Бүгін – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті күні
Осыдан 19 жыл бұрын Президент Жарлығымен Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылды. Содан бергі ұлттық қауіпсіздік органдары Елбасының тұрақты қолдауы арқасында үнемі даму үстінде келеді. Қазіргі таңда ол егемен еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын, барлық жағынан жинақы да ұтқыр құрылымға айналды.
ҰҚК тәуелсіз мемлекеттегі орны мен мақсат-міндеті, атқаруы тиіс істері толығымен жаңартылды. Егеменді елдің тарихында тұңғыш рет өзінің арнаулы қызметіне арналған «Ұлттық қауіпсіздік органдары туралы» Заң қабылданды. Жеке адам, оның конституциялық құқығын қорғауға басымдық берілді. «Жедел іздестіру қызметтері туралы», «Лаңкестікке қарсы күрес туралы», «Мемлекеттік құпиялар туралы» және басқа да заңдардың қабылдануы арнаулы қызмет жұмысының аяғынан тік тұруына, өзіне жүктелген міндеттерді толығымен атқаруға ықпал жасады.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты Жолдауында: «Адамзат дамуының бүкіл тарихи тәжірибесі мемлекеттің алға басуы және тұрақты өсуі жүзеге асырылатын қажетті шарттардың бастауында оның ұлтының қауіпсіздігі мен мемлекеттілігінің сақталуына куә. Бостандық пен тәуелсіздікті жеңіп алу жеткіліксіз, оны табанды түрде қорғап, нығайтып, ұрпақтарға қалдыру қажет... Егер біз өз мемлекеттілігімізден айырылып, егемендігіміздің стратегиялық негіздерін, өз жерлеріміз бен ресурстарымызды қолымыздан шығарып алсақ, бізге кешірім жоқ», деп адамзат баласына, өркениетке төнетін қауіп-қатерлердің барлығының бізге де ортақ екендігін, еліміздің оған қарсы аянбай күрес жүргізе беретіндігін жариялап, алдағы бағыт-бағдарды айқындап берді. Осыған орай Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев алға қойылған тапсырмаларды лайықты түрде жүзеге асыруда ұлттық қауіпсіздік органдарынан қашанда зор жауапкершілік пен іскерлікті талап ететіндігін басты назарда ұстап келеді.
Қазіргі таңда әлемдегі кез келген арнаулы қызметтердің алдында тұрған ең үлкен міндеттердің бірі – лаңкестіктің алдын алу, бола қалған жағдайда адам шығынынсыз тойтарыс беру деп айтсақ, қателесе қоймаспыз. Алыс және жақын шетелдердегі әріптестермен бірлесе қимылдау, ақпарат алмасу секілді бұрыннан қалыптасқан үрдістер жаңа қалыпқа көтеріліп, өзара сенімділік, ынтымақтастық тұрғысынан екі жақты, көпжақты мүдделерге сай келетін іс-шаралар өткізу, ол бойынша қауіпсіздіктің барлық саласын қамту дәстүрге айналып отыр.
Шетелдерде тамырын жайған халықаралық лаңкестік, экстремистік ұйымдардың, тағы басқа қоғамымыздағы тұрақтылықты шайқауды аңсайтын топтардың жандана түскен іс-қимылы еріксіз алаңдатады. Қашанда қауіп-қатердің алдын алған дұрыс. Қазақ атамыз «Сақтықта қорлық жоқ» дейді. Қоғаммен тығыз байланыста болу, оның маңызды мәселелеріне дер кезінде құлақ түру, мүмкіндігінше түйінделген жәйттерді оңтайлы шешу кез келген дағдарыстың алдын алуға көмектесетіндігі сөзсіз.
Сонымен қатар ҰҚК төл міндеттерінің бірі – қарсы барлау болып табылады. Шетел арнайы қызметтерінің мемлекеттік құпияларға енуі, түрлі сала бойынша барлау жасау әрекеттері ешуақытта толастап көрген емес. Мемлекетаралық қатынастарға, дипломатия нормаларына нұқсан келтірмеу үшін қарсы барлау саласындағы жанқиярлық іс-қимылдар айтылмай да жатады. Дегенмен, сәтті өткізген іс-шаралары үшін үкіметтік марапаттауға ие болғандар, Елбасының өз қолынан орден, медаль, алғыс хат алған қарсы барлаушылар комитет құрамында жетерлік. Бұл ел басшылығының қарсы барлаушылардың кәсіби біліктілігіне берген лайықты бағасы. Ал әр құпияның өз уақыты келеді, халқымыз өз батырларын сол кезде танып білетін болады.
Есірткіге қарсы күрес жалғыз қазақстандық қоғамның ғана емес, бүкіл адамзат пен өркениеттің ісіне айналып, бүгінгі таңда әрбір мемлекет бұған өзінің хал-қадерінше қарсы тұру мақсатында үлес қосуға тырысуда. Бұл орайда мүдделес мемлекеттердің, бірінші кезекте өзімізді қоршап жатқан көршілес елдердің арнаулы қызметтерімен байланысты арттыру күн тәртібінен түсуге тиісті емес. Ресей, Қырғыз, Өзбекстан, Тәжікстандағы әріптестермен сәтті өткізілген іс-шаралар нәтижесінде бірнеше трансұлттық қылмыстық қауымдастық пен топ жойылып, заңсыз айналымнан жүздеген килограмнан астам героин мен опиум алынды.
Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласы бойынша ашылған қылмыстардың бірсыпырасы сыбайлас жемқорлық көріністерімен байланысты болып келеді. Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүшелікке енуге қадам жасап жатқан тұста мұндай қылмыс түрлерінің экономикамызда қылаң беруі қауіпті құбылыс. Мұның ішінде, әсіресе, мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлерінің қылмыстық жолға түсуі алаңдатады.
Мемлекеттік шекараны күзету де ҰҚК міндеттерінің бірі. Мемлекеттік шекара болғанымен, шекара дегеніміз қашанда ел тағдыры, адам тағдыры екендігін де ұмытпауымыз керек. Қазақстандық азаматтардың ағайындары көршілес елдерде болса, олардың ағайындары бізде тұрып жатыр. Ағайындар, туыстар қашанда араласып, құраласып тұрғылары келеді. «Бармасаң, келмесең – жат боласың» дейді. Еліміздің Кедендік одаққа енуі интеграциялық процестерді жандандыра түсті. Қарапайым адамдарға бағытталған бұл шара алдағы уақытта да жалғасын табатындығына сенім мол. Демек, жеке адам мен азаматтың Конституциялық құқығын, қауіпсіздігін, Қазақстан қоғамының құндылықтарын, мемлекет тұрақтылығы мен ел тыныштығын қауіп-қатерлерден жан-жақты қорғау жолындағы қауіпсіздік органдарының жауапты қызметі тек қана құқықтық шеңберде іске асып келеді.
Мұхтар ТҰРҒАНБЕКҰЛЫ, ҰҚК баспасөз қызметінің қызметкері.