• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2011

Көші-қонға бақылау күшейтіледі

432 рет
көрсетілді

Елімізге келем деушілердің саны күн санап көбейе түсуде. Үстіміздегі жылдың 5 айында ғана 430 мыңнан астам шетелдік тіркелді. Алайда, жасыратыны жоқ қазір көші-қон саласындағы жағдай мемлекет тара­пы­нан қабылданып отырған орасан шараларға қарамастан шиеленіскен күйінде қалып отыр. Соған орай жыл сайын Қазақстанға ба­­ғытталатын көші-қон тасқыны ешуақытта толастамайтыны да белгілі. Құзырлы мекемелер жүргізген тексе­ру­лердің нәтижелеріне көз жүгіртсек шетелдіктер алшаңдай кіргенімен айтқанға көн­бейді екен. Олар тіпті Қазақстанның заңы бар-ау деп көші-қон полициясына тіркелуді қажет қылмайды. Тіркелсе де, тіркелген ор­ында болуды жөн санамайды. Елде жүру мер­зімін сақтамайды. «Әй» дейтін ажа, «қой» дейтін қожа болмаған соң еңбек қыз­метін заңсыз жүзеге асырады. Тіпті мұны айтасыз, олар елден шығарып жіберу туралы сот шешімін де орындамайды екен. Сонда бұл неғылған ба­сынғандық? Міне, шетел­дік­тердің Қазақ­стан­да заңсыз болуының осын­дай өрескел көп­теген фактілері анықтал­ған­дығын құзыр­лы органдар да жасырмай хабарлады. Мәселен, Алматы қаласында, Ақтөбе, Ал­маты, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қоста­най, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жеке істері бойынша келгендеріне қарамастан тұрақты кәсіппен айна­лысып, заң бұзған 400 шетелдік анықталған. Алматы қаласында, Ақтөбе, Қызылорда, Маң­ғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыс­тарында ішкі істер органдарында төлқұ­жат­тарын тіркеместен өңірлерде жүрген 60-тан астам шетелдік, сондай-ақ тіркелген кезде көрсетілген мекен-жайларда олардың бол­мауының 35-тен астам дерегі анықталған. Мұндай заңсыз көші-қонның теріс салдары әлеуметтік жағдайды ушықтырып, қыл­мыс­ты туындататыны және мемлекет тыныс-тіршілігінің барлық саласына әсер ететіні анық. Мысалы, ағымдағы жылдың 5 айында ғана шетелдіктер 726 қылмыс және 60 мың әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. Соған орай 2009 жылдан бастап бүгінге дейін Бас прокуратура түрлі қылмыстар жасағандары үшін 338 шетелдікті экстрадициялады. Бірақ осы келуге нақты тыйым салу туралы сот шешімдері шығарылған адам­дардың өзі қайыра қазақстандық шекараны кедергісіз өткендігінің көптеген фактілері анықталды. Осыған байланысты, үйлестіру кеңесі осы санаттағы шетелдік азаматтарға қатысты көші-қон бақылауын күшейтуге уә­кілетті органдардың назарын аударды. Со­ны­мен қатар, жоғарыда айтқанымыздай, шетелдіктерді Қазақстаннан шығарып жіберу туралы сот шешімін орындаудан жалтару мәселелері өзекті күйінде қалып отыр. Осыған байланысты үйлестіру кеңесінің отырысы электронды спутниктік қадағалау енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруды ел Үкіметі алдында бастамашылық жасау туралы Бас прокуратураның ұсыны­сын мақұлдады. Бұл жоба елімізге келуге 5 жылға дейін тыйым сала отырып, олардың Қазақстаннан нақты шығарылып жіберілуін қамтамасыз етуге ықпал ететін болады. Үйлестіру кеңесі шетелдіктердің ел аума­ғына келуін бақылауды қатаңдату бойынша бірқатар бірінші кезектегі шараларды ұс­ынды. Атап айтқанда, сыртқы көші-қон ағ­ымдарын есепке алуға арналған «Бүркіт» бірыңғай ақпараттық жүйесінің мүмкін­дік­терін жетілдіру және барынша пайдалану, заңсыз көші-қонның жолын кесу бойынша тиісті өзара әрекетті қамтамасыз ету, шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін озық шетелдік тәжірибе негізінде жетілдіру, сондай-ақ көші-қон заңнамаларын қолдану сала­сын­дағы қадағалау қызметін күшейту қажеттігін көрсетті. Александр ТАСБОЛАТОВ.