Ғасырға бергісіз жиырма жылдық ғұмыр өтті. 1991 жылы дүниеге келген ұл мен қыз бүгінде студенттер қатарына ілікті, азамат болды. Жиырма жыл (да сезім, әдет, дағды, сана өзгеріске түсті. Жиырма жасқа жеткен жастардың сезім, санасы, әрине, арнайы өлшемдерді қажет етпек. Олар біз сияқты октябрят, пионер, комсомол ұжымдарында болып, марксизм-ленинизм ілімін сезім, саналарына сіңірген жоқ. Социалистік қоғамның көп жағдайларын көріп-біліп, бастарынан кешірмеген, сондықтан өткен тарихтан білмейтіндері де көп. Бұл бір жағынан, жақсылық, сана-сезімдері коммунистік утопиядан таза, ал екінші жағынан, өткен тарихи оқиғаларды түсініп, қабылдауда әрі бағалауда олар үшін қиындық барын да ескерген жөн. Бұл – ұрпақтар сабақтастығына қатысты мәселе. Әр ұрпақтың басынан кешкен әлеуметтік тәжірибесі, оның құпиясы болады. Ал біздің құпиямыз кімдерге керек, оның қандай құндылықтары бар. Жиырма жылдық тарихтың ар жағында, социализм кезінде ғұмыр кешкен ұрпақтарды қайда қоймақпыз. КСРО аса қуатты әлемдік держава болатын. Біздер сол мықты мемлекеттің азаматтары едік. Социализмнің сыр бермеген кезі. Коммунистік партияның бет қаратпайтын заманы. Коммунистік идеология және тәртіп темірден қатты. Санаға күдік ұяламаған кез. Сезім діннен таза, атеистік дүниетаным ғылыми дәрежеге жеткен уақыт. Ғылым мен дін арасы жер мен көктей деген уағыз күнде айтылатын. Тәуелсіздік туралы қоғамда қалыптасқан түсінік жоқтың қасы. Халық осы кезде бірыңғай көркем әдебиетке қарағанда, тарихи тақырыпқа жазылған шығармаларды құмарта оқи бастады. Бүгінгі күн биігінен ойласақ, ол еркіндікті аңсаудан туған құштарлықтың бір көрінісі екен. Осы ынтаға сәйкес тарихи романдар жазылды, олар оқылды.
Енді, тәуелсіздікке қалай келдік дегенге сауал іздесек, тәуелсіздік деген тек бір ғана елге қонған бақ емес, ол адамзаттың болмысынан, оның тарихынан, аяқ алысынан, шаршап-шалдығуынан, ақиқат жолына түсуге талпынысынан, ізгілік пен зұлымдықтың бақ сынасуынан, бір сөзбен айтқанда, Жер деп аталатын планетаның табиғи тынысымен анықталатын феномен екен. Тәуелсіздік деген ұғым, ол кезде отаршылдықтан бірінен соң бірі шығып жатқан, негізінен Африка, Азия, Латын Америкасындағы «үшінші әлем» деп аталатын елдерге қатысты айтылатын. КСРО-да кеңестік ұлттардың тәуелсіздігі Қазан төңкерісінде шешілген деген идеологиялық қағида үстем болған мезгіл. Олай демеске амал жоқ болатын. Сондықтан да қазақ халқының тәуелсіздігі мүмкін болуы үшін, алдымен алып империя – КСРО күйреуі қажет болды. КСРО аса қуатты ел болғанымен, оның құрамындағы ешбір халықтың шын мәнісіндегі тәуелсіздігі жоқ еді. Анығын айтқанда, КСРО-ның негізін құраушы орыс халқының да тәуелсіздігі болмады. Ол кезде «кеңес халқы» деген адамдардың жаңа тарихи идеологиялық қауымдастығы туралы айтыла бастады. «Кеңес халқы» мен «орыс халқы» деген бір ұғым емес. Кеңес халқы сол кездегі Кеңестер Одағына енген барлық социалистік ұлттардың ортақ саяси атауы. Тәуелсіздікке алғашқы қадам, ол халықтардың социализмнен арылуынан бастау алмақ еді. Социализмнің жеңілісі Кеңестер Одағындағы социалистік ұлттардың тәуелсіздігіне жол ашты. Социализмнің күйреуі тәуелсіздіктің алғышарты болды. Осы мәселені түсіну қазір де кейбір ағайындарға қиын болуда. Социализм мен тәуелсіздік аражігін ажырата алуға қауқарлары жетпегендер бей-жай болып, амалсыздан жаңа саяси ағымға бейімделіп ғұмыр кешуге дағдылана бастады, бірақ сана социализм «ауылында». Социализмнің күйреуі, шын мәнісінде Михаил Горбачевтің «Қайта құруынан» бастау алды, оның саясаты Кеңес Одағының саяси дағдарысына тура бастап әкелді. 