Қоғамның тұрақты дамуы, әлеуметтік жағдайы, азық-түлік қауіпсіздігі ауыл шаруашылығына тікелей қатысты екендігі Елбасының қазақстандықтарға Жолдауында да ерекше атап көрсетілген. Сонымен бірге, агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлерінің алдына төрт түлік мал санын көбейту, табынды өз төлінен өсіру, бәсекеге төтеп беретін өнімдерді көбейтіп, экспортқа тауар шығару мүмкіндігін арттыру, өзімізде өндірілетін өнімдерді басқа елден әкелуге жол бермеу, мал және құс шаруашылығындағы асылдандыру жұмысының деңгейін жоғары талаптарға сай көтеру үшін қолайлы жағдайлар туғызу міндеті қойылған.
Осындай келелі шараларды іске асыруда бізде жинақталған тәжірибе де баршылық. Өткенімізге үңілсек, біздің ғалымдар шаруашылық мамандарымен бірлесіп, бес қой мен ешкі тұқымын (типтерін), 1 етті ірі қара мал тұқымын, 4 зауыттық типтерін, жылқының 1 тұқымын, 2 зауыттық типін, сондай-ақ тауық пен үйрек кроссын шығаруға атсалысты. Оның ішінде профессор Б.Садықов қазақ халқының тұрмысы және мәдениетімен тығыз байланысты «Жабы» жылқы тұқымының бейімделу қабілеттілігін, еті мен сүтінің сандық, сапалық өнімділігін арттыруды зерттегенін айрықша атар едік. Соның нәтижесінде заманында Қазақстанның солтүстік-шығыс өңіріндегі алты шаруашылықта мал тұқымы асылдандырылып, бірнеше рет Бүкілодақтық көрменің «Жылқы шаруашылығы» павильонында көрсетілген болатын.
Ғалымдарымыз қой шаруашылығында тұңғыш рет ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында-ақ қазақтың құйрықты жартылай қылшық жүнді жаңа «Байыс» қой тұқымын шығарып, егемен елге тарту еткен еді. Оны республика Ауыл шаруашылығы министрлігі сұрыптау жетістігі әрі жаңа тұқым деп бағалап, Г.Қыдырниязов, З.Тоқаев, Н.Майтқанов, Б.Нұрғалиев секілді ғалымдарды автор етіп бекіткен-ді.
Сол шақта профессор В.Федосеев бастаған ғалымдар ғылыми жаңалықтардың ашылуына көп үлес қосып, сүтқоректілер, құстар туберкулезінің проблемаларын зерттеуде зор еңбек сіңірді. Қазақстанның солтүстік-шығыс аймағын осы індеттен толық арылтып, жануарлар мен құс организмдерінде туберкулез қоздырғыштары Л-түрінің өзгеруін тұңғыш зерттеп, оның анықтау тәсілдерін ұсынды. Біздің оқу орнымыз жануарлар туберкулезінен ғылыми жұмыстардың келістіруші орталығы ретінде саналады. Бұл жұмыстарды, қазіргі кезде доценттер А.Байғазанов, Е.Омарбеков және басқалар жалғастыруда.
Сонымен, құрылғанына 60 жыл толатын аграрлық факультет, еліміздің солтүстік-шығыс аймағындағы АӨК алдында тұрған міндеттерді шешуге толық мүмкіндігі бар. Осы кезеңде қалыптасып, дамудың талай жолдарынан өтіп, ауыл шаруашылығы ғылымы мен дамуына зор үлес қосып, 30 мыңнан артық мамандар дайындалды. Түлектеріміздің арасында ірі өндіріс ұйымдастырушылары, қарапайым мамандар мен шаруашылық басшыларынан, мемлекет және қоғам қайраткерлері деңгейіне дейін көтерілгендері де бар. Оған бүгінгі Мәжіліс депутаттары Т.Сыздықов, Т.Ыбраев, М.Пішенбаев, сенатор Ж.Нұрғалиев, ҚР Кәсіподақтар конфедерациясының президенті С.Мұқашев, күрестен олимпиада чемпионы Ж.Үшкемпіров, ҚР ҰҒА академигі Т.Сайдулдин, ҚР-ның еңбек сіңірген мал дәрігерлері мен ауыл шаруашылығы мамандары К.Алтынбеков, Б.Ғизатов, Т.Жұмаханов және көптеген мемлекеттік наградалардың иегерлері – кешегі Социалистік Еңбек Ері В.Еременко, бүгінгі «Парасат» орденінің иегері В.Акулов, «Мал дәрігерлігі – мамандығым, мақтанышым, мехнатым, махаббатым менің» атты кітаптың авторы Б.Сатай және басқа да мыңдаған түлектер мысал бола алады.
Елбасы Жолдауында көрсетілгендегідей, қазіргі жаһандану заманындағы АӨК дамуының басты қозғаушы күші инновация деп танылып, оған жету үшін экономиканы инновациялық даму бағытына көшіріп, жоғары технологияны қолдану қажет. Бұл істе басты рөл университеттерге жүктелуде. Осыған орай, біздің ректорымыз Е.Сыдықовтың ұсынысымен факультет негізінде «Агроинновациялық зертхана» ашылды. Зертханада өте аз және тіпті жоғалуға таяу жануарлар түрлерінің тек (ген) қорын сұрыптап пайдалану, ауыл шаруашылығының биотехнологиясы, ветеринариядағы жаңа технологиялар, қауіпсіздік және азық өнімдерінің сапасы, экологиялық қауіпсіздік бөлімдері қарастырылып, ашылған. Қазір ол толық заманауи құралдармен жабдықталып (технологиялық жабдықтар – криогенді, арнайы автоклав, жануарлар мен құстарды қолдан ұрықтандыруға қажет құрал-саймандар, асыл тұқымды жануарлар, ұрықтар, эмбриондар), құрылғы-жабдықтар арнайы стандарттарға сай тексерілуде. Бұл зертхана жұмысына құралақан келмегеніміз түрлі меншіктегі шаруашылық басшыларына да белгілі. Ғалымдарымыз 30-дан артық шаруашылықтардың тапсырысын келісім-шарт түрінде жүргізіп, төрт түлікті асылдандыру жұмысымен айналысуда. Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарында асыл тұқымды жануарлар санын көбейтуге оқытушылармен қатар студенттер, магистранттар да қатысып, тәжірибелер жасап, ғылыми жұмыстарын жүргізуде.
