ды. Бүгінгі күні қажетті инфрақұрылым алаңдарын қам­тамасыз етпейінше жер бө­лу мәселесін тоқтата тұру жөнінде шешім қабыл­дан­ған. Бұл агломерация жүйесін­де­гі жұмыстарды толыққанды қамтамасыз ету мақсатында жасалған қадам. – Астанамыздың абыройын асы­рар жұмыстарыңызға жеміс тілейміз. Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.