1991 жылдың тамыз айында «Форос тұтқынынан» Мәскеуге оралған Михаил Горбачевті Ресей президенті Борис Ельцин Жоғарғы Кеңес мәжілісіне шақырып алып, елдің көзінше Ресейде Коммунистік партия қызметі заңсыз деген декретке қол қойды, ол істің мәнісі Кеңес Одағы Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Михаил Горбачевтің қызметі заңсыз және ендігі жерде коммунистердің ел билеуден тыс қалғаны туралы қабылданған тарихи құжат болатын. Осыдан бастап социализм, кеңестік қоғам тарихқа айнала бастады. Жаңа тәртіп орнады. Елді коммунистерсіз басқару мүмкіндігі ашылды.
Социализмге соңғы шабуыл 1991 жылдың 8 желтоқсанында Белоруссия орманы «Беловежье» демалыс үйінде Ресей президенті Борис Ельцин, Украина президенті Леонид Кравчук, Беларусь президенті Станислав Шушкевич қол қойып, КСРО деп аталған «социалистік империяны» тарих бетінен мүлдем жойды. «Беловежье келісімінен» кейін КСРО президенті Михаил Горбачев президенттік өкілеттігін тоқтататынын халыққа теледидар арқылы жария етті. Бұл амалсыз шара болатын. Елі тарап кеткен соң, президенттік өкілеттігін тоқтатпағанда не қалды. Бұрынғы он бес одақтас республикалар өз тәуелсіздіктерін жариялап үлгерді. Сөйтіп, өзгелермен бірге қазақ халқы да жаңа заманға аяқ басты. Қазақтар ғасырлар бойғы арманына жетті, елге еркіндік енді.
Социализм бұғауынан Батыс Еуропа елдері (Болгария, Румыния, Югославия, Чехословакия, Польша, Венгрия, Германия Демократиялық Республикасы, т.б.) босанып, нағыз тәуелсіздікке қолдары жетті.
Мәселенің түйіні неде десек, айтарым, социализм мен тәуелсіздік бір-бірімен қабыспайтын жайлар. Социализм кезінде толыққанды тәуелсіздік болуы мүмкін емес-ті. Сондықтан тәуелсіз ел болу үшін социализмнен кету қажеттілік. Социализмнен қанша алыстасақ, тәуелсіздікке сонша жақындай бермекпіз, бұл – заңдылық, тәуелсіз ел құру заңдылығы.
Тәуелсіздік қазақтарға, өзге де бұрынғы социалистік ұлттар атанған халықтарға не берді деген сауалға жауап іздесек, социализм заманында, нақтылап айтсақ, кеңестік қоғамда үш мәселенің мүлдем шешімі табылмағанын айтқан жөн, олар: еңбек еркіндігі, дін бостандығы және тұлға бостандығының болмағандығы.
1. ЕҢБЕК ЕРКІНДІГІ, адамның табиғи болмысына қатысты. Адам дүниеге жер бетінде харекет етіп, еңбек етіп күн көру үшін, ұрпақ өсіру үшін келеді. Ол, оның табиғи болмысы. Адамның болмысы – еңбекте. Сондықтан әрбір адамның еңбекке деген еркіндігі болуы табиғи жағдай. Социализм кезінде еңбек еркіндігі орнына еңбекпен мәжбүрлеу саясаты мемлекеттік деңгейде жүргізілді. Осы тұста Лениннің 1918 жылғы шетелдік полковник Р.Робинспен сұхбатына назар салайық. 1989 жылы (21.04) «Правда» газетінде полковник Р.Робинстің Ленинмен кездескендегі естелігі жарияланды.
