Оңтүстік Судан – жаңа мемлекет
Африкада жаңа мемлекет пайда болды. Құрлықтағы ең жері үлкен мемлекет – Суданнан оның оңтүстігі бөлініп шығып, жаңа Оңтүстік Судан өзінің тәуелсіздігін жариялады. Осыған орай ел астанасы Джубе қаласында салтанатты шаралар өтті.
Жаңа мемлекеттің дүниеге келгенін парламент спикері Джеймс Вани Игга жария етті. Бұдан соң жаңа мемлекеттің президенті Сальваторе Киир Маярдит ант қабылдады. Шын мәнінде ол бұл қызметті алты жыл бойы атқарып келеді. Ұзаққа созылған азаттық соғыстан кейін көтерілісшілер мен Суданның орталық үкіметі келісімге келіп, Сальво Киир Суданның вице-президенті қызметімен қоса Оңтүстік Суданның президенті аталды.
Жалпы, бұл елдің тәуелсіздік алуында біршама жаңалық та бар, ол басқалар үшін де айтарлықтай сабақ та болса жөн-ақ. Суданның солтүстігі мен оңтүстігі арасындағы соғыс біраздан бері созылып келеді. Әрине, ешбір ел өзінің бір бөлігінен айырылғанды қаламайды. Ел басшылығы, әсіресе, оңтүстіктегі мұнайлы аймағын қиғысы келмеген. Бірақ бұл соғыстан нәтиже шықпасына, ол алдағы уақытта да орынсыз құрбандыққа ұшырататынына көзі жеткен орталық үкімет көтерілісшілермен келіссөзге келуді жөн деп тапты. Онсыз да бұл қақтығыстан қырылған халық саны миллионнан асса, босқындар одан да көп еді.
Сөйтіп, 2005 жылы үлкен келісімге қол жетті. Тәуелсіздікті референдум жолымен шешуге уағда жасалды. Бұл референдум осыдан жарты жыл бұрын өтіп, оңтүстіктегі халықтың басым көпшілігі тәуелсіздікті жақтап шықты. Соның арқасында ел тәуелсіздігі салтанатты түрде жарияланып, жаңа мемлекет шаңырағын көтерді.
Басқаға сабақ болар дегенде, Судан республикасының өзінен бөлінген Оңтүстік Суданның тәуелсіздігін бірінші болып тануы да айтарлықтай оқиға. Әдетте көп елдер өзінен бөлінгендерді танымақ түгілі, оған үнемі қарсы болып келеді. Оңтүстік Суданды танитындар қатары көп болатыны да аңғарылып отыр. Алғашқы күні-ақ оны АҚШ, Египет, Жапония, Ресей сияқты елдер танып үлгерді. Тәуелсіздік шарасына БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның қатысуына қарап-ақ, көп ұзамай бұл елдің әлем мемлекеттері қауымдастығына қабылданатынына күмән жоқ секілді.
Оңтүстік Суданның бөлініп шығуына байланысты мына жайды да айта кеткен жөн болар. Бөлінудің негізінде елдің солтүстігіндегі ақ нәсілді мұсылман қауымы (70 пайыз) мен қиыр оңтүстіктегі қара нәсілді жергілікті дінді ұстанушылар (25 пайыз) және христиан қауымы (5 пайыз) арасындағы қақтығыстар жатқаны анық. Сол оңтүстікте елдің негізгі байлығы мұнай көп болғанымен, халықтың әлеуметтік жағдайы өте төмен. Біраз адамның көңілінде сол мұнайдан түсер пайда халықтың тұрмысын жақсартады деген үміт бар. Бірақ оған жету қиын. Аштықтан құтылып, тоя тамақ ішудің өзі арман болып тұрғанда, халық сауатсыз, денсаулық сақтау ісі нашар. Қайта бұрын орталық үкімет бұларға бюджеттен азын- аулақ қаржы бөліп келсе, енді ондай қаржыны таба қою да оңай емес. Тек әлем жұртшылығы жаңа мемлекетке жедел де қомақты көмек беруі қажет болып тұр.
