Карл Сәрсеновтің ел дипломатиясының дамуына қосқан үлесі қомақты
Еліміз егемендікке қол жеткізген кезде жаңа дипломатиялық корпусты шұғыл қалыптастыру міндеті тұрды. Сол шақта бұл іске КСРО-ның шетелдердегі елшіліктерінде қызмет атқарып тәжірибе жинақтаған ұлттық кадрларды іздестіру қажеттігі туындады. Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері К.Сәрсенов солардың бірі десе де, бірегейі десе де болғандай. Ол Мәскеу қаласындағы КСРО Сыртқы істер министрлігі жанындағы Жоғары дипломатиялық мектепті 70-ші жылдардың басында бітірген. Алған мамандығына сәйкес сол 70-80-жылдары Қытай Халық Республикасындағы КСРО елшілігінде екінші хатшы, КСРО Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында Қытай және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері бойынша куратор және КСРО-ның ҚХР-дағы елшілігінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған.
Ұзақ жылдарға созылған осынау кеңестік кезеңде К.Сәрсеновтің есімі иісі қазақ жұртшылығы үшін белгісіз болып келді. Әрине, бұлай болатын себебі де бар. Дипломатиялық істегі Карл Есімұлының барлық жақсы қырлары КСРО елшілігінің көлеңкесінде қалып қойды. Тіпті Одақ құрамында Қазақстан атты республика бар екенін шетелдіктер біле бермейтін. Олар одақтас республикаларды есепке алмай, социалистік мемлекетке бір ғана Кеңес Одағы деген ұғыммен қарайтын.
Мызғымыстай көрінген осы одақтың тас-талқаны шыққан кезде К.Сәрсенов КСРО Ғылым және техника жөніндегі мемлекеттік комитетінде басқарма бастығының халықаралық байланыстар бойынша орынбасары болып істеп жүрген. Оның бұл қызметі көптеген сыртқы экономикалық және сыртқы саяси бағыттар бойынша жоғары деңгейде шешімдер қабылдауды қажет етіп отырды. Осы тұста экономиканы, ғылым мен техниканы жаңғырту жөніндегі Қытайдың тәжірибесіне қызығушылық танытылды. Әсіресе, еркін экономикалық аймақтар мен ғылыми-техникалық парктер қызметтеріне баса назар аударылды. Дәл осы тұста аталған одақтық комитет КСРО Ғарыш агенттігі басшыларымен бірлесе отырып австриялық ғарышкер мен тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровті «Байқоңыр» космодромынан ұшыруға әзірлеу ісіне қатысқанын Карл ағамыз үлкен сүйіспеншілік сезіммен еске алады.
– Мен оған шын тілекші болдым. Әрі өз мүмкіндігім аясында қолымнан келген барлық іс-тәжірибемді сарп еттім. Осыдан кейін Одақтың таратылуына байланысты біз жұмыс істейтін комитет те жұмысын тоқтатты, – дейді ол. Осы арада оның халықаралық блок қызметін белсенді түрде жүргізгені, және парасатты жетекшілігі үшін КСРО Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары, КСРО Ғылым мен техника жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Н.П.Лаверовтың алғыс хатына бірнеше дүркін ие болғанын айта кеткеннің артықшылығы жоқ.
Сол 1992 жылдың жазында К.Сәрсенов отбасымен Қазақстанға келеді. Егемендікке енді ғана ие болған республиканың жәй-күйімен танысады. Әрине кеңестік дипломатия қызметінің кәнігі шебері бұл істі республиканың Сыртқы істер министрлігіне барудан бастайды. Мұнда ол жас мемлекеттің сыртқы саясат ведомствосының негізгі құрамы КСРО Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы қызметкерлері қатарынан жасақталғанына көз жеткізеді. Бұған дейін өзі жақсы білетін С.Құрманғожин, И.Аманғалиев, Қ.Тоқаев, В.Ғиззатов, Б.Нұрғалиев, Б.Нұржановтармен құшақтасып көріседі.
Министр болып Т.Сүлейменов тағайындалған екен. Ол К.Сәрсеновке бірге қызмет жасау жөнінде ұсыныс білдіреді. Қабырғасымен және отбасымен кеңескеннен кейін ол сол жылдың желтоқсанында Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің қарамағына келеді. Көп кешікпей, 1993 жылдың басында Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінің кеңесшісі қызметіне орналасады.