«1918 жылы март айының екінші жартысында мен Кремльде Ленинмен әңгімелестім, – дейді Р.Робинс. – Ол патша кабинетінде шалқайып отырып, маған бұрылып былай деді:
– Полковник Робинс, сіз орыс революциясының идеясын білесіз бе?
Мен сұрақ мәнісін аңғармай:
– Түсінбедім, сіз не туралы айтып отырсыз, комиссар?
– Сіз, революция идеясын білесіз бе? – деп ол сұрағын тағы қайталады.
– Әрине, – дедім мен. – Ол, сірә, патша билігіне қарсы демократия болар.
– Жоқ, – деді ол. – Ол идея емес. Біздің идеямыз өндірушілер экономикасы және оларды әлеуметтік бақылау саясаты...» («Правда», 21.04.1989).
Большевиктер өндірушілер экономикасын әлеуметтік бақылауды партияға берді, ол өз диктатурасын орнатты. Сондықтан, еңбек еркіндігі бұзылды. Еркіндік шектелген жерде, еңбек шығармашылық сипатынан айрылып, еңбек өнімділігі мен тауар сапасы төмендеуіне жол ашылды.
Социализм кезінде еңбекті қадағалауды қатаң тәртіпке салып, еңбек өнімін бөлісу ісінен еңбеккерлерді тыс қалдырып, оны өзгелерге, яғни тікелей өнім өндіруге қатысы жоқтарға саяси құқық берілген еді.
Еңбек еркіндігі – даулы тақырып. Карл Маркс осы даулы тақырыпты шешпек мақсатта «Капитал» деген еңбегін жазды, бірақ шеше алмады, себебі оның адамшылық ниетінде еді. Ол шайтандық жолға түсті. Дінді апиын деп жариялады. Ол әзәзіл жолы еді. Неге дейсіз ғой, жауап берейін. Бір сөзбен айтқанда, адам бай, дәулетті болғанына кінәлі атанып, тап ретінде жойылуы адамшылық па еді?! Байды, байлықты жою не екенін Карл Маркс білді, біле тұра соған барды. Өз ниетін ғылыми түрде дәлелдеу үшін ол қосымша күн теориясын ойлап тапты. Мәселенің шындығы солай ма еді? Бұл істің солайы да, солай емесі де бар. Сондықтан күні бүгінге дейін Карл Маркс ілімін жақтаушылар мен қарсыластары осы мәселеде мәмілеге келе алмауда.
Адам табиғаты сол, бір қателескен жайға қайта орала беретіні бар. Ол күдікке қатысты. Сол қате дегеніміз шындық емес пе екен деген күдіктің уақыт өте жандана беретіні бар. 2007 жылдан әлемде қаржы дағдарысы басталғанда, біреулер дағдарыстан шығудың жолы Карл Маркстің «Капитал» кітабында бар екен, адамдар сол кітапты қайта оқуда деген лақап таратса, соған кейбіреулердің сеніп қалғандарына таңқалдым. Мұны айтып, оған сеніп жүргендер де «Капитал» оқымақ түгіл, қолдарына алмағандар. Біз кеңестік заманда «Капиталды» бүге-шүгесіне дейін конспектілеп оқығанбыз, оны тәжірибеге қолданғанбыз, одан не шықты. Карл Маркс көп ғалымның, «Капитал» көп кітаптың бірі. Оқыдық дегендер оқысын, одан түсер бұл заманға дәрмен жоқ. Әлемдік деңгейдегі экономистер Карл Маркстен өзге жолға түскен.
1968 жылдан бастап экономика саласы бойынша Нобель сыйлығы беріле бастады, бүгінге дейін оны 64 экономист иеленді. Әрине, оның басым көпшілігі – 44-і америкалық, 7-і ағылшын, екі-екіден Норвегия, Швеция және Израиль экономистері бар. Осы тізімге қарап отырып, әлемдік экономикалық саясат қалай және қай елдерде жасалып жатқанын аңғаруға болады.