Фашистік идеялардан жақсылық іздейтіндер бар
Ресей мен Жапония арасында көптен созылып келе жатқан дау бар, ол – Курил аралдары. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ол КСРО-ға берілген. Ал Жапония оны заңсыз санайды.
«Berliner Zeitung» газетінің жазуына қарағанда, қоғамдық пікірлерді анықтау қоры өткізген сауалнама бойынша Берлин қаласының әрбір сегізінші тұрғыны фашистік идеялардың да жақсы жақтары бар деп есептейді екен.
Әдетте, мұндай сауалнама сайлау алдында жүргізіліп, жұрттың көңіл-күйін, түрлі партиялардың қолдаушыларын анықтауды мақсат етеді. Германияда кәдімгі фашистік идеяны ашық насихаттайтын ұлтшыл-социалистік партиялар жоқ, оларға тыйым салынған. Ондай идеяны жақтайтындар бюллетеньдегі «басқа партиялар» деген айдарды пайдаланады.
Енді сауалнаманың жеке сұрақтарындағы жауаптарға тоқталайық. Жауап берушілердің 13 пайызы, яғни әрбір жетінші адам «ұлтшыл-социалистердің де жақсы жақтары болған» дегенді айтыпты. Сондай-ақ, елде орын алып отырған біршама қиындықтарды еске ала отырып, әрбір сегізінші берлиндік «барлық Германия азаматтарының игілігі үшін елді темірдей тәртіппен басқаратын фюрер керек-ақ» дейтін көрінеді. Ал әрбір тоғызыншы адамның пікірінше, елде «бағалы» және «қажетсіз» адамдар бар екен. Яғни, қажетсіздерін жоюға болатындай.
Біршама берлиндіктер Германияның басқа елдерден артықшылығы туралы идеяға нық сенімді. Артық болған соң іргеден басқалардан жоғары тұруы қажет деген фашистік идея сығалайтыны бар. Бұл идея өткен ғасырдың алғашқы жартысында Германияны жарға жыққаны белгілі.
Жалпы, біраз жерде әсіре ұлтшылдық көзқарастың белең алып отырғаны белгілі. Оның жақсылыққа апармайтынын да уақыт көрсетіп отыр. Оған айқын мысал – Сербия. Бұл елдегі әсіре ұлтшыл күштер азшылық этностарды ығыстыру жолымен сербтердің құқығын, үлесін көтермек болған әрекеттері ұлтқа да, жалпы Сербияға қиянат болып тиді. Сербия Косово секілді өлкесінен, 2 миллиондай халқынан айрылып, оның мемлекеттігіне үлкен нұқсан келді.
Мемлекет құрушы ұлт өкілдерінің астамшылық көзқарасы үстемдік құрған жерде қашанда азшылық ұлт өкілдерінің мүддесіне қиянат жасалады және елде ұлтаралық қайшылық белең алып, ол мемлекеттің саяси және экономикалық дамуына кері әсер етеді. Керісінше, жеке бір ұлт мүддесі емес, мемлекеттік, жалпы халықтық мүдде бірінші кезекке қойылған жерде барлық ұлт өкілдерінің дамуына жағдай жасалуымен қатар, мемлекеттің қарыштап дамуына жол ашылады. Бұған да мысал көп. Айталық, Сингапур Республикасында халықтың 77 пайызы қытайлар екені, олардың басқаларға өктемдігі туралы ешкім әңгіме айтпайды. Айтылатын әңгіме – бұл елдің жоғары экономикалық деңгейге көтерілгені, барша халықтың тұрмысының жақсарғаны – басты мүдде.
Әсіре ұлтшылдықтың ар жағынан фашизм идеялары сығалап тұрады. Ұлттан ұлттың артықтығы да, кемдігі де жоқ екенін әркез еске салып отырған да жөн-ау.
Мамадияр ЖАҚЫП.