Қостанай облысында тұңғыш рет меймандарға тек қазақтың ұлттық тағам түрлерін ғана ұсынатын этнодәмхана жұмыс істей бастады. Рудныйдағы «Қыз Жібек» этнодәмханасына бас сұға қалсаңыз, дәмхана дастарқанынан молынан асылған ет пен қуырдаққа тойып, сүзбе араластырған ыстық сорпамен ас тарқатып, бауырсақ, құрт, ірімшік, қымыз, шұбат сияқты таңсық ас-сусыннан қалауыңызша дәм татып шығасыз.
Этнодәмхананы Рудныйдың маңындағы Юбилейный ауылында ойсылқара төлін өсіріп отырған Нұрмахановтар отбасы ашты. Отағасы Алмат осыдан 5 жыл бұрын мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламасын тиімді пайдаланып, түйе фермасын ашқан. Енді, міне, биыл күн жылынысымен қаланың бір шетінен ақшаңқан киізүй тігіп, дәмханасын іске қосты.
Сарыбай-Соколов кен өндірісінде 15 жыл жұмыс істеген Алмат Нұрмаханов 2016 жылы облыстық кәсіпкерлер палатасының жанынан ашылған «Бастау бизнес» курсын тәмамдаған соң, жеңілдетілген несие алып, 5 түйе сатып алды. Өңірде кенжелеп қалған атакәсіпті мықтап қолға алған Алмат екі жыл өткен соң, «Атамекен-Қостанай» қаржы орталығынан жеңілдікпен тағы 5 млн теңге несие алып, ет пен түйе жүнін сата бастады. Осылайша, түйе санын отызға дейін жеткізді. Кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмай, соңғы бір-екі жыл ішінде туризм бағытын дамытуды қолға алып отыр. Әдетте, алты айлық қысының қытымыр мінезінен бе, әйтеуір Тобыл өңірінде көпшілік жұрт түйе ұстай қоймайды. Сондықтан ойсылқара тұқымын бұл өңірдің тұрғындары таңсық көреді. Мұны жақсы білетін Алмат өзінің түйе фермасына экскурсиялар ұйымдастырып, балаларды түйеге мінгізіп, фотосуретке түсіріп, қызықтап келушілерді түйе бағудың қыр-сырымен таныстыра бастады.
– Түйе жануарына деген елдің ерекше ықыласын байқаған соң, үйдегі жұбайымыз екеуіміз киіз үй тігіп, ішін сән-салтанатқа толтырып, келген адамды ұлттық тағаммен ғана тамақтандыратын дәмхана ашсақ қалай болады деген ойға келдік. Оның үстіне, біздің өңірде дәл мұндай дәмхананы ешбір жерден таба алмайсыз. Биыл осы ойымызды іске асырдық. Киіз үй өзіміздікі, баяғыда Өзбекстаннан көшіп келгенде, өзімізбен бірге алып келгенбіз. Одан кейін сатып жіберіп едік, өз үйімізді өзіміз қайта сатып алып, қуанып жатырмыз. Кафенің атауын жұбайым «Қыз Жібек» деп қойды. Тағамды негізінен өзі дайындайды, жанында бір-екі көмекшісі бар, – деді А.Нұрмаханов.
Кәсіпкердің айтуынша, қазір уақыт қатаң талап қойып отыр. Сондықтан этнодәмхана бірден Ashyq жобасына тіркеліпті.
– Қазір билік пен халық, одан кейін кәсіпкерлер бар, осылардың әрқайсысы әр жаққа бұра тартпай, індетке қарсы бірлесе күрес жүргізгенде ғана бұл нәубетті жеңе аламыз. Қалыпты өмірге кімнің тезірек оралғысы келмейді? Біз әлі талай дүниені жүзеге асырамыз ба деп жоспарлап отырмыз. Қазір мал басы көбейіп, жер таршылығын сезіне бастадық. Фермаға қызық көріп келген меймандарға шаруашылықты аралатып, көрсетудің өзі қолайсыз. Алдағы уақытта мұнда қонақтар түйеге мініп, киіз үйге жатып тынығатындай туристік орталық ашамыз ба деген жоспарымыз бар, – деді кәсіпкер.
Қостанай облысы,
Рудный қаласы