• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
09 Шілде, 2011

Тимур және теңбіл доп

666 рет
көрсетілді

Жұмыр жердегі ең жан­күйері көп спорт түрі футбол екені дау туғызбайды. Теңбіл доп жарыстарын бір мезгілде миллиондаған адамдар тама­ша­лайды. Өз елінің немесе төл клубы­ның намысы үшін отқа түсуден тайынбайтын жан­кү­йер­лер бар. Футболдан әлем чем­пионаттары кезінде бес құр­лықтың назары сол чем­пио­нат­қа ауады. Әлемдік доп додасын көзбен көру үшін астындағы көлігін сатып, мұхиттың ар жағына сапар шегетін адамдар туралы да естіп жүрміз. Мұндай жанкүйерлер қазақта да бар. Алаш жұртының теңбіл допқа деген махаббаты өткен ғасыр­дың 50-60-жылдарында ояна бастады. Әлі есімізде, екінші дүниежүзілік соғыс­тан енді-енді есін жия бастаған қазақ ауыл­дары күн еңкейе бере доп қуған балалардың дүбіріне бөленетін. Сол ду мал өрістен қайтып, көз байланғанша бір то­ластамайтын. Бала­лар­дың ойынына қыз­ды-қыздымен ересектер де араласып, қа­ра­пайым ауылдар ша­ңы аспанға көтеріліп, ар­қа-жарқа болып жа­та­тын. Әр ауылдың ен таққ­ан өз Пелесі, өз Гар­ринчасы, өз Эйсе­биосы бар. Алпысыншы жылдардың ба­сында байтақ даланың жанкү­йер­лері Тимур Сегізбаевты кумир қыла бастады. Оның есімі қазақ баласы үшін Пеле мен Яшиннен кем соққан жоқ. Кешке ала доптың буымен, алаңға қарай құстай ұшатын мыңдаған қара бала Тимур десе, ішер асын жерге қоятын жағдайға жет­ті. Боксқұмар балалар Шо­қы­р аға мен Әбдісаланды, күрес­­құмар балалар Әбілсейіт пен Амангелдіні, волейболшы балалар Октябрь мен Жәнібекті, жел­мен жарысқан қарадома­лақтар Әмин мен Ғұсманды жарыса жыр­ласа, солардың бәрінің ба­сы кеш­құрым ала допта қо­сы­лып, Тимурдың құла­ғын шула­та­тын. «Оң тізесін қызыл шүбе­рекпен орап алады екен. Оның себебі, оң аяғының соққысы жан шыдатпайды деседі. Сон­дық­тан төрешілер оған оң аяқ­пен тебуге тыйым салып­ты», «Оң аяғының соққысынан қақ­па­да тұрған маймыл сеспей қатыпты», «Ти­мур қақпаға тура тартқанда қарсыластың қақ­па­шысы қақпа­ны тастай қашады екен», деген аңызға бергісіз әң­гімелер ел ішінде желдей есетін. Мұндай сөздерге бала түгі­лі, үлкен­дер­дің өзі шүбәсіз сеніп, Тимурдың даңқы ел ара­сында аспандап тұрды. Ол кезде ауыл баласында жөні түзу доп жоқ. Қозы-лақтың терісінен до­ма­лақтап пішіп, ішін сабанмен, шүберекпен нығыздап толтыр­ған доп ұзаққа шыдамайды. Киіз доптың да жағдайы белгілі. Бірақ сол заманның аузын ашса, жүрегі көрінетін аңқылдақ, ақ­көңіл, еңбекқор балалары жақ­сы доп іздеп, жасыған емес. Қол­да барды қанағат қылып, Тимур ағаларындай боламыз деп, қолдары қалт етсе, жарыса доп қуды. Ал Тимур ауыл жанкүйер­лері аңыз қылғандай оң аяғы­ның соққысы адам өлтіретін футболшы емес еді. Рас, оң ая­ғы­ның соққысы ауыр, қарсы қақ­паның саңылауын 30-40 метр­­ден дәл көздейтін мергендігі бар, Одақтың сол кездегі майталман мамандары бірауыздан мойын­даған атақты футболшы. Қазақ футболшыларынан шық­қан тұң­ғыш КСРО спорт шебері. Ол кезде спорт мастерінің күміс жетоны ауылды былай қой­ғанда, Алматыдағы талай мық­тының