Бұқар жырау «Өлмегенде не өлмейді, жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, жоғарыда бүгінгі мақалаға арқау болып отырған ұстаз-ғалымдар мен басшы адамдар ел-жұрттың игілігін, болашақтың қамын ойлайтын нағыз ел азаматтары деп білемін. Ортамызда жүрген оқытушы-профессорлар қауымы, олардың ішінде тек Қазақстанда ғана жылына бір рет сайысқа түсіп, жоғары оқу орнының үздік оқытушысы атанған ұстаздар да баршылық. Биыл университетте оны бірінші проректорымыз, профессор А.Еспенбетов бастаған төрт ұстаз алды. Соның бірі ғана емес, бірегейі деп осы атақты екінші рет алған, Қазақстан Республикасы Оқу орындары ассоциациясының «Үздік авторы», А.Байтұрсынов атындағы медальмен марапатталған, V республикалық өнертапқыш конкурсы «Шапағат–2008» жеңімпазы атанған профессор, ветеринариялық медицина кафедрасының меңгерушісі М.Ысқақов және басқалардың есімдері отандық ғылымнан лайықты өз орнын алып отыр. Олардың есімдері кейінгі жас мамандарға үлгі-өнеге деп білеміз.
Қазір еліміздің әр облысында мал, құс шаруашылықтары өнімдерін бәсекеге қабілетті етіп шығарып, өңдеу үшін ірі нысандар жасалуда. Облыс аудандарында салалық министрлік тарапынан қазіргі заман талабына сай жабдықтармен жабдықталған модульді зертханалар құрылуда. Бірақ, өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне мамандар дайындайтын оқу орындарында ол жоқ, сондықтан бүгінгі студенттер онымен жете таныс емес. Сол себептен де елде жаңадан пайда болған құрылғы-жабдықтар ең алдымен оқу орындарына бөлінсе дұрыс болар еді. Аталған зертхана негізінде студенттермен қоса аудан, облыстардағы әлгіндей зертханалар мамандары да біліктілігін арттырып отырса ғанибет емес пе! Рас, ол шаруаның да өз қиындығы бар. Себебі, аграрлық білім беруде ведомстволық тосқауыл да жоқ емес. Сондықтан бұл мәселелерді шешу үшін, айтары жоқ, заңдар жиынтығына өзгерістер кіргізу қажет сияқты.
Елбасы Жолдауындағы АӨК-ті дамытып, алға қойылған міндеттерді іске асыратын, әрине, ауыл шаруашылығының мамандары. Олар Қазақстандағы 38 жоғары оқу орнында дайындалуда. Сөйтсе де, мәліметтерге қарағанда, республикамыз жоғары білімді 5674 маманға мұқтаж екен. Неге екенін білмедім, өз басым 15 жылға жуық ректор болғанымда, 9 ғана жоғары оқу орнында мамандар дайындалып, еліміз мамандармен толық қамтамасыз етілетін. Бүгін жануарлар мен адамға тән 200-ге жуық аурумен күресетін 1697 мал дәрігері, 545 ауыл шаруашылығы өндірісінің инженер-механигі, 531 агроном, жалпы республикамызда 15858 адам ауыл шаруашылығы мамандары болып жүрсе, мұқтаждығы 5674 адам, қамтамасыз етілгені 73,6%. Бұл дерек кәсіпорындардың жартысында озық технологияны қолдануға қажет, тұтынушы қасиеттері жоғары, бәсекеге төтеп беретін өнімдерді шығаратын жоғары білікті кадрлардың жоқтығы емес пе? Меніңше, мемлекеттік гранттарды сапалы дайындайтын тек қана мемлекеттік, инновациялық қызметке көшіп, оқу сапасын арттыра алатын оқу орындарына бөліп берген жөн сияқты. Сонда еліміздегі қаптаған артық оқу орындары азаймас па еді?
Білім және ғылым министрлігі 2011-2020 жылдарға арнап елімізде білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірледі. Осы мәселе Елбасы Жолдауында одан әрі нақтыланғаны қуантады. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті соны алдын ала сезгендей-ақ 2 мамандық жөнінен ұлттық аккредиттеуден өтті. Білім беру жүйесі 2004 жылғы кредиттік технология бойынша 3 деңгейде жүргізілуде. Иркутск мемлекеттік ауыл шаруашылығы академиясымен ұтқырлық жолмен студенттер, магистранттар және профессор-оқытушылар қауымы тәжірибе алмасып, қашықтықтан білім беру ісі ұйымдастырылуда. Мұның сыртында шетелдік ғалым-ұстаздар университетімізге келіп дәріс өткізіп, зертханалық сабақтар жүргізуде.
Сонымен, Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев қазақстандықтарға арнаған Жолдауында айтқандай, «біз университет білімі мен ғылымы дамуының жаңа деңгейге жетуін қамтамасыз етуге міндеттіміз».
Зейнолла ТОҚАЕВ, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор. Семей.