2010 жылы экономика саласы бойынша Нобель сыйлығы үш ғалымға бірге берілді: Массачусетс штатының 70 жастағы экономисі Питер Даймондқа, АҚШ-тағы Солтүстік-Батыс университетінің 71 жастағы экономисі Дейл Мортенсенге және Лондон экономика мектебінің және саясат ғылымдарының 62 жастағы профессоры Кристофер Писсаридеске. Үшеуі де еңбек рыногын зерттеумен айналысады.
Ғалымдар «нарықты талдаудың ауытқуды іздеуге негізделген әдістерін өңдеп шығарғандары үшін» марапатқа ие болды, деп хабарлады Швеция Корольдік ғылымдар академиясы.
Әлемдік қаржы дағдарысынан кейін экономикасы қарқынды өзгерістерге түсіп, алға шыққан ел – Қытай Халық Республикасы, дағдарыстан шартты түрде тыс қалған Оңтүстік-Шығыс аймағының елдері: Малайзия, Сингапур, Индонезия. Сондықтан, ендігі жерде экономика саласында өзге өлшемдер қажет екені аңғарыла бастады. Ол туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Дағдарыстан шығудың кілті» атты мақаласында жаңаша ойлау қажеттілігін айтқан болатын.
Еуропада Карл Маркстен кейін экономика саласында бірнеше лек толқындар болды. Соның бірі, Джон Мейнер Кейнстің (1883-1946) «Аралас экономика» теориясы. Аралас экономика жүйе ретінде қарастырылғанда нарық еркіндігі тежеліп, оған мемлекеттің реттеуші ретінде араласуы және қоғамдағы барлық әлеуметтік күштердің ұлттық келісімге келуі қарастырылды. Бұл жүйе өз нәтижесін де берді. Оның экономиканы «қажетті үлгі таңдау өнері» деп анықтауы ғалымдар арасында дискурске түсіп, кейнсиандық революция, жаңа кейнсиандық, посткейнсиандық деген түрлері 50-60-жылдары негізгі әңгіме тақырыбы болған. Экономистер макро және микро ауқымдағы нарықтық қатынастарды зерттеуде эконометрия (экономикалық өлшем) деген білім саласын қалыптастырған. Осыған орай айтарым, экономика әлемдік деңгейде дағдарыста, экономистер ізденістер үстінде.
Карл Маркстің экономикалық ілімі қазақ халқының тамырына балта шапты. 20-30-жылдары конфискация науқаны жүргізіліп, байлар тап ретінде жойылды. Бұл қасірет халық болашағына өте ауыр соққы болды. Байларынан, яғни ел басшыларынан айырылған халық азып-тозды, қырылды, әлемге тарыдай тарап кетті. Бүгінгі күнге дейін сол солақай саясаттың зардабын шегудеміз. Міне, еңбек еркіндігіне қатысты әңгіменің бір арнасы.
Большевиктер ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың күнкөріс тәртібін бұзып, қиратып, жаңа арнаға салды. Ол коллективтендіру саясаты болатын. Сөйтіп, колхоз, совхоздар құрылған еді. Бұл да халқымызға ауыр зардап әкелген жаңа экономикалық тәртіп. «Қырық күннен кейін көрге де үйренесің» деген халқымыздың сөзі бар. Осы халге орай халық колхоз, совхоз болып еңбек етуге де дағдыланды, бірақ ол да тәуелсіздік жылдары қирады. Нарықтық қатынастарға қолайсыз әрі керексіз деп санадық. Бұл түсінік мүмкін дұрыс, мүмкін теріс. Осы мәселе бүгінгі қоғамда дискурске түсуде. Мен осы дискурске сай пікірімді білдірейін.
