• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Коронавирус 13 Тамыз, 2021

Атыраудың ахуалы қашан жақсарады?

345 рет
көрсетілді

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәлімдеуінше, эпидемиялық ахуал жақсарар емес. Қауіпті вирустың жұқтырушылар көбейіп барады. Бұған басты себеп – вакциналауға қатысты жұмыстың қажетті деңгейде ұйымдастырылмауы.

 – Вакцина салдыру – індеттің алдын алудың ғана емес, ұжымдық им­мунитетті қалыптастырудың жал­ғыз жолы. Сол себептен басқарма бас­шыларына бағынысты меке­мелердегі қызметкерлерді вакциналау деңгейін 90 пайызға дейін жеткізу жүктеледі. Бәріңізге кемшіліктерді түзету үшін екі апта уақыт беремін. Жұмыс жолға қойылмаса, сіздерге қатысты тәріптік жауапкершілік қаралады, – дейді облыс әкімі.

Облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуына қарағанда, коронавирус инфекциясына қарсы вакциналаудың күнделікті жоспарына өзгеріс енгізіліпті. Енді күн сайын вакцина алатындар саны 1 050-ден 3 500-ге дейін артпақ.

– Өңірге бірінші компонент үшін 170 295 доза, екінші компонентке арналған 138 695 доза вакцина жеткізілді. Соңғы 10 күнде вакцина алған адамдардың саны 13,1 пайызға артты. Вакциналауға жататын контингенттер арасында ең жоғары көрсеткіш құқық қорғау органдарына (170%), ал ең төменгі көрсеткіш студенттер (38,3%) арасында байқалып отыр, – дейді А.Байдуәлиев.

Оның пікірінше, инфекциялық стационарлардың жансақтау бөлі­мін­де жатқан науқастарға қатысты талдау жүргізілген. Қазір стационарларда коронавирус инфекциясын жұқтырған 1 751 науқас емделіп жатыр. Жансақтау бөлімінде 87 науқас оқшауланған. Жағдайы ауыр науқастардың бірде-бірі вакцина алмағаны анықталыпты.

– «Жылыой ауданында тұр­ғын­дардың 13,7 пайызы вакцина сал­дырған. Ал Мақатта – 22,5, Исатайда – 28,7, Қызылқоға ауданы тұр­ғын­дарының 28,1 пайызы вакцина ектірген», дейді А.Байдуәлиев.

Осыған байланысты облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Жылыой және Мақат ауданының әкімдеріне жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыруды, салаға жетекшілік ететін орынбасарларына қатысты тәртіптік шара қолдануды тапсыр­ды. Әкімнің пікірінше, әр екі күн сайын Атырау қаласы мен аудандар, салалық ұйымдар, кә­сіп­орын­дар және басқа да мекемелер вакциналау туралы баяндауы қажет. Вакцинамен қамтудың тәу­ліктік көрсеткішін жақсарту үшін нақты шаралар қабыл­да­на­ды. Аудандардағы вакциналау қар­қынын жандандыру үшін әдіс­те­мелік көмек көрсетіледі.

Вакцина алудың төмендігінен бе, әлде індет ошағының көбеюінен бе, Атырауда коронавирус инфекциясына шалдығу дерегі азаяр емес. Мәселен, облыстық са­нитарлық-эпи­демиялық ба­қылау департаменті басшысының орынбасары Гүлназ Ербатырованың дерегіне сүйенсек, шілдеде коронавирус инфекциясын жұқтырудың 9 445 жағдайы тір­кел­ген. Ал тамыздың алғашқы он күнінде 4 379 науқас анықталған.

– Коронавирус инфекциясын жұқ­тырған науқастардың 60 па­йызы Атырау қаласында тіркеліп отыр. Бұған қоса Жылыой ауданы мен Теңіз кен орнында эпи­де­миялық ахуал нашарлады. Қауіпті вирусқа шалдыққандардың 59 па­йызы клиникалық симптом негізінде анықталды. Ал 15-20 пайызы – нау­қастармен қарым-қатынаста бол­ған­дар. Бұл өңірде эпидемиялық ахуалдың нашарлағанын байқатады, – дейді Г.Ербатырова.

Инфекциялық стационарларда жатқан науқастардың кейбірінің емделгеніне айдан асқан. Соның бірі – Алтын Төлегенова маусым айының басында Индер аудандық ауруханасына жатқызылған. Жағ­дайы нашарлаған соң, Атырау қала­сын­дағы модульдік ауру­хананың жансақтау бөліміне ауыстырылыпты.

– Жансақтау бөлімінде екі жақты пневмония, өкпенің 96 пайызы қабынған деген диагноз қойылды. Бір ай бойы өкпені жасанды желдету аппаратына қосулы жаттым. Дәрігерлер жүргізген емнің нәтижесінде қауіпті вирустан сауыға бастадым. Мені бейінді бөлім­шенің палатасына ауыстырып, ем­де­луді жалғастырдым, – дейді А.Төлегенова.

Ол 10 тамызда модульдік ауруха­наның инфекциялық стационарынан үйіне шығарылды. Енді үш ай бойы тұрғылықты мекенжайында дәрігерлердің бақылауында болады. Сондай-ақ арнайы оңалтудан өтеді.

– Енді 10 күн бойы оттегі кон­цен­траторының көмегімен дем аламын. Содан кейін дәрігерлердің бақылауымен өкпенің жұмысын қалпына келтіремін. Осы орайда емделу кезінде дәрігерлерге көрсеткен қамқорлығы мен жылы сөзі үшін алғысымды білдіргім келеді. Ал тұр­ғын­дардан туған-туыстарыңыз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін маска тағып, адамдар көп жиналатын орындарға бармауды сұраймын, – дейді А.Төлегенова.

Тағы бір емделуші – 56 жастағы Жібек Қазиева №2 облыстық ауру­ха­наға 17 шілдеде өкпесінің 90 па­йызы қабынып түскен болатын. Бірақ ол жансақтау бөліміне жат­қызылмай, бейіндік бөлімде ем­дел­ді. Ем-домның нәтижесінде сыр­қат­ты жеңіп, 8 тамызда ауруханадан шық­ты. Енді ол да Махамбет ауда­нын­дағы учаскелік дәрігердің бақы­ла­уына алынады.

 

Атырау облысы