• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Тамыз, 2021

Еңбегі ерен, табысы төмен

2417 рет
көрсетілді

Бекіре тұқымдас балықтар шабағын өсірушілер қолдауға мұқтаж.

Атырау облысында екі бекіре тұқымдас балықтардың шабағын өсіру зауыты бар. Бұл зауыттарды жаңғырту мәселесі біраз жылдан бері айтылып келеді. Тіпті Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңірге жұмыс сапары кезінде жаңа бекіре зауытын салу мәселесін қарастыруды, бұрыннан бар екі зауытты жаңғыртуға тапсырма берген еді. Алайда Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев мәлім еткендей, бұл тапсырма әлі орындалмай отыр.

«Содан бері зауыттарды жаңғырту, материалдық-техникалық базасын жаңарту үшін ешқандай қаражат бөлінген жоқ. Сондықтан аталған зауыттар ескірген қондырғыларды пайдаланып, тиімсіз технологиямен жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр. Зауыттарда жұмыс істейтін мамандардың жасы ұлғайды. Қазір орташа жас – 50. Олардың алатын жалақысы тіптен мардымсыз», дейді Ғ.Дүйсембаев.

Бірақ өз ісін жауапкер­шілікпен атқаратын маман­дар шабақ өсіруді әсте тоқтатқан жоқ. Тіпті жалақының тө­мен­дігі, зауыттардағы қиын­дық тура­лы шағым айтқан емес. Мәсе­лен, Еркін­қала елді мекенінде орна­лас­қан «Атырау бекіре балық өсіру» зауыты 1998 жылы ашыл­ған. Бұл зауытта 78 адам жұ­мыс істейді. Олар жыл са­йын ар­на­йы бассейн мен тоғандар­да өсі­рілген бекіре тұқымдас бағалы балықтардың 3,5 млн ша­бағын Жайық өзеніне жібереді.

Зауыттың инженер-ихтиологы Гүлшат Шайдуллинаның айтуынша, бағалы балықтардың шаба­ғы өсірілетін бассейн мен то­­ған­­дардағы су температу­ра­сына баса мән беріледі. Өйт­кені бекіре тұқымдасына жататын бес түрлі балықтың әрқайсысы әртүрлі температурада тіршілік етеді. Мәселен, қорт­па 9-12, бекіре 11-12, ал шо­қыр 18-22 гра­дуста емін-еркін жүзе­ді. Сон­дықтан тоған мен бассейн­дегі су тем­пературасы осы дең­гейде сақ­талуы керек. Әйтпесе, уыл­ды­рық жарамсыз болып қалуы мүмкін.

– Көктемде ауланған аналық балыққа жасанды жолмен толғақ келтіретін арнайы екпе салынады. Содан соң бесік секілді шайқалып тұратын арнайы аппаратқа салып, аталық ұрықпен бірге 45 минут тұрады. Қара уылдырықтың бір түйірінен бір шабақ өседі. Алдымен құйрығы пайда болады. Кейін екі көзі көріне бастайды. Осылай екі, төрт, алты, сегіз, соңында он бөлікке бөлінеді. Үш-төрт күнде қозғалып, жанданып шыға келеді. Ал жеті күннен соң тамақтана бастайды. Шабақтарды ақ және қызыл құрттармен қоректендіреміз. Қызыл құрт – кәдімгі жауын құрты, – дейді Г.Шайдуллина.

Ихтиологтың мәліметінше, балық ша­бақ­­тары бассейннен тоғанға көшіріліп, онда 60-70 күн өмір сүреді. Осы кезеңде салма­ғы 3-5 грамға жетеді.

Екіншісі – «Жайық-Атырау» зауыты. Биыл мұндағы 10-нан аса тоғанда бекіре тұқымдас төрт балықтың 3,5 млн шабағы өсірілді. Бұл үшін 76 кило уылдырық пайдаланылды. Алайда зауыт директоры Ғилман Сәрсемәлиевтің айтуына қарағанда, ша­бақтардың бір пайызы ғана су айдынында өмір сүре алады.

