Бүгінде еліміздегі білім беру жүйесін жаңа мазмұнда құру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру басты мәселе болып отыр. Осы орайда, әсіресе, өңірлердегі ұстаздардың біліктілігіне мән беру, сол арқылы оларды мемлекет тарапынан қолдау жоғары деңгейде жүзеге асып отырғанын да айтып өту керек.
Мұның бір дәлелі, 2005 жылдан бері еліміздің Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен ұстаздар арасында «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» республикалық конкурсы өтіп келеді. Бұл конкурстың өткен жылғы қорытындысы бойынша М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 8 оқытушысы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болған еді.
Республикалық конкурс жеңімпаздары қатысқан жиын барысында университет ректоры Махметғали Сарыбеков аталған конкурсқа республикамыздың 80 жоғары оқу орнынан 481 үміткер қатысқанын, нәтижесінде еліміздегі 43 ЖОО-дан 200 адам «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері атанғанын айтып өтті. Ректордың айтуынша, конкурс басталғалы бері университеттен бұл құрметті атақты 56 адам иеленген екен. Ал осы күнге дейін университет тарихында бірден 8 адам бұл атаққа тұңғыш рет ие болған. «Бұл үшін тек жақсы оқытушы болу жеткіліксіз. Әуелі мұғалім жақсы әдіскер болуы керек. Олардың жазба оқулықтар дайындауға қабілеті болуы және міндетті түрде ғылыми мектебі қалыптасқан ғалым болуы керек. Шетелдің жоғары оқу орындарымен байланысы болуы керек. Бүгінгі таңда біздің университетте 15 мамандық бойынша 3 тілде білім беріледі. Яғни 47 оқытушы студенттерге 3 тілде дәріс береді» деді Махметғали Нұрғалиұлы.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті 64 шетелдік жоғары оқу орнымен келісімшартқа қол қойған. Сонымен қатар, Португалия мемлекетінің жоғары оқу орындарымен қосдипломды жобасын да қолға алған. Бұдан кейін университеттің мұнай-газ және механика факультеті, «Механика және машина жасау» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Сағат Жүнісбеков, «Мұнай-газ ісі» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Исан Тілегенов, «Туризм және сервис» кафедрасының доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Алтынай Молдашева, «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы мен конструкциялау және дизайн» кафедрасы доцентінің міндетін атқарушы, PhD докторы Бекжан Абзалбекұлы және өзге де жеңімпаз оқытушылар өз ойларымен бөлісіп, бұл грант жеңімпаздарға әлемнің жетекші университеттерінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мен біліктілігін арттыру мақсатында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беретіндігін айтып өтті.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы