Астана күні мерекесіне арналған іс-шаралар аясында елордамыздың мәдени ошақтарының сахнасында әлемдік туындылардың премьерасы өтетіндігі де соңғы жылдары дәстүрге айналып келеді. Соның бір көрінісі Ресей халық әртісі Сергей Безруковтың «Пушкин» киноспектаклінің қойылымы болып табылады. Алғаш рет осыдан тура бір ай бұрын Ресейдегі «Михайловское» мұражай-қорығында тұсаукесері өткен бұл қойылым енді астаналықтар мен қала қонақтарының назарына ұсынылып отыр.
Талантты әртіс Сергей Безруков өткен жылы Астана күні мерекесі қарсаңында Бейбітшілік және келісім сарайында алғаш рет «Басбұзар» музыкалық-поэтикалық қойылымын қазақстандық көрермендер талқысына ұсынған болатын. Ол Сергей Есениннің поэзиясын рок-құрылымдармен, жалынды тангомен, сыршыл балладалармен, балеттік монологтармен сахналаған еді. Бір жарым жыл бойы әйгілі орыс ақынының өмірі туралы толғанған Сергей Безруков өз шығармасын астаналықтар назарына ұсына отырып: «Есениннің тек жанын түсініп қана қоймай, тіпті сырттай ұқсағым келді. Оның поэзиясындағы әр сөз, әр жол нағыз сүйіспеншілікке толы» деп тебіренген болатын.
Енді міне, Астананың 13 жылдық мүшел мерекесінде режиссерлік қырынан таныла бастаған Сергей Безруков орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің өмірі мен өлімі туралы кино қойылымды елорда сахнасына шығарып отыр. 3 және 4 шілде күндері «Конгресс-холл» сахнасында ерекше табыспен өткен бұл қойылымға Сергейдің әкесі Виталий Безруковтың «И жизнь, и слезы, и любовь» пьесасы арқау болған. Онда Александр Пушкин өмірінің маңызды кезеңдері сомдалады. Пушкиннің Михайловскіге алғаш келуі, Геккерн мен Дантестің диалогы, ақынның Наталья Гончаровамен некелесуі, Пушкиннің әкесімен әңгімесі бейнефильм көрінісі пішінінде бейнеленген. Қойылым барысында бейнекөріністер экранда көрсетіліп отырылады.
«Пушкин» киноспектаклі ақын өмірінің осындай шарықтау кезеңдерімен өріле келіп, жалынды ақынның 1837 жылы дуэль салдарынан қайғылы қазаға ұшырауымен аяқталады. Осындай ширығысты көріністермен бейнеленген қойылым көрерменді баурап, сахнадағы оқиғаларға еріксіз тартады. «Біз Пушкиннің қазасына етіміз үйренгеніміз соншалық, селт еткенді қойғанбыз. Біз 1837 жылы болған, қазіргі күн санау бойынша 10 ақпандағы ақын өлімі күнін ескермейміз де. Ал мен осы бір қаралы күнде болған қазаға көрермендер жүрегінің дір еткенін қаладым. Олардың ақын өлімі туралы бұрыннан білетін тарихын қайтадан бастан өткергендей әсерде болғанын қаладым», дейді Сергей Безруков.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.