Білім салалары ішінде психология деген бар, ол адамның, топтың, қоғамның психикасын, оның қалпын т.б. заңдылықтарын зерттейді. Психика дегеніміз бір жағдайға бейімделу, соған тән әдет, дағды, келе-келе көзқарас, сана қалыптастыру. Бір сөзбен айтқанда, өзіне-өзі қолайлы «үй» немесе «үйшік» жасап алып, сонда өмір сүре беруі, тыныштық қалпын сақтауы. Бұл жақсы, бірақ үнемі жағдай олай бола бермек емес, «үйден», «үйшіктен» шығу да қажеттілігі болмақ. Ал, ол адамға дискомфорт, тіптен үрей сезімін тудырмақ.
Колхоз, совхоз тұрмысына қалыптасқан ағайын осындай психологиялық хал кешуде. Олар айтады, колхоз, совхоз қирамаған Белоруссияда хал жақсы деп, мүмкін солай да шығар, бірақ ол әуел баста қызыл қырғынмен орнатылған экономикалық еңбек бөлінісінің тәртібі емес пе еді, ол қай заманда халықтың табиғи болмысымен үйлесімін тапқан. Оларда еңбек еркіндігі қалай шешілді екен, себебі, 70-жылдар ішінде колхоз бен совхозда еңбек еркіндігі болмаған, ол таза әкімшілік жүйеге тәуелді болды емес пе? Олар нарықтық қатынастар өрісінде модернизацияға түспеуші ме еді, бұл – бір. Екіншіден, еңбек еркіндігі деген адамдардың рух еркіндігін талап ететін базистік түсінік. Бұл мәселе қалайша шешімін таппақ.
Экономиканы әкімшілік жүйе негізінде жүргізудің де тиімді жақтары бар, ол әсіресе қоғам өмірінде болатын «өліара шақтарда», яғни «өтпелі кезеңдерде» тиімді көрінер. Ал елдің рухани қажеттілігі кемелденген сайын, экономиканы басқарудың әкімшілік жүйесі еркіндікті қажет етпек. Еркіндік деген – шығармашылық. Еңбек еркіндігі міндетті түрде тұлға еркіндігін талап етпек, ол экономиканы тиімді басқаруға, еңбек өнімділігіне, технологиялық үрдістерге, сапаға тікелей қатысты. Сондықтан социализм кезінде қалыптасқан еңбек тәжірибесі, оның басқару жүйесі міндетті түрде өзге сапалық күйге ауысуы керек, бізде бұл процесс басталды, бірақ дәп қазір қиыншылықтар орын алуда, ал сара бағытымызда бұл сапалық өзгерістер нәтиже беретініне сенімдімін. Біздің алған бағытымыз дұрыс, мәселе қазіргі кездегі қиыншылықтарға қатысты.
Тәуелсіздік алған елдер (посткеңестік елдер) колхоз, совхозды қиратпай модернизацияға түсіруі керек-ақ еді, бірақ жер-жерде валютаристік шешімдер орын алып кеткені анық. Етті елімізде өндіргенше, оны сатып (өзгелерден) алған арзан деген субъективтік үндеулердің болғаны және оның нақтылы іске асырылғаны, соның салдарынан ет, сүт, қызылша, т.б. өндірушілері далада қалып, шет елдерден өнім тасығанымыздан әлі де шыға алмай отырмыз, бұл нарық кезінде өріс алатын еңбек еркіндігін теріс түсіну ғана емес, ел мүддесін көрінеу саудаға салу болатын, осындай солақай саясаттың зардабын бүгінде халықпен, яғни тұтынушылармен бірге ауыл шаруашылығын өндірушілер де көріп отыр. Сондықтан, колхоз бен совхоз қаз қалпында қалса дұрыс болар еді дегенге қосыла алмаймын, олар әуел бастағы қателік болатын, бірақ оларды тиімді түрде нарық жағдайына көшіру басқа мәселе, оның тиімді тәсілін Қытай жүзеге асырды.
Социализм дәуірінде қалыптасқан таза колхоздық-совхоздық көзқарас нарыққа да, яғни еңбек еркіндігіне де, рух еркіндігіне де жауап бере алатын көзқарас емес. Қазақ елі ғасырлар бойы аграрлық ел болып, өз күнін өзі көріп келген, ендігі мәселе Жаңа заманға, нарықтық қатынастарға орай осы салада еңбек еркіндігі тәуелсіздік контекстінде өсіп-өрбуі қажет.
