Кеше «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының хатшысы Сергей Громовтың төрағалығымен партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері қызметінің мәселелері бойынша бейнеконференция байланысы болып өтті.
Өңірлермен «on line» режіміндегі бейнеконференция байланысы Әділет министрлігінің Ситуациялық орталығында жүргізілді. Оның жұмысына партияның аймақтық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, қоғамдық қабылдау бөлмелерінің меңгерушілері және партияның Орталық аппараты қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметкерлері қатысты.
Бейнеконференцияда 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қалай жұмыс атқарғаны туралы мәлімет талқыға салынды. Белгілі болғандай, соңғы кездері қоғамдық қабылдау бөлмелеріне деген тұрғындардың назары ерекше ауып отыр. «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкеновтің мәліметіне қарағанда, үстіміздегі жылдың жартыжылдығында қоғамдық қабылдау бөлмелеріне азаматтардан 30 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Бұл былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 1,5 мыңға артық.
Бұған дейінгі өтініштерде тұрғын үй мәселесі өткір қойылып келсе, аталған мәселені әкімдіктермен шешудің нәтижесінде оны төмендетуге қол жеткізіліпті. Коммуналдық қызмет көрсету мәселелеріне қатысты сұрақтар «Шаңырақ» жобасының жүзеге аса бастауымен өз шешімін таба бастапты. Тіпті аталған қызмет орындарының қызметкерлері өтінішпен келген тұрғындардың мәселелерін сол мезет шешуге тырысатын көрінеді. Осы ретте жалақыларын ала алмай жүргендер фактілерінің екі есеге артып кетуі көпшілікті алаңдатып отырғаны партияның өңірлік қоғамдық бөлмелерін бей-жай қалдыра алмайтыны белгілі. Жұмажан Қаркенұлы осы мәселені ерекше назарға алу керектігін алға тартты. Бұл мәселеде авто және темір жол үстіндегі жылжымалы қоғамдық қабылдау орындары жақсы жұмыстар атқарып келеді.
Жалпы, азаматтардан түскен өтініштердің 40 пайызы бойынша оң шешім қабылданатыны ерекше аталып өтті. Әрине, бұл жаман нәтиже емес. Ал өтініштердің 30 пайызға жуығы әртүрлі кеңестерді қажетсінетін болса, 10 пайызы еліміз заңдарына қайшы келгендіктен, шешуге мүмкін болмаған. Мұндай жағдайда партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері мәселенің мәнісін айтып, оның шешімі болмайтындығын ашып айтулары қажет. Сондай-ақ өңірлерде әртүрлі деңгейдегі депутаттардың атқарған жұмыстары ерекше аталды. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында жас мамандар проблемаларын шешудің кешенді бағдарламасы әзірленген. Аталған өңірде 400 балаға арналған лагерьдің ашылуы да сондай нәтижелі жұмыстардың бірі ретінде таныстырылды. Тіпті Оңтүстік Қазақстан облысында бір зейнеткерді несие үшін зейнетақысынан ұстап қаламыз деп қорқытқан фактілер көлденең тартылды. Ол бойынша «Альянс банкке» телефон соғылып, аталған мәселе өз шешімін тауыпты. Тиісінше аталған облыста азаматтарды жұмысқа орналастыру, тегін заңдық кеңестер беру сияқты мәселелер жолға қойылған екен.
Қорытындысында азаматтардың өтініштерін қарау кезінде мемлекеттік органдар мен депутаттық фракциялардың өзара біріккен іс-әрекеттерін жетілдіру және халықпен барынша тығыз жұмыс жүргізудің жаңа формаларын табу мәселелері ерекше аталды. Қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қызметін одан әрі жетілдіру міндеті өткір қойылды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.