Бұл Қазақстанның тәуелсіз және егемен мемлекет ретінде халықаралық тұрғыда мойындала қоймаған кезеңі болатын. Сондықтан да АҚШ секілді ұлы держава санатындағы мемлекетпен өзара қатынасты орнықтыру елдің сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі ретінде белгіленді. Дәл осы кезеңде жас мемлекеттің жоғары басшылығы Америка әкімшілігінің ішкі және сыртқы саясаты жүйесіндегі іргелі мәселелер бойынша айқын, анық және әбден сүзгіден өткен ақпараттарға зәру еді. Сондықтан да өте қысқа уақыт аралығында АҚШ-тың саяси және іскерлік ортасы жөнінде сенімді мағлұмат алудың тетіктері іске асты. К.Сәрсенов секілді кеңестік дипломатия қызметінде ысылған жан азулы мемлекеттің әскери, саяси және әкімшілік құрылымдарындағы ішкі иірімдерді тез аңғара білді.
– Шындығын айтқанда, сонау 1993 жылдың басында Вашингтонға қосын тіккен еліміздің АҚШ-тағы елшілігін толық мәніндегі шетелдік өкілдік деп айтудың өзі қиын-тын. Оның басты себебі – қызметкерлердің кәсіби дағдыларының төмендігі еді, – деп еске алады өз әңгімесінде Карл Есімұлы. – Екіншіден, олардың ағылшын тілін үстірт үйренгендері де дипломатиялық қызметті өз деңгейінде жүргізуге, жергілікті тұрғындармен емін-еркін тілдесуге кең мүмкіндік бере алмады. Сондай-ақ елшілік қызметкерлерінің тікелей міндеттері – материалды жинақтау, оны талдау мен жүйелеу және құжат әзірлеу істері де ақсап жатты.
Міне, дипломатиялық қызметтегі кәнігі қызметкердің АҚШ елшісінің кеңесшісі ретіндегі белсенді іс-қимылы да осы арадан бастау алған. Елшілікте дилетанттықтың елес беруі К.Сәрсеновтің еңсесін түсіре қойған жоқ. Ол шағын ұжымның алдындағы өз жауапкершілігін терең сезіне білді. Осы арада оған дипломатиялық іс-тәжірибесі көмекке келді. Сөйтіп, Карл Есімұлы өзінде барын елшілік қызметкерлерінің бойына міндеттілік жүктемей-ақ іс-қызмет барысында жігін де, жымын да білдірмей дарыта алды. Мұны көрегенділік деп те, асқан парасаттылық деп те, тіпті даналық деп те түсінуге болады. Тұжырып айтқанда, қарапайым хаттамадан дипломатиялық үнқатысу дағдыларын қалыптастыруға дейінгі үрдістер толық қамтылды. Арада көп уақыт өтпей-ақ АҚШ-тағы шетелдік өкілдік өзінің қалыпты дипломатиялық миссиясын атқара бастады.
Бірінші кезекте барлық бағыттардағы Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастарға көңіл бөлінді. Оған елшілік тек елдің ұлттық мүдделері тұрғысынан келе білді. К.Сәрсенов Америка сынды алып елмен тең құқылы және екі жаққа бірдей тиімді қарым-қатынас орнатылуы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесі деп санайды. Аталған мемлекетпен сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени алмасуларды былай қойғанда, парламентаралық байланыстардың жолға қойылуында да елшілік қызметкерлерінің лайықты үлесі бар.
– 1994 жылы Президент Н.Ә.Назарбаев АҚШ-қа тұңғыш рет ресми сапармен келді. Бұл сапар екі елдің арасындағы байланысты жаңа сапалық деңгейге көтере білді. Сонымен бірге, Америка құрлығына Қазақстанның қатысу коэффициентін күшейтті, – дейді дипломатиялық істің ардагері К.Сәрсенов. –Осы жолы мемлекетіміздің сыртқы саясаттағы бағдарын айқындайтын мемлекетаралық және үкіметаралық құжаттарға қол қойылды. Қазақстан басшысының бұдан он жеті жыл бұрынғы АҚШ-қа ресми сапары жөнінде халықаралық БАҚ-тың Қазақстан өзін сенімді түрде әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі ретінде көрсете білді. Мұндай жетістікке Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі мол, деп баға бергені жадымызда жатталып қалыпты.