2. ДІН БОСТАНДЫҒЫ болмады. Кеңес қоғамы, оның құрамындағы қазақ қоғамы атеистік идеология өрісінде болды. Атеизм – социалистік мемлекеттің идеологиясы. Барлық жоғары оқу орындарында «Атеизм негіздері» деген пән оқытылды. Оқулықтар тегіс атеистік дүниетанымға негізделіп жазылды. Дінге сенушілер мемлекеттік істерден аластатылып отырды, әрине, оған қарап, қоғам мүлдем дінсіз қалды деуге болмайды. Дін қоғамда болды, бірақ оған қарсы үздіксіз, атеистік насихат пәрменді түрде жүргізілді, ол істен мемлекет қаражат аямады. Осы тұста неге социализм дінге қарсы болды деген сауал орынды.
Социализм мен діннің табиғаттары бөлек. Социализм идеясын насихаттаушы большевиктер, кейіннен коммунистер діндегі «жұмақ» идеясын өзге түрде пайдаланды. Олар «жұмақ» адамдар о дүниеге өткен соң емес, осы дүниеде болмақ, деді, оны олар «коммунизм» деп атады. Коммунизм ол да қоғам, бірақ социализмнің әбден жетілген фазасы. Ол – жұмақ қоғам. Осы негізгі мәселеде социализм мен діншілдер бәсекелес болды, бірін-бірі қабыл алмады. Сонымен бірге, коммунистер ұжымға сүйенсе, дін жеке адам сезіміне бағытталған.
3. СОЦИАЛИЗМ КЕЗІНДЕ тұлға бостандығы болмады. Социализм үстемдік құрған дәуірде тұлғалық құндылықтарға қарағанда, ұжымдық құндылықтарды насихаттау идеология өзегі болды. Ұжым, жеке адамдардың құқықтық, отбасылық, т.б. істеріне мейлінше араласты. Сол кездегі көркем шығармаларды, кинофильмдерді көрсеңіз, осы айтқанға тап боласыз да, таң-тамаша қаласыз. Әрбір адам ғұмыры саяси-идеологиялық ұйымдардың бақылауында болды. Әдебиет пен өнерге цензура билік жүргізді. Халқымыздың тұлға деп таныла бастаған, танылғандарының бәрі дерлік тұтқындалды, сотталды, атылды, жер аударылды, тіптен, олардың әйелдері мен балалары жаза, жапа шекті.
Халық санасына жалған тұлғалар насихатталды немесе кейбір халықтық тұлғалардың қызметі бұрмаланып насихатталды.
***
Кеңестік заманда шешімі табылмаған осы үш мәселені өткен жиырма жылда шешу жеңіл болғаны жоқ. Ол заманда қалыптасқан құлдық сана бойымыздан, әдетімізден, дәстүрімізден, көзқарасымыздан толығымен шығып үлгермеген. Тәуелсіз ел құру ісіне кеңестік заманның кадрлары араласып кетті. Басқа амал да жоқ еді. Алайда, 1991 жылдан бері жиырма жыл ішінде Қазақ елінде нендей жағдайлар, қандай сапалық өзгерістер болды десек, айтылатын асқақ нәтижелер, үлгілі істер көп, бірақ солардың ең бастысы өткен жылдар ішінде өсіп шыққан жаңа ұрпақ. Жоғарыда олардың алдыңғы легі студенттер қатарына ілікті дедік. Алдымыздағы 2020 жылдары олар отызды толтырып, «орда бұзатын» жасқа жетіп, стратегиялық Бағдарламаға сай, 2030 жылы бұл ұрпақ «қамал алатын» қырық жасқа келмек, яғни ел билігіне ие болмақ. Олай болса, біздің қоғамның басты мәселесі осы жиырма жасқа келіп отырған жас ұрпақтың түсінігін, тілегін, арманын, білімін, көзқарасын, ең бастысы, оның Қазақ еліне деген патриоттық сезімін тәрбиелеп, қалыптастыру, себебі, ол Қазақ елінің Ренессанс ғасырының азаматы, қазағы.