түсіне кіретін. Ти­мур­дың көпшілікке кеңінен та­нылуына оның 1960 жылы ма­мыр айында Минскіде жергілікті «Беларусь» командасына қар­сы ойыны себеп болды. Он тоғызға енді ғана толған Сегізбаев Кеңес Одағы чемпио­на­тын­да көш басына шыққан ко­манданың қақпасына бірінен бірі өтетін екі гол енгізіп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Бұған дейін «Қайраттың» сапында ой­наған қазақ жігіттері болды. Бі­рақ олардың бірде-біреуі Ти­мур­дың деңгейіне көтеріле ал­ған жоқ. Осы ойыннан кейін Сегізбаев «Қайраттың» құрамына біржола бекіді. Сегізбаев жасыл алаңдағы айшықты қимылымен миллиондаған жастар үлгі тұ­та­тын тұлғаға айналды. Ол тек жастардың ғана емес, тұтас бір республиканың мақтанышы бол­­ды. Тимурдың жолын қуған мың­даған балалар футбол үйір­ме­лері­не жазылды. Сегізбаев сол тұс­тағы «қазақтан футболшы шық­пай­ды» деген империялық пиғыл­дағы теріс түсінікті тас-талқан қыл­ған бірінші қазақ футбол­шысы. Тимурдың тамаша ойы­нын­м­ен қа­наттанған Құрал­бек Орда­баев, Сейілда Байшақов сын­ды Одақ мо­йындаған теңбіл доп шеберлері 70-жылдардың ба­сында «Қайрат­тың» сапынан берік орын тепті. Енді Тимурдың есімін асқар шыңға көтерген тағы бір ерлігі туралы сөз қозғасақ. 1964 жылы 26 тамызда Алматының «Қай­раты» КСРО чемпионатының кезекті турында Мәскеуде жергілікті «Спартакпен» жасыл алаңға шықты. «Спартактың» арындап тұрған шағы. Мәскеуде ғана емес, Кеңес Одағының түкпір-түкпі­рінде «Спартактың» тілеулестері миллиондап саналады. Қалың жан­күйер мәскеулік футбол­шы­лардың Алматыдан келген ортаң­қол команданы оңай ұтатынына бек сенімді. Бірақ Сегізбаев бас­таған «Қайрат» ойынның алғаш­қы минуттарынан Одақ астана­сы­на белді бекем буып келгендерін аңғартты. Осы бәсекеде Тимур Сегізбаев «Спартактың» қақпа­сы­на екі доп салды. «Қайрат» болса, өз қақпасына доп жіберген жоқ. Сөйтіп, Тимурдың командасы Мәс­кеудің төрінде атақты «Спартакты» жерге қаратты. Сол тарихи ойын аяқталған соң «Спартактың» негізін өз қолымен қалаған, совет футболының мэтрі Николай Старостин «Қайраттың» киім ауыс­ты­ратын бөлмесіне арнайы келіп, Тимур Сегізбаевтың қолын қыса­ды. Мықтыны мықты ғана шын көңілден мойындайды деген сөз осындайда айтылса керек. Ертеңіне Кеңес Одағының Мәс­кеуден шығатын орталық газеттері Тимурдың «Спартакты» сан соқтырған екі голы туралы сүйсіне әрі жарыса жазды. Мил­лиондаған таралымы бар, беделі зор «Известия» газеті «Тимур и его команда» деген тақы­рыппен көлемді репортаж жариялады. Жер жүзіндегі ең үлкен мемле­кет­тің миллиондаған жанкүйерлері мен мамандары қазақ саңлағының шеберлігіне таң-тамаша қалысты. Себебі, Мәскеуде «Спартактың» қақпасына жауапсыз екі доп соғу ол кезде мүмкін еместей көріне­тін. Ал бәрінен қымбаты: Тимур­дың бұл ерлігі сол тұстағы қазақ жұр­ты­ның рухын көтеріп, мәрте­бесін асырғаны дау туғызбайтын шын­дық. Мыңдаған бауырлары­мыз Се­гізбаевтың дүмпуімен спорт шы­ңын көздеп, намысын қамшы­лағаны анық. Осы бәсекеден кейін Одақ чемпионатында алдыңғы сапта жүрген Мәскеудің ЦСКА-сы мен «Торпедосының» басшылары Се­гіз­баевты өз қатарларынан көргісі келіп, оған қолқа салды. Бірақ Тимур «Қайратты» қимады. Мәс­кеудің намысын жыртқаннан гөрі қалың қазақтың мүддесін жоғары қойды. Әйтсе де, қазақ футбол­шы­сына Мәскеудің белді коман­да­ларының сөз салып, өздеріне шақыруы енді-енді қанат жайып келе жатқан қазақ футболы үшін зор абырой еді. Осы деректің өзі Сегізбаевтың сол тұста кеңес фут­болындағы жарық жұлдыз­дардың бірі болғанын дәлел­дейді. Ал сол ке­зең­дегі Кеңес фут­бо­лы­­­ның дең­­гейі жо­­ғары бол­ды десек, қа­те­­лес­пей­міз. Кеңес құра­ма­сы 1960 жы­лы Еуропа чем­пио­ны атанса, 1966 жылғы VІІІ әлем чемпио­на­тын­да төртінші орын­ды же­ңіп алды. «Спартакты» жеңген ойыннан соң Тимур Сегізбаев «Қайрат» ко­мандасының капитаны болып сайланды. Ал ал­матылық ко­ман­даның тілеулес­те­рінің қатары күн санап өсе түс­ті. «Қай­рат­тың» Алматы­да­ғы ойындары­на республиканың түкпір-түкпірі­нен келетін кө­рер­мен­дердің көбейгені сон­ша­лық, ойын билеттері бірнеше күн бұрын сатылып кететін. Бәсеке болатын күні Ал­матыдағы Орталық ста­дион­ның алды құмырсқаның илеуіндей қай­нап жататын. Ойынға билет іздеген адамда есеп болмай­тын. Матч бағдарламасы да тез сатылып кетуші еді. Міне, Тимур бастаған Алматының «Қайраты­ның» ел ал­дын­дағы беделі осын­дай болатын. Спорт жанкүйер­лерінің арасында «Қайраттың» сол жылдардағы нә­тижелерін, Се­гізбаевтың неше жыл доп ойна­ғанын, қарсы қақ­па­ғ­а қанша доп соққанын жаңылмай айтатын статистер әлі де бар. Себебі, Тимур мен оның командасы нағыз ха­лық­тық команда дәре­же­сіне көте­ріле білді. Мыңдаған жан­күйер «Қайрат» ойнайтын күн­ді дәл бір айтулы мереке тә­різ­ді асыға күтуші еді. Егер Қазақ­стан­ның қазіргі ұлттық құра­ма­сында Ти­мур Сегізбаевтың дең­гейін­де екі-үш ойыншы болса, стадионға жи­налатын тілеулестер қатары бү­гінгіден әлдеқайда көп болар еді. Қадірлі ағайын, енді Тимур Санжарұлының ата-анасы, атақ­ты футболшының балалық шағы туралы аз-кем әңгіме қозғасақ. Әкесі Санжар заң саласы бойын­ша Мәскеуде ұзақ жыл жауапты қызметтер атқарып, одан кейін Қырғыз КСР-і Жоғарғы Сотының төрағасы болды. Кейін Алматыға ауысып, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінде қызмет істеді. Тимур­дың анасы Жібек он төрт құрсақ көтерген екен. Тимур балалары­ның үлкені. Футболшы ағамыз Семей қаласында дүниеге келіпті. Буыны қатпаған қара бала шаңғы тебеді, жүзеді, баскетбол, хоккей ойнап көреді. Бірақ ешқайсысына тұрақтамай, ақыры теңбіл доптың соңына түседі. Тимур Санжарұлы бала кезінде Алматыдағы 28 панфилов­шы­лар паркіндегі алаңда ар­мансыз доп қуған екен. Одан соң Горький паркіндегі «Спартак» ста­дио­нында орналасқан спорт мек­тебінде білікті бапкер Георгий Козелькодан дәріс алады. Әкесі Санжар ұлының спортты таңдағанын жақтыра қоймайды. Әйтсе де, еңбекқор бозбала «Қай­раттың» сапында ойнай бастағанда, әке көңілі жібіп, батасын береді. Тимур Сегізбаев «Қайратта» он жыл ойнап, 1970 жылдың мамыр айында ескі жа­рақат­та­ры маза бермеген соң ойын­шы­лық кәсібін доғарды. Бірнеше жыл «Қайраттың» капи­таны болған Сегізбаев төл ко­ман­дасының са­пын­да 168 рет алаңға шыққан екен. Сол жылы ол КСРО чемпионатының «Б» кла­сындағы Қызылорданың «Автомобилист» коман­да­сы­ның тізгінін ұстай­ды. Бірінші айналымнан соң 21 команданың ішінде 14-15 орында келе жатқан Сыр бойы фут­бол­шылары екінші айна­лымда ерен қимылға ба­са­ды. Ақыры, не керек, Сегізбаев баптаған қы­зыл­ордалық ұжым мау­сым қорытындысында ал­тыншы орынды жеңіп ала­ды. Бұл дегеніңіз тәлімгер­лік қызметке жаңа кіріскен жас маман үшін жақ­сы нәтиже еді. Тимур Сегізбаев 1971 жылы Қарағандының «Шах­тер» командасының бас бапкері болып таға­йындалады. КСРО чем­пионатының бірінші то­бын­да ойнайтын қара­ған­дылық футболшылар Се­гіз­баевтың басшылығы­мен 22 команда сынға түс­кен аламан бәй­ге­де тоғы­зыншы орынға ие болады. Чемпионат барысында Тимурдың командасы Днепро­петровскінің «Днепр», Куйбы­шевтің «Крылья Советов» секілді азулы қарсы­лас­тардан, соны­мен қатар, Түр­кі­менстан, Тәжік­стан, Қырғыз­стан, Молдова, Лат­вия, Литва республика­лары­ның бетке ұстар командаларынан басым түседі. Сөйтіп, тамаша ойыншы ретінде Кеңес Одағын мойындатқан Тимур Санжар­ұлы бапкерлік білігімен де көп­ке таныла бастайды. 1976 жылы Сегізбаев өзінің ұзақ жылғы үзеңгілес досы Станислав Каминскиймен тізе қосып, «Қайратты» Кеңес Одағы чемпионатының бірінші тобы­нан жоғары топқа алып шыға­ды. Ойыншы кезінде Зенкин, Глебов, Келлер, Севидов, Котляров сынды ұстаздарының лек­ция­ларын жазып алып, тал­дауға дағдыланған Тимур Сан­жарұлы «Қайратты» баптай жүріп, кә­дім­гідей ысылады. Ендігі жерде бапкер Сегізбаевпен небір білікті жаттықтырушылар амалсыз санасатын болды. Тимур Сегізбаев Түркіменстанның астанасы Ашхабадқа екі рет арнайы барып, сол елдің түлегі Құрбан Бердыевты «Қайрат­тың» сапы­на қосты. Яғни, Бер­дыев­тай тамаша футболшының Кеңес Ода­ғына кеңінен таны­луына Сегізбаев тікелей үлес қосты. Атақты футболшы Владимир Ники­тен­коны да «Қай­ратқа» алып келген Тимур Сегізбаев болатын. Табиғатынан зиялы, шығар­машы­лық ізденіске жете мән беретін Тимур Санжарұлы бап­таған Алматының «Қайрат» ко­мандасы 1986 жылы КСРО чем­пионатының қорытынды­сын­да 7-орынға табан тіреді. Осы мау­сымда «Қайрат» Кеңес Одағы­ның небір мықты коман­далары­нан басым түсті. Ал­ма­ты­лық футболшылар 1960 жыл­­дан бері КСРО чем­пионатының жоғары то­бында 8-орыннан биік көтері­ліп көрмеп еді. Се­гізбаевтың бұл жетістігі қазақ маман­да­ры­ның футбол сала­сында да несібесі мол екенін аңғартса керек. Әңгімені түйіндей келе, қазіргі таңда қазақ футболына Тимур Сегізбаевтай ақылды да қайратты ойыншының, дәл осы кісідей білімді әрі алғыр бап­кердің жетіспей тұрғанын айт­қы­мыз келеді. Тимур Сан­жар­ұлы қазақ футболының бағына туған тұлға. Теңбіл доп шыңына алғаш құлаш сермеген саңла­ғы­мыз Сегізбаев екенін жас ұрпақ біле жүрсін деген оймен осы мақаланы хатқа түсірдік. Темірхан Досмұхамбетов, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, ҚР Ұлттық Олимпиада Комитетінің президенті.