Кәнігі кәсіпқой дипломат К.Сәрсенов мемлекеттер арасындағы саяси және іскерлік байланыстарды орнықтыруда қазақстандық дипломатиялық корпус үлкен мектептен өтті деп есептейді. Бүгінде шетелдіктер бұл корпустың кәсіби шеберліктері мен біліктілігіне шек келтірмейді. Айталық, Америка құрлығы мен Қытайда шыңдалған сол кездегі дарынды дипломаттардың арасында ол өз тұрғыластары мен әріптес інілері Қ.Омаров, Е.Ыдырысов, Е.Қазыханов, А.Хамзаев есімдерін ерекше ілтипатпен атайды. Бұлардың арасында Қ.Тоқаев сонау 80-ші жылдардың өзінде Бейжіңде өзін тамаша, қайталанбас дипломат ретінде көрсете білгенін бізге ұлттық мақтаныш сезімі ауанында жеткізді. Бұдан кейінгі кездесуде К.Сәрсенов Қазақстанның Үндістандағы елшілігінің кеңесшісі қызметіне ауысты. Миллиардқа тарта тұрғыны бар үнді елі біздің мемлекетіміздің сыртқы саясаты саласында айрықша орын алмақ. Бүгінде қазақ-үнді қарым-қатынастары ойдағыдай өрістеп келе жатса, бұл істе Карл Есімұлының да қолтаңбасы бар екені анық.
2000 жылдың аяғында Үндістан елшілігіндегі қызметін ойдағыдай атқарған К.Сәрсенов Астанаға оралды. Содан кейін ол жастық шағы өткен, азамат болып қалыптасқан қаласы Мәскеуге қайтып кетті. Онда оған Ресей Мемлекеттік думасындағы халықаралық істер жөніндегі комитеттен мәртебелі қызмет ұсынылыпты. Дәл осындай ұсыныс РФ Сыртқы істер министрлігі тарапынан да түсіпті. Алайда ағамыз олардың бірде-біріне келісім бермеген екен. «Неге?» деп сауал тастадық біз осы сәтте оған журналистік әуестікпен. Қайтарылған жауап төмендегідей.
– Мен өмір бойы Мәскеуде тұрып келемін. Әйтсе де он жылға жуық уақыт бойы өзімнің тарихи Отаныма қызмет еткенімді зор мәртебе санаймын. Бұл өмірімнің ең бақытты жылдары деп есептеймін. Неге дейсіз ғой? Саяси тұрғыдан қарастырғанда, бұл ұсыныстарды қабылдау, оған келісім беру арымның алдында ауыр тиді. Сондықтан да саясатқа мүлдем қатысы жоқ істермен айналысуды қажет деп таптым. Тағы да қайталап айтайын. Тарихи Отаныма өз пайдамды тигізуге мүмкіндік берген өз тағдырыма өте ризамын. Бұл шақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына және Қазақстан мемлекеттілігінің қаз басу мен қалыптасу кезеңіне тұспа-тұс келді. Гүлдене бер, еркін елім, тәуелсіз Қазақстаным, – дейді Ресейдің астанасы Мәскеу қаласында тұрып жатқан абзал ағамыз Карл Сәрсенов.
Әрине, кездесу кезінде ол кісі мен туралы жазсаңыз қайтеді деген ұсыныстың ұшқынын да білдірген жоқ. Әйтсе де егемен еліміздің дипломатиялық корпусын қалыптастыру ісіне елеулі үлес қосқан мәскеулік ағамыздың өмір жолы мен қызметі жөнінде үндемей қала алмадық. Жоғарыдағы жолдар қазақтың Карл Есімұлындай адал ұлдарының біріне деген сүйіспеншіліктен туғанын қалайша жасырып қала алмақпыз. Кеңестік кезеңде есімі атажұртына таныла қоймаса да, тәуелсіздік алған кезде елеулі, белгілі болған оның дипломатиялық қызметтегі еңбегі мұндай журналистік пайым жасауға әбден лайықты деп білеміз.
Темір ҚҰСАЙЫН, Орал-Мәскеу-Орал.