***
Ұрпақтар сабақтастығы қазіргі күннің басты мәселесі. Ғалымдардың айтуынша, ұрпақ жасы – отыз. Жүзжылдық (І ғасыр) үш ұрпақтың ғұмыры, олар ата ұрпақ, аға ұрпақ және немере ұрпақ. Құндылықтар да осы үш ұрпаққа қатысты сараланбақ. Әр отбасында дерлік осы үш ұрпақ өкілдері бас қосып ғұмыр кешуде. Қоғамның да әлеуметтік-демографиялық құрылымы негізінен осы үш ұрпақ өкілдерінен құралған.
Елбасының 1997 жылы қабылдаған «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасының мазмұнын осылай түсінемін. Ұрпақтар алмасуы – құндылықтар алмасуы, бұл – бір мәселе. Ұрпақтар алмасуының нәтижесі – құндылықтардың тұрақталуы, бұл – екінші мәселе. Егер 2030 жылға дейін ұрпақтар алмасуы, құндылықтар алмасуы үздіксіз болатын болса, 2030 жылдан кейін құндылықтардың тұрақталуы, сөйтіп, Қазақ елінің жаңа сапалы дәуірі басталмақ. Асан қайғы лексиконына салсақ, Жерұйық болып аталмақ. Бұл қазақтың ғасырлар бойғы арманының орындалуы, яғни қазақтың Ренессанс ғасыры болмақ. Тәуелсіздік социалистік әдет, дағды, дәстүр, көзқарастардан арылған сайын нығая түспек. Сол үшін ұрпақтар алмасуы – табиғи қажеттілік.
Қазіргі кез – құндылықтардың алмасу дәуірі. Ол үрдіс аяқталып біткен жоқ, себебі, социализм кезінде өмір сүріп, оның құндылықтарын қорғаған, насихаттаған, сол құндылықтармен өмір сүрген ата, аға ұрпақ өкілдері қазіргі егемен елдің жастарымен бірге өмір сүруде. Мұны ұрпақтар сабақтастығының арасындағы құндылықтар алмасу дәуірі деп атаған жөн. Есте болатын жай, елдің құндылықтар алмасуы кезінде орын алған саяси күштер, саясат, құндылықтар орнығып, бірсыдырғы тұрақтылыққа түскен кездегі саяси күштер мен саясат бір басқа. Біздің қазір құндылықтар алмасуы дәуірін басымыздан кешіп отырған жайымыз бар. Бүгінде елімізді негізінен тәуелсіздіктен отыз жыл бұрын, яғни 60-жылдары өмірге келген ұрпақ өкілдері басқаруда. Олар билігін 2020-жылдары тәуелсіздік жылдары өмірге келгендерге, 2030-жылдары ғасыр басында өмірге келгендерге өткізетін болмақ. Бұл кезде саяси күштердің де, саясаттың да мазмұны өзгермек.
Үш ұрпақ бірге өмір сүреді, бірақ соның біреуі үнемі басым болмақ (доминанттық қызмет атқармақ). Заман жүгі соған түспек, саясат соларға қатысты анықталмақ, бұл да заңдылық. Осы тұста ұрпақ деген ұғыммен қатар, ұрпақтар легі дегенді көпшілік назарына ұсынбақпын.
Ұрпақ легі, ол не? Дәстүрлі қазақ қауымы кезінде айтылған бабалардан «Елу жылда ел – жаңа» деген аталы сөз қалған. Бұл –өркениет үрдістері шарпымаған, ғылым, техника және технология бүгінгі аяқ алысына түспеген, білім қарқыны жыл сайын еселеп өсіп отырмаған, сөздің қысқасы, адам айтып болмас технологиясы бар ақпараттық қоғамның үстемдік құрмаған кезінде айтылған қағида. Қазіргі заманда ел елу жылда емес, он жылда жаңарып, жаңғырып отыруда. Бұл дәстүр ХХ ғасырда енді. Айшықты мысал, бірінші жаһандық соғыс 1914 жылы болды, араға жиырма бес жыл ғана салып 1939 жылы екінші дүниежүзілік қырғын соғыс басталып кетті. Себеп, жиырма бес жылдың ішінде әлем өзгеріске түсіп үлгерген еді. 1914 жылы капиталистік елдер соғысса, 1939 жылы фашизм мен большевизм арасындағы идеологиялық соғыс болды. Екі соғыстың мазмұны басқа.