Қос зауыттың мамандары технология­ның ескіріп, тоғандардың тозғанын, жала­қының төмендігін жасырмайды. Мәселен, «Жайық-Атырау» бекіре өсіру зауытын­дағы өндірістік цехтың меңгерушісі Жұпар Өтеулиеваның айтуынша, реконструкция басталады дегелі біраз жылдың жүзі ауған. Бірақ әлі күнге қолға алынбай отыр.

– Зауыттың аумағындағы тоғандардан Жайық өзеніне шығатын арналар әбден бітелуге таялды. Тоғандар тазаланып, бетондалса, шабақтардың өзенге кедергісіз жетуіне жол ашылар еді, – дейді Жұпар Өтеулиева.

Жақында екі зауыт Жайық-Каспий су айдынына бекіре тұқымдас балықтардың 7 млн-ға жуық шабағын жіберді. Мұның бәрі – мемлекеттік тапсырыспен өсірілген шабақтар. Бұған қоса биыл Caspian Royal Fish ЖШС тоғандарда бағалы балық­тардың шабағын өсіруді қолға алды. Бұл се­рік­тестіктің зауытына жеті жыл бұ­рын Башқұртстаннан 15 мың бекіре тұқым­дас балық әкелінген. Польшадан орыс бекі­ресінің 100 мың дана уылдырығы алынып, зауыттағы бассейндерде өсірілген. Алты жылда балықтардың салмағы 8-9 килоға жеткен. Қазір серіктестіктің зауытында бағалы бекіре балықтарының төрт түрі – орыс бекіресі, сүйрік, қорытпа мен сібір бекіресі өсіріледі. Арасында 3-5 жылдан бері өсіріліп жатқан балықтар бар.

Серіктестіктің бас балық өсірушісі Ахат Ниматовтың түсіндіруінше, үш тоғанда 3-10 грамға дейін өсірілген 100 мың шабақ өзенге жіберілді. Шабақтарды өсіру үшін Маңғыстау облысының табиғат пайдаланушыларымен келісімшарт жасалған. Соның бірі – «Актау-Балык LTD» ЖШС шабақтарды Жайық өзеніне жіберуге қолдау білдіріпті.

– Біздің серіктестікпен бірнеше таби­ғат пайдаланушы тығыз байланыс орнат­ты. Оның ішінде «Жумамуратов К.Е.», «Шабаров В.А.», «Самаров А.В.», «Инва­лиды войны в Афганистане», «Микор», «Розенко В.В.», «Толқын», «АН-групп», «Ко­лесник С.В.», «Таушық ауыл шаруа­шылығы», «Батыс Мунай Транс», «Исатай Оперейтинг Компани» және «Актау балык компани» серіктестіктері бар. Жайық өзеніне жіберілген шабақтардың санын есептеуге аталған серіктестіктер мен облыстық балық шаруашылығы басқармасының өкілдерінен құрылған комиссия мүшелері шақырылды. Біз осылайша, Каспий теңізін мекен ететін бекіре тұқымдас бағалы балықтардың қорын көбейтуге үлесімізді қоса бастадық, – дейді Caspian Royal Fish ЖШС-нің бас балық өсірушісі А.Ниматов.

Балық өсіру де «инемен құдық қазған­дай», біліктілік пен төзімділікті қажет етеді. Өйткені бұл – ғылымға негізделген жұмыс. Сол себептен атыраулық балық шабағын өсірушілердің еңбегі ерен десек те, табысы төмен екені даусыз. Соған қарамастан, олар Жайық-Каспий су бассейніндегі бекіре тұқымдас балықтар қорын шабақтармен то­лықтыруды жалғастыра бермек. Тек оларға Үкіметтен, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінен қолдау қажет-ақ.

Атырау облысы