Дәрігерлерге тағы 40 пәтер
Ұстаздар мен дәрігерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өсіп, қаржы дағдарысы қысып бара жатқан кезде үлкен демеу болды. Осыдан біраз уақыт бұрын дәрігерлер мерекесі қарсаңында оларға сегіз пәтердің кілті салтанатты жағдайда тапсырылған. Жақында қала әкімі Ислам Әбішев өзі басқаратын «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалының саяси отырысында дәрігерлердің әрқайсысымен жеке әңгімелесіп, оларды пәтер мәселесінің қинайтынына көз жеткізді.
Қала әкімі өз мүмкіндіктерін сараптай келе сегіз пәтерге қосымша тағы 40 пәтерді бөлетінін тілге тиек етті. Өскемендегі ауруханалар мен емхана басшылары өздеріне қанша пәтердің тиетінін білді.
Ондасын ЕЛУБАЙ,Өскемен.
«Ақбұлақтың» азатқа шарапаты
Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында елді мекендерді көркейту жөніндегі Елбасы тапсырмасы тиянақтылығымен қуантып отыр. Әсіресе, «Ақбұлақ» бағдарламасы шеңберінде тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде шарапатты істер атқарылуда. Күні кеше Зеренді ауданындағы Азат ауылында қуатты құбырды іске қосу салтанаты өткізіліп, оған облыс әкімі С.Дьяченко қатысты.
Алты жүзге тарта тұрғыны бар Азат ауылы «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 15 миллион теңге қаржы бөліп, құрылысты өз күшімен жүргізген «Темір жол су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне көл-көсір алғыс жаудыруда.
Аудан әкімі Ербол Сағдиев ауылдық жерлерде биыл осындай сегіз жоба жүзеге асырылатындығын хабарлады.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.
Патриоттық бастама
Ақтөбелік жастардың, қоғамдық ұйым басшыларының тарапынан көтерілген ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Қазақстанның болашағы үшін» патриоттық азаматтық кең көлемді марафон-бастамасы аясында жастарға патриоттық тәрбие беруге, мемлекеттік рәміздердің мәртебесін көтеру, оларды жас ұрпақтың қастерлеуі және құрметтеуі тұрғысында түрлі шаралар өткізіледі. Сондай-ақ, марафон-бастама барысында тарихи құндылықтарды қастерлеу жұмыстары да жүргізілетін болады.
Осыған байланысты өткен салтанатты жиында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты 20 орта мектепке соншама радио күшейткіш орнатылып, оқушылардың сабақ алдында еліміздің Әнұранын тыңдауға мүмкіндік туғызылатыны айтылды. Марафон-бастама аясында осындай тәлімдік-тәрбиелік мәні зор игі шаралар көптеп өткізілмек.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.
Бірлескен меморандумға қол қойылды
Егемен ел атанғаннан бергі жерде түбі бір түрік ағайындармен жан-жақты байланыс нығая түсіп келеді. Соның бір жарқын мысалындай олар бұған дейін жапондармен бірге Ертіс өзені үстіне салынған жаңа көпір құрылысына қызу атсалысқан еді.
Енді түріктердің «Paridi Croup» компаниясы осында жаңадан салынатын әуежай және тұрғын үйлер мен сауда орталықтары секілді әлеуметтік маңызды нысандарды қатарға қосуға міндеттеніп отыр. Сол елеулі шараға орай бірлескен меморандумға қала әкімі Айбек Кәрімов пен аталған компанияның вице-президенті Йылмаз Метин қол қойды.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,Семей.
Ресейдегі қандастарды бір серпіілтті
Ресейдің Астрахан облысында 150 мыңнан аса қандасымыз тұрады. Олар әркез қазақ елінің табысына қуанып жүреді. Қазақтың өнеріне сусайтынын да жасырмайды. Қазақстаннан өнер ұжымдары жиі барғанын қалайды. Өткен аптада Гүлнар Сәдуақасова басқаратын Д. Нұрпейісова атындағы халықтық музыка колледжінің өнерпаздары астрахандық қандастарды өз өнерлерімен ерекше серпілтіп, атажұртқа сағынышын оятқан «Қазақстан–қасиетті Отаным» атты концерттік шара өткізді.
Астрахандағы қандастар алдында музыка колледжіндегі студенттерден құралған ұлт-аспаптар оркестрі, «Достық» вокальды ансамблі, хор ұжымы өнер көрсетті. Сондай-ақ, А.Әпенова, Е.Сүлеев, С.Әлібеков, Г.Жұматаева, Ж.Жамиев, Қ.Шакиев, Б.Бисенбаева, Е.Мерекенов секілді әнші-домбырашылар өнерімен ресейлік қандастарымыздың ыстық ықыласына бөленді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.
Саябақ ашылды
Орал қаласы аумағына кіретін Деркөл кентінде ұзақ жылдар бойы жабайы бақ күйінде қалып келген алты гектар алқап мәдени-демалыс саябағына айналды. Мұнда әркімнің жас ерекшелігіне сай қисынын тапқан орындар жеткілікті.
Балаларға арналған ойын алаңдары, сахна, көше шамдары мен әткеншектер алыстан көз тартады. Жаяу жүргіншілерге арналған соқпақтарға өрнектастар төселген. Жабайыланып кеткен ағаштар мен тал-теректер күтім жасалғаннан кейін тіптен жасанып, жасарып, жапырақтары самал желмен сыбдыр қағып тұр. Саябақ құрылысы мен абаттандыру жұмыстарын «БатысСтройФакт» ЖШС жүргізген. Бұл үшін Орал қаласы бюджетінен табаны күректей 52 миллион теңге қаражат бөлінген.
Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.
Ақынға көрсетілген құрмет
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы, мүшәйралар мен айтыстардың жеңімпазы Зейнолла Әкімжановтың есімі жұртшылыққа арқалы ақын ретінде әрі тіл жанашыры ретінде жақсы таныс. Ол 35 жылдан астам журналистика саласында жемісті еңбек етіп келеді.
Ақынның 60 жылдық мерейтойы өзі жұмыс істейтін «Солтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында – жырсүйер қауымның қатысуымен кеңінен аталып өтті. «Қызылжар» медиахолдингінің директоры Кәрібай Мұсырман облыс әкімінің құттықтау хатын оқып беріп, иығына шапан жапты. Ұжым атынан сый-сияпат көрсетті. Зекеңнің туған жері –Жамбыл ауданынан да арнайы өкілдер келіп, тарту-таралғылар жасады. Қызылжар өңірінің қадірлі азаматтары Құдайберген Қалиев, Жамбыл Тесеменов, Қайрат Қадыралин, туған-туыстары қуанышқа ортақтасты.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.