Немесе, 1975 жылы Хельсинкиде ЕҚЫҰ-ның тұңғыш басқосуы болса, 1979 жылы Париж хартиясы «қырғи-қабақ соғыс» аяқталды деп жария етті. Небәрі төрт жылда әлем өзгерді. Немесе, 1985 жылы Михаил Горбачев «Қайта құруды» бастады, 1991 жылы алып империя – КСРО күйреді. Небәрі алты жыл ішінде. Тағы бір мысал, 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасынан» кейін бес жылда Қазақ елінің нағыз Тәуелсіздікке қолы жетті. Ал, қазіргі заманды алсақ, елдің жаңаруы он жылдың ішінде болуы заңдылыққа айналып барады.
Айталық, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел келешегіне турадан жол тапқан саясаты, Жаңа жерге Жаңа қала, Жаңа Астана салу идеясын ұсынып, он жыл ішінде осы идеяның шындыққа айналуы.
Және де, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына 2010 жылғы Жолдауында Қазақстанның алдағы он жылдықтағы мүмкіндіктерін былай деп көрсеткен еді: ««Қазақстан-2030» Стратегиясын орындай отырып, алғашқы онжылдыққа бағдарлама жасап, оны тәмамдадық. Ендігі мақсат – осы Стратегияның келесі онжылдығына қарай қадам жасау». Осы келесі онжылдыққа жасалатын қадамның жоспарын «2020 Стратегиялық жоспары – көшбасшылыққа қазақстандық жол» деп белгілеуі.
Он жылда ұрпақтар ауыспаса да, ұрпақтар легі ауысып үлгереді. Және де осы ұрпақ легі доминантты ұрпаққа өз ықпалын жүргізіп, оның аяқ басуына, саясатына өз ықпалын тигізіп отырады. Сондықтан баба сөзіне заманға орай түзету енгізсек, «он жылда ел – жаңа». ХХІ ғасыр Қазақ елінің жаңарған Ренессанс ғасыры дегенде, біздің өлшем онжылдықтар тынысы арқылы айқындалып отырмақ.
Саясатымыз осылай болса, әлемдік өркениет үрдісінен, ақпараттық технологиядан, постиндустриалық қоғам құрмақ ынтадан алыстамай, нық қадам баса аламыз. Алысты жақындату үшін бір нық қадам қажет. Осы нық қадамды жасаушы ұрпақ легі, оның жасы – он жыл.
Елбасының 2030 бағдарламасы – мазмұнды. Оның мазмұнында ұрпақтар алмасу заңдылығы белгіленген. Қай заман болса да қоғамның ең басты құндылығы – адам, ұрпақ. Сондықтан бұл бағдарламада тәуелсіздік жылдары дүниеге келіп, 2030-да қырық жасқа толатын ұрпаққа құндылықтарды өткізу идеясы баяндалған.
Қазақтың Ренессанс ғасыры деген елдік тілектен туған ізгі сана – идея. Оның болмысы – Қазақ елінің бүгінгі күні. Ренессанс идеясы – өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастау алып, 1991 жылы егемен ел атанғанда айқындалып, бүгінгі тұрмыс, болмысымызбен толығып, жетіліп, келешекке бастайтын елдік идеяның сара бағыты.
***
Қазақтың Ренессанс ғасыры басында тұрған ұрпақ –Тәуелсіздікке құрдас, қазіргі жас ұрпақ. Бұл Болашаққа көшбасшы, отызда «орда бұзып», қырықта «қамал алатын» ұрпақ атанбақ.
Бұл – Ренессанс-ұрпақ.
Ғарифолла ЕСІМ, академик, сенатор.